Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында балконнан Әнұран шырқағандарға: «Елорда мен еліміздің басқа қалалары тұрғындарының Әнұранымызды бірге орындауы – Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Халқымыздың бұл әрекеті зор құрметке лайық», – деп баға беріпті. Мемлекет басшысының Әнұран туралы айтқаны өте қуантты. Бұл кезінде «Гимн» сөзіне қазақша «Әнұран» сөзін баламаға ұсынған автор ретінде маған да қымбат.  Мемлекеттік рәмізге байланысты өзекті тақырып болғандықтан көп жұртты бей-жай қалдырмасы тағы  анық.

Ертеректе, жиырма жылдай бұрын «Министрлер Әнұранды біле ме?» деген мақала жазғаным есімде.  Өкінішке қарай бүгінгі министрлердің бәрі Әнұранды жатқа білетіндігіне қазір де күмәнім бар. Парламент депутаттары да сондай. Анау Косарев, қазақша екі сөздің басын қоса алмайтын Қарағұсова, «ғашықтық оқытуды» насихаттайтын партия қалаулылары Әнұранды жатқа айтады дегенге кім сенеді?!

Мемлекеттік тіл – Қазақ тіліне шекеден қарау  Әнұранымызға да салқынын тигізіп келеді. Әсіресе биліктің «қазақстандық ұлт» жасау идеясы көп нәрсені бүлдірді. Бізде саны 100 мыңнан асатын тоғыз диаспора тұрады. Қазағыңды да, Қазақстанның Әнұранын да керек қылатындары шамалы. Ақтауда әскердегі екі сарбаздың Әнұран айтудан бас тартқаны үшін таяқ жегені интернетте жүр.  Қазақстанда Әнұранды қазақтан басқа ұлт өкілдерінің жатқа айтатындары некен-саяқ. Орыс түгілі орыстілді қазақтардың өзі Әнұранға келгенде сипақтап қалады. Сондайлардың бірі Қазақ Елінің Әнұранын орысша айтуға ұсыныс жасап халықтың ашу-ызасын туғызғаны есте.

Іс жүзінде Әнұран – әр адамның Отанына деген көзқарасының лакмус қағазы. Мысалы, Алматыда жаңадан салынған ықшамаудандарда балконға шығып Әнұран айтушылар көп. Өйткені оларда көбіне жас қазақ отбасылары тұрады. Ал орталықтағы көне бес, тоғыз қабатты үйлерде тұратындардың ішінде Әнұранға пысқырмайтындар жетіп жатыр. Көбісі өзіміздің орысқұлдар.

Сондықтан Президент коронавирус кезінің өзінде түрлі диаспора өкілдерінің  Әнұранға көзқарасын өзгертуге байланысты идеологиялық шараларды дереу қолға алғаны жөн.

 

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

Жазушы-публицист

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз