Қазақстан Республикасының Президенті  Қ.Тоқаевтың, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтың, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың назарына!

 

Иә, Алматыға кіре беріс күре жолдарды жабатын (сірә 16 наурыз) күні көшкен жыландай жөңкілген жүк көліктері мен жеңіл автокөліктер нөпірінде шек болмады. Әрине, бұлардың бәрі Алматыны тастап шығуға асыққан өзге аймақтардан келген көліктер болатын. Сол түні жолдарға блок посттар қойылды. Ертесі күні иығынан ауыр жүк түскендей болған Алматыны байқадық. Тіпті, екі күн өтер-өтпес қаладағы ауаның да тазарып қалғанын сезіндік. Қалаға қарасты көліктер болса көшеде еш кептеліссіз, емін-еркін жүйткіді. Сол мезеттерде әлеуметтік желіде, Көктөбеден түсірілген бір түсірілімде, ылғи төбесінен түтін мен ыс, газ бен шаң басып тұратын  Алматының тап-таза көрінісін көріп, мынадай ойға келдім. Бұл ойымды мен осыдан оншақты жылдан аса уақыт бұрын, қалалық Жол полициясының басшысы А.Сарбасовпен болған сұқбатым барысында билікке ұсыныс ретінде газетімізде жариялаған болатынмын. Енді міне, бүгін сол ұсынысымды тағы да айтудың реті келіп тұрған сияқты.

Әрине, айта берсек, қала экологиясына, оның тұрғындар денсаулығына тигізіп жатқан зиянына қатысты факторлар жетіп артылады және одан зардап шегіп, ауру мен ажал құшатындар саны жүздеп емес, бірнеше мыңдап саналады. Бұл тіпті, біле білген адамға әлемді алаңдатып отырған коронавирустан да қауіпті. Бірақ, адамдарды байқатпай түрлі ауруларға ұшыратып, өмірлерін жалмап жатқан экология мәселесі биліктегілердің көңілдерін алаңдатып, жүректерін дір еткізе қойған жоқ.  Дегенмен, қала экологиясының ластануының 60-70 пайызы жоғарыда айтқан автокөліктерге тікелей қатысты болғандықтан,  менің айтар ұсынысым да негізінен Алматы қаласына қатысты болмақ. Өйткені, қазіргі уақытта халқының саны 2 миллионға жуықтаған ірі мегаполистің халқы 2035 жылдары 3 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұл мәселе Нұр-Сұлтанға да ортақ деп ойлаймын.

Сонымен, әріге бармай-ақ, былтырғы 2019 жылдың аяғына таман алынған статистикалық деректерге сүйенсек, Алматы қаласында тіркелген автокөліктер саны — 544 187, ал астанамыз — Нұр-Сұлтанда — 293 124 дана болған екен. Иә, бұл қалада тіркелгендері ғана ал тіркелмегендері, яғни күнделікті кіріп шығатын қала маңында тұратындар мен сонау Шымкент, Тараз, т.б, өңірлерден келіп, такси болып, нәпақа тауып жүргендері қаншама? Бұған  Қытай, Ресей, т.б, елдерден түрлі жүктер мен тауарлар таситын түрлі дәрежедегі ауыр жүк көліктерін қосыңыз. Осылардың кесірінен адамынан машинасы көп қалада жылу орталықтарынан шыққан түтін мен сапасыз жанармайын айтпағанда, осыншама техниканың түтіні мен ысын жұтқан, бірнеше сағатын жұмысқа барар және қайтар жолына жұмсап, сеңдей соғылысқан тұрғындар өз құқықтары мен денсаулықтарын қорғай алмаған күйде өмір сүріп жатыр.

Жарайды, жоғарыда айтқандай, басы артық көліктер төтенше жағдайға байланысты қаладан шығарылды.  Олар карантин бітіп, төтенше жағдай тоқтаған күні-ақ қайтадан қалаға лап қоятыны сөзсіз. Ол кезде коронавирус қаупінің де бір жақта қалып қоятыны белгілі. Кейбір мамандардың пікірінше, біз елімізге келген бұл індеттен уақытша құтылғанымызбен, ол күзге салым екінші қайтара шабуыл жасауы мүмкін екен. Сонда не істеу керек? Менің ұсыныстарым мынадай:

  1. Осы төтенше жағдай мүмкіншілігін пайдаланып, бүгінгідей блок посттар қызметін жалғастыра беруі керек. Сырттан келетін көліктердің Алматыға кіруіне мүлде тыйым салынуы тиіс. Бұл орайда, қалаға жақын маңайда тұратын жұмысы немесе қызметтері қалада адамдарға жеңілдік берілгені жөн.
  2. Сырттан келген көліктерге арналып, қала сыртында арзан бағаға негізделген арнайы автотұрақтар салынсын.
  3. Егер автокөлік қалаға өтуі тиіс жағдайда, оның қала экологиясына әкелер зияны мен жолдардың сапасына тигізер әсері және көше қозғалысына келтірер кедергісі ескеріле отырып, күндігі 5-10 мың теңгеден кем емес төлем төлеуге міндеттелуі тиіс.
  4. Қалаға кіруі тиіс жолаушылар үшін, сол блок посттар маңынан қаланың барлық аудандарына қатынайтын қоғамдық көліктерге арналған шағын автобекеттер мен такси қызметі ұйымдастырылуы керек.
  5. Ауыр жүк көліктері мен кез келген жүк көліктеріне тек қана түн мезгілдерінде, яғни түнгі 22.00-ден таңғы 5.00 аралығында ғана жүруге рұқсат етілсін.
  6. Ол жүк көліктерді де көлемі мен салмағын, жүгін, т.б, ескере отырып, ақылы түрде кіруге және жүруге міндеттеу керек.
  7. Бұл қызметтердің бәрі арнайы құқық қорғау орындары тарапынан қатаң бақылауда болуы тиіс.

Міне, осы ұсыныстарды басшылық ескерсе деген тілегіміз бар. Сонда ғана экологиямыз таза, көңіліміз көтеріңкі, денсаулығымыз мықты, өміріміз ұзақ боларына сеніміміз зор. Ең аяғы мына елімізді әуре-сарсаңға салып жатқан індеттен сақтанудың да ең сенімді жолы осы болар еді.

 

​​Жанбақыт Мерекеұлы                                    

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз