Журналист, тарихшы, Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, Камал Әбдірахман мырзамен сұхбат

 

 

Батырдың қандай заттары сақталған?

– Қаракерей Қабанбай батыр туралы зерттеп жүрсіз. Әңгіменің басын, батыр бабамыздан қалған жәдігерлерден бастайық деп отырмын. Батырдан бүгінге жеткен жәдігерлері туралы айтыңызшы?

– Осыдан біраз жыл бұрын қазіргі кесене бой көтергеннен кейін Жамбыл облысынан Өлмесзада деген апамыз келді. Төркіні Аягөздың адамдары екен. Сол кісінің аузынан батырдан қалған бірнеше жәдігерді, яғни  бір жез шылапшыннан бөлек екі зат бар екенін білдім. Апамыздың айтуынша батырдың ұрпақтары Қытай асып көшкелі жүргенде осы Өлмесзаданың аталарына аманатқа қалдырған екен. Әңгімені естіп отырып бір заттың оқшантай екенін түсіндім де, екіншісін біле алмадым. Ақыры іздеп бардым. Екінші заты басқақ (әмиан) екен. Сақтап отырған кісілер шылапшыннан басқасын бергілері келмеді… Сонымен «Жорық легені» деп аталатын жез шылапшынды алып қайттым. Ол қазір Алакөл ауданындағы Қаракерей Қабанбай батыр мұражайында сақтаулы тұр. Бұдан бөлек ШҚО, Үржар ауданына қарасты Мақаншыда тұратын Жыңса деген ақсақалдың үйінен Қабанбай батырдың қолтырамышын көргенмін. Жыңса ақсақал қайтыс болды. Қолтырамыш балаларының қолында. Бермейді… Қытайда тұратын тағы бір ағайындарымызда батырдың жалбағайы бар екенін естіп неше мәрте барып ала алмай қайттым. 1941 жылы Шәуешекте тұрып жатқан Мұқайым деген атамыздың үйінен батырдың сауытын, туын тәркілеп әкеткен. «Әпербақан Байжұма» дейтін жергілікті үкіметтің шенеунігі қарулы шеріктерді (әскерлерді) бастап келіп, үйдегілерді қорқытып, сауыт пен туды тартып әкетіпті. «Осы заттардың қасында қылыш та бар еді» дегенді бір адам айтты. Арада көп өтпей «әпербақан Байжұма» ауырып, қаңғырып өліпті дейді. Киесі атты деген осы шығар… Батырдың сауыты туралы бұдан өзге деректі естіген жоқпын. Бір жігіттер «Қабанбай батырдың туы» деп бір туды «көтеріп» шықты. Қолдан жасалғаны көрініп тұр. Батырдың туы үш құйрықты, бақан таңбалы ақ ту болған. Былтыр «Алматы іргесінде тұратын бір жігіттің қолында Қабанбай батырдың туы бар екен» дегенді тағы естідім. Тіпті суретін де жіберді. Осы дерек бойынша іздеп барғалы отырмын. Түркістандағы Қожа Ахмет Яассауи мұражайында батырдың сапысы сақтаулы тұр. Қытайдың Шыңжаң автономиялық өлкесіне қарасты Бұратала облысында тұратын бір кісінің үйінде батырдың кісесі бар екенін естіп, іздеп барып ала алмадым. Атамыздың қазірге дейін бізге белгілі болған осындай заттары бар. Тағы бір жігіттің айтуына қарағанда Қытайдағы бір ағайынымыздың үйінде Майсары Гауһардың ба әлде батырдың жалғыз қызы Назымның ба біреуінің шымылдығының жұрнағы бар дегенді естідім. Мұны айтқан адам «Шыңжаңға барып, өз көзіммен көріп сосын хабарын берейін» деген еді. Одан бері 5-6 жыл өтті. Әліге дейін хабар болмай отыр.

Жорық легені


Жалбағай

Басқақ

 

 

Шын ба, әлде жалған сурет па?

 – Осыдан 5-6 жылдай бұрын әлеуметтік желіде «Қытайдан Қабанбай батырдың суреті табылыпты» деген хабар шықты. Суреті елге тарала бастады. Суреттің Қабанбайға қатысы жоқ екені айтылды да. Алайда, соны күні бүгінге дейін пайдаланып жүргендер бар. Тіпті Бурабайдағы мұражайда қабырғаға іліп қойыпты…

 

«Батыр бабамыздың суреті» туралы дәлел айтқандар, оны қытай суретшісінің батырдың бейнесіне қарап отырып сызғандығына дейін «сенімді» түрде айтып жүрді. Бұл туралы Журналист Заңғар Кәрімхан 2015 жылы «e-history.kz» сайтында мақала  жазды. Осы жайлы менің пікірімді сұрағанда былай жауап беріп едім:

  1. Қабанбай батыр қытайлармен, оның ішінде қазақ даласына Әмірсананы ұстауды сылтау етіп келген қытай генералы Фу Демен 1757 жылғы қыркүйекте алғаш рет кездеседі. Бұл кезде батырдың жасы 65-те болатын. Мына суретте жасы отыздан асқан жігіт бейнеленген. Екінші рет 1758-1762 жылдары Аягөздің жанындағы Батпақсу мен Мамырсуда кездеседі. Бұл келіссөздерде қазақ жағынан Абылай мен Қабанбай сөз ұстағандығы белгілі.
  2. Басына далбағай киіпті. Қазақтардың жұқа киізден басылған жалбағайды жазда кигені рас. Қабанбай батырдың жалбағайын ұрпақтары сақтап отыр. Бірақ мынадай пәс далбағай кимеген. Ал басындағы тымағы тіпті өзгеше.
  3. Суретті үлкейтіп, анықтап қарасаңыз, үстіндегі шапанның, оң қолтықтың астынан байланатын қалмақ-мұңғұлдікі екені анық көрінеді. Біздің шапанның қос өңірі бірдей алдыдан ішкі баумен байланатынын әркім біледі.
  4. Киіз үй. Үлкейтсеңіз есігі тұтас. Қазақ еш уақытта тұтас есік жасамайды, екі бөлікті болады.
  5. Киіз үйдің уықтары тік. Қазақ уықтарында қарын болады.
  6. Шаңырақ. Қос шаңырақты киіз үй тек қалмақ пен мұңғұлда, солармен қандастарда болады. Негізгі шаңырақтың үстіне шошайтып екіншісін кигізіп қойыпты.
  7. Ар жағындағы туға назар салыңыз. Қос құйрықты. Қазақ тура сол тұста үнемі үш құйрықты ту ұстаған. Мағынасы түсінікті. Осы жағдайлар сенім туғызбайды. Меніңше, біреулер мұңғұл-қытай суретшілерінің еңбектерін «жақсы ниетпен таратып жатқан сияқты».

– Қабанбайдың ұрпақтары қазіргі таңда екі елде өмір сүріп жатқаны білеміз. Осы жерде бір сұрақ туады. «Үш жүзге ұран болған ер Қабанбайдың» есімі қалайша ру атына айналмай қалған?

– Мұның таңданатын түгі де жоқ. Қазақтың ежелден келе жатқан салты ғой. Мысал үшін айтайын. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ел қорғаған, есімдері бүгінге дейін жеткен батырлардың барлығы ру атына айналған жоқ. Бірақ халық олардың ерліктерін дастандарға қосып жырлап, бүгінге дейін жеткізді. Қанжығалы Бөгенбайдың, Хангелдінің, Райымбек батырдың, Шанышқылы Бердіқожа батырдың, Ер Жәнібектің барлығының атында ру жоқ. Қазақ өз аты өзіне жетіп тұрған батырларының есімдерін ру атына айналдырмаған. Келесі бір нәрсе, ана рудан мына руға дейін жеті атаға толуы керек қой. Айта берсең қазақта шежіре таратуда жақсы атадан туған «жетесіз ұлдың» есімін тастап кететін салт та болған. Қазіргі кезде ру тектеп, аталарды тізбектеп есептегенде жыл мөлшерінен аусай кете беретіні осыдан болса керек.

 

Цин әскерін қырған кім?

 – Қабанбай батыр туралы қытай деректерінде аздаған мәліметтер кездеседі дегенді естідік. Сіз осы төңіректе зерттеп жүрсіз. Енді орыс деректерінде Қабанбай туралы мәліметтер бар ма?

– Қытай деректері дегенде бірнеше оқиға еске түседі. Тарихшы Бақыт Еженхан қытай мұрағаттарынан Қабанбай батырдың қағазға басылған мөрінің суретін алып келді. Сосын бізді үлкен қателіктерге ұрындырып жібергені тарихшы Су Бихай профессордың «Қабанбай батыр Үрімжіге үш жүз жылқы айдап әкеліп сатты» деген сөзі болды. Көп өтпей тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженхан, этнограф, жазушы Зейнолла Сәнік қатарлы азаматтар «Манчиң үкіметінің батыс өлкелермен сауда қарым- қатынасы» деген үлкен кітаптың «Үрімжі қазақ саудасы» деген бөлімін ақтара отырып, Су Бихай профессордың жаңылғандығын анықтап шықты. Қабанбай батыр Үрімжіге бармаған. Анығында «Қаракерей Қабанбай батырдың баласы Едіге, інісі Туматай қатарлы адамдар жылқы айдап келді» деген дерек бар екен. Бізде тарихи деректердің шындығына көз жеткізбей тұрып, естігендері бойынша «соға беретіндер» көп. Ол айналып келіп қателікке ұрындырады. 1987 жылы Үрімжіде басылып шыққан «Қабанбай батыр» деген кітапта да «Қабанбай батыр Үрімжіге келді» деп жазылып кетіпті.

Сосын Тарихшы Нығымет Мыңжанидың 1988 жылы Үрімжіден басылып шыққан «Қазақтың қысқаша тарихы» деген кітабында, Қытай генералы Фу деның 22000 қолмен Әмірсананы қуалап қазақ жеріне келгендігі айтылады. Осы жерін, «қазақ пен қытайдың қолы үш жерде қақтығысып қалды. 10-айда Фу де өзінің 8000 қолын бастап кері қайтты» деп жазады. Келгенде 22000 әскермен келген Фу денің, қайтқанда 8000 әскері қалғандығы айтылып тұр. 14000 әскер қайда? Бұл «қақтығыс» емес, қанды қасап соғыс қой. Осы деректі оқығаннан кейін «үш жерде болған қақтығыс» төңірегінде іздене бастадым. Сонан тапқаным бойынша, Фу де Абылайға кісі салған екен. «Біз сендермен соғысуға келмедік. Тек қана Әмірсананы ұстап берсеңдер болды» деген талап айтыпты. Оған қарата Абылай: «қазақ қотанына паналап келген итті де қайтармайды. Оның үстіне Әмірсана мұнда емес, Қабанбай батырдың қолында» деп жауап беріпті. Демек, соғыстың бағыты алдын ала белгіленіп қойған сияқты. Сонан Қабанбай атамыз Аягөздің аржағынан шегіне соғысып отырып, Қарқаралыға дейін келіпті. Жоғарыдағы тарихи деректерде айтылған қытай әскерлері осылай қырылған. Алайда Нығымет Мыңжани ағамыз түпнұсқа деректі қайдан алғандығын көрсетпепті. Өстіп «бетінен қалқып» өте шыққан. Бірақ атақты тарихшыға сенбейтін жөніміз жоқ. Неліктен ашып айтпағаны түсінікті болса керек… Сондай-ақ бұл оқиғаларды Владимир Кузнецовтың «Амурсана» атты романынан кездестіруге болады.

Үрімжіде басылып шыққан «Қабанбай батыр» кітабын «қытай дерегі» деуге келе ме, келмей ме, ол жағын көпшілік айта жатар. Бейсенғали Садыханұлы мен Зейнолла Сәніктің шығарған осы кітабының ішінде мынадай бір қызықты деректер бар. «Нұра өзенінің бойында, Ақымбеттердің (Ақымбет Найман ішінде Қаракерейден тарайтын ру) Үсенбай деген байының үйінде жалпы найманның түселі (сьезі) өтті. Бұл мөлшері 1823 жыл болуы керек. Патшаға жеті талап қойылған хат жазылды» дейді. Бұл хат Омбыдағы архивте тұр. Орыс деректері дегенде қазірге дейін бірнеше жерден Қабанбай батыр атын жолықтырдым. Едіге Уәлиханов бір мақаласында «1770-1771 жылдары Ресей мен қазақ хандығы арасында кеден және шекара мәселесі жөнінде үлкен келіссөздер жүргізілді. Осы келіссөзді Қаракерей Қабанбай батыр бастады» деген мәліметті айтыпты. Алайда мен ол кісімен көзі тірісінде жолығып, деректерді қайдан алғандығын сұрай алмай қалдым. Онан кейін башқұрт көтерілісшісі Қарасақалға байланысты айтылатын «Қарасақал Қабанбайды келіп паналады» деген орысша бір дерек бар. Тағы бір айта кететіні, Владимир Кунецовтың «Әмірсана» деген кітабы. Онда Қабанбай батыр туралы айтылады. «1757 жылы Әмірсананы ұстаймыз деген сылтаумен қытай генералы Фу де бастаған және Қадака, Дардана деген екі  генарал, екі бағытпен қазақ жеріне кірді. Біреуі қазіргі Қорғас арқылы, екіншісі Аягөз бағытында. Қорғастан кірген әскерге  қарсы қазақтар бір қосын жіберді. Оны Абылай хан басқарды. Аягөзден кірген әскерге Қабанбай батыр бастаған қосын қарсы аттанды» дейді. Академик, өзі жазушы Кузнецов. Новосибирскінің ғалымы.

 

Ақмола батыр бабамызға байланысты аталған ба?

 – Кеңес одағы кезінде Қабанбай туралы зерттеулер жасалды ма?

– Кеңес одағы тұсында да Қабанбай туралы зерттеулер болды. 1924 жылдан бастап бертінге дейін батыр туралы 18 дастан ел аузынан жинақталып алынған екен. Мұның барлығы қазіргі таңда Қазақстан ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорында сақтаулы тұр. Осы жерде Қайым Мұхаметханов ағамыздың айтқан дерегін де айта кетейін. «1945 жылы, КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалы, Мұхтар Әуезовтың басшылығымен, «Қазақ әдебиеті тарихын» даярлау жұмысын қолға алады. Сол жылы Мұхтар Әуезовтың шақыртуымен Алматыға келіп, әдебиет тарихының бірінші томын жазуға қатысатын болдым» дейді Қайым аға. Кітаптың «Тарихи жырлар» деген бөліміне кіргізуге жоспарланған «Қаракерей Қабанбай батыр», «Қанжығалы Бөгенбай батыр» туралы зерттеулер Мұхаңның тікелей тапсыруымен дайындалады. Алайда 1948 жылы басылып шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» І-томына бұл зерттеулер енбей қалған. Қайым Мұхаметхановтың бұл мақалалары кейін 1991 жылы 12 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Бұдан кейін 1979 жылы «Ғылым» баспасынан «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты кітап басылып шықты. Осы кітапта Болатжан Абылқасымов Қабанбай батыр туралы дастандардағы айтылған кейбір оқиғалар мен тарихи деректердің сәйкес келмейтін тұстарын анықтап талдап шықты. Сол зерттеуде «Қабанбай батыр Ақмола қаласынан 30 шақырым жердегі Октябрь совхозының териториясына жерленген» деп қазіргі кесене маңын айтыпты. Мен ол кезде Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінің комсомол жастар бөлімінің меңгерушісі едім. Болатжан Әбілқасымовтың бұл айтқандарымен келісе алмадым. «Ақмола өңірінде наймандар мекендемесе, ол жерге қалай жерленеді?» деген сұрақ туды. Менің өскен ауылымда 40-50 түтін Қожағұлдар тұрушы еді. Ауылда тұратын Төлеуғали Бірбалаұлы деген досыма телефон соғып «Қабанбай батырдың қайда жерленгендігін білетін адам болса сұрастырып көрші» деген өтініш айттым. Бірнеше күннен кейін Төкең хабарласты. «Ауылдағы қожағұлдар атамыздың зираты Нұраның бойында жатыр. Ақмола біздің атамыздың зиратымен аталған жер деп айтты» дейді. Бұл естігендерімді Болатжанға айтып едім, «ата ортақ қой, білгің келсе өзің де зерттеп көрсеңші» дегені. Менің Қаракерей Қабанбай батыр туралы зерттеулерім осыдан басталды.

Зерттей келе көзім жеткені Қабанбай туралы жыр-дастандарда айтылғандар мен тарихи деректердің сәйкес келмейтіндігі болды. Кеңес одағы кезінде жиналған 18 дастан 4 түрлі вариантпен келеді. Кейбіреуінде Ерасылдың еліне өкпелеп кетіп қалып 19 жасында үйленіп қайта келгендігі айтылады. Кейбір дастандарда бұл оқиға туралы «Дәулетбай батыр барып алып келді» деген жолдар бар. Дәулетбай батыр Қабекеңнен 13 жас кіші екен. Сонда 6 жастағы бала бұл істі қалай атқарып жүр? Анығында, Қабанбайды көшіріп әкелуге Қабанбайдың ағасы Есенаман барған.

Тағы бір мысал айтайын. Дастандардың бірінде:

«Топ бастап келген осында.

Дәл 16 жасында.

Көріп қалды Қабанбай,

Садыр деген баланы,

Еңістен төмен желеді.

Балаға таман келеді.

Тайсалмай сонда бала да,

Батырға қарсы тұрады.

Бұғанадан найза жеп,

Бала жерге құлады», – дейді. Дастан бойынша осы оқиғадан бір жыл бұрын Садыр баланың әкесі Әтеке Жырықты Қабанбай өлтірген делінеді. Мұның шындығын кезінде Үмбетей жырау айтып кетіпті.

«Ойламаған бақ беріп,

Қырғызды тәңірім қақ бөліп,

Садыр бала бітем деп,

Әтеке соғыс күтем деп», дейді Үмбетей бабамыз.

Анығында Садыр соғыспаған. Ол қазақпен келісімге келіп көшіп кеткен. Сосын бұл оқиғалардың кезінде 16 жастағы бала емес, бір рудың 47 жастағы манабы екен. Қазақтармен болған соғыста Әтеке Жырықтың қайын атасы Жайыл өлген. Әтеке Жырық  1786 жылы Ресейге елші жіберген. Мұның барлығын Болатжан Абылқасымов 1979 жылы шыққан «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты кітапта ежіктеп тұрып жазды. 1991 жылы Талдықорғанда «Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-теориялық конференция» өтті. Осы жиналыста Болатжан Абылқасымов бұларды тағы да ортаға салды.

Бір реті келгенде Қырғыз Республикасы жеріндегі «Жайыл қырғыны» өткен өңірге жолым түсті. Жайыл деген ауыл бар екен. Сарбағыш, Солты деген рулардың «ата қонысы» болса керек. Жергілікті адамдармен әңгімелесіп отырып «біздің жақта тұратын қырғыздар арасында да Сарбағыш руы бар. Қазақ жеріне 1770 жылдары келгенбіз деп айтып отырушы еді» дедім. Аналар қостай кетті. «Олай болса 1770 жылдары Абылай мен Қабанбай батырлар алып кеткен біздің бауырларымыз шығар» десті. «Ал, Әтеке Жырықтың балалары туралы білетіндеріңіз бар ма?» деп сұрадым. Олар маған Әтеке Жырықтың 8 ұлының атын түгелімен айтып берді. Таңғалғаным, бір ұлының аты Абылай екен… Олардың ішінде Садыр деген есім жолықпады. Міне біз осыларды жеріне жеткізе зерттей алмай жүрміз. Тек жыр-дастандарды оқимыз да, тарих сол күйі таңбаланғандай етіп қабылдап аламыз. Қабанбай батыр туралы жыр-дастандар мен тарихи деректердің сәйкес келмейтін тұстары бар дегенді осыған қарап түсіне беріңіз….

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ерқазы Сейтқали

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз