Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде қауіпті індетке қарсы жұмыстар күшейтілді. Әлемді дүрліктірген короновирустың алдын алуға бағытталған негізгі мәселелер қабылданып, инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қолға алынды. Кешенді жұмыс жоспары бекітіліп, сақтық шараларына баса мән берілуде. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық медициналық дәрі-дәрмектер мен керек-жарақ, арнайы киімдер де жеткілікті.

Нысан толықтай оқшаулану режиміне көшкен. Алдағы уақытта мекемеде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау және алдын алу шараларын күшейту бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Түзеу мекемесі бүгінде медициналық  маска тігуге қызу кіріскен. 19-шы наурыздан бастап түзеу мекемесіндегі тігін цехының жұмысы ерекше күн тәртібіне ауысты. Осыған байланысты «Еңбек-Тараз»  республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі цехта 27 жазасын өтеуші сотталған азаматтар түрлі жұмысқа жұмылдырылған. Олар бетперденің нобайын әзірлеп пішу, тігу,  дайын өнімдерді сұрыптау ісімен айналысады. 17 тігіншінің әрқайсысы 8 сағат жұмыс  күнінде 110 маска тігуге тиісті. Цех шебері Рауан Жүнісовтың айтуынша, жігіттер күніне 1700-ден 2000-ға дейін бетперде дайындайды. Өнімнің сапасы жоғары, 100 пайыз табиғи өнім яғни, мақтадан тігіледі. Аллергиялық қарсы көрсеткіші жоқ. Санитарлық талаптарға аса мән беріліп, жұмысшылар арнайы киімдермен жабдықталған. Медицина бөлім бастығы, әділет майоры Бегжан Асанов жіті қадағалауына алып, өндірістің басы қасында жүр.

– Дүние жүзін жайлаған індетке қарсы, сындарлы сәтте халық, ел игілігі үшін «теңізге құйған тамшыдай» болсын қол ұшын созғанына жазасын өтеушілер дән риза. Сондықтан өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, бар күш-жігерін жұмсауда. Бүгінгі күнге дейін 17 мыңнан астам бетперде тігіліп, әзірленді. Мұнымен тоқтап қалмақ емес.Тапшылық туындамас үшін жаппай карантин аяқталғанша бетперде тігу жалғаса бермек. Осыған орай ЖД-158/7 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Алмасбек Азизбековтың шешімімен 27 азаматқа мадақтау жарияланды. Сонымен қатар «Еңбек-Тараз» кәсіпорны еселі еңбек еткен жандарға жалақыға қосымша сыйақы тағайындады. Қаржылық көмегі үшін ата-аналары мен отбасы мүшелері де қуанышты. Қысылтаяң сәтте қайырымдылық ретінде бірқатар сотталған азаматтар жалпы соммасы 300 мың теңгеге  жететін қаражатты  қолдау қорына аударуға ниетті, – дейді әділет майоры Бегжан Асанов.

 

Бекнұр Сатыбалдиев

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз