(Бұрын-қазір)

Мемлекетіміз қазір мұғалімге қай жағынан болсын қамқорлық жасап жатыр. Мұғалім мәртебесін көтеруге арнаулы заң да шықты, айлықтары көбейді. Ендігі кезек мұғалімде. Өз мәртебесін көтеру үшін не істеу керек? Автор осы мәселе жөнінде әңгіме қозғайды.

Өткен ғасырда мұғалім мәртебесі туралы сөз болмайтын. Себебі мұғалімнің мәртебесі өте жоғары еді. Ауылдың улкен-кішісі мұғалімді сыйлап, қадірлейтін, құрметтейтін, алдынан кесе-көлденең өтпеуші еді. Мұғалім мәдениеттің, сыпайылықтың, тәртіптіліктің, білімділіктің, әдеміліктің эталоны, үлгісі еді. Киім киісінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен мәдениет бұрқырап тұратын. Бастауыш мектепті ауылда оқыдық. Екі мұғаліміміз бар еді. Екеуі де соғысқа қатысқан. Класқа кіріп келгенде шыбынның ызыңы ғана естілетін. Сабақ үстінде көршіңмен сөйлессең, не тыныш отырмасаң басыңа «укаскамен» бір перетін. Дыбыс жоқ, үнсіз төмен қарайтынбыз. Сол кезде ата-анаға барып, мені ұрды деп айту жоқ. Айтсаң бәлеге қаласың. «Дұрыс ұрған, әкел ана белдікті, мен де ұрайын» деп әкеміз ашуланатын. Тәртіпті болсаң ешкім сені ұрмайды. Өзің кінәлісің деп ұрсатын. Екі ағайымыз Мұрат Топатаев және Ережепбай Жетібаевты ауыл түгел сыйлайтын, құрметтейтін.

– Әне, ағайың келе жатыр, – десе безіп кетуші едік. Үлкендердің тілін алмасаң, ағайыңа айтам деп қорқытатын. Кейін орта мектепте оқып жүргенде де ағайларымыз бен әпкейлерімізді бүкіл ел болып сыйлайтын. География пәнінің мұғалімі болған Балқан Нұрмағанбетов сабақ бергенде өзі барып, көргендей етіп әңгімелейтін. Ал химия пәнінің мұғалімі Нәсір Жантаев ағайдың сабағы бір сиқыр дүние еді. Бір сұйық затты басқасына құйғанда қызарып, көгеріп, жасыл, сары түске боялатын. Бар ынтамызбен қызықтап, біз де көрейікші деп сұрайтынбыз. Химия сабағында ертегілер әлемінде жүргендей сезінуші едік. Ал тарих пәнінің мұғалімі Шәймерден Егембердиев сабақ бергенде тып-тыныш, қимылдамай отырушы едік. Өткен тарих, ерте ғасыр тарихы, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы туралы айтқан әңгімелері қандай еді шіркін! Ал математика пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Айғасқаев ағай сыпайылықтың, тәрбиеліліктің, тазалықтың үлгісі еді. Луговой стансасында күзде, көктемде жүру өте қиын болатын. Саз балшық аяғына жабысып, үстіңді былғайтын. Біз резеңке етік киіп жүретінбіз. Ал ағайымыз болса жер баспағандай тап-таза. Ағай тура жүріп, тура тұратын. Көп сөзі жоқ, үндемейтін, бірдеңе айтсаң сәл жымиып қоятын. Осы қарапайым, сыпайы адамның үлкен өнер иесі екенін кейін білдік. Мектепте домбыра үйірмесі ашылды, соған барыңдар деген соң барсақ, Нұрсұлтан ағай екен. Ұзын мойынды домбырасын шертіп жіберіп, күйді құйқылжытқанда аузымыз ашылып қалыпты. Домбыра үйренем десеңдер, сабақтан соң 1-2 сағатқа қаласыңдар. Ынталарың болса үйретемін деген соң қатыстық. Бір жылда бірнеше күй үйретті. Домбыраның құлағында ойнайтын халге жеттік. Міне, осы ағайымыздың мәртебесі қандай еді біз үшін. Кейін КазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүргенде небір марқасқа ұстаздардан тәлім алдық. Ол кісілердің әрқайсысы бір төбе еді. Профессор Тұрсынбек Кәкішовтың әңгімелері, профессор Әбілфейіз Ыдырысовтың сабағы ерекше еді. Сол кісінің лекциясына басқа факультеттің де балалары келіп қатысатын. Ал, Темірбек Қожакеевтың, Қайыржан Бекхожиннің, Абдулхамид Мархабаевтың сабақтарын еш уақытта ұмыта алмаймыз. Әсіресе араб тілін оқытатын профессор Әбсаттар Дербісалиннің сабағы өте қызық, тартымды еді. Сол ұстазымыздан араб әрпімен жазылған төте жазуды үйрендік. Міне, бұл ұстаздарымыздың мәртебесі өте жоғары еді. Ол кезде мұғалім басқалардан әлдеқайда жоғары тұрушы еді. Кейін әсіресе өткен ғасырдың соңында, бүгіндері мұғалім мәртебесінің төмендеуіне мұғалімдердің өздері кінәлі. Ер мұғалімдер көшеде арақ ішіп, айқай-шу шығарып, төбелесіп жасаса, қандай абырой, қандай мәртебе болады? Соңғы кезде еркектер емес, әйел мұғалімдер әлем-жәлем киініп, аузына келгенін айтып, басқаларды балағаттап жатса қандай мәртебе болады? Қазіргі мектеп балалары өте білімді, көп нәрсені біледі. Кейде солар «Ой, біздің ағай, не апай түк білмейді. Сұрасаң жауап бермейді, болмаса кітаптан оқып ал» деп айтады. Осындай келеңсіз жағдайлар көбейіп кетті. Мәртебесі түскені сол емес пе, мұғалімдерді кейбір ата-ана келіп балағаттап, ұрып кететін жағдайлар кездесіп жүр. Балама тиді деп сотқа жүгінеді, арыз жазады. Осының бәрін көріп жүрген бала қалай мұғалімді сыйлайды?

Мұғалім мәртебесінің түсуіне ата-ана да көп кінәлі. Шәй үстінде отырып, бала-шағасының көзінше мұғалімдерді жерден алып, жерге салады. Осыны естіп, біліп отырған бала мұғалімді қалай сыйласын? Көріп те, естіп те жүрміз. «Балам жақсы оқысын, дұрыс баға қойсын» деп мұғалімге тиын-тебен беріп тұрамыз. Содан балаларымызды оқиды, алатын бағасы жоғары деп мақтанамыз. Балаларымыздың білім алғанына емес, жоғары баға алғанына мәзбіз.  Ал, білімі бірдеңе болар дейді. Институтқа барғанда да мұғалімдеріне жақсы баға қойыңыз деп сұранамыз. Осыны білген балалар қалай оқиды? Жас мамандардың білімі төмен, біліктілігі нашар дейміз. Ақшаға оқитын балада не білім болады? Әрине, бәрін қаралаудан аулақпын. Өз күшімен, білім алып оқитындар көп қой. Дегенмен, жанағыдай да кездесетіні де рас, сонымен жасыратыны жоқ ата-ана болып, мұғалімдердің өздері бірігіп, мұғалімдердің мәртебесін төмендеттік. Сондықтан амал жоқ, үкімет мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдауға мәжбүр болып отыр. Мұғалімдердің жалақысы көбейіп, басқа жұмыстарға араласпайтын болды. Дегенмен осы заң мәртебесін көтере ме? Ол үшін біз ата-ана, отбасы, мұғалімдер болып бірігіп, көтере аламыз. Тағы бір айтатын мәселе, мектеп директоры баланың, ата-анасының көзінше мұғалімдерді тұқыртып, ұрсып, жұмыстан кет деп жататыны да өтірік емес. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін, құқығын қорғау мектептегі кәсіподақ комитетінің азулығына байланысты. Мұғалімнің құқығын ата-аналардан да, дөрекі директордан да қорғау кәсіподақ комитеті мен мектептегі ардагерлер ұйымына байланысты. Мұғалім мәртебесін көтеру барлығымызға да байланысты екенін білгеніміз жөн.

Мәскеу Ноқрабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз