Күллі әлемге таралған коронавирус індеті елімізді аса қауіпті жағдайға қалдырып отыр. Бүгінде еліміздің аумағында таралған аурулар саны 704-ке жетіпті. Меніңше, кім-кімге болмасын аурудан сақтану  шараларын қолданудың алдыңғы кезекте тұруы аса қажет-ақ! Халықтың көпшілігін осы қауіпті оба ауруының атының өзі-ақ үрейлендіріп, өмірден күдер үзіп, сарыуайымға салындыратыны жалған емес. Сондықтан жаман ауру жұқтырған адамдардың өзінің ерік-күш жігері мен өмірге деген құлшынысына да байланысты.Жақында, 4-сәуірдегі «Хабар-24» телеарнасының таңғы жаңалықтарынан қауіпті індеттен неше мыңдаған адамдарынан айырылған Испанияда 101 жастағы кейуананың ауруханадан жазылып шыққанын көрсетті.  Осыған байланысты өзімнің басымнан өткен жайларды еске алуға  тура келіп тұр.

1980 жылы Мойынқұм ауданының 6000-дай халық тұратын Бірлік ауылы тұрғындарына жанашырлы- шарапатты көмегімен М. Қайрақбаев атты медицина саласындағы танымал ғалым ағамыз жаңадан қолданысқа енгізілген жапон елінің құрылғыларын  алып келіп, көпшіліктің  ағзаларына тегін тексеру шараларын жүргізген болатын. Мен де асқазанымды тексертіп, Жамбыл облыстық ауруханада емделуім керек екендігін анықтаттым. Бірақ оған мән бермей, жұмысымды істеп жүре бердім.Содан бермен 40 жылдай уақыт өткенімен асқазаным әлі мазалаған емес. Өкінішке қарай менімен қатар тексеруден өткен азаматтардың бірен-саранынан дер кезінде емделгенімен ауруларын уайымдағандықтан  науқастары асқынып қайтыс болғандары да ұшырасты .

1986 жылдың жазында Жамбылдағы  қалалық ауруханада созылмалы ауыр жұмыстан зақым келген  бел омыртқама тәжірибелі нейрохирург-дәрігер  П.Д.Лиге күрделі ота жасатуға (оң жақтағы қабырғамның бірін қоса алып омыртқаны бекітуге пайдаланды) мәжбүр болдым. Қосымша айтпағым, біздің палатада  Шу ауданның Далақайнар ауылынан мотоциклімен аударылып бел омыртқасына зақым келген жасы 25-тер шамасындағы неміс жігітіне де ота жасалынды. Ота сәтті өткенімен, үйленбекші болған қалыңдығы қарамай кеткендіктен  жанындағы әкпелерінің жанашырлықты жұбатуларына да біздің ақыл-кеңестерімізге құлақ аспай қайта-қайта темекі шегіп уайымдаумен болды. Сөйтіп жатып, екі-үш күн өтпей-ақ өрімдей жас жігіт көз алдымызда өзінің қыршын ғұмырымен қоштасуға мәжбүр болды. Ал 3-інші қабаттан құлап, бел омыртқасы сынған Тараздық 30 жастардағы орыс жігітіне ота жасалғаннан кейін дәрігерлер: «енді аяғыңнан тұрып кетуіңе кепілдік бере алмаймыз», – деген-ді. Сол жігіт аурухананың  ұзындығы 10 метрдей дәлізі бойымен күн құрғатпай, ертелі-кеш етбетінен жата суда малтығандай денесін сүйрете тек қолының күшімен еңбектеп жаттыға бастады. Сөйтіп  ол қайсарлы ерік күш-жігерінің арқасында бір ай шамасында аяғына тік тұрып қос балдаққа сүйеніп қаз-қаз жүре бастады. «Сарыуайым түбі шыңырау – батасың да кетесің, тәуекел түбі желқайық – өтесің де кетесің!» деп аталарымыз да бекерден-бекер айтпапты.      Ауыр операциядан кейін әбден әлсіреп, азып кеткендігімнен  мені енді адам болмайды деген таныстарым  сөз қыла бастады. Ауруханадан қос балдақпен оралғаныма қарамастан дәрігердің кеңесімен әрі көз алдымда жаттыққан орыс жігітінің дене жаттығуларымен тұрақты айналысып, 3-4 айдан кейін-ақ денсаулығым оңалып қалды. Жалпы мұндай ауыр ота жасатқан науқастар 2- топ мүгедектігімен кем дегенде 1 жылдай ешқандай жұмысқа жегілмеуі керек еді. Ал мен Қордай ауданындағы дәрігерлік сараптық комиссияға көрінуге  (ВТЭК-ке) барғанымда олар мені жан-жақты тексеріп: «денең кәнігі спортшылардікіндей екен» деп, тек 1 жылға ғана  3- топтық мүгедектігімен жеңіл  жұмыс істеуге болатындай құжаттама берді. 2-3 айдай қарауылдық жұмыс атқарғаныммен көп ұзамай өз-өзіме сенгендіктен Көктерек кеңшарындағы өте ауыр санаттағы Зил-157  көлігіне орайластырылған  ауто-моншаны қабылдап, малшыларға қызмет ете бастадым. Келесі жылы 3-топ мүгедектігімен де біржолата қоштастым.

Өмір болған соң қиыншылық та қатар жүреді екен. Өткен жылы жасым жетпістен асқан шағымда қуық безінің асқынған дертіне ұшырағандықтан әбден әлсіреп, 75 килолық  салмағым 55 килоға дейін  түсіп кетті. Ең алдыменен Жаратқан Иеміздің жәрдемі шығар, оның үстіне Шу қалалық аурухананың  білікті дәрігері Болат Біләловтың екі мәрте ота жасаған шипалы көмегінің арқасында «сұр жыландай жақындап алқымнан алмақшы болған ажалдан» аман қалдым. Қыркүйек айындағы ауыр оталардан соң ақырындап үйреншікті жаттығуларыммен айналыса бастадым. Нәтижесінде  бірте-бірте денсаулығым жақсарып, байырғы қалпыма  қайтадан оралып қалдым.  Басымнан өткен бұл ауруларды бүкіл әлем жұртын дүрбелеңге  салған обалы дертті коронавируспен салыстыруға келмес. Сонда да үмітке жетелейтін жақсылық хабар да естіле бастады,  ауру жұқтырған 704-тей науқастардан 6 адам қайтыс болғанымен,  50-ден аса науқастардың аса қауіпті індеттен айығып отбастарына оралғандары анық аталды. Адамның бойында қандай да болмасын ауруды жеңе алатындай өз-өзіне сенімді-рухы биік болса ешқандай кеселге бой бермейтіні сөзсіз. Дегенменен  мына жай да ойланарлықтай, обадай таралған аса қауіпті індеттің отаны қытайдан 5 миллион медициналық маскалар сатып аламыз деген ақпарат «Хабар-24» телеарнасында айтыла бастады. Бұл қалай болғаны, сақтануға үгіттеп жүрген халқымызды одан сайын үрейлендірмейміз бе? Таңқаларлығы, еліміздегі аурулардың көпшілігі яғни  екі жүз жиырмаға жуығы  Нұр-Сұлтан қаласынан болғандығында. Бұған қарағанда күнкөріс қамымен елордаға жиналған қаракөз жастарымыз бен үй-жайсыз пәтер жалдаған отбасылар көптеп саналатындығынан шығар. Дейтұрғанменен елімізде бұрыннан да халықтың әлеуметтік тыныс-тіршілігінің мәз емес екендігі белгілі. Сондықтан да жұртшылықтың көбі банктердің кредиттік қарызына шырмалғандығы ащы шындық.. Тіптен, кейбір  деректерге сүйенсек, дағдарысты қиыншылықтардың салдарынан  адамдардың өзіне-өзі қол жұмсау дертінен өзге мемлекеттерге қарағанда алдыңғы орындардың қатарында екеніміз де жалған емес. Әлемге зобалаң әкелген «коронавирус» індеті еліміздің жұртшылығының тыныс-тіршілігін  одан әрі нашарлатпаса  жақсартпайтыны да анық. Қазірде президентіміз Қ.Тоқаевтың  қауіпті жаман аурудың өршуіне  байланысты дәрігерлер қауымы мен кейбір жекелеген әлеуметтік топтарға қаржылық  т.б.көмек түрлерін  ұйымдастыртып  жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Соған қарамастан еліміз айтарлықтай дағдарысты ауыртпалық кезеңнің алдында тұрғандай сезіледі. Сондықтан еліміздің басты байлығы адам екендігін ескеріп, шетелдік банктер мен офшорлық аймақтардағы кім-кімдікі болмасын халықтың несібесінен ұрланып, қордаланып жатқан бірнеше  жүздеген миллиардтаған АҚШ долларларын елімізге қайтарып, көпшілікті банктердегі қарыздарынан құтқарып қана қоймай, әр тұрғынға ауқымды мөлшерде жәрдемақы беру жағы ойластырылуы керек. Осы игі шараны  тездете қолға алмасақ, сол шетжұрттардағы  халықтан жасырылып тығылған қаржылар  ертеңгі күні жас баладай  аңғал да аңқау  халқымызды алдап келген  алаяқ-жемқорлардың өздеріне  де бұйырмай бұғатталып, еліміздің қаржы-қоржынына да түсе алмай қалуы да ғажап емес. Ел басқарып отырған азаматтардың халыққа жандары шындап ашыса, осы жағын ойластырып, «қайтқан малда береке бар» екендігін басты назарда ұстаулары керек қой!

 

Мәкен Уақтегі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Шу  ауданының Құрметті азаматы.

Жамбыл облысы Шу ауданы, Төле би ауылы

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз