Жұт жеті ағайынды

Дегенмен еліміз қазіргі ауыртпалықтарды жеңетеніне сенім мол

 

Елбасы осы қиын-қыстау кезеңде ақсақалдық танытып елін сабырға шақырып, халқының мұндай сын шақта не істеуге болатынын кеңінен толғап, басу айтып мақала жазды. Онда тереңнен сыр тартып ой салатын мәселелер жетерлік. Өздеріңіз білесіздер, Ел президенті болып тұрған кезінде тамаша мақалалар жазып, ұлт, мемлекет өмірінде бетбұрыстар жасады. «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың 7 қыры» мақалалары шынында да елді кәдімгідей дүр сілкіндіріп, осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Оны Нұрекеңе шекесінен қарайтындар да, қарамайтындар да мойындауы тиіс. Мына мақаласында да ой салатын толғақты мәселелер баршылық. Біз де мақаланың бәрін қамтымасақ та кейбір мәселелерде ой қозғасақ деген ойымыз бар. Елбасының бұл мақаласы елді бірлікке шақырады. Екіншіден осындай қиын кезеңде ел экономикасын тұралатпаудың жолдарын қаузап, ақыл-кеңес береді. Иә, ел экономикасының негізгі көзі бизнес тоқырап тұр. Анау-мынау емес алып компаниялардың да шаруалары шатқаяқтап тұр. Әрине егіс алқаптарында қызу жұмыс жүріп жатыр. Бір қуанатынымыз осы. Ұзағынан сүйіндіргей! Бірақ пандемия бұлты ауылдың іргесінде. Бұл індет өңірлерді де қаусырмалап тұр! Қала тіршілігі тоқтады десе де болады.

Нұраға, мұнайға тәуелдігіміз жайлы дұрыс айттыңыз. Ескертуіңіз де орынды. «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам кәсіпорындар ашылғанын жақсы білеміз. Олардың дені жұмыс істеп жатыр. Көңілге кірбің ұялататын нәрсе сол өзіңіз ашып, бағасын беріп кеткен кейбір кәсіпорындар жабылып жатады. Біздіңше бұған сол кәсіпорындардың басшылары кінәлі. Асығып, бір жағынан жағымпазданып, көзге көрініп қалайын деп шикі, жарым-жартылай біткен жаңа кәсіпорындарды «біттіге» санап мемлекетке ұсына салады. Мұндай көпе-көрнеу жалғандық жарға жығады, халықтың алдында сенімнен айрыламыз. Әсіресе атыңыз бен толағай істеріңіз әлемге әйгілі сіздің абыройыңызға нұқсан келеді. Мәселен он бес теңгелік бетпердені шығаратын шағын кәсіпорындардың жоқ екендігі біраз шындықтың бетпердесін ашты. Билік бағаны ауыздықтай алмай отыр. Басқа-басқа әлгі бетпердеміздің құны әп дегенде 10-15 есеге өсіп шарықтап кетті. Басқа азық-түліктер бағаларының өсуі де халықты ашындыруда. Яғни олардың тұтқаларында отырған адамдарда ұят, имандылықтың жоқтығы, рухани жағынан кедейлігі бетке ұрып-ақ тұр. Өзіңіз төл балаңыз сияқты теңгеміздің де жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Әне-міне бір доллар 500 теңге болатын күн де жақындап қалғандай Ұлт валютасының көрер көзге аспанға ұшып қаңбаққа айналып бара жатқаны жүректі ауыртады. Өзіңіз айтпақшы ауылшаруашылық саласы біртін-бірге күшейіп келеді. Бірақ осыншама даңғайыр жері бар мемлекеттің өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алмауы неліктен? Шаруаларымыздың өсірген, шығарған өнімдерін өткізе алмай қиналып, шарасыздыққа ұрынуы нені білдіреді? Неге? Біз ол мәселені неге дұрыс жолға сала алмай отырмыз? Халықты осы мәселелер қатты алаңдатады.

Бұл мақалаңызда сіз жастарға зор сенім артатыныңыз жайлы жақсы айтыпсыз. Тәуелсіздігіміз жылы келген сәби келер жылы отызға келеді. Бірақ осы жастар өзіңіз айтпақшы орда бұза ала ма? Әсіресе олардың көпшілігі өзінің ана тіліне, салт-дәстүрлеріне үрке қарайды. Биліктің, шенеуніктердің қатарларын жастар толықтыруда. Кеңес өкіметінде жастарды алдымен қарапайым жұмыстарға салып сын тезіне салатын. Оған сіздің өміріңіз куә.  Ал «Болашақтың» оқуын шетелдерден бітіріп келген жастар дәу бастық болып шыға келеді де, ол саланы дамытпақ түгілі бәрін бүлдіріп, шикілік танытады. Осы мәселеде сіздің данышпандық ойларыңыз ауадай қажет. Мақалаңызда Махатма Гандидің тамаша сөзін келтірдіңіз: «Әлемді өзгерту үшін алдымен өзіміз өзгеруіміз керек». Тамаша сөз. Біз дамушы, кемел мемлекеттердің кадрларының қатарына тұруымыз үшін сол елдер жұмыс істеу тәсілдерін үйренсек, олардың әдіс-тәсілдерін меңгерсек.

Ендігі тағы да айтатын зор мәселе білім саласы. Рас қазіргі қиын шақта дәрігерлер, полицейлер, мұғалімдер ерен еңбек етіп, ерліктің жоғары үлгілерін көрсетіп жатыр. Оны мақалаңызда айтып өттіңіз. Біз бұрын бұл мамандық иелерін жиі сынға алатынбыз. Енді міне, сын кезеңде олар халық сенімінен шығып, зор абыройға көтерілді. Біздің айтайын дегеніміз білім және ғылым министрлігі жыл сайын жаңа реформа жасайды. Жаңа басшы келсе ескі басшының реформасын тас-талқан етіп, өзінің реформасымен келеді. Осы дұрыс па? Бұл жерде қиналатындар мұғалімдер және оқушылар. Мәселен соңғы екі жылдың көлемінде мектептер жаңа бағдарламаға көшті. Ол қазір жай халықты қойып, мұғалімдер тарапынан сынға ұшырап отыр. Сондықтан осы қиын кезеңнен құдай қаласа аман-есен өтсек білім саласына сіз зор көңіл бөліп, оның арналы жолға түсуіне ықпал етеді деп сенеміз…

Көбелек келді көлп етті,

Көбігін ішіп ол кетті.

Жапалақ келіп жалп етті,

Жартысын ішіп ол кетті.

Қарға келіп қаңқ етті,

Қалғанын ішіп ол кетті.

Сауысқан келіп саңқ етті,

Сарқып ішіп ол кетті.

 

Бұл өлең біздің елімізді әбден меңдеп, жайлап алған жемқорларға қаратып айтылғанын байқап отырған боларсыздар. Иә, Нұр-аға, жемқорлықпен шынайы күресіп келе жатқан бір адам болса ол өзіңіз. Қаншама қатал шаралар қолдандыңыз. Бірақ осы күнге дейін тамыры тереңге кеткен арам шөптей ол пәле дес бермей келеді. Осы зор мәселеде өзіңіздің даналығыңызбен алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз. Иә, әлемді тығырыққа тіреп, жұмыр жер үстіне қара бұлт төніп тұрған кезде елді бірлікке шақырған мақалаңыз дер кезінде шықты. Біз сізді қолдаймыз. Біз біргеміз!

 

                                                                                                          Ертай Айғалиұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз