Шәкәрім бабамыздың «Адамдық борышың –

Халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай

Ар сақта, оны біл…

…Қайтадан қайырылып,

Қауымға келмейсің,

Барыңды,

Нәріңді,

Тірлікте бергейсің…», – дей отырып, ей, адам тек өз тағдырың үшін ғана емес, жалпы адамзат баласы алдында жауапкершілікті сезініп, ар-ұждан алдында адал бол. Адам үшін, бүкіл ғалам үшін, келер ұрпақ үшін ерінбей еңбек ет, із қалдыр, сонда сен өлмейсің…», – деп өсиет еткені,  меніңше, «Қайткенде адам қалады адам болып» деген мәңгілік сұрақтың бір  ғана жауабы болар.    Сондықтан ынсап, ұят, әділеттілік жүрегіне ұя салған адам ғана бар ғұмырын ақыл-парасатына сыйдыра халқына қызмет етіп, айналасын иман нұрына бөлей алады. Санаға сәуле құятын рух биіктігі мен жанға азық болатын атымтай жомарттығы жан-жағын жүрек жылуына бөлей алады. Ондай адам өзінің әрбір әрекетінен әдемілік пен әдептілік шуағын шаша бар әлемді бақытты ете алады. Мен білетін көптеген жаны жайсаң жандардың арасында Көпболсын Әбдікешұлы Бекмағанбет адам болып қалудың – Шәкәрім бабаның үлгі-өнегесінің үдесінен шыға білген таңдаулылардың бірегейі десем, шешен сөз бен көсем сөзді көбірек көпіртіп жібергендей болармын.

Алайда ағаның бойындағы қайраткерлік қасиетін айтпағанның өзінде ақындыққа жақын жанының нәзік толғанысынан елге, қоғамға деген іңкәрлікті сезінесің. «Жақсының жақсылығын айт» деп өзін кішірейтіп, өзгелерді зорайта көрсететін мәрттігін сезінесің.

Биыл Көпболсын Әбдікешұлы мерейлі 70 жасқа толып жатыр. Мерейтойына орай ағаның қатарлас-қанжығаластары, замандас-құрдастары, аға-іні, қарындастары тереңнен толғап, жазып жатыр. Азды-көпті еңбек жолымыз тоғысқан жылдар аралығында ағадан үйренген тереңдік, тектілік, төзімділікпен қатар ісіне адал, ыждаһаттылық қасиеттерін қағаз бетіне түсіргім келді. Бірақ қай қырынан көңілге қонымды дүние жазуға болады деп, көп ойландым. Әйтеуір, әңгіме ыңғайы ағаның ақындыққа жақын жан тебіренісімен өріліп сала бермесі бар ма…

«Ауыз толтырып ақын деп айтудан қашасың, қорқасың. Шындығында мен ақын болсам деген ой болған жоқ. Ақындық меніңше, нағашы атамда болған сияқты. Ал өз атам Әбеудің Бекмағанбеті деген кісі, осы атамда да  ақындық қасиет болған секілді. Осыдан отыз жылдай бұрын ауылға бір қазаға бардым. Сол кезде  тоқсан үштерге келіп қалған Бекет деген ақсақал «Сен қай баласың» деп сұрады. Мен өзімше, «Әбдікештің үлкенімін» дедім. Әкем ауыл-аймаққа абыройлы еңбегімен танылған беделді адам еді. Бекет ақсақал көзі күлімдеп, Әбекеңді (Әбдікешті) елей қойған жоқ. «Еее, Бекеңнің немересі екенсің ғой» деді де, бір шумақты тастап жіберді. Сөйтсем, Бекет ақсақал қожа екен. Қожалар менің атамның (Бекмағанбеттің) қайын жұрты, менің ұлы нағашыларым болып келеді. Кезінде ауылда бір оқиға болып, екі жақ сөз қағысып қалған ба (әйтеуір, жауласу емес)

…Шымшыма, қалжың ретінде атамыз (Бекмағанбет) шымбайға батырыңқырап, қайын жұртын өлеңмен түйреп өткен екен. Бекет ақсақал мені көрген жерде сол шумақты сүйсіне есіне алып, маған қарата «тастап» жіберген көрінеді. Бірақ ол уақытта мен өлеңді жаттап үлгермедім. Қайта сұрауға да ыңғайсызданып, ол кісімен әңгімелесе алмадым. Әлі күнге дейін бір өкініш,.. Бекет ақсақалдан «Менің де ара-тұра «түртіп» қоятыным бар. Атамда ақындық қасиет болған ба еді» деп сұрауым керек болатын. Бірақ жағдайға қарай ол кісімен әңгімелесе алмадым. Кейін інілерімді, Бекет атаның балаларын жіберіп, сол өлеңді жазып алғым келді. Алайда ақсақал, «Кетіңдер бар, мен өзімізді мұқатқан өлеңді сендерге беремін бе екен» деп қуып жіберіпті. Сөйтіп, менің жолым ол кісімен қайта тоғыспай қойды. Ол кісі кейін қайтыс болып кетті. Қазір демек Бекмағанбет атамда ақындық болған-ау деп ойлаймын. Өз туыстарымнан, басқа танитын үлкендерден атам туралы көп сұрадым. Бірақ ешкім жарытып ештеңе айта алмады.

Менің аса таң болып, абдырап қалғаным: Бекет ақсақалдың жас балаң кезінде

естіген шумақтары 80 жылдан артық уақыт өтсе де жадында болуы еді.

Сөзге шеберлік қазақтың екеуінің бірінде бар қасиет қой, өз атам мен нағашы атамда сөз ұстаған адамдар болған шығар. Студент кезде қолма-қол қалжың-қағытпа «құрап» жүрдім, болса болмаса қыздарға, марқұм тәтеңе (жұбайы) арнап жаздым дегендей. Бірақ оған аса мән бермедім. Оқу бітіргенде (72-жыл) курстастарға орысша, қазақша эпиграмма жаздым.

Кейін (85-жылы) Жезқазған облысы Тоқырауын ауданында Милиция бастығының тәрбие бойынша орынбасары болдым. Тәрбие жұмысы негізі қызықты ғой, қабырға газетін шығарамыз, неше түрлі дүниелер ойлап табатынбыз. Бірде 8 наурызда қыздарға (13 әйел – қазағы бар, орысы бар) арнап, өзім орысша, Семейден келген бір жігіт қазақша өлең жазып, қабырға газетін шығардық. Бірінші сыншы – тәтең.             Өлеңдерімнің бетің-жүзің демей, тәтең кем-кетігін айтып отырды. Сөйтіп ысылған шығармын. Уақыт өте замандастарымыз, қатарластарымыз 50 жасқа келе бастады. Үлкен той… Жақсы тілек айтқың келеді. Қысқа айтқың келеді. Сондықтан, 5 шумақ, 7 шумақпен жылы тілектер айта бастадым. Сосын жолдастарымыздың қыз ұзатуына арнап жаздым.

Жезқазғанда Сайлаухан Нәкенов деген өте арқалы ақын болды. Сол кісі алғаш менің өлеңдерімді газетке басып, батасын берді. Сол кісінің «жаз-жаз» деген бірауыз сөзімен жазып жүрдім. Кейін Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ән ұранын, Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің Орталық госпиталі қызметкерлерінің маршын жаздым. Қазақ тіліне тиіскені үшін Аман Төлеевке «Төлеевтен түңілу» деген өлең жаздым. Тіліміз үшін біраз «жүгірдік», сол кезде «Үрдістерін Малайдың, үлгі істерге балаймын» деген өлең де туды.

Бірақ мен ақын емеспін. Сосын майталман ақындардан айырмашылығым болсын деп аллитерация, ассонанс жанрына бейімделе бастадым», – дейді Көпболсын аға. Ағаның алғашқы кітабы «Өсер елдің баласы…» деп аталады. Жалпы өмірден түйгені мол Көпболсын Әбдікешұлының өмірлік қағидасы:

Батырлығым жоқ менің, бақсылығым,

Байқамадым пейілдің тапшылығын.

Ойға түйген жасымнан бір қағидам –

Айту парыз жақсының жақсылығын…, – деген өлең жолдарынан, үнемі айнала ортасының абыройын асырып, мерейін үстем етіп жүретін әдеті бүгінге дейінгі ғұмырының мәні де сәні де екенін аңғаруға болады. Көпболсын ағаны көбіне жүрегі мейірімге толы жұмсақ жан ретінде қабылдаймыз да, бойында жарасымды әзіл-қалжыңға, қимастық сезімге бай бір сырдың барын байқай бермейміз. «Адам егде тартқан сайын туған ауылын, туған топырағын көбірек сағынады, аңсайды екен. Балалық кездегі кейбір сәттер, мезеттер қылтиып қылаң беріп, есіңе жиі орала береді. Осындай бір сонау балалық шақ белестерін суреттеген 4-5 өлең соңғы аз уақытта жазылды. Мен туған өлке  Әлихан мен Әлімхан, Жақыптардай алаш көсемдерін, Күләш, Аққыз, Мағауия, Манарбектердей дүлдүлдерді тудырған қасиетті өңір», – деп кіндік қаны тамған Тоқырауын өзені   мен Ақтоғай даласын тебірене есіне алады.

«Өмір кейде тәтті, кейде ащы» екені өзекті жанның бәріне мәлім. Адамды Алла сынайды. Көпболсын ағаның тағдыры талқыға түсіп, аяулы анасы Гүлнар мен асыл жары Бақыттыдан бір күнде айырылып, қабырғасы қайысқан кездер ұмытыла қойған жоқ. Қайғының қара жүгін арқалай жүріп, Көпболсын аға қара нардай қайыспады. Қайғы қабырғасын қақыратып, жүрегін тілгілеп жатса да өмір өткелегінде сынбады. Атам қазақ «Тірі адам тіршілігін жасайды» дейді, қиын-қыстау кезеңде тез ес жиып, бала-шаға, немере-жиен, ағайын-туыс, дос-жаранның арқасында еңсесін тіктеді.

Иә, Көпболсын ағамен әңгімелескенде, бұрынғы ескі көздерше таңды таңға ұрып дегендей, тыңдай бергің келеді. Әсіресе, «сегіз қырлы, бір сырлы» ағаның шахмат, бильярд ойнаудағы шеберлік жөнінде «Мен көбіне шахмат, бильярд ойнағанда жеңуді ешқашан мақсат еткен емеспін. Ойын барысында көбіне әдемі ойнауға, шар немесе шахмат тастары арқылы тамаша өнер көрсетуге мән беремін. Әрине, шахматтан, бильярдтан  жеткен жетістіктерім болды», – дейді. Ағаның спорттық ойын мәнерінен де сән мен мән іздейтін жан сұлулығын сезінуге болады.

Осыдан біраз жыл бұрын Көпболсын Әбдікешұлының ұйымдастыруымен өткен  ардагерлер арасындағы тұңғыш республикалық жарыста ағаның спортқа деген құштарлығы мен құрметіне куә болғанымыз бар. Кезінде Астана қаласында өткен ТМД елдері күштік құрылымдары арасындағы бильярдтан халықаралық жарысқа да атсалысып әдемі өнер көрсеткені Көпболсын ағаның қандай істе болмасын сұлулық пен сырбаздыққа, әсемдік пен әділеттілікке аса қатты назар аударатынын аңғарғанбыз. Ыждаһаттылық пен ынсаптылық, ізгілік пен тазалық өн бойында біте қайнап, біртұтасып кеткенін де байқадық. Айнала ортасына қолғабыс болсам деген ақ ниеті мен қайрат-жігерінің қайырымы мол өмірлік қағидасына көзіміз жетті.

Кезінде өзі жинаған кітап қорынан елордадағы Нұрорда мектеп-лицейінің кітапханасына 225 кітап, оның ішінде 50-ден астамы шахмат әдебиетінен сыйлағаны бар. Бұл баға жетпес қазына әлі күнге дейін мектеп оқушыларының санасына білім сәулесін құйып, оқуға деген құштарлығын оятуға қызмет ететіні сөзсіз. Санаға сіңген білім нәрі адамзат баласымен бірге жасап, қоғамға ізгілік шуағын шашпай қоймайды. Ал білім шуағы күн шуағындай нұрлы, мейірімге толы екені белгілі. Көпболсын аға 70 жылдық думанды мерекесіне орай Нұрорда мектеп-лицейінде шахматтан сайыс ұйымдастырып, қатысушылар (ардагерлер, оқушылар) мен мектеп ұжымына, ата-аналар мен оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қал-қадірінше сый-сияпат үлестіргені бар. Бұл да болса, ағаның әр ісіне сән мен салтанат, мән мен мағына берсем деген ізгі ниетінен туса керек. «Әлемді әдемілік құтқарады» деген бар емес пе!?  Ендеше, 70 асу, 70 белесте өмірін мән мен мағынаға, сән мен салтанатқа айналдыра білген Көпболсын Әбдікешұлы Бекмағанбет – ар-ұждан феномені десек, қасиетті қара сөздің киесіне қиянат жасадық деп ойламаймын. Мерейтойыңыз құтты болсын, Көпболсын аға!

 

                                                                                                    Тілекгүл Есдәулет 

 

 К.Бекмағанбеттің өлеңдері

Тоқырауын, Тораңғы, Тобықты

Туған екем Ақтоғай даласында,

Тоқырауын өзеннің сағасында.

Топырағы киелі бұл өңірдің,

Тағдырыма сеп болған нанасың ба?!

Тыным таппай отыз жыл еңбек еттім,

Тәртіп сақтау-ішкі істер саласында.

Түрлі-түрлі адамдар кез болған-ды,

Таныдым мен ағын да, қарасын да.

Тобықтының ұлымын Дересіндік,

Топтан озып, өрлеген дара шыңға.

Тораңғының етегі атамекен,

Тауып келдім қасыңа аласың ба?

Томағамды сыпырған өз мектебім,

Тарихыңа мені де жазасың ба?

 

 

Ақтоғайдың мен де бір баласымын

 

Үлгі тұтып өлкенің бар асылын,

Өтіп келем бір-бірлеп, әр асуын.

Кір келтірмес киелі топыраққа,

Ақтоғайдың мен де бір баласымын.

Маңдайымнан сипаған, еркелетіп,

Осында ұқтым мейірін нағашының.

Әлихан мен Әлімхан, Жақыптардай,

Көсемдерін таныдым Алашымның.

Ұлылардай аталған жоғарыда,

Нағашы атам-құрбан, жұрт жаласының.

Дархандығы даламның қасиетті,

Дарындардан тауыпты жарасымын.

Күләш, Аққыз, Мағауия, Манарбектер

Дүлдүлдері өнерлер саласының.

«Тоқырауын толқыны» бүгіндері,

Дәлелдеуде дүр жолын даласының.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз