Біздің шетелмен байланыс саласы бойынша қызмет істейтін кеңсемізге  Барлыбай  есімді жігіт келді. Ол көршілес Қытай елінен Қазақстанға оралыпты. Қыстың көзі қыраулы, Алматының шыңылтыр аязы қысып тұрған кез. Ғасырлар тоғысындағы тұс. Бұл  Барлыбайдың қазақ жеріне екінші рет атбасын бұруы еді.  Алғашқы жолы Қазақстан тәуелсіздігін жариялап,  сырттағы ағайындар атажұртқа елеңдеп отырған тұста оралған-тын.

Барлыбайдың осы алғашқы  сапарына  біршама тоқталып өтейік. Республикадағы беделді журналдың алғашқы бетіне үндеу мақала басылды. «Қазақстан өзінің көптен күткен азаттығын жариялады. Ғасырлар бойғы аңсаған арманына қолы жетті. Көктен іздегеніміз жерден табылды. Ақ түйенің қарны жарылып, дербес мемлекетке айналдық. Небір зобалаң, зұлмат жылдары қызыл империяның тырнағына ілінуден қаймығып, шекара асып, қашып, босып кеткен ағайындар, енді атамекендеріңе оралыңдар. Атажұрт, қасиетті қазақ топырағы сіздерді асыға күтеді, құшақ жая қарсы алады. Келіңіздер, ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен ата-бабаларымыз қорғаған, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған байтақ жерімізге бірлесіп иелік етейік» деген мағынадағы шақыру, Үндеу хат болатын бұл. Сол үндеуді  басып жариялаған елге белгілі  Сайлыбай деген азамат еді. Ол жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген ұлтжанды зиялы қауым өкілінен саналатын.

Барлыбай  болса, жастайынан жетімдіктің тауқіметін көп көрген, шешесінен ерте айрылып, қыстығып, ширығып, шынығып  ержетеді. Өзі орта мектепті де толық бітірмеген, арнайы білімі де жоқ, ауылдағы  сиыр фермасында қара жұмысқа жегілген  ол етінің тірілігімен  саудаға араласып, кәсіпкерлікке  талпынады.

Сайлыбайдың сол Үндеу-шақыруы атажұртты бір көрсек деп  аңсап,  шетелде  жүрген біраз азаматты елеңдетіп, әсіресе жас жігіттердің көңілін өрекпітті.  Әлгі Үндеуді  бірінен бірі алып оқып, қолдан қолға өткізіп, шеттегі талай жас мән-жайдан хабар болады. Осының әсерінен талай адам Қазақстанға ат басын бұруға әрекеттенеді. Солардың қатарында Барлыбай да бар еді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тұста сол шеттегілер ақсарбас шалып, дүркіреп той жасап мәре-сәре болып жатқан. Осыны көрген, үндеуді оқыған Барлыбай  бұдан былай шыдап тұра алмады.   «Отаныма барып ошағымды маздатсам» деген арман жетегіне іліккен ол Тарбағатай аймағының тумасы Қарлыбай деген жолдасы екеуі  Қытайдан қашып шығып, шекарадан өтіп кетудің жоспарын жасайды.  «Қайдасың, атамекен?» деп, оңтайлы сәттің бір күні  екеуі  тау арасымен шекара асып, түн ішінде  Қазақстан жаққа  заңсыз өтіп кетеді. Бұл азаттықтың алғашқы жылдары. Қазақстан шетелдерден атажұртқа оралудың құқықтық-нормативтік шараларын әлі заңдастырып үлгермеген тұс болатын. Төлқұжаттың өзі бұл кезде әлі кеңестік жүйенің қып-қызыл қатырма қағазы еді.

Сонымен, олардың қолында ешқандай құжат жоқ, заңның бәрін белден басып, Алматыдан бір-ақ шығады. Оларды тексеріп, кімсің, қайдансың деп жатқан ешкім жоқ. Ата-бабаларынан қалған қасиетті топырақта алшаң басып жүреді. Бір-екі күн өткен соң әлгі  үндеу шыққан журналдың мекен-жайын тауып, сол шақыру-хаттың  иесі  кәсіпкер жігіт Сайлыбайды іздестіріп, кезігеді. Сөйтсе, оның да қолында бәлендей билік жоқ екен. Сырттан келген ағайындарға азаматтық әперудің машақаты көп, толып жатқан қағаз жинаулары керек. Оның үстіне бұлар шекара бұзып, заңсыз кеткендер.  Үндеу болса жай ғана жалаң  патриоттық  сезіммен жазылған хат. Осылайша  шақыртусыз келген екі жігітті әзірге мал  баға тұрыңдар деп  Сайлыбай алыс ауылдағы  түйе шаруашылығына апарып, ағасының түйесін бақтырып қояды.

Олар сөйтіп  ала жаздай мал бағып жүреді. Сайлыбай болса ара-тұра соғып кетіп, бір реті болып қалар, сендерге алдымен уақытша тұруға рұқсат қағаз алып бермін деген. Бірде Сайлыбай  кештете форма киген екі адамды ертіп келеді. Сөйтсе олар хауіпсіздік қызметінде істейтін адамдар екен. Сайлыбай оларға шетелден оралған адамдар бар, соларға құжат жасап беру керек  деп өзі айтып қойыпты. Сонымен әлгілер Қазақстанға шақыртусыз келген жігіттерді қалаға алып барады да, ертесінде елден шығарып, көрші елдің шекарашыларының қолына тапсырады. Олар өздерінен қашып кеткен азаматтарын аясын ба, сол  мемлекеттің заңы бойынша  екеуін бірнеше жылға соттатып жібереді. Алғашқыда бірнеше ай қамауда отырған соң, істеген қылмыстары жоқ екені анықталып, қара жұмысқа жегіледі. Атамекенге барамыз, азат елдің азаматы боламыз деген армандары аяққа тапталып, жазаға тартылған екеудің бірі Қарлыбай болса  бұл қорлыққа шыдамай ызадан асылып өледі. Абақтыда отырғанда Барлыбай талай таяқ жеп, қорлықты әбден көреді. Осылайша үш жыл жазасын өтеген Барлыбай  аман-есен босанып шығып, сол елде сүтке тиген мысықтай болып біраз жүреді.  Оған жергілікті сақшылар алғашқыда сезікпен қарап,  көзден таса етпейді. Кейінірек, бөтен ойы жоқтығын байқап, жайына қалдырады.

 

Ол кезде Қазақстан жұртшылығы шеттегі ағайындарын заңды жолмен шақыртып, квота бөліп, туыстарын алдырып, азаматтық әперіп, жағдай едәуір ретке келтірілген болатын. Атамекенге оралған ағайындардың біразы қаладан пәтер алып, ауылды жерлерде үйлі, малды-жайлы болып, жағдайларын түзетіп алған еді. Барлыбайдың аңсары бәрібір Қазақстанға ауады да тұрады. Бес-алты ай жүрген соң  ебін тауып, бір азаматтардан шақырту алдырып, әйелі мен жас баласын тастап, атажұрт қайдасың деп тағы да тартып отырады.

Бұл оның Қазақстанға екінші рет болуы еді. Осы тұста ғой, оның біздің мекмеге келіп жолыққаны. Ол Алматыға келгеннен кейін баяғы Сайлыбайды іздейді. Қаны қарайған Барлыбай өзін ұстатып жібергені үшін оны сондай жек көріп, алғашқыда өш алуға бекиді. Кезінде  Үндеу жариялап, сырттағы ағайынды атамекенге шақырған Сайлыбайдың өзі  шетелге тайып тұрыпты. Бұл кезде ол әжептеуір белгілі кәсіпкерге айналып, сыртқы байланыстары жақсарып, Еуропаның төрінде  жүрген болатын.

Біздің шағын мекеме де шетелмен байланыста қызмет атқаратынын естіген соң  бірде Барлыбай осында келеді.  Үшінші қабатта орналасқан   біздің кеңседе отырып, өзінің шетелден атажұртқа оралғанын тілге тиек етті, сөз арасында Сайлыбайды танисыз ба деп сұрап қалды.

— Иә, ол қазір әжептәуір кәсіпкер, Шығыс Еуропада жүр. Бес-алты айда бір соғып кетеді,- дедім мен оған ол жігітті бұрыннан  танитындығымды білдіріп.

Әңгіме арасында  Барлыбай терезеден қайта-қайта сыртқа қарап, төменге үңіліп қояды.

— Ендеше маған соның телефонын тауып бересіз бе? Ол жігіт менің тағдырыма балта шапты. Сайлыбайдан алатын кегім бар,- деп кіжінеді.

— Өшігетіндей не болды? Ол қандай кек? – деп сұрадым  мен таңдана.

— Ол бізді ұстатып жіберді ғой.  Арғы бетте қамауда отырдық. Ел ішіне іріткі салған  адам атанып, жұрт бетіне қарай алмадық.

Сөйтті де тағы терезеден төменге үңілді. Мен одан:

— Не қарап жүрсің?- деп сұрап едім, ол:

— Төменде заттарым бар, көрпе-жастығым еді, біреулер көтеріп кете ме деп қауіптенгенім ғой. Бір кісінің саяжайында тұрып едім, қыстың көзі қырауда  суыққа шыдай алмадым. Енді уақытша тұрар жер іздеп жүрмін,- деп жауап қатты.

Ол қараған жаққа қызығушылық  танытып мен де үңілдім. Шынында үлкен ағаш түбінде буылған екі түйіншек жатыр.

— Заттарыңды осында алып кел. Далаға қалдырғаның жарамас. Тұратын жеріңді ойластырайық., – дедім де  аздаған бау-бақшасы бар, жеке үйде тұратын таныс әйелге хабарласып, уақытша тұрсын деп келісіп, сол апайдың мекен-жайын айттым.

— Маған Сайлыбай керек, алдымен соны тауып берсеңіз жақсы болар еді.

— Сайлыбайдың телефонын білмеймін, бірақ  ол жұмыс істейтін мекеменің  өкілімен таныстырайын,- деп соларға хабарластым.

 

Олар өзара уағдаласып, келісіп, мекен-жайын айтып жатты. Көп кешікпей, сол мекеменің өкілі  Барлыбайды Сайлыбаймен байланыстырыпты. Сайлыбай болса, елге қайта оралған ашуы қара қазандай Барлыбайдың сөзін тыңдап, тіпті өзінен өш алмақ ниетте екенін естіген соң өз кінәсін мойындайды. Одан кешірім сұрап, айыбын жумақ ниетпен қолма-қол ақшалай көмек көрсетіп,  оның былайғы шаруаларына да қолғабыс тигізуге уәде береді.

Арада бірер ай уақыт өткен соң Қазақстан азаматтығын алған Барлыбай менімен әігімелесіп қайтты. Өзінің «Отандастар» ұйымы арқылы Талдықорған қаласынан үй алғалы жатқанын, едәуір жер телімі бөлінгенін, көктем шыға сол жерді игеріп, бау-бақша салып, көкөніс өсіретінін қуана баяндады. Менің уақытша тұруға пәтер тауып бергеніме, азды-көпті қолғабыс білдіргеніме алғысын жаудырып, қонаққа шақырды.

Барлыбай  Талдықорғанға көшпей тұрып, Алматының шеткері жағында  өзі қатарлы бір  қауым жігіттермен пәтер жалдап тұрып жатты. Сол азаматтар шынында да еңбекқор, тынымсыз,  жұмыс десе жанын салып істейтін,  ерінбейтін болып шықты. Маңайдағы үйлердің ауласын тазалап, ағаштарын қырқып, ретке келтіріп, бау-бақшасына қарап, ақысыз қолғабыс тигізіп, дәмді тамақ жасап, жұғымдылығымен елге араласып кетті.

Қазір Барлыбай Талдықорғанның іргесіндегі  Қаратал деген шағын елді мекенде  екі қабатты  еңселі үйінде тұрып жатыр. Жақында жолым түсіп,  Талдықорған жаққа барғанымда Барлыбайға  жолығып қайттым.  Оның үйі маңында  жайқалған бау-бақша мен небір жеміс-жидек ағаштарға толы екен.

— Оу Барлыбай, мына жеміс ағаштарын қашан өсіріп  үлгергенсің?

— Ол аса қиын емес, қиюын тауып, мәнісін білсең кез-келген істің ыңғайын келтіруге болады ғой, тек ынта, ықылас болса жеткілікті,- деп қояды ол.

— Ал мына қаңқылдаған қаз, үйректер де сенікі ме? Оларға жемазықты қайдан аласың? Бір жағынан құс атаулыға жүзетін  көл керек қой?

— Е оның жарасы жеңіл, мына қырқаның астында жасанды көл бар. Қаратал өзені  жақын маңда ағып жатыр ғой. Өзіміз қазып алғанбыз. Ал жемазық  дегеніңіз  жеткілікті. Екі гектар жерге дәнді дақылдар, жүгері  өсіріп, соның сабағын ірі қараға жинап алсақ, дәнін осы қаз, үйрек, күркетауыққа береміз.

Біз Барлыбайдың бүгінгі тірлігін тәптіштеп айтып, мал-мүлкін санамалап жатуды жөн көрмедік.  Қалай болғанда да атажұртты аңсап жеткен азаматтың  атамекенінде алшаң басып жүргенін  көріп бір марқайып қайттым.

Оның бес  гектар жері,  ауыл маңында жайылып жүрген ұсақ  малы мен ірі қарасы баршылық.  Оған қоса табанақы, маңдай терімен жинаған қаражатына алған  шаруашылық техникасы,соқа, тырмасы мен КамАЗ автомашинесі  және бар.  Кейін, әбден жайланып, жағдайын түзеп алған соң арғы бетте қалған бала-шағасын, туыстарын алдырып, елге жайғастырған.

Мал-жанға қарайтын  туыстары болса,  алғашқыда өзі  күзге салым  Аягөз жақтан семіз мал әкеліп, сатып жүрді. Енді сәтін салса  көктемге салым жылыжай ашпақшы. Өйткені жеміс-көкөніс мына тиіп тұрған Талдықорған қаласында аса қат. Сондағы халықтың қажетін өтеуді ойластырып отыр.

Бұл күнде Барлыбай Жетісу өңірінде елге танымал  кәсіпкер. Балаларының алды  жоғары оқу орнында, арты мектепте. Әйелі Нұргүлсін үй шаруасында. Ата-бабасы туған жердің дәм-тұзы  бұйырып, атамекенде  бақытты шағын өткізіп жүріп жатқан жайы бар.

 

                                                                                          Саясат БЕЙІСБАЙ

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз