Бүгінгі таңда ел арасында үрей туғызған коронавирус індеті күн санап көбеюде. Осындай қиын кезеңде халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бекемдік танытуда. Сол секілді оралдықтар да ортақ игі іске жұмылып, осы қиындықты жерлестерімен бірге жеңуге күш салуда.

Жалпы Батыс Қазақстан облысы аумағында ағымдағы жылдың 31 наурызынан бастап күшейтілген карантиндік режім енгізілгені белгілі. Осыған орай бірқатар мекеме-ксәіпорындар, сауда үйлері, тамақтану орындары тұрғындардың өмір қауіпсіздігі үшін өз жұмыстарын тоқтатты.

Тұрғындарға осы кезде санитарлық-эпидемиологиялық ереже талаптарын сақтау үшін медициналық бетперделер, антисептикалық және басқа да тұрмыстық заттардың тапшы болып жатқаны жасырын емес. Сол себепті әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер медициналық дәрі-дәрмектермен бірге ең бірінші кезекте қажетті тұрмыстық заттар, азық-түліктер жеткізіп беруде. Жомарт жандар қолдан келген жәрдемдерін көрсетіп, қайырымдылық шараларына атсалысуда. Мұндай игілікті шаралардан оралдық қайырымды жандар мен еріктілер де қалыс қалмай, қолұшын созуда. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков оларға өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында алғыс білдірген жазбасын жариялады.

«Оралда волонтерлардың бастамасымен әлеуметтік жағынан осал топтарға 15 мың бетпердені (бірнеше рет пайдалануға арналған) тегін түрде тігу жұмысы қолға алынуда. Қазіргі таңда бетперде тігу ісіне шаһарымыздың 80 еріктісі тартылды. Бұл игілікті іске қолдау білдірген «Стройкомбинат» ЖШС жетекшісі Бақытжан Нұрбаевқа және БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының демеушілеріне алғысымды білдіремін. Еліміз үшін сын кезеңде оралдықтардың ішінен осындай жанашыр азаматтардың шыққаны бізді қуантады.
Осы сәтте бір-бірімізге қолдау білдіріп, көмекке мұқтаж жандарға демеу көрсету – басты парызымыз. Әлемді алаңдатқан пандемиядан сақтану жолдарын барлығымыз ұстанып, бір-бірімізге қол ұшын созып жатсақ, ол біздің халқымыздың кең дархан пейілінің көрінісі деп ойлаймын» делінген шаһар басшысының жазбасында.

Сонымен қатар елімізде жарияланған төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен-ақ қалалық мәслихат депутаты Ләззат Рысбекова, облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова, Аркадий Рубцов, кәсіпкер Нұржан Әбдірахманов секілді жерлестеріміз азаматтық танытып, қолдан келген көмектерін ұсынуда. Әсіресе, еріктілер ел басына түскен жүкті жұмыла көтеріп, жарқын бастамаларға жол ашуда. Бұл туралы Орал жастары волонтерлық қозғалысының жетекшісі Дулат Жүсіпқалиевтен нақты мәлімет алдық.

 

– Жалпы Орал қаласы бойынша волонтерлар қозғалысы жиырма округке бөлініп жұмыс атқаруда. Қатарымызда 300-ден астам ерікті бар. Қалада карантиндік режім енгізілгеннен бастап 700-ден астам отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Киім-кешекпен де көмектесудеміз, бетперделер тігіп тараттық. Тағы да бетперделер тігілуде, – деді ол. Еріктілердің игі ісіне тұрғындар да айтарлықтай үлес қосып жатқанын, бірқатар кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсету үстінде екенін айтты.

Бұл жұмыстардың күнделікті жалғасатынын мәлімдеген облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш: – Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері медицина, полиция және өзге де құрылымдық мекемелермен бірге волонтерлер де үлкен жұмыс атқаруда. Олардың барлығы да қауіпсіздік үшін бетперделермен, қолғаптармен қамтылды. Карантин кезінде еріктілер өтініш білдірген тұрғындарға жәрдемдесіп, азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттарын жеткізіп береді, – деді. Яғни, еріктілердің көмегі қажет болған жағдайда азаматтар 87051430606 нөміріне немесе volunteer07.kz сайтына жүгіне алады.

Күні бүгінге дейін батысқазақстандық волонтерлер жалпы облыс бойынша 1400-ге жуық көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қариялар мен І, ІІ топ мүгедектеріне азық-түлік себеттерін жеткізген. Сонымен қатар 15 мың бетперде тігіп, тұрғындарға таратқан. Карантин кезінде волонтерлардың үздіксіз жүріп-тұруы үшін оларға Жастар саясаты мәселелері басқармасынан арнайы анықтамалар берілген екен.

Ұлт саулығы сынға түскен осы бір қиын шақта ұжымдармен қатар қарапайым азаматтар да шын тілеулестік білдіріп, «біз біргеміз» деп үндеу тастауда. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттандыру және байланыс бөлімі пандемия кезіндегі тәртіп ережелері туралы баяндайтын мультфильм әзірлеген. Әлеуметтік желілерде де бір-бірін қолдаған тұрғындар мен түрлі сала қызметкерлері челленджер жариялап, бір-бірінің бастамасын жалғауда. Қалай десек те, қазақ халқы қиын-қыстау уақытта бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсете біледі. Әлемді жайлаған індетке қарсы күресте де қазақстандықтар ауызбіршіліктерін көрсетіп, ынтымақтастықтарын жарастыруда. Ендеше, бұл нәубетті де бірлесе еңсереріміз сөзсіз.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз