(әңгіме)

    Мен оны өмірімде екі-ақ рет көрдім. Екеуінде де мешітте жолықтырдым. Бұл кездейсоқ кездесулер емес еді. Неге дейсіз ғой? Оны бір-екі ауыз сөзбен жеткізу қиын. Бұл ойға келуіме оның екінші кездесуіміздегі айтқан әңгімелері әсер етті. Ішкі сырларын пәлен жылдардан кейін жан жүрегімен жеткізуіне мәжбүрлеген себеп не? Бірінші кездесуімізде ол тым асау әрі тегеурінді, тәкаппар болатын. Орта жасқа келіп қалса да өзіне ешкімді бет қаратпайтын ол алғаш рет болар діттеген ойын ішке асыра алмай тығырыққа тірелгені. Бәлкім, бұл менің мықтылығымнан емес болар. Әңгімемізді түсінікті болу үшін сол бірінші кездесуімізден бастайық…

 

Бірінші кездесуі: пистолеттің кезенуі

    Ол кезде менің жасым отыздан енді асқан. Қаланың шетіндегі мешітте имаммын. Бесін намазын оқып болып ақсақалдармен әңгімелесіп сыртта тұрдық. Біздің мешіт аса үлкен емес. Сырты темір қоршаулармен қоршалған. Ауласында плиталар төселген. Әр-әр жерге түрлі гүлдер егіп тастағанбыз. Мешіттің жанында, қарауылдың үй-іші тұратын шағын екі бөлмелі үй бар. Ең бастысы айнала мұнтаздай тап-таза. Жаныма бірнеше ақсақал келіп ананы-мынаны әңгімелеп тұрғанбыз. Жаздың кезі. Қапырық. Үп еткен жел жоқ. Кенет қоршауға маңдайын тигізер-тигізбестей етіп қап-қара джип машинасы екпіндей келіп тоқтады. Абажадай машинаның иесі адуынды кісі болар деп топшаладым. Машинаның есігі жайлап ашылып алдымен қыры пышақтай шалбар және жып-жылтыр қымбат төпли көрініс берді. Одан соң алтын сағаты күн сәулесімен жылтылдаған жүндес қол есікті қапыра ұстады. Иесі дағарадай шляпісін киген болуы керек, біраз бөгелді. Пендеміз ғой, мен де, шалдар да қымбат машина иесінің әрбір қимылына қарап қалыппыз. Жып-жылтыр төплидің, алтын сағаттың иесі әйтеуір машинадан шықты-ау!

Бір қолында жарты қарыс темекі, екінші қолында шақпақтас болуы керек, онысынан жылт еткізе жалын шығарды. Саусақтың жуандығындай темекісін аузына қисайта салды да, әп-сәтте түтінін бұрқ-бұрқ еткізді. Бойы еңгезердей, алтын көзілдірік киген басы зор, тұрысы шалқақ. Бұларға қарап тұрды да, оң қолын көтере сұқ саусағын маған кезеп, содан соң құрттай ирелеңдетті.

− Әй, имам, беркел! − Дауысы жуан әрі дөрекі екен. Мен ақсақалдарға қарадым. Олар иықтарын қусырды. Дағарадай шляпісі оқшырайып ол маған қара көзілдірігі астынан ойша қадалғанын байқап тұрмын. Неден қорқайын, мен де оған үнсіз кірпік қақпай қадала қарадым.

− Әй, имам! Немене, кереңсің бе, мен сені шақырып тұрмын ғой! − Дауысы бұл жолы ысылдап одан сайын өктем шықты. Осы аспандап тұрған тәкаппар адамды мен бірден жек көріп кеттім. Сабыр сақтап оның жөнге көшуін өзімше түсіндіруге тырыстым.

− Ағасы, ассалаумағалайкүм! Ашу шақырмаңыз! Сабырға келіп Алланың үйі мешітке жақындаңыз. Бұл әрбір мұсылман адамның адамгершілік қасиеті болса керек. Келіңіз, кіріңіз, ұялмаңыз, − дедім мен сыпайы, сабырлы түрде, бірақ дауысымды көтере дыбыстадым. Ана кісі мұндайды күтпеген болу керек, сәл абдырап қалды. Бірақ сол өктем мінезінен қайтпай тағы да бұлай деді:

− Әй, ақымақ! Сенің мешітіңе баруға менің уақытым жоқ. Менің сенде жеке жұмысым бар. Кел деген соң кел менің қасыма! Ал келмесең арты жаманға айналады!

Мен жаспын ғой. Ішімде арыстан күш-қуат, ашу ыза әрі-бері бұлқынса да тағы да өзімді сабырға шақырдым.

− Сіз маған тіл тигізсеңіз де қасиетті мешітке тіл тигізбеңіз! Оның үстіне көріп тұрсыз менің жанымда аса қадірлі аталар тұр. Сәлем беру інілік парызыңыз емес пе? Екіншіден, сіздің уақытыңыз жоқ. Маған жұмысыңыз бар екен. Яғни сіз маған ділгірсіз. Келгіңіз келсе өз еркіңіз, ал олай етпесеңіз аржағыңызда жол жатыр. Сау болыңыз! − Мен ақсақалдарға қасақана бұрылып бұлай дедім.

− Бұл байлығы асқан, әспенесі тасқан көзін шел басқан пенде-ау шамасы? Сақ болыңыздар! Қазір ол маған құтырған бура сияқты шабынып жетуі мүмкін. Сіздер қасқайып тұрыңыздар. Інілеріңіз тұрғанда саспаңыздар!

Менің дене тұрқымда ірі кісілердің санатында болатын. Оның үстіне каратэмен айналысқаныма он жылдан асты. Имам болсам да ол менің серігім. Қазір нағыз бабымдамын.

− Сен баланың әуселесін көрейін! Имам болсаң өзіңе имамсың! − Көз қырыммен байқап, қарап тұрмын. Машинасының есігін тарс жапты да, тор есікті жұлқи ашып, бізге қарай жұлқына жүрді. Міне, жақындады! Тура бура сияқты. Жүргенінен жер солқылдайтындай.

− Байқа, балам, анауың қатты ашулы! Жақындап қалды! Өзі де дәу екен, сабаз! − деді ақсақалдың бірі сыбырлай, үрейлене сөйлеп.

− Оңбаған! Мен сенің жыныңды қағып алайын! Мә, саған! − деп ол жаныма жұлқынып алқын-жұлқын келді де жуан жұдырығымен маған алапат соққы жасады. Мен де көз ілеспес жылдамдықпен бұғып қалып, қолын ауадан іліп алдым да, шалт қимылдап артына бұрап сірестіре ұстадым. Мұндай әлеуетті де оқыс қимылды күтпеген болуы керек ол «іһа» деп ауырсына дем шығарды. Алтын көзәйнегі ұшып кетті. Темекісі де жерде жатты түтіні бұрқырап..

− Жібер деймін! Жібер! Мен сенің мұрныңды бет қыламын, имамсымақ! − Ол олай-бұлай жұлқынғанымен ештеңе шығара алмады. Әр жұлқынған сайын мен оның қолын тырп еткізбей қайыра түстім. Ызадан жарылып, қаншама долырғанымен маған еш қайран жасай алмады.

− Бұл жер тағы да қайталап айтамын, қасиетті жер. Алланың үйі! Сізді құдай кешірсін! Әйтпесе жаңа бейбастық мінез, оғаш қылықтарыңыз үшін аузыңыз қисайып кетуі әбден мүмкін. «Өзіңнен дәу шықса бір көзің сонда шығар» демекші имам діннен басқа ештеңе білмейді деп ойлап келдіңіз ғой. Сіз бұған дейін ешбір нәрседен, ешкімнен қарсылық, қағу көрмей келгенсіз. Ақшамен бәрін сатып алуға болады деген ойда болғансыз. Жоқ, ағатайым! Ақшаға, дүниеге сатылмайтын адамдар көп. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ата-бабаның тәпсірін сіз сірә, білмейтін боларсыз. Қалай аға сабаңызға түстіңіз бе, әлде… − деп гүр-гүр сөйлеп оның пысын баса түскім келді. Жынынан айрылған бақсыдай қолын қысқан сайын жаны көзі көрінген ағатайым жуаси бастағандай.

− Қойдым, қойдым! Сен кімсің өзі, перісің бе, диюсың ба? Кім болсаң да жіберші, енді шатақ шығармаймын!

Оның қолын жіберуін жібергенмен қарсыласымның кезекті шабуылын күтіп, өте сақ тұрдым.

− Әй, бала, менің қолымды сындыра жаздадың. Мен жеңілдім! Өмірімде бұл сөзді айтпап едім, сен айтқыздың. Қалай, ақсақалдар, жағдайларың жақсы ма?  Мен мына имамда жұмысым бар еді. Бізді оңаша қалдырыңдар! − Жеңілгенін мойындағанымен анайылық, дөрекілік ауруынан әлі де айықпағанын сөзімен көрсетті. Қолын қайта сілкіп-сілкіп маған суық қарап тұр.

− Менің атым Жолбарыс, − деді ақсақалдар кеткен соң. Мен өмірімде жеңіліп көрмегенімді жаңа айттым. Сондай-ақ қорқыныш дегенді де білмеуші едім. Кеше түнде бір жас қыздармен болғанмын. Өмірдің қызығы деген сол ғой. Олармен аздап виски ішкенмін. Әбден шаршап ұйықтап қалыппын. Жаман түс көріппін. Алдымен алып айдаһар жыланды көрдім. Сенің жаңағы қолымды қайырғандағы ауру әншейін ауру. Әлгі айдаһар менің денемді орап алып қысқанда жаным көзіме көрінді. Қатты шыңғырып жатып оянып кетіппін. Бұл түсіме таң қалып, суымды ішіп қайта жаттым. Тағы да түс көрдім. Буырқанып жатқан жалын отты көрдім. Оның демінің өзі сүйегімен жетті. Әлгі буырқанған от-жалын адамша сөйледі.

− Әй, күнәһар пенде, келдің бе ақыры маған. Кел, құшағыма кір! Сүйегіңе дейін күйдіріп, өртейін. Сен малғұн, қаншама адамды қорладың, қаншама қызды зорладың. Кел, құшағыма! − Әрине, мен барғым келмей шегіншектей беріп едім, бір мақұлықтар келіп мені әлгі От-жалынға лақтырып жіберді. Бағанағы жыланның бунап, қунағаны әншейін болып қалды. Денем мен терімнің алып ыстық табаға түскендей пышырлап шыжғырылғаны естілді. Жаным шырқырап қатты ауырғанын қазір де сезіп тұрмын. Шыңғырған жанайқайымды ешкім естіген жоқ. Бірақ өзім жанұшырған дауысымды естідім. Әйтеуір, оянып кетіппін. Үсті-басым терге малшынып еңіреп жылап жатыр екенмін. Осы түсім не түс? Айдаһар-жылан, сөйлейтін буырқанған От-жалын нені меңзейді? Айтшы, имам бала, осының мәнісін? Егер дұрыстап жорысаң ақшамды аямаймын.

Мен оған аяй қарап, басымды шайқадым да бұлай дедім:

− Сіз ақшамен бәрін сатып алғыңыз келеді. Ақшаға сатылмайтын нәрселердің бар екенін ұққыңыз келмейді. Мінеки, о дүниеге, ахиретке барар жолды ешкім сатып ала алмайды. Тек адал жолға түсіп, қасиетті Құранның киелі сөздерін жүрегіңізге сіңдірсеңіз, Аллаға шын көңілден сеніп, күнәдан тазарып, намаз оқысаңыз бәрі де ойыңыздағыдай болады, аға. Түсіңіз рас қорқынышты екен. Сіздің көргеніңіз ол дозақ деп аталпады. Дозақтың буырқанған от-жалыны сіздің басты күнәларыңызды санамалап айтып беріпті. Түптің түбінде барлық адамдардың баратын жері сол ахирет. Онда екі жай бар. Бірі жәннәт, екіншісі сіз түсіңізде көрген дозақ. Ал айдаһар жылан ол сіздің жинаған кір ақшаңыз. Алла тағалам сізге ескерту жасады. Содан қорытынды шығарыңыз. Жаңағы мен айтқан амалдарды жасаңыз. Аллам өте кешірімді. Осы күнге дейінгі жасаған күнәларыңыздың бәрін кешіруі әбден мүмкін. Міне, мешіт. Міне, сізге қолынан келгенше көмектесетін бауырыңыз. Қазір елудің о жақ бұ жағындасыз. Қарттықтың бір асуы алпыс алдыңызда тұр. Мен де, сіз де, бүкіл адамзат біткен қай күні, қашан өлетінін білмейді. Асығыңыз аға! Осы соңғы мүмкіндігіңізді жібермеңіз!

− Әй, бала! − деді бейтаныс ағам менің сөзімді бөліп. − Сен тым өзеуреп кеттің білем! Тоқта! Дозақ, дозақ деп қақсап қоймадың ғой. О дүниеде не бар, не жоғын кім барып көріпті? Мен сенен ақыл сұрайын деп келсем қай-қайдағы қияли әңгімені соғып кеттің. Менің білуімше дозақта, жәннатта, осы өмірде кедей болсаң сенің өмірің дозаққа, бай болсаң жәннатқа айналады. Мысалға мен сияқты джип мініп шалқып жүресің. Мен егер мына мешітіңе келсем сен сияқты мына өмірдің бар қызығынан баз кешіп ештеңеге қарамауым керек. Өмір бала, бір-ақ рет беріледі. Ондай мүмкіндікті жібермеу керек. Қыдыру, қыз-қырқын. Айтпақшы, айтшы, жесір келіншекке бару күнә ма? Меніңше сауап. Жалпы сен бала бұл жөнінде қалай ойлайсың?

Мен мына кісінің надандығына іштей ызаланып тұрғанмын. Айтқандарым қабырғаға соғылып кері қайтқандай сезіндім. Енді бұған қалай әсер ету керек?

− Ағасы, сіздің анаңыз жесір болса, оған кім көрінгеннің келгенін жақсы көресіз бе? Қарындасыңызға, қызыңызға ше? − дей беріп едім оның көздері құтырған бұқаның көзіндей болып шатынап шыға келді.

− Оңбаған, тоқтат сөзіңді! – деді ол барқырай айқайлап. − Мына сөзіңді қайтып алмасаң мен сені дәл қазір атып тастаймын.

Өзі жылдам екен. Қас қағым сәтте менің самайыма пистолетінің ұнғысын тигізгенін бір-ақ білдім. Сірә, бұлай жылдамдатқанына қарағанда жаңа әзірдегі қолын әп-сәтте қайырғанымнан қорқып қалған болу керек. Мен бұл әпербақандықты тағы да сабырмен қарсы алдым.

− Естисің бе, иттің баласы? Кешірім сұра жаңағы сөзің үшін. Әйтпесе, шынында да сені атамын! − Ол менің бүйірімнен екінші қолымен нұқып-нұқып жіберді.

− Астапыралла! Мен керең емеспін. Кешірімді Алладан сіз сұраңыз. Сіздің мені атуға шамаңыз жетпейді. Атсаңыз сотталасыз. Екіншіден сіз қорқақсыз! − Мен өз сөзімнен қайтпай қасарыса түстім. Мірдің оғындай бұл сөздерім оған қатты әсер еткенін құбылған жүзінен көріп тұрмын. Пистолетін алмай біраз тұрды. Ол бұрын адамдарды осылай қорқытып дегенін жасатып жүргені белгілі болды. Енді қара тастай мізбақпаған маған кездесіп, не істерін білмей дағдарған кейпі кісі аяғандай еді.

− Иә-ә, сендей ақымақ адамға қолымды былғамай-ақ қояйын. Оның үстіне мешіттің қасында тұрмыз. Мен саған жақында келемін. Сенің өмірің мына менің қолымда. Абайлап жүр, бала!

Шалт қимылдап, пистолетін қалтасына сүңгітіп жіберді де, әлденеден қорыққандай машинасына қарай аршындай адымдап кетіп бара жатты. Мен орнымнан мізбақпадым.

 

Екінші кездесуі: Балдақты адам

    Сырғып жылдар өтті. Елуді еңсердім.Тәжірибе жинақтадым. Сақалымда да, шашымда да ақ қылаң берді. Баяғы ешкім танымайтын, білмейтін имамды ел танитын болды. Қарап жүрмеймін. Білгенімді айтып уағыз айтамын. Бүгін де халық көп жиналды. Жаздың күні қапырық болды. Әлде суды көп іштім бе, әйтеуір, самайымнан тер ақты саулап. Әңгіме қызығына берілгенім соншама оған онша мән бермедім. Мешітке лықа толған халық та шашау шықпай менің уағызымды ұйып тыңдады. Иманға ұйыған халқымды көріп марқайып қаламын. Менің уағызым адамдардың көкірек сарайын иманмен толтырып, жүректерін сәл-пәл болса да жібіте алса онда мен бақыттымын!

Күн ана шуағын молынан төгіп тұр. Жұма. Намазға әдеттегідей халық көп жиналды. Сыртқа кілем, алаша төсеп қоямыз. Оған да симай жамиғат жайнамаздарын жайып көгалға жайғасады. Көңілім толып, шүкіршілік етемін. Шіркін, мешіттер көп салынса ғой менің шаһарымда. Алматы кеңес өкіметі кезінде орташа ғана қала болатын. Қаладағы тұрғындар саны миллионға жетер-жетпейтін. Қазіргі орталық мешіттің жанында кішкентай ғана мешіт бар еді. Халық оған келуге қорқатын. Қызылдар ислам дініне тек қана қарсы келмей, шамасы жетсе жер бетінен жойып жіберуге тырысты. Ол кезде көк базардың жанындағы кішкентай мешітке бірен-саран болса да ақсақалдар жиналатын. Талай мешіттерді трактормен сүріп немесе шошқаханаға айналдырған құдайсыздар мемлекеті осы кішкентай мешітке тиісе алмады. Оны біз тәуелсіздігіміз кезінде өзіміз сүріп тастадық. Себебі жанынан үлкен мешіт салынды. «Неге өйтті екен?» деген ой кейін қылаң берді. Ескінің көзі еді ғой ол. Алматыда аман қалған жалғыз мешітті мұражай етіп қойсақ, құдайсыздардың істеген зұлымдықтарының куәсі болып тұрар еді…

− Әй, бала, ассалаумағалайкум! − Қырылдаған дауыс иесіне жалт бұрылдым. Бір балдақты қарт кісі маған жасқаншақтай қарап тұр. Мен де ол кісіге жауап қаттым. Үстіндегі ақ көйлегі үтіктелмегенін бірден байқадым. Жағасын кір шалған. Сақал-шашы өсіңкі қарттың бетін қалың әжім басқан. Шалбары да қыржым-тыржым. Бойы ұзын, иықты. Бірақ күйі жоқ болған соң шөжіп кеткендей.

− Уағызыңды рахаттана тыңдадым. Денсаулығым жараса енді келіп тұрармын. Сен мені танымадың ба, бала? − Бір жерден көргендеймін. Емекси сөйлегеніне қарағанда мені танитын адам. Іштей қысылдым. Оған қаншама бажайлап қарасам да шынымды айтсам жыға танымадым.

− Біз кездескелі де жиырма жылдан асып кетіпті. Мына байқұс түріме қарап қайдан танырсың? Баяғы қара джиппен келіп саған дөрекі түрде тіл қатқан, содан соң сенің самайыңа пистолет кезеген оңбаған, дөкір адамды қалай ұмыттың?

− О-о, уақыт қалай өзгертеді, а? − Мен таңданғанымнан айқайлап жіберіппін. − Кешіріңіз, аға, өте қатты өзгеріп кетіпсіз. Ол кезде сіз өте айбарлы, өзіңіз айтқандай дөрекі адам едіңіз.

− Иә, иә, кеудемде нан пісіп, байлықтан көзімді шел басып жүргенде қорқынышты түс көріп саған келген едім. Сенің ақылыңды тыңдамадым. Тыңдамақ түгілі әпербақандық таныттым. Ақымақ екенімді жиырма жылдан кейін барып білдім, бауырым. Уақыттың кінәсі жоқ. Өзім кінәлімін бәріне. Сенің уақытың болса мына скамейкаға тізе бүгейінші, бір бес-он минут. − Ол маған зор өтінішпен қиыла қарап. Мен оның сөзін жерге тастай алмадым. Қолтықтап әкеліп скамейкаға отырғызып, балдағын ағашқа сүйеп қойдым.

− Өлгім келіп төртінші қабаттан өзімді тастадым. Ажалым жоқ екен, бір ілгекке ілініп барып, осы аяғымның табанымен түстім. Сүйегі шыт-шыт жарылды. Жылдан аса уақыт ауруханада жаттым. Ондайға неге бардың дейсің ғой? Менде баяғыда саған келгенде алып компаниям болды. Кеңес өкіметінде жақсы лауазымда, қызметте істегендер тәуелсіздігіміз кезінде ту-талақай бөліске түскен дүниеге, жерге, байлыққа қарық болдық. Алматы қаласының басшы қызметтерінде жұмыс істедім. Ақша дегенің конвейермен келгендей қалтама құйылып жатты: үлкен-үлкен қонақ үйлер мен мейрамханаларды, сондай-ақ казино, дүкендерді әр қалалардан аштым. Көбінесе шетелдерге жүретінмін. Түркия, Араб ғимараттарында демалатын үйлер ұстадым. Не керек іріп-шіріген байға айналдым. Мен сияқты мемлекетті тонап байығандар жетерлік еді. Таң қалатынмын кейде. Билік біздейлерді неге құтыртып жіберді? Елді ұйыстырып, адалдыққа, отаншылдыққа үндеудің орнына мемлекет халық байлығын неге тонатып қойды? Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ осы болар, сірә! − Қонағым осы сәтте булыға жөтеліп, өзінше әбігерленіп қалды. Қыржымдалған көлдей орамалын алып сүртініп отырған міскін шалдың қазіргі кейпіне қарап отырып, жаңағы айтып отырған аста-төк байлық иесінің жұқанасын да көре алмай таң қала қарадым.

− Соңғы кездері осы жөтел пайда болды, − деп маған сынай қарады. − Мына түріме қарап жаңағы айтқандарыма сенбей отырсың ғой, бала. Жоқ, ол шындық! Сенің енді көп уақытыңды алмайын. Соншама ен байлықтың үстінде тұрсам да менің бар болғаны бір ұл, бір қызым бар еді. Бәйбішемнің, балаларымның жағдайының бәрін жасадым. Олар не кием, не ішем демеді. Оның зардабын кейін тарттым. Менің басты ауруым қыз-қырқын алдындағы әлсіздігім. Беті жылтыр ұрғашы көрсем соны қолыма қондырғанша жаным жай таппайтын. Екінші әлсіздігім ішімдік. Күн сайын ішпесем жүре алмайтынмын. Үшіншісін өзің білесің, өркөкірек, тәкаппар болдым. Әлсіздерді аямадым, кедейлерді менсінбедім. Менің байлыққа мастанғаным соншама өмірбақи осылай жалт-жұлт еткен өмір өлгенімше болатынына сенетінмін. Тағы бір әлсіздігім карта ойнау. Ойынға бір кіріп кетсем бойымды азарт билеп одан шыға алмайтынмын. Міне, мені карта құртты. Бар дүниемді ұтқыздым. Карта ойынын білетін бір топ алаяқтар мені үш-төрт күнде мұзға отырғызды. Қалған-құтқан қалған дүниемді бір сұлу жас келіншек мені арбап-алдап өзінің атына жаздырып алды. Мұны көтере алмай қатты ауырдым. Мен ауруханада жатқанда балаларым да, әйелім де көңілімді сұрап келмеді. Тіптен ең жақын достарымның өздері менің жаныма жоламай әп-сәтте ұмытты. Бәрі де амал достар екенін білдім. Мен бай болып, лауазымды қызметте жүргенімде жағымпаздар менің айналамнан шықпайтын. «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» дегендей туысқандар да теріс айналды. Байлық қолдың кірі екен. Бәрі де кетті әп-сәтте қартайғанда жападан жалғыз қалдым, осылай, бауырым. Инсулть алдым. Ауруханада жатып, неше түрлі  ойға келдім. Мына тірлік-өзенде қолыма ілігер бұта таппадым. Ақыры өлуге бекіндім. Бар тапқаным балконнан секіру болды. Өлу де оңай емес екен. Енді міне, балдақпен жүрмін. Мына қайыр сұрап тұрғандардың қатарына тұрып, нанымды айырамын. − Қарт мұңайып көзіне жас алды. Кір-кір орамалымен сүртінді.

− Сіз мешітке келмеймін деп едіңіз. Осымен екінші рет келіп отырсыз. Енді осы ақ жолдан таймаңыз. Өзіне пана, көлеңке іздеп келген пендесін Алла далада қалдырмайды. Намазға құлаңыз. Бұдан өткен байлық жоқ. «Ештен кеш жақсы» дегендей ахиретке дайындалыңыз. Барар жер, басар тауыңыз болмаса қарттар үйі бар. Орналасуға көмектесейін, − дедім мен оған күш-жігер бере сөйлеп. Ол басын көтерді.

− Айналайын, имам інім, «Ақыл − жастан, асыл − тастан» демекші ақылыңа мың мәртебе рахмет! Менің де тоқтамым осы. Мен ойладым ба осылай жалғыз қалып, қарттар үйіне барамын деп. Мені құртқан тәкаппарлық қой. Түсімде тозақ қалай бұрқ-сарқ етіп дем алып жатқанын, ашуын көрдім. Алла маған аянымен ескертті. Ал мен ақымақ оны да менсінбедім. Көзімді шел басты, көңілімді кір шалды. Әй, надандық-ай! Енді міне, жападан-жалғыз қалдым. Аллам тағы да бір мүмкіндігін беріп отыр. Көмектессең көмектес, бауырым! Жылағаным, көптен бері менің мылжыңымды шын көңілден тыңдап, маған ақыл-кеңес бергенің. Рахмет, рахмет, айналайын!

Ертай Айғалиұлы

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз