Халқымыздың «Жеті ата» құрылымы жайлы газетімізде, сайтымызда бірнеше мәрте көтеріп, мамандардың, ақсақалдардың, этнографтардың пікірлерін, салиқалы ойларын жариялағанбыз.»Жеті ата» жобасының ұсыныс-үндеуін сіздердің назарларыңызға ұсынып, бұған үн қосуларыңызды өтінеміз. Себебі бұл өте маңызды мәселе. Бұған тек ақсақалдар ғана емес, барша Алаш жұртының зиялы қауым өкілдері атсалысу керек.

ҚҰРМЕТТІ, АҒАЙЫНДАР! МЫНАДАЙ БАСТАМА ШЫҒЫП ЖАТЫР, ҚОЛДАУЛАРЫҢЫЗДЫ, АТСАЛЫСУЛАРЫҢЫЗДЫ КҮТЕМІЗ. БӘРІҢІЗ ДЕ АҚСАҚАЛДЫҚ ЖАСҚА КЕЛДІҢІЗДЕР, КЕЛМЕГЕНДЕРІҢІЗ СОНЫҢ ЖОЛЫНДАСЫЗДАР. БҰЛ ЖОБА – АЛАШТЫ РУХАНИ АЗАТ ЕТУ ЖОБАСЫ. Бұған түрлі көзқарас болатыны рас, бірақ өткен ғасырды қайтару емес, заманға сәйкесетін жағын алып сіңіру қолдан келеді. Қамқоршылар алқасын жер жерден құрып жатырмыз. Бәрінің жөні мен жосығы әлде де нақты жазылады, айтылады. Әзірге қолдаушыларды анықтаудамыз. Бұған тек қана еркеккіндіктілер емес, ене болып отырған ақжаулықтылар мен келін жұмсаған жеңгелер, қазақ қоғамына жанашыр кез келген тұлғаның қосылғанын қалаймыз.

 

АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, ҚҰРМЕТТІ АҚСАҚАЛДАР! Біздің ғылым да, қоғам да бұған дейін «жеті ата» турасында, оның қадыр-қасиеті мен мазмұны қақында талай әңгімені қозғап келді. Енді бұл тақырыпты қазақ қоғамының аса бір түйткілді әлеуметтік, отбасылық, әулеттік, аталық деңгейіндегі мәселелерді шешуге түрткі ретінде танып, ұлт болып әрекеттенуге шақырамыз. Бүгінде қайбір халық та жаһандану үрдісіне ұшырап, ұлттық келбеті мен қадыр-қасиетіне нұқсан келуде. Сол жағдай бізге де таяп келеді: қариялар мен кейуаналар қарттар үйін жағалай бастады, немерелер ата-әжемен өгей тілде сөйлеседі, ұл үйленуге, қыз тұрмысқа шығуға асықпайтын,тіпті мыңдаған ұрпағымыз тізесін құшақтаумен өмірден өтуге көндіккен күйде ғұмыр кеше бастады. Ата мен әже бүгінде әулет тәрбиесінің көзі емес, немерелердің күтушісі рөліне ығысты. Халқымыз бұның бәрін өзінің өмір салтына сіңірген күйі ың-шыңсыз шешіп келген еді. Біз егемен ел болғалы сол қалпымызға қайта қарауға мұршамыз болмай, біршама уақытты текке өткізіп, бүгінгі уақытқа төтеп пен жауап беретін салауатты салтымызға самарқау қарап келдік. Бабалық құрылымды қалпына келтіру жобасын әзірлеу барысында біз біршама жайттарды ғылыми тұрғыдан зерделедік, зерттедік. Осылайша, Жеті ата құрылымын қалпына келтірумен біз ата-ене, абысын-жеңге құндылықтарын сыналап жаңғырту арқылы қоғамды дендеген біршама дерттен айығуға мұршамыз бар екеніне көзіміз жетті. Бабалық немесе Жеті ата институты деп отырғанымыз, одүниелік болған шалдардың тізімін балдарға жаттату емес, көзі тірі көпті көрген ер азамат пен талай ұрпақты дүниеге келтіріп, келін түсіріп, қыз ұзатқан аналардың қоғамдағы, туысқандар ортасындағы орны мен абыройын айқындау және оны ұлы рухани әлеует ретінде іске қосу маңызды әрі өзекті болып отыр. Біз ұлтымыздың рухани ағзасын құрайтын нағыз жасуша осы Бабалар құрылымы екенін ұмытыппыз. Енді соны ел болып, жұрт болып, ұлт болып, мемлекет болып қалпына келтіріп, адамзатқа үлгі көрсетуіміз қажет. Бүгінгі адамдық мұрсатты аяқ-асты еткен заманға төтеп беретін бірден бір азаматтық құрылым қазақтың осы институты екенін өзіміз ғана сезінбей, әлемге паш етудің кезі келді. Адамзатты рухани апаттан құтқарудың бір тетігі әулеттік-туыстық деңгейдегі ЖЕТІ АТА бірлестігі. Әрбір жанұя өзінің тегі мен туыстығын бір бабадан таратып, әйтеуір бір әкеден тарағанын ескеріп, ұжымдаса келіп, әлеуметтік-рухани мәселені бірлесіп шешуге жұмылса ғана, түйткіл мен тұйыққа тірелген бүгінгі біршама мәселеміз өз шешімін табар еді. Әрине ХХІ ғасырдағы қазақты, халқымыздың ұлттық танымы мен дәстүрінің мәйегі бұзылмаған бұрынғы дәуірге қайтара алмаймыз. Алайда, Бабалық институттың ру мен тайпаны әспеттеп, ұлтты жікке бөлетін кертартпа құрылымға айналуынан абай болған дұрыс. Кейбір рулық не тайпалық шовинизммен ауыруды доғарып, ол тақырыптың бәрін тарих пен тарихшыларға ғана қалдырып, заман талабына сай келетін құрылыммен ғана алға басуымыз қажет. Саясаттан ада бұл азаматтық бастама ұрпақтар мен буындар арасын жалғастыратын алтын арқау болуы тиіс! Бабалық құрылым қазаққа не береді? Ата буынды өз төріне қондырады, аға буынды біріктіреді, бала буынды жөнге салады; абысын-ажынның татулығын, ене мен келіннің бірлігін, бауырлардың ынтымағын арттырады; сарсаңға түскен салтымыз бен дәстүрімізді қалпына келтіреді.Әлсіреген әлеуметтік ахуалды бірігіп шешуге жұмылдырады. Ұрымдағы ұл мен Қырымдағы қыздың байланысын күшейтеді, туған жерді түлетуге алаңдатады. Алаштың бабалық құрылымына бүгінде сұраныс бар, рухани жаңғырудың атасы да – осы әлеуметтік институт. Сол себепті, бұл заман талабы әрбір отаға мен отанадан нақты міндет пен әрекет күтеді. Қазіргі кезде нақты жоспар жасалып, тұжырымдама әзірленуде. Бабалық құрылымның кодексі жасалмақ. Бұл құрылым арқылы қазақ отбасының қашқан құтын қайтарып, берекесін келтіру басты нәтиже, сонымен бірге ұрпақтың жаны мен қан тазалығын қамтамасыз ету де осы ұлттық ұяның ұлағаты болмақ. Сіздерді осы аяулы да ауыр міндеттің басында қамқоршылар буынын бастауға шақырамыз. Тәңір жарылқап, Алла қаласа, бұл құрылымды біртұтас ізгі азаматтық қозғалысқа айналдыру игі міндетіміз болмақ. Сіздерден қолдау күтеміз.

«Жеті ата» жобасының алқасы 7atababalyq@gmail.com

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз