Алты алаштың ардағы

 

Белгілі журналист, қоғам қайраткері Саясат Бейісбай бұлбұл ақын, дүлдүл ақын, марқұм Қадір Мырза-Әлімен театрда өткен сыр-сұхбатты жазып еді. Біздің газет-сайтымызда бұл сұхбат тұңғыш рет жарияланып отыр. Ақын тағдыры, оның ішкі сырларын, ой иірімдерін осы сыршыл әңгімеден оқисыздар.

             Қадір ақынды жетпісінші жылдардың соңын ала алғаш мектеп қабырғасында жүрген кезде танып білген едік. Сол тұста аудан орталығындағы кітап дүкенінен «Бұлбұл бағы» , «Ой орманы», «Дала дидары» деген жұп-жұқа кітаптарын сатып алып, шамасы жиырма бестердегі  ақынның тұнып тұрған лирикасына тәнті болғанымыз бар. Кейінірек әскер қатарында болғанда ала барған әлгі кітаптар алыста жүргенде өзімізге серік, жанымызға рухани азық болды. Еріксіз санаға сіңіп, жатталып қалған жыр жолдары қырық жыл өтсе де әлі күнге дейін зердемізден кетпейді.

Міне, осы уақыт аралығында Қадір Мырза-Әлі ағамыз Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері атанды. Ой түйгені көп үлкен философ, дүлдүл ақын ретінде танылған Қадір мырза қыруар өлең жолдарын жазып, прозаға да драматургияға да қалам сілтеп, жиырма томдық кітабын шығарыпүлгерді. Тіпті өте ықшам, мірдің оғындай дөп тиетін қысқа афоризмдерін,  терең ойларын қағазға түсіріп, күн сайын мерзімді баспасөз беттерінде жариялап жүрді. Қазір ол еңбегі де таптырмас құнды кітап болып, оқырман қолына тиді.

Өмірден өзі кетіп, сөзі қалған Қадір ағамызбен  болған бір салиқалы кездесуде ол кісінің әңгімесін ықшамдап, қағазға түсірген едік.  Кездесуді ашқан Жастар театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, белгілі кинорежиссер Талғат Теменов өз сөзін Қадір ағаның өлеңімен бастады:

— «Уақыт өтіп барады-ау оны қойшы, сәттер өтіп барады, осы жаман». Сіз осылай жырлап келесіз. Өкінішке орай, біз сол қас-қағым сәттердің қадірін білмей жатамыз көп ретте. Жазға салым жастар театрында Қадір ағаның бір күнгі поэзия кешін өткізсек дейміз. Сол күні театр актерлері  ақынның бір-бір өлеңін оқып, мірдің оғындай афоризмдерін жатқа айтады. Мықты ойларын түйіңдей білген, көптеген жазушылардан оқ бойы озық сөз зергерін, поэзияның дүлдүлі ретінде көрерменге ұсыну. Бүгінгі ойымыз, осының алдында өзіңізбен әңгімелесіп, сыр-сұхбат өткізу,- деді.

 

Бастықтарды театрға шақырып келтіре алмайсың

— Мен  шынымды айтайын сіздердің алдарыңызға еш дайындықсыз келдім. Мына Талғат бауырым телефон шалды да, әй-шай жоқ театрға келіңіз деп шақырды. Кейде кімнің қонаққа шақыратынын шамалайсың, бірақ Талғаттың қай уақытта шақырып, не айтарын ешкім білмейді. Түнде түс көре ме, аяқ астынан бір идеяны алға тартып, күтпеген жерден жақсы нәрсені таба қояды. Мына айтқандарыңыз жаныма жағып, ойымнан жаңыла бастадым. Көптен жылы сөздер естімегендіктен мас болып қалуым ғажап емес,- деп ақын әңгімесін  қалжыңмен бастады. Алдымен театр төңірегінде ой қозғады.

Жалпы, театр деген сұмдық керемет әлем ғой. Біз кейде бір сөзге мән бере бермейміз. «Қаланың орталығы» деген ұғым бар. Көне грек заманындағы амфитеатрлар боғанын білеміз. Сол театрлар қай жерде болса, қаланың орталығы, яғни эпицентрі сол жер саналған. Сол гректерде театрдың ашылу маусымы қалай болғанын айтайын. Бір жыл бойы Эсхилл, Эврипид, Софокл секілді драматургтер өздері жазған дүниелерін келер жылы қыркүйекте бітіреді. Соның бәрі екшеуден өтіп, конкурс секілді бәйге болып, озып шыққан үздіктері белгіленіп, сыйлықтарын алып, бақандай екі айға созылған бүкіл мемлекеттің тойына ұласады. Ең тамашасы, жазаланған қылмыскерлерді гректер  театрдың ашылу маусымында екі айға босатып жіберетін болған. Сөйтіп, оларға театрдың ашылу салтанатын көрсету. Міне,  өнер осылай  бағаланған.

Бүгінде бастықтарды театрға шақыру жіберіп келтіру қиын. Әрине, оларды да түсінуге болады, шаруадан қолдары тие бермейді, не сапарда жүреді. Келмейін демейдi-ау, уақыттары жетпейдi. Қадір ақынның айтуынша,  балаларға, көп ретте  «әкім болма, бастық болма» дейді. Шынында бастықтар күнделікті қат-қабат шаруадан үйіне келіп емін-еркін отыруына мүмкіндігі жоқ. Еркіндікке не жетсін. Жалпы,  өмірдің қызығы не екенін де біліп, түсініп үлгере алмай өтіп кетесің. Ал «ана жақтан» қайту жоқ. Театрдағыдай репетиция жоқ. Әртістер көп адаммен салыстырғанда бақытты. Адамның өз рөлінде ойнап жүргені ауыр, кейде жақсы болып көріну үшін көп нәрсені жасырасың. Ал әртістер сахнада біреудің рөлін ойнайды. Сол үшін ақ тер, қара тер болады. Неше рет басқа терінің ішінде қайтадан өмір сүреді. Өмір өзінің редакциясын жасамай қоймайды, ол ең бірінші театрға қатысты. Кеңестік кезеңде театрда жақсы нәрселер шығару өте ауыр болатын. Мысалы, Қадір Мырза-Әлінің «Сақал саудасы» пьесасы сүзгіден өтіп, сол тұстағы Мәдениет министрі тарапынан қабылданбаған. Кейін Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі өзі қайта көріп, спектакльде ешқандай мін жоқ екенін айтқан. Қандай қиын болса да түсінінігі мол  адамдар әр кезде де табылады ғой.

 

Біттім дей бер жұрттың бәрін қас көрсең

Ақын кезінде Ілияс Омаров дейтін үлкен идеолог, көреген адам болғанын айтады.  Менің «Дала дидары» деген кітабымды оқып, қайдан екенімді сұрап, сен алашорда тұқымынан  екенсің ғой, бәсе мынандай өлеңдер қайдан шығып жатыр десем деп риза болған. Сол жолы Алашорда туралы үкіметтің адамы айта алмайтын керемет сөздер айтты. Шыдаңдар, біраз жылдан кейін олар ақталады деді. Сол кезде Мағжанның өлеңін оқимын деп оның соңынан қоңырау байланды да. Осындай адамдарды көрдік. Есет Әукебаев деген ағамыз  өте қатал редактор болды. Бір нәрсені қалт жібермейді. «Шекарадағы торғай» деген Темірханның өлеңі бар. Жақсы өлең, керемет тапқырлық жасаған. Ондайды орыстар «находка» дейді. Сондағы айтатыны, торғай шекараның маңында балапанына ана жақтан да, мына жақтан да жем тасып асырайды. Адам болғаныңнан да торғай болғаның жақсы секілді. Сол өлеңді Әукебаев жібермей қойды. Неге десем, «Болмайды, Советтің шекарасын торғайдың да бұзуына хақы жоқ» дейді.

Қожанасыр бірде көрші ауылға барайын деп шықса жолда қара нөсер жаңбыр құйып кетіпті. Қожекеңді  «әпенде» деп күлгенімізбмен, ақылды адам болған ғой. Киімдерін түгел шешіп, бүктеп-бүктеп жаңбыр басылғанша астына басып отырыпты. Содан жаңбыр басылған соң киімдерін киіп ауылға барса, ау Қожеке, қайдан келдің, жаңбырдың астында қалай қалмадың десе:  «өзім де қумын, жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүрдім ғой» депті.  Сол сияқты талай адамға ебін тауып өлең жазуға тура келді. Осындай заманда өмір сүру оңай ма еді.

Театрға қайта оралсақ, тоқсаныншы жылдары театр жүдеп бітті. Гастрольдер де жайына қалды, еңбекақы да мардымсыз болды. Тіпті кісі де келмей қалған тұстар ұшырасты. Елдің өзі театрдың не екенін ұмытқысы келмесе де ұмытты. Өнер адамдарына сол  тығырықтан жол тауып, елді қызықтыру керек еді. Ақша табу да оңай емес. Шыбын қонатын  тәтті  қағазды  ілген секілді елді театрға тарту парыз болды.

Қазақтың Қадіріне айналған ақын өз кезегінде алыстағы туып, өскен ауылын, жетімдіктің тауқіметін, әке жағынан  үш ағайынды кісінің ортақ жалғыз ұлдары болғандығын тілге тиек етті. Сол үш атасының орнына бүгінде үш ұл әкелгеніне шүкіршілік етеді.

Осыдан кейін театр актері Гүлжамал Қазақбаева сөз алып, ой маржанын жырға айналдырып, түйдектете білген ақынға алғысын білдірді.

— Бірер жыл бұрын бір суретшінің көрме залында өзіңізбен кездесіп қалғанымыз бар. Сонда сіз: «ой қыздар-ай,сендер  мүлде көрінбей кетесіңдер де, ал кейде бәрің бірдей ұшырасып, жүректі ауыртасыңдар», дегеніңіз бар.Сіздің өлеңдеріңізді жатқа оқып өстік, сонымен бой жеттік, санамыз биіктеді. Біздер үшін мол рухани азық болды,-деді Гүлжамал. — Сіз қазақтың Қадірісіз. Біз қылтиып қыз бола бастағаннан поэзия дегенді сүйіп өстік. Мүмкін өмірге ғашықтығымыздан шығар, анамыздың сүтімен дарыған поэзия деген ауылға қарай аяңдап келгенімізде алғаш сіздерді танығанбыз. Одан кейін сіздің поэзияға деген көзімізді ашқан, көкірегімізге сәуле құйған Сіздің досыңыз Райымбек аға болды. Ол кісі қазақ театрында поэтикалық спектакльдердің ізін салған, мектебін жасаған кісі. Біз сол кісінің үлкен мектебінен өттік. Бізге және кейінгілерге поэзияға ғашық еткен Райымбек ағаның да көп еңбегі бар. Әрбір планеркада ол кісі «Менің досым Қадір айтпақшы» деп отыратын.

Ұттым дей бер, жұрттың бәрін дос көрсең,

Біттім дей бер жұрттың бәрін қас көрсең,

Өзіңе де әділ болу жеңілдеу,

Бір өлімнің бар екенін ескерсең,-деуші еді.

 

Өз халқынның ұлына «Ұлы, кемеңгер» деп айта алмайтынсың

Қадір аға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз парламентінде халық қалаулысы, депутат болды. Сол тұста  мемлекеттік тіл, ұлттық мүдделер үшін күресуге тура келгенін еске алады.     Мен Алматыға келгелі елу бес жылдай өтіпті. Сол алпысыншы жылдары астанамыздың өзінде  бір де қазақ мектебі болмағаны масқара емес пе?! Тұңғыш балам баратын қазақ мектебі табылмады.  Тек қаланың шеткері тұстарында  бірен-саран малшылардың балаларына арналған мектеп-интернат қана болатын. Ал сол кезде бір Ташкент қаласының өзінде жиырмадан астам  қазақ мектебі болды емес пе. Керісінше Қазақстанның көптеген облыстарында жиырма қазақ мектебі ұшыраспайтын еді. Өзбектер сол кезде қазақ мектептерін жапса олар балаларын орыс мектебіне апарып берер еді.Олар соны біліп жаппады. Одан Өзбекстандағы қазақтар ұтылмас еді, ұлттық мәселе болмаса. Есесіне орыс мектептерінің саны көбейер еді Өзбекстанда. Ал қазір Өзбекстан тәуелсіздігін алған соң  орыстарды ығыстырып шыққаннан кейін қазақ мектептерін жаппай жауып отыр.Амал жоқ, сондағы қазақтар балаларын өзбек мектептеріне беруде, дейді.

Сол елу-алпысыншы жылдары Алматыда тіпті қазақша көше аттары да болмаған. Мәселен, бүгінгі  Абай даңғылы – Главный арык, Мұратбаев көшесі Гончарная, Құрманғазы –Артилериийская  деп аталатын.Менің көршім Исләм Жарылғапов деген білімді азамат болды, мықты аудармашы еді. Мәскеуде оқыған. Құрманғазының бір мерейтойын атап өту кезінде буклетке «великий казахский композитор» деп жазыпты. Сонда ЦК-ның орыс хатшысы шақырып алып, сен бұл мәліметті қайдан алдың деп қысады. Сасқанымнан КСРО-ның энциклопедиясынан алдым деп салған. Оны қарамайтынын білдім, сөйтіп құтылып кеттім дейді. Сонда өз халқыңның ұлына ұлы деп, кемеңгер деп айтуға хақың жоқ еді. Ал қазір шүкір деу керек.  Канададағы аңшылар да тазымен аң қуады екен.  Сондай бір сәтте жаны қысылған  еліктің лағы  баратын жер таппай қашып келіп аңшының екі аяғының ортасына тығылады. Төбе шашың тік тұрады. Мен орыстарға айттым, сендердің баяғы Чернышевский, Добролюбовтарың қайда? Мынау сұмдық қой, Мына қазақ тілі әлгі еліктің лағы сияқты  сендерден араша сұрап тұр ғой, неге араша түспейсіңдер? деп. Мен кейде тіпті тірі қалғанымызға таң қаламын. Міне, осындай қиын жағдай кейініректе аздап оңалып, тоқсаныншы жылдары жақсара бастады емес пе.  Дегенмен, алдымен әбден орыстанған қазақ жастарының өзінің бетін бері қаратып, уақыт оздыру қажет болды. Бүгінде қазақ мектептерін бітіріп шыққандар институтты тәмамдап, ұлттық санасы оянып, билікте отырған орыс тілділерді ығыстырып шығарады. Логиканың реті, қисыны осылай. Мемлекет басшысының көреген саясаты осыдан жол таба білуі еді.Оған шыдам керек әрине. Бірақ шыдағың келмейді.

Енді міне, жағдай  түзелді. Соңғы он бес жылда қаншама қазақ мектептері ашылды. Алды орта мектепті бітіріп жастарымыз қазақы ортаны қалыптастыра бастады. Мәселен, Шүкеев Астанада әкім болғанында  бұдан былай қазақша жазылмаған арызды немесе іс қағазын қабылдамаймын деді. Ал Шүкеев өте сақ адам. Оны тегін айтпаса керек. Міне, талапты осылай батыл қоя білу керек. Кейде мен Шахановты аяймын, ұлт тағдыры үшін шыр-пыры шығып, тіл деп таусылып болды. Онысы дұрыс та. Өзінің  поэзиясы жайына қалды. Біз бәріміз түптеп келгенде Қазақ деген партияның мүшесі болуымыз керек. Ертең 40-50 жыл өткенде қазақ үлкен мемлекетке айналады.Соған сенемін.

 

Көп әйел алу өздерін өздері сақтап алу үшін керек

Ғабеңнің әдемі айтқаны бар, мақал болып кетті бүгінде, «Күні жеткен бала күшенбесең де туады» деген. Мезгілі келгенде ұлт мүддесі алдыңғы кезекке шығып, өз идеямыз орнығады әлі. Тіл, ұлт мәселесіне бей-жай қарай алмайтын  Қадір Мырза-Әлі осылай ой түйіндейді.

Газеттерде ақынның әйелдер туралы  циклды мақалалары жарық көріп келеді. Әр аймақтағы түрлі кездесулерде әйелдерге қатысты қысқаша афоризмдер айтатын болған. Қартайған кезде афоризмге көштік,  бәрі қысқарды ғой деп қалжыңдап қояды .Орыстың Шкловский дейтін  керемет оқымыстысы болды.  «Жили были» дейтін кітабы бар, оқығанда ерекше әсерде қаласың. Сол айтқандай, оның серуендеп жүретін жолының көлемі де қысқарды. Телефон нөмірін жазған кітапшамда көп адамдар сызылды, дегені бар. Шындығында Қадір ақынның әрбір сөзі бүгінде  афоризмге айналып кеткен, тоқсан ауыз сөзден тобықтай түйін түюдің шебер ақыны деп талай сыншы жазған. Мысалы:

Кез-келгеннің өнегелі бір ісін,

Көре тұра көрмегендер құрысын,

Нең кетеді, жақсы десең жақсысын,

Нең кетеді, дұрыс десең дұрысын?- дейді.

Театрдра талантты жас әртістердің бірі  сөз алып, біз студент кезімізде көптеген өлеңдеріңізді жатқа оқыдық. Соның бірі былай болып келеді:

Дүниені сыпырыңдар, шайқаңдар

Желпініңдер, серпіліңдер, байқаңдар,

Айқарыла ашылатын құшақ көп,

Сол құшақтың біреуінде сайтан бар,- деген.

— Иә, біздер жас кезімізде қыздармен танысқанда тек бір ғана мақсатпен, осыған үйленсем деген ізгі ниетпен жүруші едік,-дейді ақын. – Қазіргілер оған күле қарайды. Бұрынғының Жібегі Төлегенді сүйетін, ал қазіргінің Жібегі Төлегенді сүйеді. Көп әйел алу туралы мәселені кейбір көршілес шығыс елдері көтеріп те келеді. Тіпті Қалмақстан президенті Кирсан Илюмжиновке де «сіздің түбіңіз азият қой, көп әйел алуға қарайсыз?» деп   сауал қойылғаны мәлім. Оның әйелі қазақ екенін де айта кетелік. Мәселен, Шешенстанда көп әйел алу туралы заң қабылдап та жіберді. Қазір Ресейдің құрамында баланы ең көп тауып жатқан шешендер. Ол өздерін өздері сақтап қалу инстиктінен туған жәйт.

 

Әр жанрдың өзінің жасы бар

Қазақ театрларының болашағы туралы әңгіме өрбіді. Қазақ көрермендерінің көзқарасы  «Тамашаның»  деңгейінде қалып қойған кезеңде  оларға тиісті қорек бере алмайтын драматургияның ақсаған тұсына тап келгендейміз. Жазушы драматургтер пьеса жазуды қойды, қаламақы жоқ. Амалсыздан режиссерлер өздері жазуға мәжбүр.Сондықтан драматургия ақсап жатыр, ал енді көрермен әлгіндей, драматургия мынандай болса, театрдың болашағы не болады? Сізді осы мәселелер ойландыра ма?

— Жоқ, сұрақты  ойланбайтын күнің бар ма деп қою керек. Кім жазбайын дейді. Біріншіден драматургияның өрісі тарылды. Алдымен режиссерлердің өзі көңілі сүйетін, сенетін адамдармен тікелей байланысқа шығуы керек. Ол адам осында келген соң театрға не керегін сезеді, сондай байланыста, өзара пікірталаста ой туады. Кей жағдайларда бірігіп те жазу керек. Оның бәрі түптеп келгенде халық үшін жасалады ғой.

— Бұрын репертуар бөлімінде  драматургтерге тақырып бойынша тапсырыс беріп, жазған дүниелерінің ішінде ұтып, бәйге алғаны қабылданып, сахнаға қойылушы еді. Олар тиісінше қаламақыларын алатын. Ал қазіргі драматургтер қаламақы жоқтың қасы болғандықтан жазуды қойды. Жастар театрында «Махабат сазы» атты поэзия кеші өтіп тұрады. Сонда жиырма шақты ақынның өлеңі оқылады, әндері айтылады. Алайда  ақын,  драматургрердің көбі сол кешке қатыспайды. Сахнада өлеңдері оқылып, әндері шырқалған ақын, сазгерлердің өздері келмегені ұят-ақ.

— Жалпы,  жауап беруден сұрақ қою оңайлау. Өзімді өзім ақтайын деп отырған жоқпын.  Менің араласпаған жанрым жоқ, тіпті балаларға арналған еңбектерім де жетерлік. Көп әйел алған адам сияқты талайды асырауым керек, өлеңді де, драматургияны да, аударманы да, прозаны да асырауым керек. – деп әзілдеп қояды Қадекең.-  Алайда мен жетпістің арғы бетіне шығып кеткен адаммын. Сан мәрте оянып кетіп, талай нәрсе жазсам деген ойда болдым. Бірақ адам мүмкіндігінен шыға алмайды. Әйтседе мен драматургияны әлі ойлаймын. Пушкиннің айтатыны бар ғой, поэзияны біткеннен кейін «что то возраст к прозе клонит» деп. Әр жанрдың өзінің жасы бар. Біздер дәл қазір драматургияның жасындамыз. Бірақ соны қамшылайтын нәрселер жетпеуі мүмкін.

Өмір болған соң проблема таусыла ма. Кейде тапсырыспен жазатын тұстар да болады. Мысалы, Қадір ақынның «Қазақтарды шетелдіктерге таныстыру» атты өлең сондайдан туған. «Ана тілі» деген өлеңі жетпісінші жылдары   мектеп қабырғаларында ілініп тұратын. Сол  төрт шумақ өлеңді бастыру үшін ақынға Ленин туралы бірнеше шумақ жазуына тура келген. Оны артынан алып тастады. Анау ракетаны орбитаға шығарушы сияқты қызмет атқарды. Сол үшін Ленинге рахмет айтады. Кезінде аудармамен де шұғылданды. Расул Ғамзатовтың «Ана тілі» деген өлеңін, мына тұрған қырғыздың өлеңін де аударды. Алайда қазақта өлең жететін, бірақ баспайтын.

Кезінде ақын осы театрда талай корифейлермен кездесіп, талай ұлылармен пікірлескенін айтады. Ұлылар қарапайым болады. Жалпы ұлылардың әкесі егде, ал шешесі өте жас болған екен көбіне. Бірде жастау азамат Қалибекке: «аға, күйлі-қуаттысыз ба?» деп амандасады. Сонда Каллеки: «Менің қуатымда не шаруаң бар?» деп шарт кеткен.Жігіт болса, неден қате жібердім деп үлкендерден сұрайды. Сөйтсе, ондай сауалды өзінің қатарластары қоюы керек екен. Серке Қожамқұловтың театрға келгенінің өзі ғанибет. Сыртта аяз қысып тұр. Серағаң сыртқы есікті сықырлатып ашып кіріп, асықпай пимасын қағып, бөркін сілкіп, содан кейін мұз қатқан мұртын сипап, суық әкелгенін байқатушы еді. Бірде қарт Серағаң троллейбуста келе жатса бір жас жігіт міз бақпай отыра береді. Қасына келіп тұрған Серағаң: шырағым екеуміз орын ауыстырсақ қайтеді?- депті.

 

Бәукең өзін боқтаған адамды неге әспеттеді?

Ұлылар демекші, Батыр Бауыржан бірде пойызға мінгелі тұрса оны өңмеңдеген біреу қағып өтіпті. Әншейінде шарт ете қалатын батыр үндемейді. Ішке кірген соң қараса кеудесіне нан піскен әлгі адам сырт киімін шешіп, Еңбек ері деген жұлдызын көрсетіп маңғазданып отыр екен. Бәукең одан: «сен мұны не  үшін алдың?»- деп сұрайды. Ол: «жүз биеден жүз құлын алғаным үшін» дейді. Сонда батыр оның алтын жұлдызын  шертіп-шертіп, «айғыр істейді, бие құлындайды, ал сен жұлдыз аласың»-депті.

Сол Бәукең бірде талантты сыншы әрі жазушы Зейнолла Серікқалиевты телефонмен сықпыртып балағаттайды. Тумысынан қарапайым, өте мәдениетті Зейнолла шыдамай, оның өзін келістіріп боқтап салады. Сәлден кейін кіріп келген Бәукең: жаңағы мені боқтаған қайсың деп сұрайды. Зекең болса, мен деп қасқиып қарап тұрады. Сонда батыр Бауыржан: «жарайсың, қазағымның намысы өлмеген екен, азамат екенсің» деп арқасынан қағыпты.

Тұманбай шайыр құрдасы Қадір ақыннан екі ай кеш туса керек. Ол жастайынан жетімдікті көріп өскен болса керек.Алайда ол менің қайнағам, жолы үлкен, әрі қас пен қабаққа қарап өскендіктен оны әрдайым сыйлап жүрем, басты алдымен соған беремін деп әзілдеп қояды Қадекең. Жалпы Э.Хэмингуей таланттардың көбі жетімдікті көп көрген, қамкөңіл адамдардан шығады деген.

Бірде ақынды балалар бақшасы шақырады. Сонда мен: сәби балаларға не айтамын, олар өлеңді түсіне ме деп ойлайды. Барса, бала бақшаға он жыл толыпты. Біраз танымал азаматтар жиналып, дастархан жайылыпты. Аздап ұрттауға да тура келеді. Үйге келген соң әйелі қайдан іштің дейді ғой. Бала бақшадан десе, енді ішпеген жерің сол жер еді, деген екен.

Жалпы, Қадір ақын өзінің тума талантымен қоса өзін өзі шашынан сүйреп алып шыққандай, мазасыз еңбектену арқылы танылған адам.

— Менің бір қуанарым, көп еңбектендім. Күнді өлтірмеуге, шама келсе тойға бармауға тырыстым.   «Әй, зиянсыз өтірік-ай, сен болмасаң күніміз не болар еді», -дейтін  Қадір ақын Мырза-Әлі. Ол кісі тиімсіз кездесу, таусылмайтын тойларға барудан қашып, кейде кісінің көңілін жықпай, шақыра келген адамға пойыздың өтірік билетін көрсетіп, «шырағым-ау, мен  сол күні жолға шығайын деп отырмын»,-деп құтылады екен.  Бұл дүниеге келген адам өмір-бақи еңбектенуі керек,-дейді.

— Викор Гюго баласы өлгенде есікті тарс жауып алып ешкіммен сөйлеспей шығармасын жаза берген екен. Өлімге қарсы жалғыз балама – ол тек қана еңбек.

«Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» демекші, ең керемет «Аяз би» ертегісі әлемде тек қазақта ғана бар. Асып-таспай шүкір деген ұлы сөзді естен шығармай жүру керек. Ақынның шүкіршілік жайында өлеңі де бар. Оның кредосы осындай.

Кездесу барысында Гүлжамал: аға құлағымыздың құрышын қандырдыңыз ғой,- деді. Сонда Қадір ақын: құлақтың құрышын айғай емес, сыбыр қандырады деп қалжыңға басып қояды.

 

*    *    *

Кемеңгерлер,  жайсаңдар мен қасқалар,

Күні жетіп топырағын жастанар,

Ертең мына дастарханның басында,

Біз болмаймыз, отырады басқалар.-  деген осы Қадір ақын ғой!

 

Бұлбұл ақын, дүлдүл ақын Қадір Мырза-Әлімен сыр-сұхбат осылай өрбіді.

Өкінішке орай, осы кездесуден кейін көп уақыт өтпей, Қадір ағамыз да дүниеден өтті. Заман көшіп барады, заманмен адам көшіп барады. Дәуір көшіп барады, дәуірмен тәуір көшіп барады.

Бүгінде театрға баратындар азайғанын ара-тұра айтып қаламыз. Масқара болғанда, өмірі театр табалдырығын аттамаған, өнер шаңырағының есігін ашпаған адамдар да кездеседі арамызда. Бірде қалалық жер қатынастары мекемесінде қазақ тілін білмейтіндерге сабақ беруге тура келді. Сондағы отыз адамның дені қыз-келіншектер екен. Әңгіме ауаны бір жолы өнер тақырыбына ауып,  театрға барып тұрасыңдар ма? деген сауал туындағанда, солардың кейбір тіпті өмірінде театрды көрмегендерін айтты. Осыдан кейін бұл өмірде мұндай рухани қызықтан құр қалып, ләззат ала алмағандардың көзін ашпақ ниетпен, отыз адамға Жастар театрына билет алып, түгел шақырдым.  Қазақ театрларының  билет нарқы да тым арзан ғой. Ақыры тегін билетке қарамастан солардың жиырмадан астамы ғана келді. «Көгілдір такси» қойылымын көрген мекеме қызметкерлерінің алған әсерлері шексіз, маған ризалықтарын білдіріп жатты.  Бір сәт аз да болса өнер шаңырағының  есігінен сығалап, ара-тұра театрға бас сұғатындардың қатары көбейгеніне мен де марқайып қалдым.

 

                                             Саясат БЕЙІСБАЙ,

журналист

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз