Мына ел басына күн туған кезде кейбір ұлттық мәселелер көлеңкеде қалып қойған жоқ па? Мәселен миллиондап жапа шеккен Қытайдағы қазақтардың қазіргі жағдайы нешік? Осы көкейтесті мәселемен үнемі айналысып тілшімізден бұл жөнінде мақала беруін өтінген едік.

Осы күнге дейін Қытайдағы жазықсыз сотталған туысын, ата-анасын жоқтаушылардың қарасы үзілмей келеді. Олардың дені ҚХР азаматтығындағы қазақ қандастарымыз. Бірақ өздерінің не үшін, қалай «қылмыскер» атанғанын ұқпаған, түсінбеген күйі сотталып кеткендердің қазіргі күнде қай лагерьде екендігінен туыстары да, ата-аналары да бейхабар күйде отырғандар бар. Осылайша, мүлдем дерексіз кеткендерді іздестірген әлдекімдер бұл түрмедегілер туралы ешқандай мәлімет тапқан жоқ деген де деректер бар. Сонда Қытай үкіметі осынау жазықсыздардың 20 жылға дейін сотталған туысының не баласының қай лагерьде тұтқында екендігін айтпауына не себеп бар?

Жазықсыз қамалған, немесе, мүлдем хабар-ошарсыз кеткен туыстардың дерегін іздестіруге Қазақстан азаматындағы туыстары неліктен қауқарсыз? Бұл жөнінде 8-9 айлар бойы үйрету лагерьлерінде болған тұтқындар не дейді? «Саяси үйрету лагері» – шын мәнінде қандай орын?

Себебі, «жазықсыздардың лагеріне» айналған гоныстағы жағдайды Қытай үкіметі жоққа шығарады. Дүниежүзі халықтарына Ютуб арқылы таралып жатқан видеолар мен фотоларды «арандату, қауесеттер» деп түсіндіріп, «қытайда концлагерь деген атымен жоқ» деп отырған үкімет басшыларынан не ақпарат алу мүмкіндігі бар деп ойлайсыз? Себебі, Қытайда ресми түрде концлагерь жоқ. Ал бірақ қой терісін жамылған қасқыр тәрізді саяси үйрету лагері деп аталатын лагерь қандай лагерь?

 

Олар сотталған туысын іздеуден неге қорқады?

 Алматыдағы «Нағыз Атажұрт» қоғамдық бірлестігіндегі арызданушылар бүгінгі күнде Қытай азаматтығындағы қазақтар екен. Сондықтан болар мұнда келген туысы, әлде танысы, тіпті, көршісі болса да ешқайсысы өздерінің аты-жөнін нақты айтып бере алмайды. Себебі, сол, қытай үкіметінің түрмедегілердің ешкіммен тіл қатысуына тыйым салынған соң қорқады. Телефоннан фотосын шығарып алған мынау жігіттің есімі Мұзафар Смайылұлы болады. 1986 жылы туылған бұл жігіт бүгінде сырттай 11 әлде 12 жылға сотталған деген болатын. Мұның бар мәселесі – телефон сатқаны және ол телефондарынан «Жұма мүбәрәк болсын» деген сияқты дінге қатысты сөздер мен суреттер шыққан екен. Мұзафардың туған жерінде ұйғырлар көп орналасқан аудан. Қолындағы телефонын суретімен қоса өзінің әпекесі «Нағыз Атажұрт» ұйымына аманат ретінде табыстаған болатын. Ол кісі де өзінің аты-жөнін еш жерде айтпауын өтінген екен. «Нағыз Атажұртқа» келіп арызданушылар ең кемі 8-9 ай бойы саяси үйрету лагерінде болғандар, тіпті, сол лагерьлерде сақшы қызметін атқарған қазақ жігіттері де келіп мән-жайларды айтқан. Мұның бәрі де шынайы ақпараттар ретінде беріліп келеді.

 

 

11 жылға сотталған Мөлдір қыз

 Сейсенғазы Әлімғазыұлы деген жігітті «Қытайдағы туыстары аманаттап еді» деп бір кісі телефонмен суретін жіберіпті. Аты-жөнімді айтпай-ақ қойсаң деп өтінген. Ешқандай хабарсыз кеткен. Бірде бір дерек жоқ. 1977 жылы туылған. Намаз оқығандығы үшін 2017 жылы сотталған.

Ал мынау Сержанның туысы ма, әлде көршісі ме, суретін «Атажұрттағыларға» аманат етіп тапсырған. Бірақ өзінің аты-жөнін мұндағыларға айтпауын сұраған.

 

 

 

 

Көшербай Жұмаділ атты бұл жігіттің куәлігі бар, осылай біреулер арқылы «Атажұрт» бірлестігіне жеткен.

Ал мынау, 1990 жылы дүниеге келген Мөлдір атты қарапайым ғана қыздың тағдыры да бұлардан кем емес. Ешқандай кінәсі жоқ Мөлдірдің суреттегі сәбидей жүзіне қарап, 11 жылға сотталғанын естіген еш қазақ бей-жай қарап қала алмас. Қазақстандағы туысы Құттымбетов Сәрсен Көпенұлы, өзінің нағашысы Жақсылық Әміреұлының қызы Мөлдірдің жазықсыз сотталғандығын айтып хат жазғандығын, сол хатты «Нағыз Атажұрт» қоғамдық бірлестігіндегілерге хат арқылы табыстаған екен.

 

Олардың үйіне келген сақшылар бар-жоғы 10 парша сүрелерді көрсетіпті. Іле автоном республикасының Нылқы ауданы, «Нәсілді» ара фермасында туып өскен Мөлдірдің ендігі тағдырына араша түсер «Нағыз Атажұрт» бірлестігі ғана емес, барша қазақтың ат салысқанын жөн дер едік.

Ешқандай соттың үкімінсіз 11 жылға кесілген Мөлдірдің, басқа да жас-кәрілердің жазықсыз көптеген жылдарға қамалуының мәнісі қалай деген сауал кез келген адамзатының көкейіне келері анық.

Бұл Мөлдірдің әкесі Жақсылықтың хаты

 

Саяси үйрету лагері – шын мәнінде түрме!

       «Атажұрт» қоғамдық бірлестігіне келіп, 8 ай саяси үйрету лагерінде болып, сондағы өз көзімен көргендерін айтқан Тұрсынай атты ұйғыр келіннің айтқандарын қысқаща айтар болсақ, мұнда түскендерді «қылмысына» қарай үшке бөледі екен.

– «Мен алғаш түскенде өз киімімнің орнына көк түсті киімдерді кигізді. Мұның мәнісін кейін білдім. Көк киімділер жеңіл «қылмыскерлер» екенбіз. Ал сары түстілер орташа «қылмыскерлер», қызыл түсті киімдегілер ең ауыр «қылмыскерлер» болып саналады екен. Бірде түрмедегі алаңға алып шыққанда байқап қалғаным – қызыл түсті киімділердің түрінен-ақ олардың қандай күйге тап болғандығын байқайсыз. Олар намаз оқитындар. Жүдеген, азып-тозған. Ал жеңіл қылмыс ретіндегі көк киімді біздердің көрген азабымыз түк емес сияқты. Осыған қарап мен бұл жерді – «Саяси үйрету лагері» деген аты ғана дер едім. Менің қылмысым – Қазақстанда 5 жыл тұрғаным екен. Ол жерде мен азаматтық алып үлгермедім ғой. Алғаш мені алып барғанда-ақ мұның түрме екендігін білгем. Ұзына бойы дәлізбен жүріп келеміз. Бізге аталған бөлмелердің есіктерінің бірі – біріне жапсарлас салынғандығы сонша, адам ішке кіргенде әрең сыйып өтесің. Бір-біріңді көру мүмкін емес ол жерде. Ал дәретханаға барар кезде міндетті түрде автомат асынған әйел сақшылар ертіп барады. Мұның өзіне де бару мен келуді қосқанда 4-5 минут уақыт береді. Түнге қарай бізді апармайды. Таң атқанша қайтсең де шыдайсың. Ол жерде екі қатарлы төсектен құлап аяғын сындырғандар да, басқа да себептермен ауырғандар да болды. Мұның ешқайсысына олар мән берген жоқ! Мен өзім ауырып естен тана жаздағанда «психологиялық шок болған, қорқып қалған, ешнәрсе етпейді» деп қайта әкеп тастаған. Осыдан кейін бұл жерді қалай түрме демейсің?! Ол жерден аман-есен босап шыққаныма қуандым. Көп жылға кетіп қалғанымда қайтер ем? Өмірімізді қорқыныш, үреймен өткіздік. Мен онда жатқанда күйеуім Қазақстанда болды да, ешкімге хабарласа алмай қалғанмын. Сонымен біздің уақытымыз бітіп сыртқа шығарды. Сонда аспанға қараймын. Қазақстанға қарай бет алған ұшақтарға бір қарап, онан жердегі қара құмырсқаларға бір қарап қамығамын ғой. Себебі, сол құмырсқаларыңыз сонау Қытайдың қамалынан ары да, бері де емін-еркін өтіп жүреді емес пе? Құмырсқалар еркін өткен сол шекара біздер үшін қаншама уақыт арман болды ғой… Солай, әупірімдеп жүріп елге де оралдық қой».

– Таяуда ғана «Нағыз Атажұрт» қоғамдық бірлестігіне келген Баймұрат Жұмғайұлы өзінің бір кездері осындағы лагерьдің сақшысы болғанын айтты.

– «Бұл жерде полиция өкілдеріне де, қыстақтағы басшыларға да шексіз билік берілген. Мәселен, қыстақ басшысы өзінің қол астындағы жұмысшылары өз жұмысын дұрыс атқармаса, ол адамды соттатып жіберуге құқылы. Бұл жай қыстақ бастығының өзі. Ал полиция өкілі де солай. Керек десеңіз, екі адамды үкімсіз атып салуға да құқылы. Мұны полициядан ешкім сұрамайды. Бізде онбасы деген билік өкілі болды. Ол қыстақтағы он отбасыны басқарады. Онбасылар қоғамда шаш ал десе басыңды қоса алатын нағыз әпербақанның өзі! Олардың еркіндігі сонша – кімді соттап, абақтыға жаптырамын десе өз еркі! Мен лагерьдегі сақшының жұмысына о баста ешқандай түсінбестікпен келгенмін. Ол жердегі шындықтардың бәрін өз көзіммен көрген соң келгеніме өкіндім… Бізді жаңадан салынған қазақ мектебіне жіберген. Қарасам, бұл мектепті жауып, орнын түрмеге айналдырыпты. Қамалғандардың ішінде жастардан бастап 80-жастағы кемпір шалдарға дейін бар екен. Жағдайлары адам нанғысыз халде. Оларды кіргізетін дәліздегі есіктерді бір-бірімен жабыстыра салған сияқты, әрең ашылады. Ешкім ешкімді көре алмайды. Әсіресе, анау келген жазықсыз адамдардың аяқ-қолына кісен салғанда, олардың  қолына көрпе мен жамылғысын өздеріне арқалатып жіберіп отырғанына қарап өзімді кімге теңерімді білмей қалдым… Бұл жұмыстан қалайда кеткім келді. Бірақ «жұмыстан шығамын» десең де жауапқа тартыласың. Себебі, мұнымыз үкіметтің саясатына қарсылық деп танылады. Бірақ мен бұл жұмыстан есебін тауып кеттім. Алдағы қиындықтарға қарамай, өзім де, әйелім де елге жеттік».

 

Кеңестік жүйеден түк те айырмасы жоқ режим!

 «Онбасылар қоғамда шаш ал десе басыңды қоса алатын нағыз әпербақанның өзі! Олардың еркіндігі сонша – кімді соттап, абақтыға жаптырамын десе өз еркі! Ал полициялар өкілі де солай. Керек десеңіз, екі адамды үкімсіз атып салуға да құқылы. Мұны полициядан ешкім сұрамайды».

Ия, кеңестік қызыл империяның эксперименттен өткен еш талассыз соқыр саясаты.

Бүгінгі Қытайдың осы режиміндегі әсіресе, Шығыс Түркістандағы мұсылман халықтарына көрсетіп отырған зорлық-зомбылығы кешегі кеңестік жүйедегі режимнен бірде бір айырмашылығы жоқтығын байқап отырған боларсыз. Әрине, Сталиннің тәжірибесінен өткен, дайын режим. Біраз уақыттан бері «Нағыз Атажұрт» еріктілерінің арқасында қытай лагерлерінің шындықтары бүкіл әлемге ашылды. Әлі де ашыла бермекші. Бүгінгі күнге дейін тек «Атажұрт» еріктілері ғана өз қандастарын қорғаумен келеді. Ал бүгінде осынау Қытай қазақтарына біз қалай араша болып отырмыз? Біздер осы қытай қазақтарының мәселесіне неге дүйім қазақ болып ат салыспаймыз?

Дұрыс, 2019 жылдың қараша айында қытайдағы аз ұлттардың қытай үкіметінен зорлық көріп отырғанына байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Ұйымдастырушылар – Ерғали Серік, заңгер Ләззат Ахат, журналист-публицист Қуандық Шамахай, тарихшы Жұмамұрат Кеңесұлы, Қапар Ахатұлы қытайдағы мұсылман қауымының адам құқықтарының тапталып жатқандығын ресми түрде ашық жариялады. Мәслихатқа Қытайдан келген оралмандар ішінде саяси үйрену лагерінде болғандар келіп қатысты. Алайда, азуын айға білеген Си Цзиньпиннің саясатының түпкі мақсаты – Қазақстанды және Орта Азияны билеп төстеу ертеден келе жатқан ата-бабаларының жоспарлы саясат екендігін де «Нағыз Атажұрт» еріктілері жариялап келеді. Бірақ, бұл жоспардың Қазақстан мен Орта Азия халықтары үшін қауіпті екендігін біле тұра, Қытайдағы қазақ тұтқындардың тағдырына ешкімнің алаңдап отырмағаны жанға батады. Рас, бұл мәселені о баста қазақ емес, батыс журналистері қолға алды. Шығыс Түркістандық тұтқындарға араша түсіп, әлемге жар салды. Ал бізде өздері айтқандай – жұмыла көтерген жүк жеңіл болатыны бар емес пе…? Бүгінгі еріктілер қоғамындағы төрағалар Қазақстан жазушыларының яғни, зиялы қауымның әлі күнге дейін бас көтермей отырғанына қынжылады.

 

Шара Құрбанова

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз