немесе пандемияның 14 ащы сабағы

     Коронавирус… Пандемия.. Қазір осы қорқынышты да үрейлі сөз бүкіл әлемді кезіп жүр. Кеңес өкіметінде «Еуропаны елес кезіп жүр» деп айтушы едік. «Көптен көрген ұлы той» деп өзімізді өзіміз жұбатып, алғы күндерге үмітпен қарайтынымыз тағы бар. Әрине, бәрінен де басым түсетіні ең шынайысы «Алланың сынағы.. сабыр етейік» деген қасиетті сөздер. Иә, бұл тек бір елге, бір мемлекетке емес, бүкіл әлемге келген Алланың сынағы. Тек осы сынақтан қорытынды, нәтиже шығарып, ащы сабақ алсақ қанеки. Мұндай сынақтар адамзат тарихында талай мәрте болған. Бірақ адам баласы тәубесіне келген жоқ. Болған, өткен Аллатағаламның кезекті жазаларынан, сынақтарынан соң нәтиже аз болғаны тарихта айшықталып қалды. Ол қасиетті Құранда да айтылған. Әрине, бұл өзінше бір үлкен арналы әңгіме. Біздің айтайын деп отырғанымыз осы өзекті мәселенің бір пұшпағы ғана. Алайда ол өте маңызды мәселе. «Жұт жеті ағайынды» дегендей қазақ байғұстың қос өкпесін атың өшкір індеттен өзге де талай ауырпалықтар, қиындықтар жан-жақтан қысып жатыр. Дағдарыс.. доллардың шарықтап, теңгенің құлдырауы.. қымбатшылық… дауыл… жауын-шашын… су тасқыны… отбасылық қиыншылық, т.б. Өкпеміз қысылып тұр! Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен өр, жайсаң жандар да жоқ емес, мәселен дәрігерлерді батырлар деп әспеттедік. Бұл әділ әспеттеу. Билік те қолынан келгенін жасап жатыр. Байлар да аз-мұз қозғалды. Осы шаралар қазақтың жағдайын жақсартты ма? Әрине, кәдімгідей қазекеңдерге демеу, жыртығына жамау болды.

Міне, осы тұста айтатын мәселемізді ортаға салғымыз келеді. Біздің газетіміздің Алматы облысы бойынша тілшісі, белгілі қаламгер Нұрила Бектемірова «Коронавирус қазақты қамшылап тұр» деген мақала жазды. Иә, бұл індет қазақты, оның ішінде билікті қамшылайтыны сөзсіз. «Мұның да артында қайыры бар» дегендей осылай қамшы сала отырып, өмірге, экономикаға, жалпы бүкіл тыныс-тіршілігімізге жаңаша қырынан қарауымызды қажет етіп, мәжбүрледі. Ойға түйгендерімізді санамалап жеткізелік:

Біріншіден, мұнай, қазба байлықтары мәңгілік байлық емес екенін;

Екіншіден, жемқорлық вирустан да, кездейсоқ табиғат апатынан да қауіпті де қатерлі екенін;

Үшіншіден, иман, ұят, ар мәселесі өмірде салтанат құрмаса әлем де, қоғам да, мемлекет те іріп-шіріп жоқ болатынын;

Төртіншіден, шағын және орта кәсіп өмірдің өзегі екенін;

Бесіншіден, ауыл шаруашылығын барынша өркендетіп, бес түлік малдың басын көбейту қажет екенін;

Алтыншыдан, медицина саласының қызметкерлеріне шынайы, толыққанды білім беру керек екендігін;

Жетіншіден, қандай ауру, індет болсын оның алдын алу үшін спортты салауатты өмірді барынша күшейту қажет екенін;

Сегізіншіден, дәрумен, күш-қуат беретін азық-түлік, ет, сүт, т.б. тамақ түрлері дастарханда болу керек екенін;

Тоғызыншыдан, жеңіл өнеркәсіпті дамытып, өз зауыт-фабрик, цехтарымызды көбейту қажет екендігін;

Оныншыдан, ел бірлігі үшін ұлттық идеологиыны нығайтып, бір мемлекеттік тілде түсінісетін мемлекетке айналып, онда бірлік пен ынтымақ қажеттігін;

Он біріншіден, медициналық заманауи аппараттарды барынша көбейтіп, биологиялық-бактериялық соғысқа қандай жағдайда болсын дайын болуымыздың керектігін;

Он екіншіден, әскери қарулы күштерімізді нығайтып, шекара, кедендерді нығайту елді қорғаудың басты шарты, міндеті екендігін;

Он үшіншіден, елде, мемлекетке отаншылдықты, патриоттық сезімді күшейтіп, балабақшаларда, мектептерде, оның алғашқы дәндерін егіп, терең тамырлату қажеттігін;

Он төртіншіден, қытайдағы сияқты тәртіпті нығайту арқылы қандай ауруды да, апатты да жеңуге болатынын… т.б. білдік.

Иә, бұл пандемия бізге ащы, өте ащы сабақ беріп отыр. Бұл ауыртпалық, бұл індет құдай қаласа өтер, кетер, тарихқа айналар. Бірақ біз ащы сабақ алғанымызды ұмытпай, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей келесі эпидемиялық соғысқа, індетке кез келген уақытта дайын болуымыз қажет. Сіз не айтасыз, оқырман? Бұл айтылғандарға не қосасыз, ағайын?

Ал біздің тағы бір қосатынымыз сөзіміздің басында айтқанымыздай әлем әлі де Аллатағаласының алдында тәубесіне келмей отыр. Ең ащы сабақ осы екенін, адамзат қоғамы білуі тиіс. Тәубеңе кел, тәкаппарлығыңды ұмыт, төрткүл әлем!

 

                                                                                               Ертай Айғалиұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз