ДӘРУМЕННІҢ ТӨРЕСІ

0
1261

немесе тамақтанудың мәнісі тоя тамақ жеу емес

Қытайдың жын-шайтан жайлаған Ухан қаласын короновирус дүрліктіріп жатқан өткен айда осы індеттен қайткенде сақтануға болатыны туралы неше түрлі кеңес айтыла бастады. Әлеуметтік желіде тараған сондай бір хабар Қытайдағы Занджан университетінің ғылыми медицина факультетінің Ләйла Ахмади есімді қызметкерімін деген әйелдің атымен жіберілген кеңес. Онда ол «вирус ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде барлық елге тарайды, сондықтан мүмкіндік болғанша табиғи С дәруменін көбірек қабылдаңыздар» депті. Дәлел ретінде Пекиннің әскери госпиталының бас деректірі, профессор Чэнь Хорин деген ғалымның «Жылы суға салып ішкен бір кесек лимон өміріңді сақтап қалуы мүмкін» деген сөзін келтіре кетіпті.

Ләйла Ахмади деген ғылыми қызметкер кім, Чэнь Хорин деген ғалым профессор кім, бар адамдар ма, жоқ адамдар ма, мәселе онда емес, мәселе ақпараттың дұрыстығында.

С – адам ағзасы үшін нөмірі бірінші дәрумен. Ғалымдар оны әлдеқашан дәлелдеп қойған. Оқырманға ғылыми зерттеулерден зерделеп, түйгенімді айтпақпын.

Мен бұдан бірнеше жыл бұрын табиғи дәрумен сататын шетелдік фирманың кеңесші менеджері балып қосымша жұмыс істеген едім. Жұмыс барысында қазақ тілді халыққа арнап дәрумендер туралы орысша кітапшаларды қазақ тіліне аударуға тура келген. Сонда пайымдағаным, біз ағзамызға күнделікті аса қажетті дәрумендер туралы тіпті де ойланбайды екенбіз. Тамақтанудың мәнісіне де терең бойлай қоймаймыз. Тамақтанудың мәнісі асқазанды тамақпен толтыру емес, таусыла бастаған нәрлі заттектермен ағзаны қамтамасыз ету. Денсаулықтың мықты болуы үшін ағзаны минералдармен, дәрумендермен, амин қышқылдарымен (олар жиырма екі) және  басқа да нәрлі заттектермен күн сайын толықтырып отыру қажет. Адамға қажетті қырық бес дәруменнің ең бастысы С дәрумені.

 

 

С дәруменінің пайдасы алуан түрлі, ең бастысы ол иммунитетті (ауыруға қарсылық қабілетті) нығайтатын дәрумендердің төресі. Егер иммунитет нашарласа адамды әртүрлі вирустар әурелей бастайды. Біз – адам баласы иммунитеттіміздің арқасында маңайымызда құжынап жүрген вирустар мен инфекцияға берілмей жер басып, бақытқа кенеліп жүргенімізді түсінуіміз керек.

Аңдар мен жан-жануарлар С дәруменін өз ағзаларында синтездеп жасап шығара алады. Ежелгі тіршілік кезінде адам баласында да сондай қасиет болған. Бірақ тамақты пісіріп жеуге қолы жеткелі ол қасиеттен айырылып қалған жайы бар. Сондықтан адам ағзасы күн сайын қажет ететін С дәруменін тек С дәрумені бар азық-түліктен ғана ала алады. Азық-түлікті пісіргенде С дәруменінің көп бөлігі жойылып кететінін де есте ұстаған жөн.

Әлгі хабарламадағы ғылыми қызметкердің «мүмкіндік болғанша табиғи С дәруменін көбірек қабылдаңыздар» дегеніне назар аударалық.

Қазіргі сатылымдағы дәрумендер екі топқа бөлінеді. Бірі, табиғи дәрумендер. Екіншісі, химиялық жолмен синтезделген поливитаминдер. Поливитаминдар мәселені шешудің жолы емес, адам ағзасы ондай жасанды дәрумендердің бар болғаны 20-25%-ын ғана сіңіре алады. Сол себепті табиғи дәрумендерге баса мән берген дұрыс. Табиғи дәрумендер деген не десек, ол кәдімгі табиғи таза азық-түліктер: өңделмеген көкөністер, жемістер, астық өнімдері, ет, балық және т.б. Бірақ қазіргі азық-түліктердің құнары азайып барады, тазалығына да сенім жоқ. Жылыжайда өскен көкөністерді ашық аспан астында, топырақта өнген дақылдармен еш салыстыра алмайсың. Оның үстіне тезірек пісіріп, тезірек базарға жөнелтуді ойлаған адамдар оған мөлшерден тыс химикат беріп жіберетіні анық. Оны былай қойғанда, мезгілі жетіп піссе де топырақтың құнарсыздануынан қазіргі көкөністер мен жемістердің нәрі осыдан жиырма жыл, отыз жыл бұрынғы көкөністер мен жемістерге қарағанда әлдеқайда кедейленіп, жұтаң тартып кеткен. Бұл жағдай елден бұрын жабайы капитализм дәуірін бастан кешкен АҚШ-та болыпты. Дәл сол жабайы капитализмді енді біз бастан кешудеміз. АҚШ-та қыс болмайтын себепті бір жылда бірнеше мәрте өнім жинап, топырақтың құнарын кетіріп алған. Сол себепті тыңайтқыштар мен химикаттарды мөлшерден тыс беруге мәжбүр. Біздің де топырағымыз тозып, жеріміз азып барады. Ал Қытайдан тасымалданатын көкөністер мен жемістердің пайдасы жоғын былай қойғанда, адам ағзасына тікелей зиянды болуы да әбден мүмкін.

 

 

Сондықтан әлем халқы БАД пайдалануды әдетке айналдырған. Мысалы Жапонияда жұмысқа қабылданар алдына толтыратын анкетада «Қандай компанияның БАД-ын ішесің?» деген сұрақ болатын көрінеді. Ондай әдеттен біз де аулақ жүре алмайтын сияқтымыз. Сондықтан оны да таңдап, талғап, тиісті сараптама жасайтын мекемелердің мақұлдағандарын ғана пайдаланған жөн. БАД дегеніміз орысша айтқанда, биологически активные добавки к пище, яғни тағамға биологиялық белсенді үстемелер. Яғни тағамдарда азайып кеткен дәрумендерді қосымша толықтыратын үстемелер. Бұл түрлі шөптерден алынған нәрлі заттектер жиынтығы, демек табиғи дәрумендер дегеніміз – осы.

БАД өндірісі химиялық тағамдардың зардабын ерте тартқан АҚШ-та бастау алған. Химиядан кім алғаш зиян көрсе, соның зардабынан тезірек құтылуды да әуелі бірінші болып зардап шеккен жақ ойлай бастайды ғой. БАД өндірісі соңғы жылдары біздің Қазақстанда да жақсы дами бастады. Қазақстанда шығатын БАД-тардың шетелдік БАД-тардан бір артықшылығы әлі химиямен улана қоймаған өзіміздің табиғи таза шикізаттардан алынатыны болса, екінші бір артықшылығы өзімізде жасалатындықтан шетелдік БАД-тарға қарағанда ондаған есеге арзан екендігінде. Сондықтан отандық өнімді таңдаған жөн.

Арамызда БАД дегенді түсіне қоймайтындар әлі де жеткілікті. Қазақтың БАД деген сөзді естігені күні кеше ғана. Әйтпесе ол бізде бұрын да болған. Мысалы емдік шөптің қайнатпалары БАД-тың нағыз өзі.

Иә сонымен С дәруменіне оралайық. Оның иммундық жүйені нығайтатынын жаңа айттым. Ал басқа қасиеттері осыдан тарайды. Мысалы ол холестериннің деңгейін реттейді, қан тамырларын тазартады, атеросклероздың алдын алады, ағзадан никотинді ығыстырып шығарады, теріге жақсы әсер етеді, коллагеннің өнуін тездетеді. Егер ағзада С дәрумені жетіспесе, шаршап-шалдығу басталады. Ақпаратты қабылдау, оны есте сақтау қабілеті нашарлайды. Сонымен бірге ол қатерлі ісіктің пайда болуына себепші бос радикалдардың әсерін жоятын күшті антиоксидант, яғни онкологиялық аурулардың алдын алады.

Бос радикалдар дегеніміз, электронын жоғалтқан тұрақсыз молекулалар.

Ал антиоксидант дегеніміз, бос радикалдарды электрондармен қамтамасыз етіп, қайтадан тұрақты молекулаға айналдыратын тұрақты қосылыстар. С дәрумені соның бірі, әрі бірегейі. Бұл өзі сағаттап айтса да адамды жалықтырмайтын өте қызық тақырып.

Адам баласы өзін адам сияқты тың, сергек сезініп жүруі үшін күн сайын 120 мг С дәруменін қажет етеді. Назар аударыңыз 120 мг деген бір граммға да жетпейді. Көпшілігіміз осы бір граммға да жетпейтін С дәруменінің өзін толық ала алмаймыз.

Атақты фототілші Сайлау Пернебай ағамыз лимонды қабығымен жеп қоятын еді. Сөйтсем онысы дұрыс екен. Өсімдік тектес өнімдердің қабығында пайдалы заттектер көбірек шоғырланған. Мысалы қара ұн бидайдың сыртқы қабатынан жасалады да, одан арғысы ақ ұнға айналады.

Алайда соншалық пайдасы бар С-екеңнің бір жаман қасиеті бар боп шықты. Ол ағзадан тер арқылы, кіші дәрет арқылы тез шығып кететін көрінеді. С дәруменін ағзаның жоғалтып алатын басқа да себептері жетерлік. Соның бірі ылас ауамен тыныстау. Ал темекі шегу С дәруменін құртудың бірден бір төте жолы. Бір тал темекі ағзадағы С дәруменінің 20-25 мг-ын оп-оңай жойып жіберетінін ғалымдар дәлелдеп қойған. Сонда құнарлы тамақ жеп, әрең жинаған 120 мг С дәруменін жоқ қылуға 5-6 тал темекі жетіп жатыр екен. Шылымқорлардың бұл қылығын қалай түсінуге болады? Олар ақшаға сатып алған денсаулығын, тағы да ақша шығарып құртумен әуре екен ғой.

 

 

Дәрумендер туралы кітапшаның дәл осы тұсын аударған мезеттен бастап мен де темекіден саналы түрде бас тарттым.

Ал дүниені дүрліктіріп тұрған короновирус тыныс жолдарын зақымдайтын індет. Осы індет басталғаны неше түрлі сараптамалар айтылуда. «Қаза тапқандардың көпшілігі еркек адамдар, мүмкін бұл олардың шылымға әуестігінен шығар» дейді бір сараптамада. Енді бір зерттеуде «15 жасқа дейінгі балаларда вирус біршама уақыт еш әсерсіз жүре береді екен» дейді. Бұл екі пікірдің екеуінің де жаны бар. Темекі шегетін адамның өкпесі қарайып кетеді. Жазушы Максим Горький өмір бойы темекі шеккен. Өлген соң сойып қараса, өкпесі қарайып, бір уыс боп бүрісіп қалған екен дейді.

Сталинді де өзінің қорқорынсыз елестете алмайсың. Соның әсері болар, ол да гриппен көп ауырған. «Битва за Москву» атты фильмде де оның гриппен науқастанып жатқанын көрсетеді. Себебі белгілі, темекі ағзадағы С дәруменін жалмап, жоқ қылған. Сөйтіп С дәруменінің тапшылығынан ауруға қарсылық қасиеті тым төмендеп кеткен.

Осындай онсыз да дімкәс өкпе короновирус түгілі кез келген үйреншікті вирусты да көтере алмас еді.

Ал 15 жасқа дейінгі балалардың қарттар мен шылымқорларға қарағанда короновирусқа төзімділігі біріншіден, ағзаның жастығы мен балғындығы болса, екіншіден, олардың өкпелерінің шылым түтінімен уланбағандығы деуге болады.

Сонымен С дәрумені Covid-19 короновирусты індетіне ем бола ала ма? Әрине, сұрақ бұлай қойылмауы керек. Дәрумен дәрі емес. Дәрі де дәрумен бола алмайды. Дәрі аурудың бетін жедел қайтарса, дәрумен тірі жүрудің, өмір сүрудің тірегі. Ол ауруға берілмеудің түбегейлі дұрыс жолы. Жыл санауымыздан бұрынғы бес жүзінші жылдардағы жазбаларда: «Егер дұрыс тамақтанбасаң, саған ешбір дәрі көмектеспейді, ал дұрыс тамақтансаң, саған ешқандай дәрінің қажеті жоқ» деген өте ақылды кеңес бар екен. Демек дәрумен ауруға қарсы тұратын қалқан. Иммунитеті күштілерге қарағанда, вирустың иммунитеті нашар адамдарды тез жәукемдеп тастайды.

Адамның иммунетін көтеретін тек С дәрумені ғана емес, иммунитетті басқа да дәрумендер мен минералдар нығайтуға себепші. Бірақ көптеген дәрумендердің ішінде С-ның шоқтығы әрдайым биік.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы.

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.