Марқұм Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева тәтеміз көзі тірі болғанда жетпіс бес жасқа келер еді. Тәтемізбен мен және газетіміздің ұжымы көп араластық. Ғалым, жазушы, журналист Мағрипа тәтеміздің мақалалары біздің газетімізде молынан жарияланды. Әсіресе ол кісінің бүкіл жарты ғұмырын арнаған Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазулары жөніндегі мақалаларын, зерттеулерін жариялап, газет зор қолдау көрсетті. Жалпы Мағрипа тәтенің сатирасы болсын, зерттеу дүниелері болсын ерекше назар аударарлық. Тәтеміздің ғұмырын жалғастырушы талантты журналист, қаламгер, жапонтанушы Шарапат Жылқыбаева қарындасымыз анасының артында қалған дүниелерін қал-қадерінше түгендеп жүр. Біз Мағрипа тәтеміздің бүгін өмірбаян деректерін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, иманы саламат, жаны жәннатта болуын бір Алламыздан өтінеміз.

1945 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Жамбыл ауылындағы мектепті 1964 жылы медальмен бітірген алғашқы үздік түлек. 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін тәмамдаған. Радиацияның әсерін зерттеу проблемасымен байланысты «Исследование природы центров окраски в оптических кристаллах кальцита (CaCO3)» деген тақырыптағы диссертациясын 1981 жылы Томск мемлекеттік университеті, Сібір физика-техникалық институында қорғап, «физика-математика ғылымдарының кандидаты» деген атақ алған. 1991 жылы 29 қарашада Москвада Мағрипа Жылқыбаеваға физикадан «доцент» ғылыми атағы беріледі.

Мағрипа Жылқыбаева — оптикалық кристалдарға радиацияның әсері жайында кешенді зерттеу жүргізген әлемдегі тұңғыш ғалым. Осы ғылыми еңбек қорғалған кезден бергі уақыт аралығында В.А. Федоров, Т.Н. Плужникова, Р.А. Кириллов, О.П. Матвеева, И.В. Нефедова, Е.Ф. Полисадова, В.И. Корепанов, т.б. жаратылыстану  салаларындағы  ғалымдар Мағрипа Жылқыбаеваның еңбегі негізінде зерттеулер жүргізіп, өздерінің ғылыми жұмыстарына, диссертацияларына ғалым еңбегін арқау еткен.

 

 

Мағрипа Жылқыбаева 1974-1994 жылдар аралығында физика саласына қатысты бүкілодақтық ғылыми жиындарда баяндамалар жасап, конференция жинақтарына мақалалары енгізілген. Атап айтсақ, Таллин, Москва, Ленинград, Томск, Александров, т.б қалаларда өткен ғылыми конференцияларға бірнеше реттен қатысқан. Ғылыми-педагогикалық жұмысы кезінде түрлі грамоталармен марапатталған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында 1995 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарған ғалым техникалық ЖОО-на арналған «Жалпы физика курсының есептері. Оқу құралы» (Алматы: 1992), «Айналадағы радиация» (Алматы: 1990) сияқты физика саласындағы ғылыми кітаптардың, бірнеше оқу-әдістемелік құралдың  авторы. Радиацияның кристалдарға әсері жайындағы жұмыстары бойынша 2 патенттің иесі.

Мағрипа Жылқыбаеваның жаратылыстану ғылымдары бойынша көпшілікке арналған зерттеу мақалалары мен әдебиет саласындағы дүниелері әр жылдары Алматы облыстық «Қазақ тілі қоғамының» «Ақиқат»  газетінде,  «Білім және еңбек» (Зерде), «Жұлдыз», «Алматы ақшамы», «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан), «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (Жас алаш), «Ақиқат», «Ана тілі», «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан–Заман», «Түркі әлемі», «Азия», «Жас Қазақ», «Жетісу», «Денсаулық», «Шалқар», «Ара», «Арай», «Ақ босаға», «Тарлан», «Айқын», «Өркен», «Қазақстан мұғалімі», «Айт», «Қазақстан мектебі», «Ақиқат» журналы тәрізді республикалық және халықаралық басылым беттерінде жарияланған.

1993 жылға дейін «Қазақ радиосының» әдеби хабарлар, жастар редакциясы арқылы әдеби, публицистикалық әңгімелері беріліп тұрған. Қазақстан Жазушылар Одағының «Найзагер» сатирик қаламгерлер қауымдастығының мүшесі болған (мүшелік билет №6, 1993 жыл) ғалым-қаламгердің  публицистиканың сатира жанры бойынша жазған шығармалары «Ара», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан»,  «Жас Алаш»,  «Қазақстан-Заман», «Қазақстан мұғалімі» т.б. газет-журналдарда басылды, қазір де республикалық ақпарат құралдарының сатира қосымшаларында жариялануда. 1986 жылы бір топ сатирик жазушылардың еңбектері топтастырылған «Қисық шеге» деп аталатын жинаққа Мағрипа Шөжеғұлқызының сықақ әңгімелері мен мысалдары енген.  2019 жылы «Мерей» баспасынан сатирик қаламгердің «Жалғасы бар ұтыс» деп аталатын сатиралық шығармалар жинағы жарық көрді.

Мағрипа Жылқыбаева — Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жылға жуық уақыт зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик. 1989 жылдан бастап Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазуларын оптикалық әдістер арқылы зерттеумен айналысқан ғалым Алтын адам жазуында көрсетілген нұсқау бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде сақталған жартастағы петроглифтер мен Будда жазуларын, шет елдердегі көне мұраларды да зерттеп, таңбалар расшифровкасын жасады.

 

 

Мағрипа Жылқыбаеваның Алтын адам жазуын зерттеу нәтижесінде ашқан ғылыми жаңалықтары түрлі ғылыми жиындарда, конференцияларда баяндалды. Мәселен, 2009 жылы «Түркі әлемінің қазіргі өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Ұмай ананың құпиясы» деген тақырыптағы баяндамасы ғалымдардың назарына ұсынылып, ғылыми жинаққа енгізілген.

Мағрипа Жылқыбаева қазақтың атын әлемге танытқан ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың елге беймәлім болып келген құпия қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеген республикадағы жалғыз жаратылыстанушы ғалым. 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Қазақ бақсы-балгерлері» деп аталатын жинаққа ғалымның Жамбылдың ерекше қабілеті жайында жазылған «Құпия күш құдіреті» деп аталатын мақаласы енген.

 

 

Мағрипа Жылқыбаева халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі (1991 жыл). Кеңес Үкіметі кезінен бастап елімізде қазақ тілінің өркен жаюы үшін тер төгіп еңбек еткен қайраткердің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласындағы №128 орыс мектебінің таза қазақ мектебі болуы үшін ата-аналарды ұйымдастырып, тиісті мекемелерге хаттар жазып, мемлекеттік тіл іргесінің беріктенуіне үлес қосқан ғалым. Қазақ тілі отаршылдық идеологияның ықпалында болған кезеңде Мағрипа Жылқыбаева В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында декан орынбасары қызметін атқара жүріп, аталмыш оқу орнында қазақтың атақты ақын-жазушыларымен студенттердің шығармашылық кездесулерін жиі-жиі ұйымдастырып, ұлт руханиятын игерген саналы ұрпақтың қалыптасуына зор еңбек сіңіру арқылы  ел есінде қалды.

 

Ертай Айғалиұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз