Ағымдағы жылдың 10 сәуірінде Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Өңірімізде COVID-19 короновирустық инфекциясының таралауына қарсы іс-қимыл аясында эпидемияға қарсы карантиндік шаралардың қолға алынуына байланысты, азаматтардың денсаулығына қауіп төндірмеу және сақтық шараларын күшейту мақсатында,  алқалы органның жиыны алғаш рет әдеттегідей емес, қашықтықта, яғни жаңа байланыс құралдарын кең көлемде қолдану арқылы онлайн форматта өткізілді.

Әдеп кеңесінің күн тәртібіне сәйкес, екі мәселе қаралды. Олардың бірі  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Д.Амантурлыевке қатысты мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын бұзу дерегі бойынша қозғалған тәртіптік іс.

Тәртіптік істің мән-жайына келетін болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен келіп түскен мәліметке сәйкес, Д. Амантурлыевтың 2020 жылдың  31 қаңтарында ҚР АШМ  Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтау қалалық аумақтық инспекциясының басшысы  Е.Сынабаевтың қызметтік бөлмесінде  отырып, алдағы уақыттағы қылмыстық іс-әрекеттерін жоспарлап, өзінің қызметтік өкілеттігін және логистикалық қызмет көрсететін  ЖШС-тің өзіне тәуелді жағдайда екенін біліп, фитосанитариялық сертификаттарды кедергісіз беру үшін кемені дезинфекциялау қызметі бойынша  кәсіпкерлерді мәжбүрлеп келісім-шартқа отырғызу жоспарын құрған.

Аталған жоспарға сәйкес, қызметші Е.Сынабаев ЖШС-тің директоры «С» деген азаматты  қызметтік бөлмесіне шақырып, өзінің ұсынған кәсіпкерімен келісім-шартқа отыруын, ал талаптармен келіспеген жағдайда қатаң жауапкершілікке тартып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтінін жеткізген. Ұсыныспен келіскен жағдайда фитосанитариялық және ветеринариялық қадағалау тарапынан қамқорлық көрсетілетінін, бұл туралы Д.Амантурлыев білетінін жеткізген. Аталған заңсыз талаптармен Серіктестік директоры амалсыздан келіскен. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен Е.Сынабаев өзге қылмысты жасады деген күдікпен ұсталуына орай, Д.Амантурлыев өзінің құрған қылмыстық іс-әрекеттерін соңына дейін жеткізе алмаған.

Бұдан басқа, 2015-2019 жылдар аралығында екі ЖШС-мен дезинфекция жұмыстары бойынша лауазымды тұлға Д.Амантурлыевтың жолдасы жеке кәсіпкер ретінде  келісім-шартқа отырған. Аталған келісім-шарт бойынша құжаттардың рәсімделуі, жұмыстардың орындалуы мен қаражаттың аударылуы толықтай Д.Амантурлыевтың қадағалауында болған және осы келісім-шартпен жұмыс жасаған ЖШС-дің бірде-бір құжаттары фитосанитариялық қадағалау инспекциясымен кері қайтарылмаған.

Келесі жағдайда, яғни 17.01.2020 жылы Пакистан Ислам Республикасынан «Болашақ» кеден бекетіне бір ЖК-дің атына келген 3 (үш) вагон «мандарин» тауарының құжаттарын тексеру барысында фитосанитариялық қадағалау инспекторы Ж.Қойлыбаев пен лауазымды тұлға Д.Амантурлыев аталған вагондардың фитосанитариялық сертификаттары дұрыс толтырмағанын негізге алып, вагондарды кері қайтару туралы акт жасаған.

Алайда, сол күні сертификаттар еш өзгерместен және қайтару туралы акттердің рәсімделгеніне қарамастан белгісіз себептермен карантиндік продукция Ақтау қаласына дейін жіберілген және карантиндік продукцияны кері қайтару туралы акт толтырылғаннан кейін вагондар фитосанитариялық инспектордың талабы бойынша поезд құрамынан ажыратылып, кейіннен қайта қосылған. Бұл іс-әрекеттердің кәсіпкердің пара ұсынуына жағдай жасап, анық жемқорлық мақсатта жасалған әрекет екені байқалған.

Заңсыз іс-әрекеттерін соңына дейін жеткізген Д.Амантурлыев, Е.Сынабаевпен әңгімелесу барысында карантиндік продукцияны кері қайтару туралы жалған акт толтырғанын жеткізген.

Кеңес барысында лауазымды тұлға Д.Амантурлыев аталған заңбұзушылық деректерін жоққа шығаруға тырысқанымен, тексеру құжаттарына жалғанған бейне жазбалар оның жоғарыда көрсетілген әрекеттеріне дәлел болды. Сонымен бірге, Д.Амантурлыев мемлекеттік қызметші бола тұра және қызмет бөлмесінде отырып, Е.Сынабаевпен әңгімелесу барысында мемлекеттік қызметшінің  этикасын сақтамай,  балағат сөздерді жиі қолданатыны белгілі болды.

 

 

Тәртіптік істің құжаттарын жан-жақты зерделей келе, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен этика талаптарын өрескел  бұзғаны үшін, басым көпшілік дауыспен Д.Амантурлыевты лауазымынан босату туралы тәртіптік жазаға тартуға жатады деген шешімге келді. Бұл жөнінде жоғары тұрған органның басшысы атына ұсыным жолданатын болды.

Күн тәртібіне сәйкес кеңесте қаралған келесі мәселе, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің ұсынысымен Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Б. Нуралиевке қатысты  қозғалған тәртіптік іс.

Аталған лауазымды тұлға ауыр салмақты және ірі көлемді автокөлік құралдарының жүріп өтуіне  арнайы рұқсат беру кезінде белгіленген нормаларды бұзған. Бұл деректер, 2019 жылдың қазан айында орын алғандығы  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің жоспардан тыс тексеруі кезінде анықталған.

Атап айтқанда, «Құрық-Жетібай», «Жетібай-Ақтау» маршрутының арақашықтығы 167 шақырым, сондықтан арнайы рұқсат бойынша мемлекет кірісіне төленетін алым сомасы 221802 теңгені құрайды. Инспекциямен «Қазавтожол» ҰК АҚ филиалының келісімінің маршруты ескерілмей, «Құрық-Өмірзақ» маршруты бойынша алым сомасы 114885  теңге есептеліп, 106917 теңге көлемінде мемлекет кірісіне нұқсан келтірілген болатын.

«Қазавтожол» ҰК АҚ келісімі берілмеген маршрутқа рұқсат бергені, яғни рұқсат құжатының берілу тәртібін бұзғаны үшін лауазымды тұлға Б. Нұралиев 18.12.2019ж. соттың шешімімен ҚР ӘҚБтК 465-бабы 2-бөлімімен әкімшілік жазаға тартылып, 53025 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Осыған орай, мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының талаптарына сәйкес, әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері  байқалған лауазымды тұлға сол заңбұзушылығы үшін  қосымша мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықпен тәртіптік жазаға тартылмайды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жоғарыда келтірілген мән-жайды ескере отырып, Б.Нуралиевке қатысты тәртіптік істі қысқарту туралы шешім шығарды.

Жиынды қорытындылай келе ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Н.Жанназарова көліктік бақылау инспекциясының басшысына қатысты тәртіптік істі мысалға келтіріп, мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтау, орын алған кемшіліктерді жойып, азаматтарға қызмет көрсетуде заңбұзушылықтарға жол бермеу қажеттілігін баса айтты.

 

                                      ҚР Мемлекеттік қызмет істері

                                                        агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз