Елімізде жарияланған карантиндік оқшаулану мерзімін мектеп оқушылары да барынша байыпты пайдалану керек. Әсіресе, ғаламтор желісі арқылы тегін онлайн курстарға қатысып, білімдерін шыңдаудың тиімділігі зор деп білеміз. Осы ретті математика ғылымдарының PhD докторанты (KAUST университеті), жерлесіміз Серікболсын Дүйсенбай елдегі 5 сынып оқушыларына арналған тегін онлайн курсын ашпақшы. Сабақ 15 сәуірде басталып, төртінші тоқсанның соңына дейін жалғасады.

Халқымыз бүгінгідей ауыр жағдайды бастан өтізіп жатқанда білімді де білікті азаматтардың әртүрлі жағынан қолұшын беріп, демеу болып жатқаны қуантады. Қазір Сауд Арабиясының Туваль қаласында тұратын жерлесімізбен хабарласып, онлайн курстың қалай жүретінін анықтап сұрадық.

– Менің сабақтарым YouTube платформасы арқылы өтеді. Аптасына 2 рет тікелей эфирге шығамын, бір сабақ шамамен 1 сағаттай уақыт болады. Осы жолғы онлайн курсымды 5-сыныптың оқушылары үшін ашып отырмын. Яғни, 4-тоқсанында өтетін барлық тақырыптарды қамти отырып, өткен сабақтарды да қайталаймыз. Сонымен қатар, 6-сыныпты алдын ала оқу бойынша сабақтар болады. Бұл келер жылы Назарбаев Зияткерлік Мектептері, Білім-Инновация лицейлері және Республикалық Физика-Математика мектептеріне жақсы дайындалуға мүмкіндік береді, – дейді Серікболсын Дүйсенбай.

Тегін курсқа қатысу үшін мына ұялы байланыс нөміріндегі (+7 775 899 7755) ватсап арқылы  «ҮЗДІКТЕР» клубына қосылып алу керек. Содан кейін қосымша нұсқамалармен және оқу кестесімен танысады. Ұстаздың сөзінше, қазір жетістікке ұмтылған оқушы үшін мүмкіндік көп. Яғни, мұғалім өткен сабақпен және берген тапсырмамен ғана шектелмей әлеуметтік желідегі әртүрлі онлайн курстармен де жетілуге болады.

– Ютубта каналында менің менің «Serikbolsyn Online School» деген жеке каналым бар. Соған жазылсаңыздар, көп сұрақтарға жауап беремін. Тіпті, бұрынғы сабақтарым да сақтаулы. Қайталап қарай бересіздер. Мен өз курсымда оқушының деңгейіне дейін түсіп жұмыс істеймін. Тіпті 3 бағамен оқитындар да түсініп кететіндей фундаментальды түрде түсіндіремін. Сондықтан, ол курстардың пайдасы өте зор. Көп оқушы нөлден бастап 100 пайыздық нәтижелер көрсетіп жүр. Және оқушылардың өздері ойланатындай тапсырмалар беремін. Математик болу үшін бастысы талпыныы керек, – дейді Серікболсын.

Тілеуберді САХАБА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз