Нұр-Сұлтандық кәсіпкер Дмитрий Шмидт күн сайын 30 отбасын ыстық тамақпен қамтуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. «Аштық дегеннің не екенін білгендіктен, мен басқаша әрекет ете алмадым. Өзім балалар үйінде тәрбиеленгенмін. Сондықтан, мемлекетімізге, мұқтаж жерлестеріме көмектесуге шешім қабылдадым», – дейді «Taza food» ЖШС фирмасының басшысы Дмитрий Шмидт. Сәуірдің басынан бері оның фирмасы күн сайын 30 отбасын ыстық тамақ пен жартылай дайын өнімдермен қамтамасыз етуде. «Барлығы цехта дайындалады. Қызметкерлер барлық санитарлық нормаларды сақтап, таңертең дезинфекция жасайды. Мұқтаж адамдар тізімін әкімдік ұсынады. Әрі қарай өнімдерді еріктілер тасымалдайды», – деп түсіндірді кәсіпкер. Қазір фирмада 30 адам еңбек етуде. Кәсіпкер болашақта мың жұмыс орнын ұйымдастыруды армандайтынын айтады. Қазірдің өзінде ол елорда әкімдігінің қолдауымен жұмысқа мұқтаж адамдардың тізімін алған. Кәсіпкер барлық сырқаттар мен дағдарыстарды тек бірлесе отырып жеңу мүмкін екеніне сенімді. «Бізде жұмыс істейтін әрбір адам – менің отбасымның бір мүшесі», – дейді Дмитрий. Бұған дейін хабарланғандай, 19 наурыздан бастап Елбасы бастамасымен Қазақстанда «Біз біргеміз» акциясы аясында мұқтаж азаматтарға азық-түлік себетін жеткізу қолға алынған. «Біздің міндетіміз – мұқтаж отбасылар тізімін жасап, еріктілер көмегімен себеттерді жеткізуді ұйымдастыру. Мұның бәрі бюджеттен тыс қаржыға, ең алдымен – Тұңғыш Президент қорының есебінен жасалуда. Бұдан бөлек, акцияға демеушілер қосылады. Олар бізге күн сайын хабарласуда, бұл үшін оларға үлкен алғыс», – дейді қала әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов. Мұқтаж отбасылар тізімі iKomek 109 қызметі және аудан әкімдіктері арқылы жасалады. «Бүгінгі таңда қала бойынша 8 700 азық-түлік себеті таратылды. Өтініш білдірушілердің саны, әрине, көп және біз ешкімге «жоқ» деп айтпаймыз. Әрбір өтініш білдіруші өзін мазалаған сауалға толық жауап алады», – деді Д.Бабамұратов. Қазірге дейін «Біз біргеміз» акциясына жиырмадан астам елордалық кәсіпкерлер қатысты. «Сонымен бірге кәсіпкерлер, дүкендер желісі мен қорлар бар. Олар бізден мұқтаж адамдардың тізімін алып, еріктілер көмегімен оларға азық-түлік себетін жеткізуде. Тасымалдаумен айналысатын еріктілердің қауіпсіздігі біздің ерекше бақылауымызда», – деді Бабамұратов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз