Бүгін мәжілістің жалпы отырысында бизнес ахуалды жақсарту мәселелеріне арналған заң жобасы қаралды. Құжатты талқылау барысында ауылдардағы телефон байланысының тарифі қозғалды. Заң жобасында елді мекендерде байланыстың әмбебап қызметтерін субсидиялауды алып тастау көзделген. Мәжілісмендер бұл ұсынысқа қарсы шықса, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин: «Шынын айту керек, қазір ауыл емес, қаланың өзінде интернет нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс бар, ол телефон. Қазір оған ауыл тұрғындары айына 670 теңге төлейді. Ал субсидия алынып тасталса, бұл сома екі-үш есеге өседі. Халық оны қалай төлейді? Осыны неге ойламайсыздар? Үкімет ұсынған норма 630 мың абонентті қамтиды, бұл ауылдардағы барлық абоненттің 98%-і. Монополист тарифті көтеруге мәжбүр болатыны түсінікті. Бұл тұтынушылар үшін байланыс қызметінің қымбаттауына әкеп соғады. Осының салдарынан ауыл тұрғындары жалғыз байланыс көзінен айырылуы мүмкін, өйткені оларда басқа балама коммуникация құралы жоқ. Мен мәселені шешудің екі жолын көрсетемін, оның біріншісі — «Қазақтелеком» өз табысынан ауылдағы байланысты өзі субсидиялауы тиіс немесе мемлекеттік бюджеттен субсидиялауды сол күйі қалдыру керек»,— деп, шенеуніктерге шүйлікті. Сөзінің соңында спикер үкімет пен «Қазақтелеком» АҚ ауыл тұрғындарының қалтасына салмақ түсірмейтін шешім қабылдау қажет екенін қадап ескертті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз