Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайты: «Жамбыл облысындағы Меркі аудандық орталық ауруханасындағы резонансты оқиға бойынша аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке сөгіс жарияланды, ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың жауапкершілігі карантин режимі аяқталғаннан кейін қаралатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында қаралды»,— деп хабарлайды. Басқосу барысында тиісті тұлғалар облыста науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін қорғаныш костюмдерімен және басқа да жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасын табатындығын айтып сендірді. Облыс әкімі жиында жергілікті атқарушы органдар мен медициналық мекемелердің басшыларын азаматтардың өтініштеріне, тілектеріне және сыни өтініштеріне мұқият назар аударуға, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселерге жедел ден қоюға шақырды. Еске салсақ, бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырып алған аталған аудандық аурухананың инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева әлеуметтік желіде өзі қызмет ететін ауруханаға қатысты мәселелерді жеткізген болатын. Содан кейін Жамбыл облысының Меркі ауданында коронавирус жұқтырған дәрігердің шағымы бойынша тексеру басталған. Сонымен қатар, Nur Otan партиясының тексеруінен соң Жамбыл облысында әкімнің орынбасары мен бас дәрігер жазаланған еді. Облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияның тексерісінен соң Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері мен оның орынбасары жұмыстан босатылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз