Аймақта 7473 тұрғын 50 мың теңгеден алды

Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті төрткүл әлемді жұдырықша жұмылдырғаны даусыз. Тәж тажалына қарсы қазір әлем елдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, тілсіз жаумен күресте күш жұмылдыруда. Елімізде де дендеп кірген дертке қарсы сақтық шаралары дер кезінде қабылданып, билік халыққа барынша қолдау білдіруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Үндеуінен кейін жанданған «Biz birgemiz» жобасының да жұртшылыққа тигізіп жатқан шарапаты орасан.

Бұған дейін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйытқы болуымен депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партия белсенділері мен жеке кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен «Bizbirgemiz» облыстық қорына 39 миллион 963 мың теңге жиналып, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік түріндегі көмек теңдей үлестіріліп берілген болатын. Бұл бастамаға «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров сынды спорт сайыпқырандары да атсалысып, көпшілікке аялы алақанның жылуын сездірген. Енді міне «Bizbirgemiz» республикалық қорынан да «Birgemiz – Jambyl oblysy» қорына 373,6 миллион теңге түсіп, бұқараға 50 мың теңгеден берілуде.

Республикалық қор шарапатын аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек баланы қараушылар, асыраушысынан айырылған балалар, ең төменгі зейнетақы алушылар және Ұлы Отан соғысының ардагерлері сынды жеті санаттағы азаматтар көруде. Алдын ала зерделенген тізімге сәйкес 7473 адамның 6540-ы «Халық банкінің» тұтынушысы болса, қалған 933 азаматқа арнайы есепшот ашылған. Сондай-ақ «Қазпошта» мен Тараз қаласы әкімдігінің 11 округіне бекітілген инспекторлардың көмегімен қаржыны байланыссыз жеткізу жолдары жасалуда.

Осы орайда қордан 50 мың теңгелік қолдау көрген бірқатар тұрғындармен хабарласып, қор шарапатына қатысты пікірлерін білген едік.

– Өзім жеті баланың анасымын. Алланың берген аманаттары болғаннан кейін қолдан келгенше бағып-қағып, текті тәрбие беруге тырысып келемін. Десе де кейбір кездері жоқшылық қолбайлау болып, тығырыққа тіреп жататыны бар. Осындай сәтте қайырымды жандар қол ұшын беріп, демеу көрсетеді. Осы жолы да күтпеген жерден «Сіздің шотыңызға Bizbirgemiz қорынан 50 мың теңге түсті. #BizBirgemiz #Елбасы # Nur Otan» мәтіндегі хабарлама келгенде өз көзіме өзім сенбей, таңырқап қалдым. Кейін сұрастыра бұл бізге республикалық қордан берілген қаржы екенін біліп, төбем көкке жеткендей болды. Елбасыға, Мемлекет басшысына, жетекші партиямыз «Nur Otan»- ға айтар алғысым шексіз, – дейді алғашқылардың бірі болып қаржыға қол жеткізген көпбалалы ана Динара Абдалиева.

Дания Чиманбетова да қиын сәтте қол ұшын созған партияға алғысын айтады.

– Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырмын. Бұрындары сенбі мен жексенбі күндері базарға шығып, сауда-саттық жасап, нәпақа табатынмын. Қазіргі төтенше жағдайда ол да мүмкін болмай қалды. Сондықтан үйде отырмыз. Алайда мемлекет біз сияқты мұқтаж жандарды назардан тыс қалдырмай, азық-түлікпен, одан бөлек 50 мың теңге ақшалай көмекпен қамтамасыз етуде. Қиын сәттегі мұндай қамқорлық ешқашан ұмытылмайды, – дейді Дания.

Ал Ерлан Сейдәзімнің ұстанымы мен өмірге деген көзқарасы тым бөлек.

– «Bizbirgemiz» қорының құрылып жатқаны туралы интернет арқылып оқып-біліп отырғанмын. Бірақ нақты маған беріліп-берілмесін анықтаған жоқпын. Жуырда телефоныма есепшотыма қаржы түскендігі туралы хабарлама келгенде барып бұл санатқа енгенімді түсіндім.

Негізі өзіміз бес ағайындымыз. Отбасымызда жеті адам тұрады. Өзімнің мүмкіндігім шектеулі. Сондықтан тұрмысқа қажетті дүние көп керек екені айтпаса да белгілі. Бұл қаржы айтарлықтай көмек болып отыр.

Осыдан 5 жыл бұрын «Жандану» қоғамдық қорын құрып, жастарға компьютер тілін үйретуден тәлім бергенмін. Биыл «Жас ұрпақ» бірлестігін құрып, өзім сынды мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектессем деп жоспарлап отырмын. Партияның кадрлық резервінде тұрған жас болғаннан кейін маған да бір жерде тұралап қалмай, әрдайым алға жылжу керек. Тек осылай әрекет еткен адам ғана толайым табысқа кенеле алады, – дейді өмірге құштар Ерлан.

Иә қалай алып қарасаң да бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық дүние. Ел басына күн туған сәтте жарымжан және аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созу – сөзсіз сауапты іс. Бұл орайда «Nur Otan» партиясының «Bizbirgemiz» жобасы қандай мақтауға да лайық.

Балабек Нарбаевтың ФБ парақшасынан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз