Өмір болған соң неше түрлі келеңсіз немесе күтпеген жағымсыз жағдайлар орын алатыны белгілі. Сондай сәттерде адам өміріне арашашы болу, қоршаған ортаны сақтап қалу секілді жедел әрекет ету жағдайлары туындайды.

Бұл ретте алдымен дабыл қағатын төтеншеліктер мен медицина қызметкерлері екені белгілі. Осы аптада БҚО Төтенше жағдай департаменті басшылығымен бірге Орал халықаралық әуежайында болып, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «EC-145» тікұшағының қызметімен танысып қайттық.

Өткен жылдан бері Батыс Қазақстанда төтенше жағдай кезінде қолданылып жүрген «EC-145» тікұшағы осы жылы екі рет арнайы себептермен әуеге көтерілген екен. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында қолданылатын әуе көлігі апатты жағдайлар орын алған жерлерден зардап шеккен адамдарды алып шығу, шалғай елді мекендердегі ауыр науқастарды облыс орталығына жеткізу қызметтеріне арналған.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Таубековтің айтуынша, өңірімізге бұл көлік түрі өткен жылы әкелініпті.

– Жуырда облыс әкімімен және арнайы жұмыс тобымен аймақтағы орман алқаптарын осы тікұшақпен шолып қайттық. Ондағы мақсатымыз – алдағы жаз мезгілдерінде дала өртіне жол бермеу. Бұл тікұшақ өңірімізге келгенге дейін «Қазавиақұтқару» кәсіпорнының көршілес өңірлердегі әуе көліктерін пайдаланып келген едік. Енді Орал халықаралық әуежайында тұратын осы тікұшақты пайдаланатын боламыз, – деді азаматтық қорғау майоры Нұрлан Сейдаханұлы.

Елордада құрастырылған бұл алып тікұшақ құтқару немесе санитарлық авиация жұмыстары бойынша шұғыл оқиғалар кезінде пайдаланылады. Онымен жолға шығатындар негізінен құтқарушылар және медицина қызметкерлері. Осындай бірнеше мақсатта қолданылатын тікұшақ қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Айталық, санавиация кезінде науқасқа жедел көмек көрсететін медициналық құрылғылар орналастырылған. Ал тоғыз адамдық орын десанттарды тасымалдауға арналған. Сонымен қатар тікұшақты екі ұшқыш басқарады.

Заманауи үлгіге сай әуе көлігінің командирі Артур Ғаббасов қандай да бір шақырту алған бойда шұғыл әрекетке көшетіндерін жеткізді. Елдегі бүгінгідей төтенше жағдай кезінде де олар барлық жағдайға сақадай сай тұр.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің

БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз