Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде жыл сайын дәстүрге айналған жас ғалымдар арасындағы «Фараби Әлемі» ғылыми конференциясы өз мәресіне жетті. Биылғы жылғы бұл іс-шара уақыты «COVID-19 карантин кезеңімен» тұспа-тұс келгенімен, бұл жағдай аталмыш іс-шараның өткізілуіне тосқауыл бола қойған жоқ. 

Университет мамандары мен профессор-оқытушылар алқасы, жас ғалымдар ғылыми конференцияны электронды-онлайн форматында жүзеге асырды. Әсіресе, Халықаралық қатынастар факультетінің «Шығыс жұлдызы» үйірмесі аясында жас ғалымдар мен мамандар «Қазіргі кездегі Солтүстік-Шығыс Азиядағы ядролық қауіпсіздік жағдаяты: мүмкіншіліктері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырып, аймақтық және әлемдік деңгейдегі шешімін таппай дау-жанжал тудырып отырған мәселеге қатысты пікірталас жүргізді. Дөңгелек үстелге халықаралық қатынастар факультетінің доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Балаубаева Б.М. модератор болса, шақырылған эксперт-сарапшы ретінде факультеттің ғылыми-инновациялық жұмыстары мен халықаралық серіктестік жөніндегі орынбасары, PhD докторы Парпиев С.М. және халықаралық қатынастар ғылымының магистрі Нуралиева С.А. қатысты.

Қазіргі таңда Солтүстік Кореяда ядролық қарудың болуы, 1994 жылы Солтүстік Кореяның Атом Қуаты Халықаралық Агенттігіне (АҚХА) мүшеліктен бір жақты шығуы, 2003 жылы 10 қаңтарда Ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шарттан шығуы бұл елге ядролық қаруды өз-еркімен дамытуға және өндіруге мүмкіндік берді. Ал 2006-2017 жылдар аралығында өткізілген 7 ядролық қаруды сынақтан өткізу жарылыстары Корей түбегінде ғана емес, Шығыс Азия елдерін қоса халықаралық қауымдастықты да уайымдатқызатын мәселеге айналды. Солтүстік Корея ядролық қаруының қазіргі жағдаяты Корей түбегі мен Солтүстік-Шығыс Азияда қауіпсіздік диллемасын туғызып отыр.

Осы жағдаятқа негізделе отырып, «Шығыс жұлдызы» үйірмесінің жас ғалым мүшесі, халықаралық қатынастар мамандығының 3 курс студенттері – Қыдырбек Фарангис «Солтүстік Корея ядролық қаруы мен Солтүстік-Шығыс Азиядағы: қауіпсіздік диллемасы» тақырыбында осы ядролық қару төңірегінде туындап қауіпсіздік диллемасын жан-жақты талдап, жанжалға қатысты тиісті тараптардың позицияларын нақты көрсетіп берсе,  Темірғали Жадыра «Солтүстік-Шығыс Азиядағы ядролық қауіпсіздікке қатысты трилатералды қарым-қатынастар моделі» тақырыбында Солтүстік Корея, Ресей, Қытай бір жағынан, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея үштігі екінші жағынан бөлініп, келіссөз жүргізудегі трилатералды модельдік тәсілді жан-жақты талдап берді. Ал, Нұрланқызы Дина «АҚШ-Солтүстік Кореяның ядролық қауіпсіздікке қатысты қарым-қатынастары: мүмкіндіктері мен шектеуліктері» тақырыбы шеңберінде соңғы 70 жылдан астам уақыт бойы шиеленісіп келе жатқан Солтүстік Корея мен АҚШ-тың ядролық қаруға қатысты тартысты қарым-қатынасына сыни-шолу жасап, жақын келешекке болжам жасауға тырысты.

Үш жүлделі орынға ие болған үш жас ғалымның баяндамалары онлай-конференцияға қатысып отырған үйірме мүшелері мен факультет студенттері, ғалымдары мен мамандардың қызығушылығын оята отырып қатысушылар тарапынан қызу пікірталас өткізілді. Тараптар Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік диллемасының шешімі ретінде Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту және бейбітшілікке ұмтылуға қатысты бастамалары мен Ядролық қаруды тыйым салу келісім-шарттардың негізгі концепцияларын ұсынды.

 

Бинұр Балаубаева,

Тарих ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті доценті,

Сырым Парпиев,

Халықаралық қатынастар ғылымдарының PhD докторы,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті аға оқытушысы,

Сания Нуралиева,

Халықаралық қатынастар ғылымдарының магистрі,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті аға оқытушысы

        

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз