“АЙДАҺАРМЕН «АЛЫСҚАН» САМҰРЫҚ ҚҰС” КІМГЕ ТҰЛҒА?

0
958

Кешеден бері фб – ны қазақтың арқалы ақыны Мұхтар Шахановтың Серікжан Біләшқа «арнау өлеңі» кезіп жүр. Бұл Мұхаңның “Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ” деген ертеректе жазған жыры.
Ең қызығы, бұл жырдың аяғына «құйрық» жалғанып «ажарлана» түскенінде болып тұр. Кекету ме, мұқату ма, құтырту ма (Оны өзіңіз саралаңыз) әйтеуір «Қатынының өсегіне сеніп қалатын» Шаханов, «Кәріліктің кесірінен», «біреулердің сөзіне еріп», «Серікжанның жолын кескеніне» өкініп «Кешіре көр, ардақтым» деп тәубәсіне келіп Біләшқа «арнауын» аяқтапты.
Адам сенер іс пе бұл? Әйтседе құлай сеніп жатқандар барға ұқсайды!
Барша қазақтың мақтанышына айналған ақынды бұлайша мазақ ету, “кешірім сұрату” тұтас ұлтқа күйе жағумен бірдей әрекет!
Қанына тартпағанның қары сынсын демей ме, қазақ! Қайда сол бауырмал, “Өкпеге қиса да өлімге қимайтын” қазақ ұрпағы?
Қарға тамырлы қазақ баласы мұндай қадамға бармауы керек еді… Егер өздерін шын қазақ санаса?
Әттең – ай дегізетіні, қазақ арасына жік салып осыншама оңбағандық, осыншама зұлымдық, осыншама сатқындыққа жол ашқандардың көксегені не?
Әлеуметтік желідегі таратушылар фейк екені даусыз, әйтседе «жалаңтөс батырдың» тасадан тас лақтырғыш жақтастарының біреуінің «кесек тасы» бұл. Мұндай «тастардың» кез келген уақытта Серікжан Біләшті қолдамағандарға «қарша борауы» әбден мүмкін…
Мұндай жалған дүниені, мазақ дүниені алғашқылардың бірі болып «Жерден жеті қоян тапқандай Ермұрат Бапи мырзаның таратуына жол болсын! «Екі шұқып бір қарайтын» әккі саясаткер мұндай қылық жасамаса керек-ті…
Жә, делік!
Қарапайым қазақ ретінде айтарым, Серікжан Біләш деген кісіні көрген, білген емеспін. Алайда «даңқы мен дақпыртына» қанықпын. Өзіне сойқан жарнама жасайтынын қабілетіне «тәнтімін».
Ел – жұрт шулап жатқасын бір-екі видеосын ашып қарағанмын. Айтыс-тартыс мақалалардың да бір –екеуіне көз жүгіртіп өткенмін. Білмек үшін. «Жақсыны» көрмек үшін! Қазағым деп «еңірегенде етегі жасқа толатын» азаматтың, қауіп Қытайдан деп «аттандаған» «қазанаттың» «әр ісі мен шабысына» көз жеткізу үшін…
Алайда түңіліп кеттім одан. Өте кеппе жан екен! Өркөкірек, мақтаншақ, бақай есеп тұнып тұрған! Тек «мен, мен» деп өзеуреген біреу.
Сосын барша қазақтың бетке ұстар азаматтарын (Олардың ішінде жақсысы мен жаманы да жүр) «танк болып таптап кететін» айбарынан кіді алдым… Қорқып қалдым… Шошып кеттім.
Ал дөңгелек үстел басына жиналып «жер тағдырын» талқыға салған Серікжан мырза бастаған үшеудің әңгімесі – маған олардың түпкі пиғылдарын ашып берді. Сөйтіп Ұйғырға деген ұлы «махаббаттарына» куә болдым. Қытайдағы ұйғырларды «қазақ есебінен» елге әкеліп, оларға жер бермек ниеттерінен жүрегім айныды.
Кейін ұйғырлармен дастархандас болып, «Қытайға қарсы» «екінші майдан» ашып жатқаны да біраз шу болды. Оларды ұзын құлақтан естідім.
Басқа да көзге қораш, ойға қонымсыз, әңгүдік іс-әрекеттерін көзім шалғасын, «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, менде іргемді аулақ салдым. Таратып жатқан видеоларын, ақпараттарын мүлде қарамаймын. Өзеурегендердің өзімшілдігі кімге керек! Сосын Ішкі интуициям қарсы!
Ел ішін алақұйындай бүлдіріп жүрген осындай адамның соңында жүздеген, мыңдаған адамдар бар. Әлеуметтік желілерде қаптаған фейк – қорғаушылары бар деп естимін..
Қарап отырсам, қытаймен жалғыз арпалысып жүрген адам Серікжан ғана. Қытайдағы қазақтарға жүрегі ауыратын да жалғыз сол!
Қалған қазақтар қалғып ұйықтап жатыр!
Осы жерде айта кетейін, қалың қазақты “оятуға” күш салып жүрген “батырдың” қазақ билігіне айтар уәжі мардымсыз… айбары солғын…қуаты кемшін…Батыр адам деген “қалқанды ұра бермей” сөз – найзаны бойлата салса керек – ті…
Осындай да қазақ ертегісі еске түседі.
Барша қазақ ұядағы балапанда, Серікжан Біләш қана айдаһар аждаһаға қарсы ұмтылған Самұрық құс! Күлкі шақырай ма, бұл?
Алайда сол Серікжан мырза, жергілікті қазақтардың қытайдан оралған қазақтарға деген сеніміне селкеу түсіріп жүргенін біле ме екен? Өзді-өзі қырқысқан бауырлардың, арыз жазғыш қандастардың, қалың қазақ арасында ала тайдай ойран салуы – жақсылық нышаны еместігін неге сезінбейді ол.
Ынтымақ пен бірлік аңсаған адам, қазақтың тұтастығын қалаған адам бұлай істеуі мүмкін бе өзі?
Сүйттей ұйыған қазақтың арасына іріткі салғаны аздай, қашаннан «өзін қолдамағандарды» қоғадай жапыруға деген мақсатына шындап кіріскендей тағы да.
Оған қазақтың аяулы ақыны Мұхтар Шахановқа деген жақтастарының кекесінге толы мына іс-қимылы жарқын дәлел!
Ұлты үшін отқа түскен Мұхтар, ұлтты бөлшектеуге кіріскен пендеден кешірім сұрауы ақылға да симайды ғой, ағайын?!

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.