Десанттық-шабуылдау әскерлеріне 20 – жыл!

0
253

Десантшы – ол ерік пен жігерді, мінезді, тәуекелге бара алатын батыл қасиеттерді бойына шоғырландыра білген күш иесі , ол ерліктің жоғарғы мектебі, бірінші дәрежедегі батырлық, нөмірі «бірінші» жауынгерлік әзірлік. Өмірдің шынайы бағасын десантшы ғана біледі. Өйткені ол өзгелерге қарағанда өліммен жиі бетпе-бет келеді.

Орта Азияның нақ кіндігінде орналасқан қазақтың салқам сахарасында өткен небір қиян-кескі ұрыстарда, жан алысып жан берісіп, етігімен қан кеше жүріп біздің бабаларымыз осынау кең байтақ даламызды көзінің қарашығындай сақтап, бізге аманат етіп қалдырды.

Еліміз егемендік алып, азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін, жеріміздің шетін жау баспас үшін, еліміздің тыныштығы қашпас үшін, ең алдымен Қарулы Күштерді құру қажеттілігі туды. Сол кезеңдерде Қазақстан аумағында Кеңес одағынан қалған әскери гарнизондар мен қару-жарақтарды, әскери техникаларды шашау шығармай, басын біріктіріп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатымен 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның төл әскерін құру туралы Жарлығы шықты. Кейінгі мәселелердің бірі әскерімізді жетілдіру, оның ұтқырлығы мен кәсібилігін арттыру, заманауи қару-жарақпен жарақтандыру еді.

Осы орайда Н.Ә. Назарбаев «21 ғасыр армиясының жауынгерлік қуаты оның санымен емес, жеке құрамының жоғары дайындығымен, техникалық жабдықталуымен, сыртқы қауіптерге сенімді қарсы тұра білу қабілетімен айқындалады» деп баса айтқан болатын.

Осындай қажетіліктердің негізінде егемен еліміздің азаттығы мен жеріміздің тұтастығын қорғауға жауап беретін ұтқыр, әрі шапшаң қимылдайтын, саны аз болғанымен, сапасы сын көтерер, Жоғарғы Бас қолбасшының резерв әскерлері болып табылатын әскер түрін құру идеясы туындады. Көп ұзамай Қазақстанның Ұтқыр Күштері Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 6 шілдедегі № 417 Жарлығына сәйкес 35 десанттық-шабуылдау бригадасының базасында құрылды.

 

 

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2003 жылғы директивасының негізінде Қарулы Күштеріміздің Ұтқыр күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэроұтқыр әскерлері болып өзгертілді.

Аэроұтқыр әскерлері дегеніміз – әскери бөлімдер мен құрамалардан тұратын Қарулы Күштеріміздің ұрысқа әзірлігі жағынан барынша жетілдірілген, жинақы әскер түрлері болып табылады.

Әскери істе тамаша табыстарға жету үшін оны дұрыс басқару қажет. Алдағы жұмыстарды жоспарлау, әскерлердің күнделікті өмірін қадағалап отыру қолбасшылық пен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы басқармасына жүктелген. Өзінің тарихи кезеңдерінде, қолбасшылық пен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің басқармасы үлкен абыройға ие болып, халық пен армияның сүйіспеншілігіне бөленді. Бұл ерекше абырой мен атақ қолбасшылардың орасан зор еңбегінің арқасы.

Ұтқыр әскерлерінің құрылуы кезінде қолбасшылық еткен генерал-майор Еламанов Уәли Бисақанұлына Елбасы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы 2001 жылы 7 мамырда Ұтқыр күштерінің Жауынгерлік Туын табыс етті. Содан бастап үш жыл қатарынан қолбасшылық еткен Уәли Бисақанұлының тұсында Ұтқыр күштері көптеген өңірлік, халықаралық, бітімгерлік оқу-жаттығуларға қатысып, мықты әскердің құрылғандығын дәлелдеді.

Атап айтсақ, Германия Республикасының аумағында өткен «Өңірлік ынтымақтастық – 2001» халықаралық оқу-жаттығуына, сол жылы Украина жерінде өткен «Әлем қорғаны-2001» және 2002 жылы Ресей Федерациясында өткен қос бірдей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа мүше мемлекеттердің бірлескен әскери оқу-жаттығулары «Әлем теңізі – 2002» және «Ынтымақтастықтың оңтүстік қорғаны – 2002» атты оқу-жаттығуларына қатысып, тәжірибе алысты.

Сонымен қатар, 2003 жылы қазіргі таңға дейін әлемнің алпауыт елдерінің Қарулы Күштері бақ сынайтын, тәжірибе алмасатын ірі оқу-жатығулардың бірі «Дала қыраны – 2003» халықаралық оқу-жаттығуына қатысты. Онда Ұтқыр күштерінің әскери қызметшілері Ұлыбритания және АҚШ әскери қызметшілерімен жауынгерлік машықтарын дамытты.

 

 

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі дәрежесіне дейін жетіп, Аэроұтқыр әскерлерінің ғана емес, жалпы Қарулы Күштеріміздің дамуына орасан зор үлес қосқан генерал-полковник Жасұзақов Сәкен Әділханұлы екінші қолбасшы ретінде Ұтқыр күштерінің тізгінін өз қолына алды және бұл қолбасшының тұсында Ұтқыр күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэроұтқыр әскерлері атауына ауыстырылды. 2005 жылы 4 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сәкен Әділханұлына ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінің Жауынгерлік Туын табыс етті.

Алдыңғы қолбасшылардың ізін жалғаған генерал-лейтенант Майкеев Мұрат Жәлелұлы, генерал-лейтенант Алдабергенов Әділбек Қалибекұлы, генерал-майор Оспанов Дәулет Рысқұлбекұлы, генерал-майор Джумакеев Алмаз Дженишұлы және генерал-майор Қарақұлов Қайдар Самигуллұлы секілді қолбасшылардың кезінде де Аэроұтқыр әскерлері өзінің жауынгерлік дағдылары мен машықтарын дамытып, өзге елдердің Қарулы Күштерімен әскери оқу-жаттығуларда тәжірибе алмасты, буыны бекіп, бұғанасы қатайды.

Айта кететіні, генерал-майор Джумакеев Алмаз Дженишұлының қолбасшылық етуі кезінде десантшылардың армандаған төл атаулары қайтарылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес және Қорғаныс министрінің бұйрығымен 2017 жылдың 17 наурызында Аэроұтқыр әскерлері ҚР ҚК ҚӘ Десанттық-шабуылдау әскерлері атауына біржола көшті. Әрине, Десанттық-шабуылдау әскерлері атауын иемдену жеке құрамның қуанышын еселеп, оған ерекше серпін мен рух берді.

Қазіргі таңда, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Абубакиров Қаныш Асанханұлы. Көк тарландарының қатарында қызмет етуді армандаған ол қызметтік жолын десантшылардың тал бесігі саналатын Қапшағай гарнизонында бастап, қолбасшы шеніне дейін қызметтік жылдарының басым бөлігін осы әскер түрінде өткерген. 2019 жылдың мамыр айында генерал-майор Қаныш Асанханұлы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы қызметіне тағайындалды. Жеке құрамның жауынгерлік дайындығына, парашютпен секіру әзірлігіне және дене дайындығына баса назар аударатын қолбасшы әрбір жаттығуда десантшыларға өзі бастап үлгі көрсетеді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қарамағына Алматы, Талдықорған, Жаркент, Сарыөзек және Қапшағай гарнизондарынан құрылу кезінде көзделген жауынгерлік тапсырмалары алуан түрлі 14 әскери бөлім қарайды.

Кез келген десантшының абыройын асқақтатып, өзі қызмет ететін әскерін мақтан тұтатыны тегін жағдай емес. Сонда басқа әскер түрлерінен бұл әскердің айырмашылығы неде дейсіз ғой?! Таратып айтайын!

Біріншіден, десантшы – ол ерік пен жігерді, мінезді, тәуекелге бара алатын батыл қасиеттерді бойына шоғырландыра білген күш иесі, ол ерліктің жоғарғы мектебі, бірінші дәрежедегі батырлық, нөмірі «бірінші» жауынгерлік әзірлік. Өмірдің шынайы бағасын десантшы ғана біледі. Өйткені ол өзгелерге қарағанда өліммен жиі бетпе-бет келеді. Олай дейтінім, десантшыны десантшы ететін нәрсе, оның көктен өзін-өзі жанқиярлықпен тастауы, парашютпен секіруі. Парашютпен секіру – десантшылардың жауынгерлік дайындығының негізі болып табылады. Оның мақсаты – қарсыластың тылында жауынгерлік міндеттерді орындау үшін жеке құрамның, қару-жарақ пен әскери техниканың тұрақты түрде даярлығын қамтамасыз ету.

Әрбір десантшыға парашютпен секіруді жүзеге асырғаннан кейін көгілдір береттер мен жолақ жейде табыс етіледі. Бұл мәртебе оның нағыз десантшы екендігін айқындайды.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде алғаш рет парашютпен секіру 1993 жылы Қапшағай қаласындағы 35 жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында орын алды. Онда десантшылар МИ-8 тікұшағынан секірді. Сондықтан да, Қапшағай өлкесін «десантшылардың тал бесігі» деп атайды. Ал, 1994 жылы десантшылар АН-72 ұшағынан секіре бастады.

2012 жылы ҚР ҚК ҚӘ Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жеке құрамы түнде МИ-17 тікұшағынан және АН-72 ұшағынан 3300-ге жуық парашютпен секірулерін орындады.

 

 

Ал, 2013 жылы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің барлау бөлімшелері Д-6 сериядағы 4, «Кентавр», «Беркут-2» парашют түрлерімен су бетіне 800-ге жуық секірулерін орындады.

Қазіргі таңда, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес осы әскер түрінде мерзімді қызметтерін өткеретін әскери

қызметшілерді қоса алғанда 3000-ға жуық десантшы алғаш парашютпен секірулерін орындап, нағыз десантшы атанады.

Парашютпен секірулерін үнемі жеке құраммен бірге орындайтын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қазіргі қолбасшысы генерал-майор Абубакиров Қаныш Асанханұлы: «Көк жүзінде бәріміз теңбіз. Ол қатардағы жауынгер мен генералды бөліп-жарып жатпайды. Сондықтан әрбір парашютпен секіруімді жеке құраммен жасағанды ұнатамын. Біз олардан қойылған тапсырманың орындалуын қанша талап еткенімізбен, олардың көзіндегі жалынды, әскери іске, патриоттыққа деген сезімді өзіміз үлгі болу арқылы ғана жаға аламыз», – дейді ол.

Қазақстан десантының құрамына сайдың тасындай іріктелген, сын мен сынақтардан сүрінбей өткен азаматтар сұрыпталып алынады. Қазақстан Республикасы Президентінің резерві болып табылатын элиталы әскерде қызмет ету, десантшылардың қатарына қабылдану оңай шаруа емес.

Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қызмет етуге ниет білдірген азамат келесі сынақтардан сүрінбей өтуі тиіс:

Біріншіден, жан-жақты психологиялық іріктеуден, жергілікті әскери басқару органдарында тереңдетілген әскери тексеруден өтеді. Өйткені, дене дайындығының мықты болуы және әуе-десанттық дайындығынан мүдірмей өтуі үшін десантшылар қатарына қабылданатын кез келген азаматтың денсаулығының мықты болуы маңызды рөл атқарады.

Екіншіден, Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет етуі үшін ниеттің ғана болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар, әрбір десантшының бойында төтенше жағдайларда өз бетімен шешім қабылдай алатындай өжеттілік, сенімділік, Отан алдында жанқиярлықпен қызмет етуге деген адалдық қасиеттері болуы міндетті.

Сонымен қатар, үміткерлерді іріктеу барысында олардың интеллектуалдық қабілеттеріне де аса мән беріледі. Өйткені қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техника түрлері компьютерлік және өзге де технологиялар бағытында белгілі бір білімнің болуын талап етеді.

Бір қызығы, темірдей қатал тәртібі мен кез келген мықтының әуселесін сынға алатын талабы бар әскерде ерлермен қатар әйелдер де қызмет атқарады. Әскери қызметтегі нәзік жандыларға жеңілдіктер жоқ. Олар ерлермен бір сапта кез келген төтенше тапсырмаларды орындайды, парашютпен секіріп, қоян-қолтық ұрыс түрлерін меңгереді және халықаралық, бітімгерлік және өңірлік оқу-жаттығуларға қатысады.

Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінде 1000-ға тарта қазақстандық әскери қызметші әйелдер қызмет атқарады. Оның 100-ге жуығы – офицерлер болса, қалғандары – келісімшарт бойынша әскери қызметшілер.

 

 

Сонымен қатар, Қазақстаннан тұңғыш бітімгерлік міндеттерін атқаруға аттанған әскери қызметшілер де – десантшылар. 2003 жылдан бастап 2008 жыл аралығында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Қазақстандық бітімгерлік полкынан инженерлік-саперлік жасақ Иракта Коалицияның тұрақтандырылған күштері құрамында бітімгерлік міндеттерін орындады.

Жалпы, миссия барысында 9 ротация жіберіліп, саны 300-ден астам Қарулы Күштеріміздің әскери қызметшілері қатысты. Бітімгерлік міндеттерді орындауды бастаған күннен бастап, біздің бітімгерлер 4 миллионннан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырып, 7 мың куб метр ауыз суды тазартты. Ирак елінің қауіпсіздік күштері үшін жарылғыш заттарды жою үшін 500-ден астам арнайы мамандар әзірленіп, оның ішінде 70-тей маман далалық су жабдығына дайындалды. Саперлер жасағының дәрігерлері 5 мыңнан астам жергілікті тұрғынға, көбінесе аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетті.

Ирак басшылығы ешқандай қиындыққа қарамай, өздерінің одақтық міндеттеріне адал болған және «Иракты азат ету» операцияларына қатысып, көрсеткен еріліктері үшін қазақстандық бітімгерлерге алғыстарын білдірді.

Ирак елінің Эс-Сувейра қаласының маңында қазақстандық және украиндық бітімгерлері оқ-дәрілерді жою операцияларын орындау барысында өздігінен жарылыс болып, қазақстандық бітімгер ерлікпен қаза тапты. Ол – капитан Қайрат Құдабаев еді. Жарылыс маңына бәрінен жақын тұрған офицер көп ойланбастан, оқ-дәріні денесімен жауып, ерлікпен қаза тапты және I дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Қазіргі таңда, Қайрат Құдабаевтың құрметіне Қапшағай қаласының жабық әскери қалашығында және Б. Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери-мектебінде мемориалдық тақта орнатылып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Орталық мұражайында мемориал қойылды.

Осылайша, бітімгерлік міндеттерін орындау барысында қазақстандық десантшылардың екеуі – I дәрежелі «Айбын» орденімен, он бесі – II дәрежелі «Айбын» орденімен, сегіз әскери қызметші – III дәрежелі «Айбын» орденімен және 60-қа жуық десантшы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен наградталды.

Бұл бітімгерлердің өзге елде атқарған алғашқы міндеттері болғанымен, соңғысы болмады. 2018 жылдан бастап қазақстандық бітімгерлер «ҮндіБат» үнді батальонының құрамында «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» бітімгерлік миссияларына қатыса бастады. Қазіргі уақытқа дейін жіберілген 3 бітімгерлік ротасы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, туған жерге оралды. Келесі кезекте, 4-бітімгерлік ротасы аттануға даярлық үстінде.

Әрине, өзге елде Қарулы Күштеріміздің бет-бейнесін танытатын әскери қызметшілерді іріктеуде де өте үлкен талаптар қойылады. Сырт келбеті мен дене дайындығының жоғары болуынан бөлек, қиын жағдайда өз бетінше шешім қабылдай алатын, шапшаң, жауынгерлік білімі мен білігі мығым, ағылшын тілін жетік меңгерген десантшылар таңдап алынады. Олар, Ливан елінде алты ай бойы Ливан мен Израиль шекарасындағы «Көк жолақта» 16 шақырымдық жерді патрульдейді, Ливандағы күнделікті жағдайды нақтылап, блок-бекеттерде қызмет атқарып, әскери базаларды күзетеді. Қазақстандық бітімгерлер онда «Үндібат» үнді батальонының құрамында болатындықтан,

Ливанға жіберілмес бұрын Үндістан Республикасының Нью-Дели қаласында дайындық курстарынан өтеді.

Сонымен қатар, Қазақстандық бітімгерлік полкінің десантшылары халықаралық «Дала Қыраны» және «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығуларына қатысады. Онда олар Англия, Германия, Италия, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерімен бірлесе отырып, өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырып, бітімгерлік саласындағы тәжірибелерімен бөліседі.

 

 

«Бітімгерлер – бұл тек қорғаушылар ғана емес, жасампаздар. Олардың міндеттеріне әлемдегі түрлі дағдарысты жағдайларды шешу, бейбітшілікті қолдау және жойқын қақтығыстардан кейін елді қалпына келтіру міндеттері кіреді. Осы тұста, біздің бітімгерлер өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, Қарулы Күштеріміздің беделін жат елде жоғары дәрежеде көрсетіп келеді», – дейді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Абубакиров Қаныш Асанханұлы.

Тағы да десантшылар бақ сынайтын халықаралық сайыстардың бірегейі – халықаралық армия ойындары. Бұл ойындар шеңберінде өткізілген түрлі конкурстарда біздің десантшылар жыл сайын жүлделі орындарға ие болып келеді. Оның ішінде, әуе-десанттық әскерлері бөлімшелерінің халықаралық кешенді сайысы болып табылатын «Десанттық взвод» конкурсы қазақстандық және шетелдік десантшылардың мықтылыған дәлелдейтін тартысты дода болып саналады.

Атап айтсақ, 2016 жылы Ресей Федерациясының Новороссийск қаласында өткізілген «Десанттық взвод» конкурсында, 8 мемлекеттен қатысқан қатысушылардың арасында ҚР ҚК командасы 2-орынды иеленді. 2017 жылы «Десанттық взвод» халықаралық конкурсы Қытай Халық Республикасының Гуаньшуй қаласында өткізілді. Бұл жолы 7 мемлекеттен қатысқан командалар арасында ҚР ҚК 2-орынды иеленді.

2019 жылы «Десанттық взвод» халықаралық конкурсы РФ Псков қаласында өтті. Әлемнің 21 мемлекетінен қатысқан командалар арасында ҚР ҚК 5-орынға табан тіреді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінен шыққан батырлар мұнымен шектелмек емес. Тәуелсіз елдің Халық Қаһарманы подполковник Жұмаділов Азамат Тілеуханұлынан бастау алған батырлар шеруі қара халықтың қажетіне жарап келеді және сол әрекеттері үшін Жоғары Бас қолбасшы мен Қорғаныс министрінің қолынан жоғары наградаларға ие болды.

Алматы гарнизонында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жергілікті бригадасында қызмет атқаратын кіші сержант Әлеуханов Ғалымжан Меирханұлы 2017 жылы шілденің 28 күні Алматы қаласындағы «Көкжиек» ықшамауданында көпқабатты пәтерлерден екі баланы өрттен аман алып шығып, ата-анасының қолына тапсырып «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды және оның есімі «Рухани жаңғыру» жобасы бойынша Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына енді.

 

 

Сонымен қатар, былтырғы жылы еліміз есеңгіреткен Арыстағы жарылыста да елім дегенде кең жүрегі мен мықты білегі дайын тұратын

десантшылар қарапайым халықтың жанынан табылды. Жарылыс салдарын жою, жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру, қарапайым халыққа моральдық тұрғыда қолдау көрсету барысында инженерлік-саперлік полкі жеке құрамының атқарған қызметі орасан зор болды. Жүктелген міндеттерді аса жоғары жауапкершілікпен орындағаны үшін бірқатар әскери қызметшілер «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Бір елді емес, бүкіл әлемді шарпыған індетте еліміз алғаш рет енгізілген төтенше жағдайға тап келді. Осы тұста Қарулы Күштеріміздің халықымыздың қауіпсіздігі жолында атқарған қызметі орасан зор. Оның ішінде, Десанттық-шабуылдау әскерлерінен 2000-ға жуық десантшылар Алматы қаласына дезинфекциялау мен санитарлық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Қала маңына қойылған тосқауыл бекеттерінде Ливан елінде БҰҰ бітімгерлік міндеттерін орындаған бітімгерлер де қызмет атқарды. Сонымен қатар, десантшылар барлық құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қаланы патрульдеуге қатысып, қарапайым тұрғындармен вирустан сақтану шаралары бойынша нұсқаулықтармн таныстыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, 300-ден астам десантшылар Нұр-Сұлтан мен Орал қалаларында төтенше жағдайға байланысты жүргізілген іс-шараларға белсенді түрде ат салысты.

Міне, бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің резерві болып табылатын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрылғанына 20-жыл толып отыр. Олар 20-жыл ішінде талай белестерді бағындырып, асулардан асты. Азуын айға білеген алпауыт елдермен тәжірибе алмасып, Қарулы Күштеріміздің оң беделін қалыптастырды. Қазақстан Қарулы Күштерінің элиталы әскерлері дәрежесін жоғары деңгейде көрсетті. «БІЗДЕН БАСҚА ЕШКІМ ЕМЕС» деп ұрандатқан көк тарландары кез келген тартысты додада көшбасшылық қасиеттерін жоғалтпады. «Десантшылар – бір-біріне бауырлар» деп қиын тұста қарулас досына демеу болып, бір үйдің балаларындай қамқор болып келеді. Осы қасиеттері оларды бірлікке, ынтымаққа шақырып, әрдайым биіктен көрінулеріне жол ашады.

Десанттық-шабуылдау әскерлерін, оның айбынды жауынгерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, жеткен биіктерінен аласармай, тек тәуелсіз елдің бағына қызмет ете берсін деп тілейміз.

 

Лейтенант Полатбек Гүлмира Нұрбекқызы

Десанттық-шабуылдау әскерлері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.