Мына апалаң-топалаң біраз саланың былығын ашты-ау…

0
3223
Әсіресе денсаулық пен білім. Жау кеткесін жанталасатын әдетімізше енді осы екі салаға ақша құйыла бастайды. Бастысы бөлінген қаржы діттеген жеріне жетіп жағдай жақсарар деп сенейік.
Ал орта бизнесті оңалту оңай болмасы анық. Той бизнеске тірелген талай тіршілік те тұралады. Шикізатқа шырмалған экономикамен ұзаққа шаппайтынымыз баяғыдан белгілі еді.
Індет кезінде былқ етпеген бір ғана сала – Ауылшаруашылығы!
Оның ішінде мал шаруашылығы. Қанымызда бар киелі кәсіп, өміршеңдігін әлі дәлелдеп келеді. Қойдың құйрығы, сиырдың құрты, жылқының қымыз-қымыраны талай жанды ажалдан арашалап отыр. Қысқасы мал шаруашылығын дамытпай, мемлекетті дамыту мүмкін емес. Құдай оның бетін ары қылсын. Қазіргі вирус адамзатқа жіберілді, ал енді тағы бір қаніпезерлер малдың вирусын ойлап тауып таратып жіберсе аурудан емес аштан қырылады қазақ.
Сондықтан бұл саланы сақтаудың барлық шарттары жасалуы керек. Банктерді сауықтыра бергенше, ветеренарияны сауықтыру керек!
Әр қазақтың қорасында кемінде он қой, бір сауын сиыр, бір құлынды бие тұратын жағдайға жеткізу керек!
Осы жағдайға жетсе ғана ешкім үкіметке алақан жаймайды. Қойын құрттап айранын ұрттап жүре береді.
Ол үшін ауылшаруашылығы саласына реформа керек! Ісек пен тұсақты ажырата алатын мамандар керек! Латифундистерден жерді қайтарып, жалға берілу мерзімін өзгерту қажет. Алпауыт шаруашылықтарға берілетін субсидияны тоқтатып, жеке шаруаларға беру тәсілін енгізу шарт. Мың сиыры немесе он мың қойы бар фермерге субсидия не үшін қажет?! Жылдық төлдің өзі айналымды ұстап тұрады. Қазіргі жағдайда млрдтаған қайтарымсыз субсидияны 20 жылдан бері тоқтаусыз санаулы ғана алпауыттар алып келеді.
Жалпы бұл салаға жүйелі жұмысты Мырзахметов бастаған. Оңтүстікте оңды нәтиже көрсетіп, талай жан төрт түлікпен шаруасын тіктеген. Одан Нұр отанда партиялық бағдарламаға да енгізген. Қазір тоқтап қалды. Ал ауылшаруашылығы министрі кезінде бүтін бағдарлама жасап, шағын шаруаларды қолдаудың барлық тетіктерін бекіткен. Әттеңайы кейінгі келген министрлер бұл бағдарламаны жоққа шығарып, алпауыттарды қолдау акциясына басымдық берді.
Жамбылға әкім болып келген күннен бастап, тағы тәуекел етіп пилоттық жоба бастады. Президент мақұлдап он ауданнан он бір ауыл таңдалып 2,5 пайыздан несие таратылды. Кооперативке біріктірілді, талай ауыл тұрғындары мал алып кәсіп бастады. Қазір тағы тынышталып қалғандай. Бір әкімнің жобасын екінші әкімнің жалғастыруы қиындау боп тұр. Бірақ бұл жобаның мәнісі бөлек еді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың жалғыз жолы осы етін. Жамбылда жемісін берсе, республикаға таратамыз деген. Тым-тырыс. Жауапты Берік Нығмашев бере жатар.
Менің айтпағым дәл осындай қиын-қыстау кезеңде Асқар Исабекұлындай кризис менеджерлер керек. Өзін де өзгені де аямайтын мемлекетшіл тұлғалар керек!
Көп жыл қордаланған Қордай мәселесіне Асқар Мырзахметов кінәлі емес!
Осындай деңгейге дейін ушықтырған, бүгінде түк білмегендей қызметтерінде отырған идеологсымақтардың мойнында! Соған қарамастан моральдік құқым жоқ деп өз еркімен қызметтен кетті.
Ал қазіргі мынандай жағдайды игере алмай, қарапайым дәрімен қамтамасыз ете алмай халқын қырып алған Үкіметтен моральдық құқығым жоқ, өз еркіммен кетем деген бір басшы шыға алмады, шықпады, шықпайтын да шығар.
Мырзахметовтей мықты болу әр шенеуніктің пешенесіне жазылмаған.
Екінші мықты менеджер, тәжірибелі басқарушы Иманғали Тасмағанбетов. Бойында күш, басында мың толы идеясы бола тұра зейнетке шыққан күні қызметтен тып-тыныш кете салды. Талай қария шенеуніктерге ҮЛГІ.
Құдды өзіміз тағайындайтындай Үкімет ауысады деген абың-гүбің әңгімені жіберіп жатқанда осы екі азаматты назардан жоғалтуға болмайды.
Қазаққа керек кісілер!

Жасұлан Әбдіхалықовтың фб парақшасынан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.