Ел басына күн туған шақта абыз ағаларды іздейді екенсің!

0
226

Әлемді жайлаған пандемия соңғы күндері қазақ даласына кеулеп кіріп кеткендей. «Ауруыңды жасырғанмен өлім әшкере етеді» дегендей өлім-жітімнің көбейгені жанымызға қатты батып отыр. Талдықорғандық әйелдің «Азаматтар көмектесіңіздерші! Қабір қазып үлгере алмай жатырмыз…» деген жанайқайын естігенде есеңгіреп кеттік.

 

Әлем елдері

 

Елдегі жағдайға ашынған адамдар өз талаптарын батыл түрде тікесінен қоя бастады. Тіпті екінің бірі «мәлімдеме жасағыш», екінің бірі «президентке үндеу тастағыш» болып кеткенін өз басым олардың лажысыздықтан барған қадамдары деп түсінемін.  Жұрттың барлығының мойындайтын, көздері жеткен бір шындық – Қазақстан Үкіметінің төтенше жағдай алдындағы қауқарсыз қалғандығы еді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның ел үкіметіне берген екі апталық уақыты да бітуге таяды. Өзгерген ештеңені көрген жоқпыз. Жемқорлығы көзге ұрып тұрған бірнеше шенділер мен қызметіне салғырттық танытқан жауапты адамдарды орындарынан алғандай болғанымен, мынадай жағдайда қатаң шаралар қолдануға батылдары жеткен жоқ. Осыған ашынған кейбір азаматтар әлеуметтік желі арқылы өз пікірлерін білдіріп, «өлім жазасын күшіне енгізуді» талап етіп жатыр. Әрине, ашынғаннан шыққан ащы дауыс қой бұл.

 

Шерхан Мұртазаның өмірбаяны: Қазақстанның халық жазушысы туралы не ...

 

Осындайда марқұм Шерағам бастаған қазақтың қасқа мен жайсаңдары еске түседі екен. Жарықтық күндей күркіреп тұрып, «хан-сұлтандардың» мәртебесіне қарамастан халқының мұңын, халқының талабын айтудан жасқанбайтын. Ақселеу аға қандай еді шіркін? Үкіметтің, биліктің халық мүддесіне қайшы келетін талай шешімдерін майдан қылшық суырғандай етіп тұрып, сарабдал түрде жайып салушы еді ғой. Мынадай ел басына күн туған алмағайып заманда, көзге көрінбейтін вирус деген пәледен адамдар қырылып жатқанда хан алдында қасқайып тұрып, елінің тағдарына араша сұрайтын ақсақалды таппай қалдық қой. Бәрі бұғып отыр. Соңғы кезге дейін пір тұтып, тұлға көріп жүргендеріміз ас пен тойдан ары аспайтын шал-шауқандар екен. Біз неге аузының дуасы бар ақсақалды іздеп отырмыз? Біздің халық үлкенді сыйлаған, сөзіне тоқтаған халық. «Хан айтқанды қараша да айтады, тек аузының дуасы жоқ» дейді қазақ. Қайдасыңдар, неге үндемейсіңдер?! Біз асылдарымыздан айрылғанымызды енді білдік. Астана күніндегі отшашу, кешегі «Аза тұту» күніндегі флешмоб… Ондай шараға тапсырма кім берсе де, өлі мен тіріні, халықты мазақ еткен ессіздер..! Біздің менталитетімізде жоқ нәрсе ғой қарақтарым-ау..! Онсыз да қиналып, қатары азайып жатқан дәрігерлерлі көшеге сап түзетіп қойғаны қай масқарашылық? Не деген бассыздық бұларың деген ешкім болмады-ау! Өздері сайлап алған «Үш бидің» үні неге естілмейді. (Т.Шорманов, О.Сүлейменов, М.Әуезов) Міне, осы кезде ақсақалдар арыны керек еді-ау. Бар дәріні қоймаға тығып халқын қолдан қырып жатқандар кім?» деп арыстандай ақырып шығар абыз ағалар қайда?

 

 

Қазақтың өр ақыны Сабыр Адай да шыдамады, үндеу жариялады. Әр қазағын «жалғызына балаған» ақынның сөзі әр қазағының жүрегінде!.. Ел президенті де осы сөзді үндеуіне негізгі арқау етті, халқына ұран-үндеу жолдады…!  Бүл сырқатпен ақынның жаны да, тәні де ауырып жатқанын естідік. Алла шипасын берсін, әр қазағын жалғызына балаған ақынға..! Ол рас, міне, қысқа да нұсқа жанайқай! Бұл әрбір әрпі мірдің оғындай, әрбір сөзін нар көтере алмас, әрбір ойы Каспидің дауылды күнгі толқынындай күркіреген Сабыр Адайдың өр үні. Ақын шамырқанса, ақын көтерілсе, ақын дәргейінен шықса онда… онда халық теңіздей толқып, қанасынан асар. Ендеше, Президентім, ақын сөзін жерге тастама, Қ.Тоқаев мырза!

Шұғыл шешім қайда?!.. Ар қайда?!.. Ант қайда?! Ұлт қырылып жатыр! Қазақтың қаны мен көз жасына қара! Жоғарғы қолбасшысың: неге халық пен әскерді көшеге, көмекке шақырмайсың!?.. Жемқорлар мен сатқындардан тазартпайсың! Бұл не, шарасыздық?! Әрбір сәт қазақстандықтарды жалмап жатыр. Ертең халқыңа не айтасың?!

Әр қазақ – менің жалғызым!!! Жалғызыңды жаныңмен қорға, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 Сабыр АДАЙ: Жүрегімде әр қазаққа орын бар! | Әдебиет порталы

 

«Дүниеге бір сызат түссе ол ең алдымен ақындардың жүрегінен өтеді» депті Гете. Сол данышпан турасын айтқан екен.Әзірге ақындарымыз Алаш жұртына сабыр тілеп, өлісін жоқтап, халқының қайғысын жырға қосып жатыр. Ал шіркін, сол қазақы жырдың күркірі, естігенде сай-сүйегіңді сырқырататын шумақтары да халықтың жүрегіне жеткенімен, биліктің жүрегіне жетпей жатқан жайы бар. Жетсе неге шұғыл шешімдер қабылдамайды?

 

                   Президент үкіметіне наразылығын ашық айтты

Осы пандемия шыққалы біздің үкіметтің өте нашар жасақталғанына көзіміз анық жетті. Осыны сезді ме Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке деген наразылығын осы жолы ашық айтты. Белгілі мерзім берді. Алайда олардың әзірге не тындырып жатқанын біз көрмей отырмыз. Ендеше «Ханның екі сөйлегені өлгені!» деп халық айтпақшы, қауқарсыз үкіметті біржолата таратып, жаңадан жасақтауды батыл талап етеміз! Бұл туралы азаматтар ашынып, жеріне жеткізіп айта бастады. Іріп-шіріген жүйені тұтасымен ауыстыру керек. Сосын оларды бастарын сипап жібере салмай, жауапкершілікке тартуын талап етеміз. Қазір осындай келеңсіздіктерге қарапайым халықты қойып, билікте жүрген азаматтардың да тілі шыға бастады. Бір қуанарлығы олар да өз пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Яғни мойындарын ішке тығып алып, ештеңені көрмей «нұрланып келеміз» деген сандыраққа өздерін зорлап болса да сендіріп отыратын намыссыз халден арыла бастағандай. Өйтпей қайтсін?! Мына індет би мен бекті де, қарашаны қидай сыпырайын деп тұрған жоқ па? Қыл мойынға пышақ тақалғанда қара ешкі де бір бақырып қалушы еді…

 

                          Халық өзі кірісті. Ал миллиардерлер ше?

Дәрі таппай қиналған халықтың жанайқайы жоғарыға әрең дегенде жеткені сол еді, небір сұмдықтары ашылып сала берді. Қоймада тығылған дәрілер дәріханаларға берілмей жатыпты. Бұл не деген жауыздық десеңізші?! Сондай масқаралыққа жол беріп, көзін жұма қарап отырған жауаптылардың мойнына қылбұрау салынғанын қалап едік. Әттең «бір кем дүние»… Орнынан босатты да жібере салды. Халық шыдамады. Өз жарасын өз жалап жазатын текті көкжалдардай қарекетке кірісті. ХАЛЫК АЛЫП КҮШ! БІР АЛЛАҒА СИЫНЫП ӨЗДЕРІН ҚОРҒАУҒА КІРІСІП КЕТТІ.

 

 

ҚАЗАҚ БІРЛІКПЕН ТАЛАЙ ЖАУДЫ ЖЕҢГЕН. БҰЛ ІНДЕТТІ ДЕ БІРІКСЕК ЖЕҢЕМІЗ. Қайрат Жодыбайұлы, Қайрат Құдайберген, Динара Сәтжан, Айнұр Тұрсынбаева тб. сынды ел алдында жүрген азаматтар қор жинап, тыныс алу аппараттврын,дәрі дәрмектерді елге жеткізді. Қалай сүйінбейсің? Қысқа уақттың ішінде талай қаржы жиналды. Әрине, індет басталып, төтенше жағдай жарияланған наурыз айында Елбасының үндеуімен Қазақстанның олигархтары көмек бергені белгілі. Сол қаражаттардың қайда, неге жұмсалғанынан бейхабармыз. Ал мына азаматтар барлығын ашық та батыл жасауға кірісіп кетті. Жасанды тыныс алдыру аппараттарын сатып алуға ниеттенгендерін, оны қайдан алатындықтарын да ашып айтып жатыр. Халық риза. Міне, нақты іс деген осы! Бұлардың жинаған жүз миллион теңгесінің берекесі біреулердің пейілсіз берген жүз миллион долларынан әлдеқайда құнды деп білемін. Енді соған жәрдем беретін үкімет тездетіп кіріссе дейміз. Ауыл, аудан көлемінде де қор жинап, дәрі-дәрмек алуға бел шешіп кірісіп жатқан ағайындар да көбейіп келеді. Міне, халық өз жарасын өздері емдеуге кірісті деген осы.

 

                          Елді қиындықтан құтқаратын Азамат керек!

Үкіметтен қайыр болмады. Тиісті шараларды жеріне жеткізіп, нақты шешімдер қабылдай алмады. Ең өкініштісі Қазақстан Үкіметі індет басталғалы бері халықты сендіре алмай отыр. Соңына ерте алмады. Олар тіпті өздері басқарып отырған министрліктер арасында да тығыз байланыс орнатуды жүзеге асыра алмаған екен. Мысалы індет тарай бастаған тұста ДСМ, СІМ, ІІМ қатарлы маңызды мекемелер бірінің жұмысын бірі толықтыра алмаған ғой. Төтенше жағдай жарияланғанға дейін адамдар шетелдерге демалысқа кетіп жатты. Кедендік бақылау бекеттерінен кедергісіз Еуропаға қыдырып келген шенділердің көп өтпей корона вируспен ауырғандығын, айналасына жұқтырғандығын жаңалықтардан естіп жаттық. Тәртіпті өздері сақтамады. Мұны кім зардап шекті. Айналып келгенде қарапайым халық зиян тартып отыр. Әйтпегенде шетелдің бір қаласының жан санына да жетпейтін 18 миллион адамды індеттен аман алып қалуға болатын еді ғой. Біздегі жүйенің шірігендігі, әлсіздігі, былыққа белшесінен батқандығы осы жолы анық білінді. Осының барлығы қаншама жылдан бері жалғасып келе жатқан, бюрократияның, жеке басқа табынушылықтың, жемқорлықтың кесірі емей немене?! Үкіметпен қоса бар билікті өзіне жиып алып отырған қауіпсіздік кеңесінің де қауқарсыздығын сездік.

Жазушы-публицист Марат Тоқашбаев та бұл мәселеде үнсіз қала алмапты: «Ендеше жекелеген азаматтардың, бүкіл қоғамның, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігінқамтамасыз ете алмаған Қауіпсіздік кеңесі өзінің мүлдем тиімсіз, әрі қажетсіз екендігін көрсетті». Шынында да солай-ау, өзі… Онда ел мүддесінен шыға алмаған құзырлы мекемелер таратылып, қайтадан жасақталуы керек.

 

 

Бұл Қазақстан қоғамында басты талап болмауы тиіс. Мұндай қауқарсыз Үкімет, халықпен тіл табыса алмаған, естімейтін, көрмейтін Үкімет кімге керек? Бұл халықтың талабы, халықтың үні…» Шыдамы таусылған халық, әсіресе жастар айтары баршылық. Олардың салмақты ойлары еліміздің тағдырыеа ерекше алаңдайтыны қуантады.

 

Ақын Ақберен Елгезектің, ілеуметтік желідегі ащы пікірін назарларыңызға ұсынып отырмын. Елдің болашағын ойлайтын адамның көзінен де жүзінен нұр ағып тұрса керек. Бұлардың көздері әйнек сияқты. Жүрек қатайғандықтың белгісі. Екі аптада бұл кісілердің таңғажайып түрде өздері де өзгеріп, елді де өзгерте қалатынына сенбеймін. Мүмкін де емес! Жағдай болса мынау. Жұрт қойша қырылып жатыр, экономика шатқаяқтап тұр. Ел не істерін білмей, теңселіп тұр. Дәл осындай алмағайып уақытта жаңа басшымыз батыл қимылдап, мықты команда жинақтап жіберіп, бас-көзге қарамай, мына аңыраған елді қатепті қара нардай алға сүйреуі керек. Басқа бізге жол жоқ!

Осындай сарында Роза Мұқанованың әлеуметтік жәлідегі пікірінде толық қоюды жөн көрдім «Ескірген жүйе, таланған байлық, мемлекет ішінен де, мемлекет сыртынан да ыңғайлы “мемлекет” құрып алған “шайкалардың” ойын алаңы…Олар жүйені өзгертуге оңайлықпен жол бермейді. Оларға еститін билік керек емес. Оларға реформа кедергі. Расында соғыс кезеңі дерсіз. Ұрлығы әдетке айналған мұндай жүйе мемлекеттің болашағына қауіпті екенін көрсетті. Тәбетін бұзбай одан әрі емініп, еме бергілері келетіндерді сылып алып тастау керек. Ыңыршағы айналған халықтың қанды іріңін сорудан айызы қанбаған мешелдерді емшектен шығарғандай бастарын ноқталап тұрып, жұлып алу керек!!! Не бас кетеді, не омыртқа кетеді…» Бұдан артық айта алмаймыз “Не бас, не омыртқа кететіні” рас. Тәуекелге бел байлаңыз! Болмаса мемлекетке, қазаққа жаныңыз ашыса бір шешімге келіңіз, президент мырза!

 

Официальный информационный ресурс Премьер-Министра Республики ...

 

Үкімет міндетті түрде таратылуы тиіс. Оның орнына шахмат тастарын жылжытқандай етіп, бұрыннан бар кадрларды әкелудің керегі жоқ деп ойлаймыз. Ел ішінде небір мықты азаматтар бар. Оларға мүмкіндік берсек, экономиканы да, уақыттық қиыншылықтарды да шеше алады. Енді жан-жағымызға қарап жалтақтауды қоятын кез келді. Тіпті керексіз ұйымдарды таратуды ұсынар едік. Қос билік жүйесі қазаққа шығын әкелгеннен өзге ештеңе бермейтіндігі әуел бастан белгілі еді. Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтің айналасына тығыз топтасып, жаңа да батыл қадамдар жасауға кіріспесек, мына індет әлі де талай қазақтың жанын жалмайтын түрі бар.

Соңғы кездері «Өткелде ат ауыстырмайды» деген сөз шығып жатыр. Біз естіген қазақтың нақыл сөздерінінң ішінде мұндай сөз барын енді біліппіз. «Арғымақ сені сақтадым, қос құлағың серек деп, Азамат сені сақтадым, бір күніме керек деп» деген екен Махамбет бабамыз. Негізі біздің қазақ белі мықты бестісін, ең сенімді атын өткелге салатын еді. Қос танауын делдитіп, арқыраған асау толқынмен арпалысып жүріп, қарсы бетке жүзіп өтер еді. Бізге де сондай Қазанат керек. Азамат керек! Осыны тездетіп қолға алмасақ, өкінішіміз одан да бетер көп болмаса, не қылсын?!.

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.