Жылқы мінген жасақ

0
252

Оралда саяжайлардағы, жағалаулар мен қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы қоғамдық тәртіпті атты полиция қызметкерлері қадағалайды. Жылқы мінген жасақтың көмегімен жыл басынан бері 1385 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Орал қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына қарасты кавалериялық взводы 2017 жылдың соңында ашылды. Аз уақыттың ішінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қыруар іс тындырып, адамдардың тыныштығын бұзғандардың жолын кескен кавалериялық взвод сақшыларымен біз де жүздесіп қайттық.

Қаланың Зачаганск кентіндегі облыстық ішкі істер департаментінің құқықтық тәртіп пен арнайы дайындықты қамтамасыз ету базасында орналасқан взвод ғимаратында бізді полиция кавалері Ерік Бақтығалиев қарсы алды. Өздерінің жұмыстарынан хабардар етіп, әріптестерімен таныстырған кейіпкеріміз мұнда 25 адам жұмыс жасайтынын жеткізді.

– Жағалауларда ішімдік ішу, мас күйінде суға түсу секілді көріністер болып жатады. Сондай оқиғаларды болдырмауға атсалысамыз. Сонымен қатар қала маңында саяжай қауымдастықтары көптеп орналасқан. Оларда да ұрлық-қарлық, бұзақылық оқиғалары жиі орын алады. Мұндай жерлерге көп жағдайда қызметтік көлікпен бару мүмкін емес. Сол себепті тұрғындардың қауіпсіздігін атпен аралап күзету әлдеқайда жеңілірек, – деді Ерік Серікұлы.

Полицей-кавалеристер үздіксіз қызмет атқарып, өздеріне бөлінген аймақтың тыныштығын күнделікті қадағалайды. Кавалериялық взводтағы 25 адам ауысыммен жұмыс жасайды. Оларға тұрғындардан түрлі шақыртулар да түсіп жатады. Қылмыстық оқиға орнына лезде жететін сақшылар бірқатар заңбұзушылықтардың алдын алған. Айталық, жыл басынан бері Оралда кавалериялық взводтың көмегімен 1385 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Мас күйіндегі 99 адам айықтырғышқа оқшауланған. 9 суық қару тәркіленіп, алты қылмыс ашылған екен.

Кавалериялық взводқа жұмысқа алынатын сақшылар өз жұмысына жауапкершілікпен қараумен қатар мал патшасы – жылқының тілін білуі тиіс. Бұл ретте әрбір полиция қызметкері өздеріне бекітілген сәйгүлікті баптап, олардың жай-күйі мен тазалығын қадағалайды. Мұндағы қызметтік аттардың барлығы да – жергілікті тұқымнан. Қамбар ата түлігіне қамқорлықпен қарайтын қызметкерлер күн ыстықта оларды тынықтырып, уақтылы суарып тұрады. Қыста қатты аяздарда тоңдырмай жабулап, мұзға таймау үшін тұяқтарын тағалайды. Өте қатты тайғақта жылқыларды сыртқа шығармайды. Алыс саяжайларға оларды арнайы көлікпен апарады. Сонымен бірге қызметке іріктеліп алынған арғымақтарды баптайтын арнайы жұмысшылар бар. Олардың екеуі аттардың жем-шөбін берсе, біреуі тағалайды. Ауырып тұрған жылқыларды емдейтін ветеринарлық дәрігер де бар. Мұның барлығы – бұйрықпен бақылауға алынған іс-шаралар.

– Өзіміз ауылда жылқы мініп өскен қазақтың баласымыз. Сондықтан атқа отыруға ерекше қабілет пен қайрат-күш керек екенін жақсы білеміз, – деді полиция кавалері Е.Бақтығалиев. 2018 жылы кавалериялық взводқа жұмысқа ауысқан кейіпкеріміз оған дейін патрульдік полиция батальонының жаяу жасағында қызметте болған. Ол ішкі істер саласындағы жұмыстың барлығы да қоғамның қауіпсіздігіне негізделетінін айтты. «Полиция қызметкері тәртіпке бағынуы тиіс, әрі заңнамалық жағынан сауатты  болуы керек. Біз халықпен етене байланыста жұмыс жасаймыз. Сондықтан адамдармен сөйлесе білу мәдениетін де меңгерген дұрыс» деді ол. Сөз арасында қызмет барысында көлік ұрлығына тосқауыл болған, қоймаға ұрлыққа түсу оқиғасын әшкерелеген сәттері болғанын әңгімелеп берді.

Кавалериялық взвод сақшылары қайырымдылықпен де айналысып, мүмкіндігі шектеулі балалармен иппотерапия әдісін жүргізеді. Сал ауруына шалдыққан жеткіншектерді атпен серуендетіп, олардың денсаулықтарын нығайтуға біраз үлес қосқан. Аптаның бір күнінде атты взвод орналасқан ғимаратқа ата-аналарымен келетін ұл-қыздардың жылқы үстіндегі қуанышты жүзін көру – полиция қызметкерлері үшін үлкен бақыт. Қазіргі уақытта карантиндік шектеулерге байланысты бұл шара уақытша тоқтатылыпты.

Кавалериялық взвод жасағының жұмысына қаныққаннан кейін сақшылармен бірге жылқылар тұрған орынды аралап шықтық. «Люкс», «Пират», «Ирбис», «Дос», «Король», «Омар» секілді есімдерді иеленген арғымақтардың тұрған орындары таза, өздерінің де бабы келісті екен. Атқорада кездескен Жұмагелді Ерғалиев екі жылдан бері осында жұмыс жасап жатқанын айтты. Оның күнделікті жұмысы – жылқылардың орнын тазалау, жем-шөбін, суын уақытымен және мөлшерлеп беру. Мұндай шаруа ауылда өсіп-өнген адамдарға таңсық еместігін айтқан ол өз жұмысын жалғастыра берді.

Бізбен қоштасқан полиция кавалері Ерік Бақтығалиев қайтадан атқа қонып, қоғамдық тәртіпті қадағалауға аттанды.

 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dauiri» газетінің

БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.