ПРАЙМЕРИЗ: КІМГЕ БАҚ, КІМГЕ ДАҚ!

0
414

«Nur Оtan» партиясы ерлеп тұр! Олар бірінші болып партиялар ішінде праймериз тетіктерін іске қосты.

Бұл жаңаруға, жасаруға һәм  халыққа жақындауға бетбұрыс екені даусыз.  Яғни, жақсы бастама.

Бір жерде көп тұрған тоған судың иістеніп, саси бастайтынын білетін боларсыз?  Оған тың ағыс келіп, жиі-жиі жаңартып тұрмаса борсыған иіс қолқаны атып, жүректі айнытып маңайынан бездіріп жіберері белгілі … Сонымен айтпағымыз, жүре берсең, көре бересің демекші, «праймериз» деген сөйлемге де тіліміз жаттыға бастады. Басында жұтқыншақтан жұтынып шықпағасын жатырқағанымыз рас.  Өйткені ата-бабамыз айтпаған, сөздік қорымызда болмаған нәрсе ғой, бұл.  Сондықтан да болар, халық о баста үрке қарағанымен, бірте-бірте еттері үйреніп, қоғамға пайдалы дүние екеніне көзі жеткендердің көпшілігі кәдімгідей қолдау білдіруге кірісті. Әсіресе өзгерісті аңсайтын жастар қатары бақтарын сынауға тырысып-ақ жатыр. Бұл үлкен мүмкіндік әрине…

«Қой терісін жамылған қасқыр» кейіпіндегі кейбір саясаткерлер әлден-ақ билік партиясының қасынан табылуда. Табылып қана қоймай, праймериздің жаңашылдықтың бастауы болатынына шүбәсіз сенім білдіріп отыр… Жә, делік.

Саралап отырсақ,  «праймеризді» қабылдай алмай жатқандар да жеткілікті. Олардың ішінде қара да жүр, дана да жүр. Олардың көкейінде баяғы «Не өзгере қояды дейсің» деген сенімсіздік. Баяғы қорқыныш! Баяғы үмітсіздік қана бар.

Өздерін оппозиция «қалдықтары» санайтын серкелердің  уәжіне құлақ түрсек, «Nur Оtan» праймеризді толық іске асырғысы келсе, қарсы топтардың мүшелерімен де санасқаны дұрыс  деген пікірде. Оларды мүшелікке көптеп тартып, халықтың жанайқайы мен арман – тілегін сонда ғана естуге мүмкіндік алады деп тас-түйін отыр.  Әйтпесе барлығы текке әуре дегенге саяды көзқарастары.

«Nur Оtan» партиясы праймериз өткізеді дегелі әйтеуір ел – іші ала шапқын.  Тіпті кей өңірлер кімді қолдап, кімді қорғап қаларын білмей әлек. Әр кәлләдә бір үміт ұшқыны лаулап тұр.

«Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап,

Ол жанбаса лапылдап,

Аспан қалай ашылмақ» деген жыр жолдарын осы жерге қапсырып жіберуге болатындай тіпті.

Бәлкім біреулер партияға өтіп кетсем «Қара қылды қақ жарамын» деп ойлайтын болар. Енді біреулер билік партиясы арқылы лауазымға иек артып, партияның ғұмыр – жасын ұзартуға мүдделі шығар.  Кімнің ішіне кім  кіріп шығыпты, әйтеуір жақсылық бола берсе деген тілек біздікі!

Сөз басында айтқанымыздай праймериз дегенге түсінік бере кетейік. Бұл термин негізі аспаннан аяғы салбырап түсе қалмапты. Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі екен. Қазақ тіліндегі мағынасы «іріктеу» деген ұғымды білдіреді. Кейде «алдын ала сайлау» немесе «алдын ала дауыс беру» деп те атайды. Яғни, жақтастарының арасында алдын ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды.

Праймериз өзге елдердің тәжірибесінде өзін-өзі дәлелдеген және сынақтан өткен ең тиімді тәсіл. Әу баста АҚШ-та, одан кейін Еуропаның бірқатар елінде қолға алынған. Ең алғаш партиялық ішкі сайлау 1842 жылы АҚШ-та өтіпті. 1901 жылы Флорида штаты тұңғыш праймериз өткізіп, сол жылы бұл ұғым заңды түрде қабылданған.

Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын, ел алдына шығар көшбасшыны таңдау. Батыс елдерде праймериз ашық және жабық түрде өткізіледі. Ашық түрде кез келген адам дауыс бере алса, жабық түрдегі праймеризде тек партия мүшелері ғана дауыс бере алады. Біз тапқан ақпарат ағыны осылай қысқа ғана шолып шығыпты. Бірақ көп нәрсені қамтығаны көрініп тұр.

Сонымен тамыздың 17-сі күні басталған праймериз пандемияға байланысты (дауыс беру) онлайн өтіп жатыр. Бұл туралы «Nur Оtan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Фейсбуктағы парақшасында жазба қалдырды.

Партияішілік сайлауға енгізілген толықтыру Елбасының тапсырмасымен қолға алыныпты. Бауыржан Байбектің сөзіне сенсек, мұны саяси кеңес мүшелері де қолдап, сырттай дауыс берген көрінеді:   – Онлайн-формат – партияның ашық әрі қолжетімді бола түсуіне жасалған тағы да бір қадам. Әсіресе, жастар үшін жақсы мүмкіндік. Елбасының тапсырмасы бойынша әрбір мәслихат пен Мәжіліске арналған партиялық тізімдерде кемінде 20% 35 жасқа дейінгі жастарды қамту жоспарланып отыр. Адал да бәсекелік негізде праймериз өткізу бәріміз үшін маңызды. Сарапшылар қоғамдастығы ағымдағы қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде бұдан үлкен үміт күтіп отыр. Мұны таяуда өткен «Nur Otan» жақтастары Лигасының дискуссиясы нақты көрсетті.

Сондай-ақ, Бауыржан Байбек «Nur Оtan»-ның елімізде бірінші болып «Электронды партия» жобасын қолға алғанын атап өтті. Партияның орталықтандырылған деректер базасы жасалып, онлайн қоғамдық қабылдау, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа коммуникация арналары енгізілгенін де еске салды. Осының арқасында карантин кезеңінде партияға түскен онлайн-өтініштер саны 5,3 есеге артқан. «Электронды партия» жобасы «Праймериз» ақпараттық жүйесін әзірлеуге негіз болыпты.

Айта кетейік, биыл «Nur Оtan» партиясы (сынамалы іріктеуді есептемегенде) алғаш рет праймериз өткізбек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысына орай  2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында жүзеге асады.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша елдің барлық облыстарында іріктеу жүргізіледі. «Nur Оtan»-ның праймериз өткізудегі мақсаты – қатарын адуынды мықты жас мамандармен  ел қолдауына иек артып толықтыру. Сайлауға өз аймағында сөзі өтімді, беделге ие азаматтар қатыса алады.

Дауыс беруге ел тұрғындарының барлығы құқылы емес. Сайлауға түскен үміткерге тек өз аймақтарының жерлестері ғана дауыс бере алады.

 

***

Ел болғасын, жұрт болғасын сан алуан ойлардың «елесі» даламызды кезіп жүруі заңдылық. Қоғам  – (кей өңірлердегі кедір – бұдыр жолдармен жүріп өткендей) адамдардың қолдауы мен қарсылығы арқылы ғана дами түспек.   Басқа жол жоқ.

Дамыған елдердің жүріп өткен сүрлеуіне қарап отырсақ, мемлекеттің гүлденуі үшін болған «күресте» ауызбіршіліктің алатын орны төр екен. Ұлы Абай айтпақшы, «Бас басына би болған өңшең қиқым» жүрген жерге көк түгілі, шөпте шықпайды. Олай болса билік партиясы қолға алған бастаманың ғұмыры ұзақ болғай. Әділ сайлау өтіп, елдің мұңы мен құнын білетін азаматтар «Nur Оtan» сапынан төбе көрсеткей!  Сөйтіп еңсесі түскен беделін бір көтеріп тастаса, шіркін!

Айтпақшы, айтыс-тартыспен жүргенде Абай кемеңгер мысқылмен жазған «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» дейтіндер қара үзіп кетпесе бопты да!

 

 

Нағашыбай Қабылбек

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.