Бағдат Анарбаева: Волонтер – ең алдымен нағыз патриот

0
231

Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері Қазақстан волонтерлер лигасының жұмысы бұрынғыдан да ширай түсті. «Қазақстан волонтерлар лигасы» ҚҚ Алматы қаласы филиалының төрайымы Б.Анарбаева қайырымды жандардың күнделікті жұмысы қалай басталатындығы туралы әңгімелеп берді.

 

Бұл қызмет жайлы заң бар

«Волонтер – ең алдымен нағыз патриот. Ол өз әрекетін сөзімен емес ісімен дәлелдейтін адам. Айналамызда көмекке мұқтаж адам көп, оларды назардан тыс қалдырмау керек. Бұл қоғамдағы мейірімділікті, қайырымдылықты дамытады. Адами құндылықтарды өсіреді», – дейді Бағдат Анарбаева. Жеті жылдан бері волонтерлікпен айналысып келе жатқан 23 жастағы бойжеткеннің өзі нәзік болғанмен, осы жолдың ыстық – суығына шыңдалған. Оның айтуынша, волонтер болуға кез келген адам ұмтыла бермейді. Бағдат Анарбаеваның пікірінше еріктілер деген қоғамға еш ақысыз еңбек етіп, қоғамға пайдалы істермен айналысып, сол арқылы тұлғалық, патриоттық қасиеттерін дамытатын, елдің болашағына өз үлесін қоса алатын жандар. Шетелдерде оларға жалақы төленіп, жалпы еңбек өтілі жүретінінен және олардың қатарында жастардан бөлек зейнеткерлер болады екен. Биыл ақпан айында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың Еріктілер ұйымдарының өкілдерімен кездескен болатын. 20-дан астам волонтерлар ұйымдарының өкілдері қатысып «Волонтер жылы» атқарылатын жұмыстардың жоспары талқыға салынған. 2016 жылы Қазақстанда «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданған. Заңда «Волонтерлік қызмет – жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне сәйкес өтеусіз негізде жүзеге асырылатын, әлеуметтік бағыттағы ерік қалауымен орындалатын қоғамдық пайдалы қызмет» деген анықтама берілген. Еріктілер қоғамда азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, әлеуметтік жауапкершілік салмағын сезінуге, ынтымақтаса отырып, өзара көмектесуге және мейірімділік сезімін оятуға ықпал ете алады, спортты дамыту, қоршаған ортаны қорғау секілді қоғамға игілік әкелетін басқа да мақсаттарды жүзеге асырады. Экстремизм мен сепаратизм сипаты бар, әскери мүддеге негізделген, халық арасында іріткі салатын волонтерлік қозғалысқа ҚР заңдарына сәйкес үзілді-кесілді тыйым салынған.

 

 

Аталған заңда жасы он сегізге толған азаматтар жеке немесе топтасып, ерікті түрде қызмет ұсына алады. Әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде бұл қағида бұлжытпай сақталуы тиіс. Он сегіз жасқа толмаған жастар волонтерлік қызметті олардың денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтірмейтін және оқу үдерісін бұзбайтын жағдайда жүзеге асырады. Он төрт жасқа дейінгі жасөспірімдер ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен немесе іс жүзінде олармен бірлесіп атқаруына рұқсат берілген.

Қазіргі таңда Алматыда 20-дан аса волонтерлық ұйымдар бар. Соның ішіндегі ауқымдыларының бірі — «Қазақстан волонтерлар Лигасы» ҚҚ алматылық филиалы, оның өкілдері осымен жеті жыл бойына алып шаһар тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетіп келе жатыр. «Қазақстан волонтерлар Лигасы» ҚҚ алматылық филиалында өмір қайнап жатыр, волонтерлар күнделікті белсенді жұмыс жасайды. Олар табысы төмен, көп балалы отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі жандарға, жалғызбасты зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жетім балаларға және өзге де еріктілердің көңіл бөлуі мен көмегіне зәру халыққа қол ұшын береді.

 

Алматыда 2000 ерікті бар

Қазіргі күнде «Қазақстан волонтерлар Лигасы» ҚҚ алматылық филиалында 2 мыңнан аса волонтерлар бар. Олардың барлығы жас, ұлт, қызығушылықтары жағынан ерекшеленеді, бірақ оларды біріктіретін бір нәрсе бар, ол – адамдарға комектесуге деген шынайы ықылас. Бұл жердегі ең жас волонтер 14 жаста болса, ең үлкені 55 жаста. «Менің алғашқы волонтерлықпен байланысты жобам «Жанұя» №3 арнайы интернатының тәрбиеленушілеріне бару болды. Демалыс күндерінің бірінде мен және тағы бірнеше адам балаларға тосын сый жасамақ болдық. Біз азық-түлік, тәттілер, заттар мен ойыншықтар алып жолға шыққан болатынбыз. Содан бері жеті жыл өтті, бірақ сол кезде алған алғашқы әсерім әлі күнге дейін ізгі істер жасауымды жалғастыруға күш беріп келе жатыр. Филиалымызда Қазақстанның барлық қалаларының өкілдері бар. Олар негізінен Алматыда білім алып жатқан өзге қалалардан келген студенттер. Қаладағы волонтерлар «Birgemiz» ортақ концептінің аясында орасан жұмыстар атқарып жатыр, ол еріктілікті дамытудың жеті жалпы ұлттық бағытын қарастырады: «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saylyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Alem», «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Umit». Бұл дегеніміз, біздің қызметіміз тек әлеуметтік осал топтарды қолдаумен ғана шектеліп қалмайды деген сөз. Жалпы айтқанда, волонтерлық медициналық, білім беру бағыттарын қамтиды, сонымен қатар экологияны жақсарту мен рухани құндылықтарды сақтауға бағытталған», – деп атап өтті Бағдат Анарбаева.

 

 

Төтенше жағдай кезінде Алматының волонтерлық ұйымдары бірігіп, волонтерлар жедел штабымен жұмыла жұмыс жасауда. «Қазақстан волонтерлар Лигасы» ҚҚ волонтерлары алып шаһардың ірі сауда дүкендерінің бірінің негізінде қажетті азық-түліктерді бөлу мен орауға, әлеуметтік себеттерді зәру отбасыларға жеткізуге көмектесуде. Сонымен қатар, олар қала мекемелеріне бақылау жұргізіп, алматылықтардан жедел желіге түскен өтініштерді өңдейді.

«Бүгінгі таңда біз 10 мыңнан астам азық-түлік себетін бөліп, 4000-нан астам мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткіздік, 150 мекемеге бақылау жүргізіп, 80-нен аса заң бұзушылықтар анықтадық, 100-ден астам мұқтаж жанұяларға керекті дәрі-дәрмектер тараттық, дәрігерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін 7 тегін тіл курстары мен 2 шығармашылық үйірме ұйымдастырдық, дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қолдау мақсатында 5 қайырымдылық акциясын өткіздік және т.б. Волонтерлық практиканың анализінің көрсетуі бойынша волонтерлық істерді ұйымдастыру мен соларға қатысу жастарда өзіне деген сенімділік, альтруистілік, өзгелермен қарым-қатынас орната білу, эмпатия, толеранттылық сияқты тұлғалық құндылықтарды дамытуға септігін тигізеді. Шығармашылық потенциалдың, мінез-құлықтың икемділігі мен нормативтілігінің өсуінде динамика байқалып, жастардың өзін-өзі дамыту мен жетілдіруге деген қажеттілігі арта түседі», – дейді Бағдат Анарбаева.

 

 

Айта кетерлігі, «Қазақстан волонтерлар Лигасы» ҚҚ 2014 жылдан бері қайырымдылық волонтерлық бағдарламалары мен жобаларын қолдап әрі дамытып келеді. Олардың волонтерлары қатарында жүректерінің жылуын әлеммен риясыз бөлісуге деген құлшынысы бар жастар бар. Біз әлеуметтік маңызы бар науқандарға: қажетті ақпаратты таратуға, әлеуметтік акцияларды дайындау мен өткізуге, үйретуге және өзге де шараларға қатысамыз. Біздің қоржынымызда көптеген қалалық, республикалық және халықаралық іс-шаралар бар: Универсиада-2017, EXPO-2017, Almaty Film Festival, Қостанай қаласындағы Қазақстан-Ресей жастар форумы, Евразия медиафорумы, Ile-Balkhash fest, волонтерлардың фронт-офисының ашылуы, волонтерлар құрылтайы және тағы басқалары.

 

Жетім өскен соң ба, жетімдерге көмектескім келетін

Мен 1997 жылы Қапшағай қаласында дүниеге келдім. Үш жасымда анам қайтыс болды, ал әкем хабарсыз кетті. Жақын адамның өлімі – бұл ауыр сынақ. Әсіресе сен жай ғана кішкентай бала болсаң. Мен бала күнімнен жақын адамның жылуы мен қамқорлығы өте маңызды екенін түсінетінмін және өзім сияқты балаларды бақытты етуді армандадым.Содан бері сіңліміз екеумізді тәтеміз өсірді. Мектепті бітіргеннен кейін мен арманым болған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге түстім, онда волонтерлық жайында көбірек білдім. Бұл жерде мен «Көмек» ҚҚ өкілдерінен өзіммен ниеттес жандарды таптым, олар балалар үйіне көмектеседі екен. Балалардың оқуларына көмектесу мен бос уақыттарын қызықты етіп ұйымдастырудан бөлек, олар одан да құнды зат махаббат, көңіл бөлу және қамқорлық беруші. Ата-анасыз өскен адам ретінде мен өсіп келе жатқан баланың жақын адамы болуы қандай маңызды екенін ұғынатынмын.

 

«Жақында жалғызбасты әжейге азық-түлік пен шаруашылық заттарын алып бардық, ол бізді жасқа толы көздерімен қарсы алды. Бұл қуаныш пен алғыс көз жасы еді, біз әкелген заттар үшін емес, бөлген көңіліміз бен көрсеткен қамқорлығымыз үшін болатын. Осыған ұқсас жағдайлар жетерлік. Білесіз бе, жасап жатқан қызметіңнің тигізіп жатқан пайдасын көрген кезде бұның бәрі бекер емес екендігін түсінесің. Волонтерлық дегеніміз баю мүмкіндігі емес, өйткені еріктілер қарымтасыз қызмет көрсетеді, бұл – қоғамдағы орныңның маңыздылығын ұғыну, – дейді Бағдат Анарбаева.

 

Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен етене жақын болып кеттім. Менің алғашқы волонтерлықпен байланысты жобам «Жанұя» №3 арнайы интернатының тәрбиеленушілеріне бару болды. Шуақты күндердің бірінде достарымызбен бірге балақайларға күлкі сыйламақ болдық. Біз азық-түлік, тәттілер, заттар мен ойыншықтар алып жолға шықтық. Содан бері жеті жыл өтті, бірақ сол кезде алған алғашқы әсерім әлі күнге дейін ізгі істер жасауымды жалғастыруға күш-қуат беріп келе жатыр.

Волонтердың өмірі қайнап жатыр, біз күнделікті белсенді жұмыс жасаумен айналысамыз. Жалғызбасты зейнеткерлерге, жетім балаларға және өзге де еріктілердің көңіл бөлуі мен көмегіне зәру халыққа қол ұшын береміз. Олар бізді жиі жасқа толы көздермен шығарып салады. Бұл қуаныш пен алғыс көз жасы, әкелінген заттарға емес, бөлінген көңіл мен көрсетілген қамқорлыққа деген алғыстан шыққан жас. Жасап жатқан қызметіңнің тигізіп жатқан пайдасын көрген кезде бұның бәрі бекер емес екендігін түсінесің. Волонтерлық дегеніміз баю мүмкіндігі емес, өйткені еріктілер қарымтасыз қызмет көрсетеді, бұл — қоғамдағы орныңның маңыздылығын ұғыну.

2019 жылы арманымды орындап, достарымызбен бірге ««Арлан» белсенді жастар бірлестігі» Қоғамдық қорын құрдық. Ұйымның негізгі мақсаты өзге елді мекеннен келген, ауыл жастары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету болып табылады. Мен аталмыш ұйымның негізін қалаушысы және бірінші басшысы болып тағайындалдым. Қазіргі сәтте ҚазҰУ-да «Конфликтология» мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатырмын, жұмысымды волонтерлықпен қатар алып жүремін. Волонтерлық жұмыстарына белсенді қатысқаным үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты, Бауыржан Байбектің Алғыс хаты, «Нұр Отан» партиясының хатшысы А.У.Алденейдің Алғыс хаты, Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаевтың Құрмет грамотасы, университеттің дамуына қосқан үлесім үшін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медаліне ие болдым. Осы жылдың қаңтар айында «Қазақстан волонтерлар Лигасы» Қоғамдық қорының Алматы қаласындағы филиалының төрайымы болып тағайындалдым. Волонтерлықпен айналысу – көмекке мұқтаж жандарға деген ең үлкен сыйлығыңыз. Осынау орасан әлемде кішкентай жақсылықтың өзі мыңдаған адамға көмектесе алады!

 

Гауһар Тұрсынқожа

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.