ШЫМКЕНТ: КАРАНТИН ТАЛАБЫН БҰЗҒАН 407 ТҰЛҒАҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

0
53

Елімізде карантин режимі енгізілгеннен бері Шымкентте 513 құқық бұзушылық орын алған. Оның ішінде 407 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. Құқықбұзушылықтардың 351-ін арнайы құрылған мобильді топ өкілдері анықтаған.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді.

—Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №34-35 қаулысына сәйкес, Шымкент қаласы Полиция департаменті қаладағы жұмыс істеп тұрған нысандарға карантин талаптарын сақтауға байланысты мониторинг жүргізуде. Департамент бұл істі қаладағы 4 аудан әкімдігінің және аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының өкілдерімен бірлесіп іске асыруда, – деді департамент бастығы.

Генералдың айтуынша, тексеріс кезінде қатаң карантин шараларының енгізілгеніне қарамастан, кейбір мекемелер бұрынғы қалыпты кестемен жұмыс жасап жатқаны анықталған. Атап айтсақ, мейрамхана, кафе, клуб, компьютерлік ойынханалар мен букмекерлік кеңселер бойынша 91 дерек анықталса, шаштараз, массаж, монша, сауна, әсемдік салондар бойынша – 20 және сауда үйлері, базар, дүкендер бойынша 142 құқықбұзушылық анықталған. Сондай-ақ, басқа да қоғамдық орындарда азаматтар карантин талабын 98 рет бұзыпты.

Бұдан бөлек 162 құқықбұзушылық қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде орын алса, көпшілік орында бетпердесіз жүргені үшін 52 азаматқа әкімшілік шара қолданылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында карантин талаптарын сақтамаған тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлімімен 407 хаттама толтырылып, бүгінге дейін 27 миллион 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.