Мүгедектердің мұңын тыңдады

0
123

Қайырымдылық – ең асыл қасиеттердің бірі. Әсіресе, кембағал жандарға қолұшын созу мақсатында ұйымдастырылатын іс-шаралардың маңызы зор.

Оралдық адвокаттар қаладағы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға тегін заңгерлік кеңес беру мақсатында «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен көшпелі кездесу ұйымдастырды. «Заң үйі» адвокаттар кеңсесінің нотариустармен бірлесе ұйымдастырған шарасы барысында арбаға таңылған мүгедектер өздерін толғандырған сауалдарға заңдық тұрғыда жауап алды.

– Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу. Бұл ретте олармен бетпе-бет кездесуден бөлек онлайн режимінде немесе қажет болған жағдайда үйлеріне барып кеңес беретін боламыз. Олардың мәселелерінің түйінін мемлекеттік органдардың онлайн-кеңесін, электронды порталды пайдаланып, адвокаттық сұрау жолдау арқылы тарқатуға тырысамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандармен әңгімелесу кезінде оларды мемлекеттік жәрдемақы алу, тұрғын үй кезегі, пандустардың жеткіліксіздігі сынды әлеуметтік сұрақтар көбірек мазалайтынын білдік. Сонымен қатар бұл шараға нотариустарды да тартып, қоғамдағы осал топтар санатындағы азаматтардың мүмкіндігін кеңейтуге тырыстық, – деді адвокат Бауыржан Ахметжан.

200-ден астам мүшесі бар «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова заң саласы мамандарының, соның ішінде «Заң үйі» адвокаттар кеңсесі ұжымына мүмкіндігі шектеулі жандар үшін осындай игілікті істері үшін ризашылығын білдірді. Мүгедектік арбасына тағдыры байланған тұрғындар үшін қоғамда қолжетімсіз тұстар кездесетінін де жасырмады.

Оралдық Мөлдір Нұрымованың мүгедектер арбасына отырғанына бес жылдың жүзі болыпты. Кішкентай қызымен пәтер жалдап тұратын кейіпкеріміз заңгерлерге бір баспанаға зәру екенін жеткізді. – 2018 жылы тұрғын үй кезегіне тіркелдім. Алайда үй кезегінде мүгедектік санаты бойынша емес, жалпы кезекте тұрғаным түсініксіз. Мүмкіндігім шектеулі болса да, тігінші болып жұмыс жасаймын. Пәтерақыдан артылған қаржымды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жинақтаудамын. Мемлекеттік бағдарламамен болса да, баспаналы боламын ба деген үмітім бар, – деді Мөлдір Нұрымова. Адвокаттар кеңсесінің мамандары оның баспана мәселесіне қатысты сауалдарына заң аясында кеңес берді.

«Заң үйі» адвокаттар кеңсесінің мамандарының айтуынша, тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған мұндай әлеуметтік акциялар әлі де жалғасын табады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dauiri» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.