ҚАДІРСІЗ ҚАЛҒАН ҚАЛАМГЕР

0
327

Оқырманның ащы жанайқайы бізді де шырт ұйқымыздан оятқандай болды. Әнуар Әлімжановты кезінде төрткүл әлем білді. Қазақстан одағының 1-хатшысы болған. Айтулы шығармаларын айтпағанның өзінде Азия, Африка, Еуропа құрлықтарының дәргейінде төменде айтылғандай зор қоғамдық қызметтер атқарған. Әнуар ағамыздың 90 жылдығының аталмай қалуы шынында да өте ұят. Әсіресе бұл Алматы облысының әкімшілігінің басты кемшілігі деп білеміз. Әнуар Әлімжанов сияқты айтулы тұлғалар көп емес қой. Жыл басында осындай мерейтойлардың тізімі жасалуы тиіс еді. Соның көш басында Әнуар Әлімжанов тұратыны сөзсіз болатын. Бұл біле білсең Рухани жаңғыру бағдарламасының нәтиже берер жұмыстарының бірі емес бірегейі емес пе?! Қазақстан Жазушылар одағы қайда қарап отыр? Карантин деп ақталармыз. Бірақ біздіңше бұл себеп емес. Иә, облыс әкімшілігінің немқұрайлығынан-ақ рухани дүниеміздің жетімсіреп жатқанын анық байқауға болады. Оқырманның төменде жарияланып отырған жанайқайынан кім-кімнің болсын тебіренбеуі, толқымауы мүмкін емес!

 

 Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Қадірменді Ақтоты Райымқұлова ханым!

 

Әлемнің алпыс шақты елінде болып, Қазағын әлемге танытқан, насихаттаған және ол елдерде ұлт тарихына байланысты дерек ести қалса, оны тәптіштеп біліп, жазып алып, еліне, халқына асыға жеткізіп жүретін қаламгер Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың туғанына биылғы мамыр айында 90 жыл толды. Талдықорған облысы Үйгентас ауданындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келген Әнуар 1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдады. Журналшы қызметін облыстық “Алматинская правда” газетінен бастап,1955 жылдың наурыз айынан “Литературная газетаның” Қазақстан мен Орта Азиядағы меншікті тілшісі, кейінірек: “Ленинская смена” газеті редакторының орынбасары; «Правда» гәзетінің Орта Азия мен Қазақстандағы меншікті тілшісі; “Қазақфильм” киностудиясының Бас редакторы; “Қазақ әдебиеті” газетінің Бас редакторы; Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы (1971-1979 жылдары. Бұл мерзімде КСРО Жазушылар одағы басқармасының да хатшысы болды), одан соң: Автор құқын қорғау жөніндегі Бүкілодақтық ассоцияцияның Қазақ бөлімінің басшысы; Тарихи және мәдени көне ескерткіштерді қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының, Қазақстанның коммерциялық «Таң» теле-радио ассоцияциясының төрағасы болды. Қазақстан Мәдениет қорының төрағасы қызметін атқарды. Республика Жоғарғы Кеңесі депутаттығына төрт мәрте сайланды. Жоғарғы Кеңес президиумына бірнеше рет мүше болды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланды. СОКП-ның XXIV және XXV-құрылтайларының делегаты.

Ә.Әлімжанов КСРО-ның Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс комитеті төрағасының орынбасары; Африка халықтарымен достықтың КСРО Ассоциациясы басқармасының, Африка халықтарымен достықтың Қазақ Ассоциациясы Президиумының, Азия және Африка жазушылары ассоцияциясы мен Еуропа мәдениеті қауымдастығының мүшесі, «Қазақстан-Жапония» халықаралық қоғамының президенті болды. Азия және Африка жазушыларының 1973 жылы Алматыда өткізілген V-конференциясын ұйымдастарды. Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуын атап өтудің ұйтқысы болды. 1991 жылдың басында Қазақстан Социалистік партиясының төрағалығына сайланды.

1991 жылғы қазан айының 29-ынан желтоқсанның 26-сына дейін КСРО Жоғарғы кеңесінің Республикалар кеңесін басқарып, 26-желтоқсанда КСРО-ның ыдырауы туралы декларацияға қол қойды.

Әнекең Қазақстан Ленин комсомолы, Қазақ КСР Мемлекеттік, Халықаралық Дж. Неру атындағы, Агустино Нето атындағы сыйлықтардың, Конго республикасы, «Лотос» журналы сыйлықтарының, “Құрмет белгісі”, «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Қазақстанның Халық жазушысы атанды.

Хикаяттары: «Сумен және жермен елу мың миль» (1962 ж.); «Күнге бет алған керуен» (бұның журналдағы нұсқасын оқып риза болған Мұхтар Әуезов Әнуарды шақырып алып, талабын қуаттап, хикаятына алғысөз жазып, кітап баспасына жолдайды (1960-жылы). Кітап 1963 жылы шықты. «Көгілдір таулар» (1964); «Алаулы найза» (1965); «Отырар сыйы» (1966); «Таным» (1993). Романдары: «Махамбеттің жебесі» (1969); «Жаушы» (1969); «Рудаки тағы» (1974); «Ұстаздың оралуы» (1979); «Адам жолы» (1984). «Жаушы» романы бойынша кинофильм түсірілді.

…Әнекең шетелдерге барғанында бір ғана Қазақстанның емес, Орта Азияның да мәдениет-әдебиет елшісі, жаршысы болғаны анық. Иə, осынша орасан зор еңбек сіңірген кемеңгер тұлғаны бүгінде қор қылып отырған адамдар бар. Мəселен Алматы облысы Мәдениет басқармасы Əлімжанов туралы жазылған белгілі қаламгер Ғаббас ата Қабышұлының кітабын шығарудан бас тартып қомақты хат жіберіпті. Əлімжановтың аруағын сыйламаған бұндайлар қалайша мемлекеттік қызметте жүр? Осы облыстық әкімшіліктегілер қаншама қаражат бөліп, кітап шығарып жатыр. Сонда бұл қай мазағы?

Ал облыстың басшысының жұмысы көп шығар. Ал қалғандары ше? Əлімжановты олар тіптен есіне түсіретін емес! Бұл рушылдықпен, жершілдіктің тартысы. Əнуар бабамыз ұлттық əдебиет пен өнер үшін аз еңбек еткен жоқ. Соны біле тұра неге торқалы 90 жылдық мерейтойын дүрілдетіп өткізбесе де, ең болмаса «осындай жазушы бар еді ғой» деп неге атамады, неге ескермеді?

Бұл қай мазақ?

 

Ербол Ақшолақовтың ФБ парақшасынан

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.