Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!

0
175

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға

 

 

Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдары басшыларының Ашық хаты:

Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Журналистер қауымы да биылғы халыққа арналған жолдауыңызды оқып шықты және оны насихаттауға кірісіп те кетті. Шынында да биылғы жолдауыңыз іскерлігімен, нақтылығымен ел назарын аударды. Пандемия кезінде жанкешті ерлік көрсеткен барлық мамандық иелеріне алғыс айттыңыз. Өзіңіз білесіз бұл індетпен күресуде журналистер де ерліктің жоғары үлгісін көрсетті. Иә, ұлттық, халықтық мүдде сынға түскенде ең алдымен шырқырап ара түсетін де, жазатын да, тілін де жан аямай қорғап жүрген Қазақ баспасөзі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Мемлекетіміздің гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосып келе жатқан қазақ баспасөзі халық пен биліктің арасындағы алтын көпір десе де болады. «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымыздай, бұл мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне жауап қатуы деген сөз емес. Бұл ең алдымен билік пен қоғам арасындағы диалог» деп жолдауыңызда айтқандай алдағы уақытта да осы парызымыз пен міндетімізді орындай береміз. Сол алтын көпір Қазақ баспасөзінің жағдайы қазір аса мәз емес. «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деген тақырыпта Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының басшылары биыл онлайн дөңгелек үстел жасап, өзіңізге ашық хат жолдағанбыз. (Дөңгелек үстел 20 ақпанда («Qazaqstan dauiri» №8) өткенмен қатыспай қалған мерзімді басылымдардың басшыларымен онлайн байланыс арқылы жалғасты https://qazdauiri.kz/?p=16721). Одан аса нәтиже болған жоқ. Рас, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алматыға арнайы келіп біздің өкілдермен кездесті. Одан бері біршама уақыт өтті. Енді оншақты күннен кейін баспасөзге жазылу науқаны басталады. Әлемді коронавирус індеті жайлағалы таралымымыз азайып жағдайымыз одан әрмен нашарлай түсті. Егерде осылай кете берсе Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан Қадірлі Президент мырза, Қазақ баспасөзін өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз.

Қазір ел ішінде «Газеттің болашағы жоқ» деген негізсіз пікір кең тараған. Алайда, адамзат өзі жоғалтып алған құндылықтарды белгілі бір уақыт кезеңінде қайта іздей бастайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеп қойған. Интернет желісі өте жақсы дамыған, ақпараттық технологияның көш басында тұрған алпауыт елдерде миллиондаған газет-журналдың таралуы және оқылуы – осының айғағы. Сіздің Жолдауынызда айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру бағытында БАҚ саласына жүктелетін міндет зор. Қоғамдағы ашықтықты қамтамасыз ету, бұқара мен билік арасында алтын көпірге айналу, қордаланған мәселелерді сыни тұрғыдан сараптау – бізге қойылып отырған бүгінгі күннің талабы. Бірақ шенеуніктердің өздері Елбасымыз “Рухани жаңғыру” бағдарламасын дұрыс түсінбей ме деп қорқамыз. Оның бір маңызды саласы баспасөзге жазылу, оны қалың елге жеткізу емес пе?

Ғаламтор, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда соңғы кездері әкім- қаралар, мектеп директорлары «Біз ешкімді күштеп жаздырта алмаймыз» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Баспасөзді оқымау ол надандыққа, бей-жайлылыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Ол мәселені шетелдерде көп зерттеген сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынамыз.

  1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз.
  2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылса, жөн болар еді. Сонда ол комиссия бізбен тікелей жұмыс істер еді.
  3. Тәуелсіз басылымдар мемлекеттік тапсырыстан әрқашан тыс қалады. Бұл басылымдарға да мемлекет қаржысымен шығып жатқан басылымдар секілді оң көзқарас қажет. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет, журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз.
  4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдайтер қаржысымен салынған осы кешенді баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өздеріне қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйі Алматы қаласында бой көтерсе құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз.
  5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке орай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Айлық жалақысы 20-30 мыңнан аспайды. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді.
  6. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені де күн тәртібіне қойсаңыз.
  7. Қазір газет-журнал сататын дүңгіршіктер жұмыс істемейді. Тіпті, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, министрлік тарапынан іс қозғауға ықпал етуіңізді сұраймыз.
  8. Елімізде Ресейлік БАҚ-тар үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетімізде ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз.

Міне, көріп отырсыз, бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп еліміздің даму деңгейін арттыруға, экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қосар едік.

 

Зор құрметпен:

1) Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері

2) Мағира Қожахметова, Балалардың республикалық «Балбұлақ» журналының, «Дертке дауа» медициналық-танымдық, республикалық газетінің бас редакторы

3) Марат Тоқашбай, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстанның педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор

4) Талғат Айтбайұлы, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы, Ұлт қайраткері

5) Досымбек Өтеғалиев, «Заң» медиа корпорациясы, ЖШС басшысы, («Заң» газеті, «Юридическая газета»)

6) Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі

7) Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас директоры, бас редакторы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Президент сыйлығының лауреаты

8) Қымбат Әбілда, Республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемінің ақпарат саласының үздігі

9) Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықарлық «Алаш» әдеби сыйлығы мен түркі халықтарының М.Қашақри атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері

10) Қазыбек Иса, «Қазақ үні» газетінің президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі, ақын

11) Срайыл Смайыл, «Jas qazaq» газетінің бас редакторы, ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты

12) Болат Батыр, Республикалық «Үш қоңыр» газетінің бас директоры, бас редакторы

13) Нұрлыбек Саматұлы, Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, жазушы

14) Шолпан Ұғыбайқызы, «Ақ босаға» газетінің құрылтайшысы, бас редактор, «ҚР Президенті жанындағы Отбасы және демографиялық саясат комиссиясы ұйғарған «Әйел басқарған үздік кәсіпорын» басшысы, ҚР  мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, ҚР Журналистер Одағы Н.Құлжанова атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі

15) Саят Қамшыгер, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.

(Хат карантин кезінде жазылып отырғандықтан қол қою мүмкіндігі болған жоқ. Тұлғалар хатты оқып, толық келісімін берген)

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.