ОНЛАЙН ЖИЫННАН… ОЙДЫМ-ОЙДЫМ ОЙ ҚАЛДЫ

0
206

Министрдің мәжілісіне қатысқан тілшіміздің сараптамалық пікірі

 

Өткен жұма күні ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулықтардың сапасы бойынша  онлайн жиналыс өткізді.  Жедел жиын өткізудің астарында талай сырдың жатқаны анық. Ең бастысы оқу басталып кетті. Ал оқу құралдарына айтылып жатқан сыннан қабырға қайысады.  Шындығын айтайық, жаңа министрге дейін 14 «әріптесі»  талай соқпаққа салған білім саласы – өрісте ұйықтап қалған құлын секілді әлі күнге шапқылап жүр. Қолға «үйретілмегесін», ешкім баптамағасын, тағыланып үйірін таба алмай шығанға да шығып кеткені байқалады!

Теңеуіміздің сиқы осындай болғанымен құлын-уақыт зымырап өтіп барады. Білім мен ғылымы өрге баспаған мемлекеттің болашағы жайлы айту да қиын.

«Айтып айтпай не керек, Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні» дегеннің кебін қарапайым жұрт көріп келеді.

 

«Ауруын жасырған өледі…»

 

Реформатор атануға деген басшылардың құштарлығы білім жүйесінің де «жүйкесіне» әбден тигені енді сезіліп жатыр. Байғұс мұғалімдердің беделіне де қаншама нұқсан келді.  Өзіне дейінгі олқылықтардың орнын толтыру Асхат мырзаға оңайға түспейтін түрі бар. Министр мырза дәл қазір «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген ұстанымға табан тіреген тәрізді.

Оған мына сөзі дәлел. «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында оқулықтарды дайындау жүйесі толығымен өзгерді. Оқулық сапалы білім алудың өте маңызды құралы екені айдан анық. Біз бұған дейін айтқанымыздай, үлкен өзгерісті енгіздік. Бүкіл нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілді. Әділет министрлігінде тіркелді. Сондықтан қазір жаңа тәртіп орнатылды. Шығатын оқулықтардың сапасы мүлдем басқаша болады. Әрине, сұрақ көп. Оны бәріміз білеміз. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, біз ештеңені жасырмауымыз керек. Проблемалы сұрақтар болса, оларды танып, біліп, оларға жауап беруіміз керек, – деді.

Сонымен қатар ата-аналар мен ұстаздар қауымының да жанайқайы министрге жеткені байқалады. «Сонымен қатар, оқулықтардың форматына, жіберілген қателерге байланысты да сұрақтар кездеседі. Біз оның бәрін білеміз. Осы ретте оқулыққа ортақ талап енгізілді. Мысалы, кей форматтың біреуі үлкен, біреуі кішкентай. Тіпті мұғалімдердің айтуынша, 1-сыныптарға арналған үстелдің өзінде үлкен-үлкен оқулықтарды 2 бала екі жақтан жұмыс дәптерін және оқулықты ашқанда, партаның өзіне сыймай жатады. Кейбірі «формат деген неге керек?» деп ойлауы мүмкін. Бірақ оқулықтың форматы, қарпі, безендіру мәселесі де өте маңызды. Сондықтан баланың жас ерекшелігіне, психологиялық тұрғыдағы да мәселелер қаралып, ортақ талап енгізілуде, – демес еді Бас Ұстаз.

Әсіресе, білім саласындағы проблемаларды ашық айтуы да Білім министрінің беделін көтеріп – ақ тұр. Мысалы, «Бізде оқулықтарды дайындағанда, оның мазмұнында балаларға үй жұмысын жасау үшін интернеттің сілтемесін жібереді. Кейін «енді осы сілтемені аш та, үй жұмысын жаса» дейді. Алайда, бұл тапсырманы жасауға барлық балада мүмкіндік жоқ. Ауылдағы, қаладағы, әртүрлі жағдайдағы балалар бар. Сондықтан үй жұмысын беріп, оны міндеттеп, тиісті жұмысты интернет арқылы ғана оқи алатын үй жұмысы болса, бала оны қалай істейді?! Осындай кемшіліктер болмауы керек, – деді Аймағамбетов.

Баланың жасына, мемлекеттік тіл саясатына сай әдістемелік тұрғыда оқулықтар дұрыс болуы керектігі туралы айтқаны да көңілге қонымды естілді. Электрондық оқулықтар туралы көтерген мәселесі де өте маңызды. Ол бәріне қолжетімді болуы керектігін және қадап айтты.

 

«Qazaqstan dauiri» газеті көтерген мәселеге жауап берді…

 

Еске сала кетейік, «Qazaqstan dauiri» газеті (№ 34 (1318) 03) қыркүйек күнгі санында Білім және ғылым министрі Аймағамбетовтың назарына «Тілі бір, діні бір ұрпақ өсіру – бірінші міндет (Смағұл Елубай) және  «Оқулықтағы олқылық пен былық енді жөнделе ме?»  (Осы жолдардың авторы)  деген қос мақала арнаған болатын.  Министр мырзаның сөз саптасынан газетіміздегі мақаланы оқығаны аңғарылады. Өйткені мақалада біз көтерген проблеманың бәрі бар.

Енді министрдің сөзіне назар аударайық. «Біраз мәселелерге көңілімізді салып қарауымыз керек. Тарих оқулығы бойынша тиісті жұмыс қарастырылып жатыр. Қазақстан тарихы бойынша ортақ оқулық болуы керек. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның тарихы болғандықтан, оған ортақ бағдарлама бойынша ортақ оқулық болуы керек деген ұсыныс бар. Ұсынысты қарастырып, тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Ал көркем әдебиет бойынша зияткер, дарынды оқушы қалыптастырамыз десек, балалардың әдебиетті оқитындай мүмкіндігі болуы керек. Оған баулуымыз керек. Алайда, «Біздің нарықта балаға керекті әдебиет жеткілікті ме?» деген сұрақ пайда болады. Онымен қоса, мектеп кітапханаларының жағдайы қалай? Оларға көркем әдебиет кітаптары жеткілікті түрде сатып алынып отыр ма? Жоқ па? Оның жұмыс форматы қандай? Бұл сұрақтар өте маңызды. Көркем әдебиетті мектептерге алып беру жағдайы, оның жеткілікті болуы, онымен қоса дүниежүзілік әдебиетте танылған әдебиеттердің қазақ тілінді қолжетімді болуы бүгінгі күннің басты сұрақтарының бірі, – деді министр жиын барысында.

Аймағамбетов мырза казақ әдебиеті оқулықтарының мазмұны, бағдарламасы бойынша да біраз сұрақтар қойылып жатқанын жасырмады. «Біршама классик бағдарламаға енбей қалған» деген сұрақтар, өтініш хаттар түсіп жатыр. Сондықтан осы мәселе бойынша жұмыс тобын құрып, тиісті жұмысты ұйымдастырамыз» деп ағынан жарылды.

Айтпақшы, осы онлайн мәжілісте  Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек  әлеуметтік желіде тараған «7 қыркүйектен бастап орта мектептер дәстүрлі білім беру форматына қайта оралады» деген бейресми ақпаратқа ресми жауап берді. «Санитарлық дәрігерлер бастауыш сынып оқушыларына кезекші сыныптарда оқуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, шағын жинақты мектептерде дәстүрлі форматта да балалар оқиды. Білім беру министрлігі балалардың дәстүрлі білім беру форматына оралуын қалайды, бірақ бұл шешімді Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестеріміз қабылдайды. Медициналық дәрігерлер дәстүрлі форматқа біртіндеп көшуге болатынын айтса, біз бұл процесс бойынша жұмыс істейміз. 7 қыркүйекте оқушылар мектепке оралатыны туралы ақпарат жоқ. Бірақ егер Денсаулық сақтау министрлігі мен санитарлық дәрігерлер шешім қабылдаса, онда бұл сұрақты пысықтаймыз, – деді ол.

 

Енді шығар оқулық талай сүзгіден өтпек

 

Білім және ғылым министрлігі өткізген онлайн мәжілісте көптің көкейінде жүрген «мектеп оқулықтарына кездесетін қателіктерді болдырмау жолында корректорлардың жауапкершілігін арттыру мәселесі» көтерілгенін айтуға тиіспіз.

«Корректорлар оқулықта қате кетпеуін қадағалағаны үшін еңбекақы алады. Яғни, кітаптың сауатты шығуына жауапты және олардың аты-жөні көрсетіліп тұрады. Бүгінде жаңа шыққан кітапты қабылдаудың 9 критерийі бар. Соның бірі оқулықта қате жазылған және басылған сөздердің кездесуі. Оған ең жоғары 4 балл беріледі, 10 қатеге дейін 3 балл, 20 қатеге дейін 1 балл ал одан қате көп болса 0 балл. Ендігі менің ұсынысым дәл осы критериді корректорлардың жұмысын бағалау кезінде де пайдаланса», – деді Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов. Оның айтуынша, корректорлардың еңбек келісімшартына өзгеріс енгізу керек. «Егер корректор оқулықта қате жіберсе, жіберген қатесінің көлеміне қарай оның еңбекақысынан ұстау қажет. Бұл корректорларды жазалау деген сөз емес, керісінше олардың жауапкершілігін арттыру. Себебі оқулықта кететін қателіктерге министрлік те, баспа орталығы да емес оның сауаттылығын тексеретін корректор маманы жауапты. Мысалы, энциклопедиялық туындылардың тілі ауыр, бірақ оларда қате болмайды. Өйткені онда корректорлармен қатар сарапшы мамандар бар, олар бастан аяқ қарап тексереді және сол үшін еңбекақы алады. Сонда ғана сауатты оқулық процесі дұрыс жолға қойылады», – деді ол.

Бүгінгі таңдағы өткір мәселе оқулыққа байланысты екені көпке мәлім. Сондықтан болар онлайн баспасөзге «Оқулық» орталығының директоры Ғани Бейсембаев қатысты. Қатысып қана қоймады, қазіргі таңдағы оқулық мәселесі жайында толғанды. «Республикадағы 3 млн-нан астам оқушылардың бәрі оқулықпен қамтылды. Оқулық жетіспеушілігі түгел шешілді. Ал сапасына келсек, 11 сыныпқа арналған оқулықтардың 118 авторымен кездесу өткізілді. Мұның шеңберінде әрбір автор мұғаліммен жеке байланыс орната алады. Оқулыққа байланысты сұрақ туындаса, тікелей авторға шыға алады. Әр пән бойынша талқылауға қол жеткізілді. Бұған дейінгі сараптамадан өткен оқулықтардан белгілі бір қателік кеткені белгілі. Мұны қайта сараптамадан өткізу қолға алынды. Жаңа жүйе бойынша оқулықты қабылдау үлкен ыждаһаттылықпен жүзеге асады. Оның грамматикасы, стилистикасы және мәдени және психолингвистикалық сараптамадан өтеді. Кейбір оқулықтың ауыр қабылданатыны туралы мәселе бар. Егер сараптамадан өтпесе, кері қайтарылады. Ал өтсе, сынақ мектептерінен өтеді. Содан кейін комиссия жарамды не жарамсыз екенін шешеді. Осы қағидаға байланысты бүкіл автордың, сарапшының, баспаның жауапкершілігі де қарастырылды», – деді ерекше екпінмен.

 

Ұлттық тәрбиеге байланысты пән керек

 

ПЫ/СЫ: ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған онлайн мәжілісте  оқулықтардың сапасы мен мазмұны ғана емес, келешектегі «тағдыры» турасында да әңгіме қозғалды. Өткеннен сабақ алуға деген талпыныс байқалды. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы халық министрдің өзіне және қасындағы мамандарға арнайы сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Сөйтіп көпшілік іштегі запыран ойларынан арылып, бір жеңілдеп қалғандай күйге түсті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, алдағы уақытта оқулықты жазуда ғалыммен бірге мұғалім және методистер болатыны айқындалды. Баяғыдай «дара батыр» атанып, «жеке шабатындарға» енді жол жабылады.  Тағы бір жаңалық, бұған дейін эксперттер базасына сыни көзбен қарап келгендер көп болатын. Ол да шешімін тапқан секілді. Бұдан былай оған енетін экспертті таңдау байқау негізінде жүзеге асырылмақ.

Астанада онлайн жиын өтіп жатқанда Алматыға іссапармен барған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев зиялы қауыммен өткізген бас қосуда Білім және ғылым министрлігі орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу керектігін айтып жатты.

«Қазіргі таңда жұртшылықпен жұмыла талқылауды қажет ететін тағы бір көкейкесті рухани тақырып – отбасы мәселесі. Жалпы, жаһандану заманында ұлт ретінде сақталып қалу үшін отбасыдағы ұрпақ тәрбиесінің мәні зор. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу бойынша ұсыныстар енгізетін кезі келді деп ойлаймыз. Сонымен бірге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен көпбалалы аналардан құралған ата-аналар ұйымын құрып, министрлікпен бірлесіп «Отбасы – орта мектеп» атты жастарға тәрбие берудің жалпыхалықтық әдістемесін әзірлеу қажет деген ойдамыз», – деді Мемлекеттік хатшы.

 

Нағашыбай Қабылбек

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.