Тасқа басылған «Ұлы дала» әдебиеті

0
156

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСҚАН ТҰЛҒА

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ғылым саласында ғана емес, еліміздің тәуелсіздігі тұсында Үкімет басшысының орынбасары ретінде көптеген іргелі істерге ұйытқы болған тұлға. Ең іргелі істерінің бел ортасында Түркия мемлекетіне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен делегация бастап барғанда  «Қазақстан-ZAMAN» газетінің ашылуына тікелей себепкер болғанын атап өткеніміз дұрыс.  (Ол бүгінгі «Qazaqstan dauiri» газетінің алғашқы атауы еді).

 

Аяғын енді ғана тәй-тәй басып, еңсесін енді ғана тіктеп келе жатқан мемлекеттің қаржылық жағдайы да  ол заманда мәз емес болатын. Газет шығармақ түгілі, халықты жұмыспен қамтудың өзі – бір ақырет кезең еді.    Сөйте тұра бауырлас елдердің ынтымағы мен сыйластығы үшін, түркі дүниесінің бірлігі үшін, сол дәуірде  атағы аспандап тұрған таралымы 1 миллионнан асатын Түркияда шығатын «Заман» газетінің  орталық Азияда «Азербайжан – заман», «Өзбекстан – заман, «Тәжікстан – заман» атауымен шығатын басылымдары жарық көріп жатты.
Қазақстан делегациясын бастап барған Мырза ағамызды – Түркия президенті Тұрғыт Озалдың өзі ерекше құрметпен қарсы алуының өзі бір  дастан.
Түркия республикасы топырағына кеңестік бұғаудан босаған сәтте табаны алғашқы  болып тиген қазақ – Мырзатай ағамыз еді.
Қазақ елінің атынан бауырлас Түркия жұртына  қаумалаған журналистер арқылы ыстық ілтипатты алғашқы болып жеткізген де Жолдасбеков еді.
Екі ел арасындағы келісім – шарттар мен инвестициялық құжаттарға да алғашқы болып қол қойған елші  Мырзатай Жолдасбеков болатын. «Елдестірмек елшіден» деген аталар нақылының өміршеңдігін де іс жүзінде дәлелдеген Мырзекең – тін. Бәріне кәрі тарих куә ғой. Бұл кезең Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін жарты сағаттан кейін мойындаған Түркия секілді алпауыт мемлекеттің абыройының дәл бүгінгідей аспандап тұрған шағы.
Қай кезде де ойы сергек,  жаңалыққа жаны құштар  Қазақ үкіметінің аманатын арқалап келген Мырза ағамыз, Түркия баспасөзімен таныса жүріп, атағы жер жарған «Заман» газеті туралы құлағы шалып қалып, оның редакциясына арнайы баруды  жоспарлайды. Мемлекеттік шарадан қолы бір қалт еткенде, түркиялық әріптесіне арманын жеткізеді. Осылайша жаңа технологиямен қаруланған  «Заман» газетімен танысады.
Оның ақыры екі мемлекет арасындағы достыққа қада болып қағылған «Қазақстан заман» халықаралық газетінің дүние келуіне түрткі болады. Қазақ руханиятына  қосылған жаңа басылымға Мырзатай Жолдасбеков  редактор етіп драматург Қалтай Мұхамеджановты тағайындайды. Одан кейін бірнеше редактор мен қаламы қарымды  қаншама журналист «Қазақстан заман» газеті қазанында қайнап шықты.
Тәуелсіздікпен түйедей құрдас басылымның басынан, қазақ халқы көрген барлық қиындық өтті. 30 жылда бәрін де көрді, бәріне көнді. Алайда Мырзатай аға  қадаған сенім туын құлатпады. Елдің мұңы мен сынын билікке жеткізуден бір танбады. Иілсе де сынбады, сүрінсе де қыңбады. Халықпен бірге жасап, тәуелсіздікті жырлады.
Қазақ руханиятына жаңа басылымның келуіне түрткі болған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Ұлы дала әдебиеті» еңбегімен мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатыр екен. Онда өзі тұсауын кескен «Qazaqstan dauiri» газеті неге ағамызды қолдамасқа!

Халық арасында  «Мырзатай аға, осы күнге дейін мемлекеттік сыйлық алмаған ба? Неткен қарапайымдылық» деп таңданып та, тамсанып та жатқандар көп. Қолында билік болған кезде бәрінен бас тартып, зейнет жасына жеткенде тың дүниеге «бұғалық» тастап, зерттеп – зерделеп «Ұлы дала әдебиетін» жазып шығу да ерен еңбектің жемісі. Толымды дүниені асықпай оқып шыққан адам, қазақ әдебиетіне сүйекті шығарманың келгеніне куә болары анық.
Қай кезде де ұлт руханиятына бей-жай қарамайтын білім саласына да зор үлес қосқан азаматтың туындысы аламан бәйгеден қара үзіп келеріне сенгіміз келеді.

 

(Жолдасбеков М. Ұлы дала әдебиеті. – Астана: Ғылым, 2018. – 416 бет)

 

 

 

Арғы арнасы – Күлтегін ескерткіштері

         Ел әдебиеті, оның тарихы мен тағылымы хақында орта мектепте тиісінше танысқан болсақ, жоғары оқу орнында, әсіресе филология факультетінде кең көлемде оқытылатыны анық. Бұл ретте, қазақ әдебиетінің тарихы, арғы-бергі кезеңдері, дәуірлеу жүйесі мен ондағы көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы, әр қилы көзқарастар мен ұстанымдар жүйесі, эволюциялық даму үрдістері өзіндік ерекшеліктерімен назар аудартар еді. Бұл бағыт, тақырыптарда оқулық пен оқу құралдары, қосымша әдебиеттер жиынтығы жетерлік, әрине. Алайда, ел әдебиетінің күрделі кезеңі – көне дәуірі мен оның даму үрдістерін кеше-бүгін байланысы негізінде кешенді түрде қарастырған еңбектердің сирек екені жасырын емес.

 

 

Осы орайда, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбековтың «Ұлы дала әдебиеті» атты біліми нәрі мол, ғылыми құндылығы жоғары еңбегімен жіті танысқан тұста, ұлттық сөз өнерінің көне дәуірдегі арғы тегі мен даму кезеңдері, бертінгі тұста қымбат қазыналар қайнары ретінде алыс-жақын елдерге танылып, әр қырынан назар аудартып (тақырып, жанр, көркемдік, дәстүр, дүниетаным т.т.), дәстүр мен сабақтастық сипаттарымен де кең түрде айқындалғанын алдымен айтқан жөн. Бастысы, кітап аңдатпасынан аңғарылатынындай: «…Ұлы дала әдебиетінің тасқа таңбаланған ежелгі мәтіндері, қағазға түскен орта ғасырдағы нұсқалары, сонымен бірге ХХ ғасыр бедерінде ауызша үлгіде дамыған төкпе ақын-жыраулық поэзияның тұңғиық табиғатын кешенді де жүйелі сараптайды». Ұлт әдебиеті тарихын әр қырынан қарастырған, әсіресе ежелгі дәуірге қатысты көзқарасы мен құнды зерттеулер жүргізген  М.Әуезов, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин, Ә. Марғұлан, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Ғ. Мұсабаев, Қ. Жұбанов, Х. Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева, Қ. Сартқожаұлы т.б. еселі еңбектері де назарға алынады.

Бұл тұста, сөз жоқ кітаптың мазмұн-құрылымы біліми-ғылыми басымдықтарға ие болып ( « Орхон ескерткіштері – Ұлы дала жыры», «Ұлы дала жырының жанрлық-эпикалық сипаты», «Қағазға таңбаланған қаҺармандық дастандар», « Ауызша дәстүр арналары», « Алтын түйін»), оның өзі ұлттық сөз өнерінің көне де күрделі кезеңін арқау еткені, арғы дәуірлер жүйесіне ден қойылғаны айқын аңғарылады. Автор Ұлы дала әдебиетінің арғы арналарын – Орхон ескерткіштері аясында қарастырып, ондағы қоғамдық ахуалға, дәуір дидары мен заман шындығына айрықша мән береді. Ол, әсіресе Орхон ескерткіштеріндегі дәуір шындығы, бастапқы табылуы мен ашылуы, зерттеу жүйесінің түйінді тұстары, мәтін құрылымы, жанрлық сипаты мен көркемдік өрнектер өрісіне қатысты жайттарды сөз еткенде терең танылады. Тақырып табиғатына еркін енеді. Қоғамдық құбылыстар мен кезең көріністеріне жіті мән береді. Арғы-бергі кезең материалдарын, бұрынғы-соңғы зерттеушілер мен олардың ғылыми ұстанымдарын негізгі назарда ұстайды. Тіпті, артық-кем тұстарын көрсете отырып, әр алуан салыстыру мен салғастыруларға, пікірталасқа барады. Біліми талап пен ғылыми ұстанымға мықтап табан тірейтіні де танылып тұрады. Бұл бағыт, арналар Қорқыт, Оғызнама, Жамбыл мен оның ақындық айналасы төңірегінде кең түрде көрініс береді. Мұның өзі – «Мәңгілік Ел» мұратын айқындауда, тіпті ел әдебиеті тарихын он екі ғасырға тереңдеткенін де айқын танытып, оның авторының іргелі ізденістерін, ерен еңбегін, жанкештілігі мен жауапкершілік жүгін айқындай түседі. Академик С. Қасқабасов сөзімен сабақтасақ: «…ғалым көне заман қойнауында тасқа таңбаланған жазбаша нұсқа мен бұрынғы-кейінгі ауызша дәстүрдің арақатнасын түркология ғылымының  бүгінгі биігінен байыптап саралайды».

«Ұлы дала әдебиеті» атты көлемді еңбектің «Қазақ әдебиетінің түп-төркіні жайында» атты алғашқы бөлігінде Еуразия кеңістігіндегі – Түрк қағанаты тарихы мен тағылымы, «Мәңгілік ел» құру идеясы, тарихы мен тағдыры, дәстүрі мен дүниетаным арналары, негізгісі байырғы ескерткіштердің тарихи-мәдени мәні, өркениет тұғырына көтерілу жолындағы маңызы кең түрде көрсетіледі. Еуразия кеңістігі, Түрк өркениеті, дала демократиясы хақындағы алыс-жақын шетел ғалымдарының көзқарастары мен еңбектері де негізгі назарға алынады. Осының негізінде – «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» (2005) атты көлемді еңбектің өмірге келуі,  Орда маңындағы тарихи-мәдени мұралар маңызы айқындалады. Бұл бағытта: «…Мәңгілік ел орнату идеясын, дүниетанымын, тарихы мен дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен көне түрктердің – бабаларымыздың жазу өнерін, мемлекеттігін, ел басқару жүйесін, ұрпағына мирас етіп қалдырған асыл өнегесін терең зерттеу – өзін тікелей мұрагер санайтын қазақ ғалымдарының ең жауаптты міндеті, қасиетті борышы»,- деп түйін жасалады (12-13 беттер). Бұл ретте, жапон мамандары жасаған Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі,  «Байырғы түрк өркениеті – жазба ескерткіштер» халықаралық конференция,  «Жазу тарихы музейі» эпиграфика лабораториясы тілге тиек етіледі. Негізгісі, Түрк  қағанаты, мемлекеттік мәселесі төңірегіндегі ізденіс, көзқарастары мәнді.  «Түрк» және  «Түркі» терминіне қатысты көзқарасы, оны қолдану ерекшелігіне байланысты ұстанымдары да бірқатар салыстыру, талдаулар негізінде терең байыпталып, ғылыми дәлдік пен нақтылыққа мықтап табан тірейді.

 

Бергі жағы Түрік қағанаты

        Бұдан басқа, Ұлы дала әдебиетінің қазіргі кезеңге бірнеше бағыттар арқылы жету жолдары айқындалады (тасқа бәдізделген мәтін – Орхон ескерткіштері; Орта ғасырларда қағазға түсіп қолжазба нұсқада жеткен  жыр-дастандар; ХХ ғасырға дейін ауызша дәстүр арнасында жеткен төкпе ақын-жыраулар мұрасы). Қазақ әдебиеті тарихын жүйелеудегі өзіндік бағыт-ұстанымдары қалың көпке ұсынылады (Ежелгі әдебиет, яки түрк тектес халықтарға ортақ әдебиет- ҮІІ-ХІҮ ғасырлар арасы; Қазақ хандығы дәуірінің әдебиеті – ХҮ-ХҮІІ ғасырлар; ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті; ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті; Қазақ кеңестік кезең әдебиеті; Қазақ тәуелсіздік дәуір әдебиеті). Автор түйінді тұста: «…Әдебиет – ұзақ жылдардың жемісі. Осы бір ғажап өнер үлгісін жасауда халық талай жаттығу, машықтану, үйрену кезеңдерін өткерген. Бүгінгі әдебиет өзінің алдындағы әдебиеттің игі дәстүрлерін бойына сіңіріп, үнемі ілгері дамып отырған. …Қазақ әдебиетінің түп-төркіні Түрк қағанаты заманынан бері қалыптасып, дамып, өркен жайып келеді»,-деп мәнді қорытынды жасайды.

 

 

Кітаптың «Орхон ескерткіштері – Ұлы дала жыры» атты тарауында руханият тарихы мен ұлттық сөз өнерінің тағдыры, Еуразия кеңістігіндегі  – «мәңгілік тас» сыры мен сипаты, түркология ғылымындағы орын-үлесі кең түрде қарастырылып, байыпты сараланады. Осының негізінде – Орхон ескерткіштерін зерттеу мен ашылу тарихы, аударылу мен мәтіндік құбылыстар мәні, осыған қатысты көкейкесті мәселелер кеше-бүгін байланысы тұрғысынан қарастырылады. Бірқатар ізденіс пен зейінді зерттеулер жүргізіліп, тастағы дастандар сыры ашылады. Ал, «Ұлы дала жырының жанрлық-поэтикалық сипаты» бөлігінде Орхон ескерткіштерінің қазақ эпосына қатысы, жанрлық сипаты, бейнелеу тәсілдері мен көркемдік қырлары әр алуан жағынан қаралып, мәнді зерделенеді. Алуан салыстыру мен талдаулар жүргізіліп, мәнді ғылыми тұжырымдар жасалады. Маңызды мәселе ретінде, алдымен Орхон ескерткіштерінің жанр жүйесіне, мәтін құрылымына мән беріледі. Әр кезеңдегі зерттеушілер ұстанымы мен еңбектері жанр табиғатына қатысты сөз етіледі. Орхон жазулары әдеби мұра ма? деген сұрақ төңірегінде салыстырулар жасалады. Қазақ эпосы мен Орхон жазулары арасындағы табиғи туыстық мәні, әдепкі үлгілер хақында нақтылы сөз болады. Бұл ретте, И. Стеблева ұстанымы мен қазақ ғалымдары М. Әуезов, Ә. Марғұлан т.б. көзқарастары назарға алынады. Нәтижесінде, Орхон жырлары мен қазақ эпостарының бірқатар үлгілері сөз етіледі.

Сондай-ақ, Орхон ескерткіштерінің мәтіндері (ҮІІ ғасыр), Күлтегін, Тоныкөк хақындағы жырлар шоғыры да тиісінше орын алады. Ондағы басты тақырыптар, әсіресе елдік мұрат пен ерлік шежіресі, патриоттых рух төңірегіндегі көзқарастар жүйесі кеше – бүгін байланысын, азаттық пен бірлік миссиясын терең танытады. Азаттық пен тәуелсіздік рухын да жіті сезінтеді. Орыс тіліндегі – «Тексты памятника Кюль-тегину», «Тексты памятника Тоныкоку» атты мәтіндер жүйесі де орынды беріледі.

«Қағазға таңбаланған қаҺармандық дастандар» тарауында Қорқыт, Бұқаш жыры, «Бамсы-Бейрек» жыры, Оғызнама тақырыптары төңірегінде бірқатар зерттеу, алуан салыстыру, талдау жүйелері орын алады. Бұл ретте, сөз жоқ, Қорқыт жайындағы аңыздар мен Қорқыт жырлары зерттеу жүйесін құрайды. Ел жадында сақталған – Қорқыт толғаулары, өлең мен жыр үлгілері, даналық қағидаттары, өмір мен өлім сипаттары айқындалады. Сондай-ақ, дүние жүзі әдебиеті мен көне мифтік аңыз-әңгімелер желісі, әр алуан әфсаналар мәні,  «өмір жыры» төңірегіндегі көзқарастар жүйесі де мәнді сипаттарымен сөз етіледі. «Қорқыт ата кітабы», оның бірқатар аудармалары мен нұсқаларына қатысты ойлар мен толғаныстар орын алады. Дрезден нұсқасына, транскрипциясы мен түсініктеріне мән беріледі.

«Ауызша дәстүр арналары» бөлігінде – Жамбыл және оның ақындық ортасы, Жамбылдың ұстаздары мен тұстастары, Майкөт ақынның айналасы мен К.Әзірбаевтың шығармашылық мұрасы кең түрде сөз етіледі. Ақындық-жыршылық өнер мәні, болмысы мен сипаты сараланады. Түпкі атасы – Тоныкөк, Қорқыт, Бұқар, Жамбыл т.б. есімі мен еңбегі кең орын алады.

Зерттеу еңбегінің – «Алтын түйін» тарауында «Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі Қазақстанда» екндегі кең түрде аталып, оның тарихи мәні, ұлт руханиятындағы маңызы айқындалып, мәдени-рухани сыр-сипаттары жан-жақты ашылады. «Мәңгілік ел» идеясының құдіреті мен қасиеті көрсетіледі. Еуразия кеңістігі, түркология ілімі, Күлтегіннің көктасы сынды ойлар мен толғаныстар орын алады. Азаттық мәні кең түрде айқындалады. Көне түрк жазба ескерткіштерінің жазылуы мен жариялануы, оқылу тарихына маңыз беріледі. Осы орайда, «Байырғы түрк өркениеті: жазба ескерткіштер» атты халықаралық конференцияның ұлттық көркем-тарихи ойлау жүйеміздегі орны мен маңызы жан-жақты көрсетіледі. Көк  Тәңірі мен Күлтегін алдындағы қарыз-парыз ісі айқындалады. В. Томсен есімі мен еңбегінің тіл білімі тарихындағы орнына, биік белесіне  маңыз беріледі.

«Ғылыми қосымша» бөлігінде Кіші және Үлкен жазулардың транскрипциясы беріліп, Орхон ескерткіштерінің маңызы айқындалады.

Жинақтап айтқанда, түрколог-ғалым М.Жолдасбековтың ұзақ жылдарғы еңбегі мен ғылыми ізденісінің жеміс-нәтижесін танытатын – «Ұлы дала әдебиет»» атты күрделі де көлемді еңбегі ұлт руханиятының белесті бедерін айқын танытатындықтан, алдағы аламанда алдыңғы орыннан көрініп, Мемлекеттік сыйлыққа ие болуға әбден лайықты.

 

                                                                                Рақымжан  Тұрысбек,

                                          филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.