Қара тізімге енгің келсе, автор құқығын бұз!

0
415

Ұлттық әуен шоуменнiң уысына түсетін ақшаға тәуелді ме?

          «Қазақстан авторлар қоғамы» қазір әлемнің 150 елімен іскерлік байланыста. 2013 жылдың сәуір айында «СИЗАК» ұйымының  еуроаумағы бойынша басшысы Митко Чаталбашев елімізге келіп автор сыйақысын жинап-төлеу әдістемесімен, оларды қорғайтын заңнамалық актілермен танысқасын, риза болып еліне аттанған екен. Ол өз елінің авторлар құқығы өзге елде қорғауға ие болғанына қуанған болар, әрине! Бірақ ол осы саланың мықты маманы бола тұра, біздегі мынадай мәселеге –  қазақтың ұлттық ән әуенін бұрмалап, шығыс халықтарының әуендерін көшіріп, арзанқолды мәтін жазып, халыққа насихаттап жүрген музыканттардың тәртіпсіздігіне неге көңіл аудармаған сол кезде? «Авторы өзім» деп шырқап жүрген әннің бірі Бейбіт Қорған орындайтын «Шоқ қыздар» әні қырғыздан, Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрік» әні де өзге ұлттың әуенінен көшірілген дейді білетіндер. Ертеңгі ұрпақ уақыт өте келе өзбек, қырғыз, түрік әуендерін қазақтың әуені деп ұлттық әуез, әуеннен адасады деген ой ешкімнің қаперіне кірер емес. Сонда, ұлттық әуез үніміз ақша қуған, той қуғандардың «уысына түсетін ақшаға» тәуелді болғаны ма? деген сұрақ мазалап,  авторлар қоғамына тіркеліп жатқан әндер дені қандай деген сұрағымызға «Қазақстан авторлар қоғамының» бас директоры Байғали Есенәлі «Біз қоғамға әкелген барлық әндерді тіркейміз. Оның сапасын, әуен құндылығын, бояуын сұрыптан өткізуге дәл қазір уақыт, қаражат, маман жоқ. Авторлар құқығын реттейтін заңдарды да толыққанды енді жүйелеп жазып жатырмыз. Ал, ән сапасын Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы көркемдік комиссия сұрыптаудан өткізуі тиіс» деп жауап берді.

 

«СИЗАК» сотқа берсе не істейсің?

          Кәсіпқой музыканттар, болмаса мәдениет министрлігі, парламент қадағалауы тиіс халықаралық саясатқа ұлттық үн, әуеннің қатысы мен ықпалы жайлы мына бір жайт есіме оралып отыр. 1994 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, журналист марқұм Ербол Шаймерден мемлекеттік іссапармен Пәкістанға барып келген екен. Сол іссапардан арнайы хабар монтаждап жатқанда, режиссерге, «Пәкістан мен Үнді елінің ұлттық әуені өте ұқсас. Қазір екі елдің қарым-қатынасы шиеленісіп тұрғанын білесіздер, фильмге үндінің ұлттық әуенін шатастырып қойып жүрмеңіздер. Бұның маңыздылығын пәкістандықтар қатты ескерткен еді» деп деректі фильмді өз әуендерімен әрлеуді қадағалаған еді. Бұл авторлық құқыққа,  соның ішінде ұлттық әуен құқығына тікелей қатысты мәселе болғасын жазып отырмын. Әлемнің 2 млн-ға жуық авторлар құқығын қорғап отырған авторлар қоғамының елеуіші халықаралық «СИЗАКтан» кейінгі екінші орында Ресей, үшінші орында тұрған «ҚазАҚ» екен. «Біздің қоғамнан өзбек, қырғыз тағы басқа елдің мамандары келіп қоғам жұмысының қыр-сырын үйреніп кетуде» дейді қоғам басшысы. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» ертең өзге ұлттың рухани қайраткерлері «Бұл біздің ұлттық әуеніміз. Ұрлағандарың үшін жүздеген мың айыппұл төле» деп даулап, «СИЗАК» секілді әлемнің авторлар құқығын қорғау ұйымына сотқа беріп жүрсе не істемекпіз?! Солай болмасына кім кепіл?!  Қазақтың өнер қайраткерлері осындай мәселелердің алдын алу мақсатында, есімізде, қазақ әндерінің ұлттық әуені мен көркемдік сапасын зерделейтін «Қазақ радиосы» жанынан 2009 жылы көркемдік кеңес құрған болатын. Осы кеңестің атқарып жатқан жұмысы туралы көрнекті композитор, ақын Исрайл Сапарбайдан сұрағанымызда: «22 өнер адамынан құрылған көркемдік кеңес өз  міндеттеріне немқұрайлықтан сол кезде тарап кеткен. Ән өнері – ұлттың рухани айнасы. Ал, бүгінгі қазақ әні мен әуендеріне келсек, бетімен кетті» деп, қынжыла жауап айтты. Ол рас, бірақ, қазақ халқының ықыласына бөленіп, ұлттың рухани байлығына айналған әндердің әншілер тарапынан тәлкекке ұшырауына неге жол береміз?

 

 

«Ақ шағала» «көше әні» емес!..

Мысалы, 1993 жылы 68 әннің арасынан іріктеліп халықаралық «Үкілі үміт» сазгерлер конкурсының 3 – орын жүлдесін алып, лауреат атанған әйгілі «Ақ шағала» әнінің авторлары композитор Жанат Темірова мен белгілі журналист, ақын Бейбіт Оспанның аты-жөні ән шырқалған жерде еш аталмайды. Ең сорақысы әннің титрда «көше әні» деп насихатталып жүргенін көргенде  намыстанған Бейбіт Оспан «Ақ шағала» әнін орындап жүрген әнші Ақбота Керімбековаға хабарласып «Мен сенің тілекші ағаңның бірімін. Сенен ән авторы ретінде сыйақы сұрамаймын. Ән авторлары Жанаттың да, менің де көзіміз тірі. Әннің авторлары біз екенімізді жазсаң болар еді» деп сұраған. Әнші «көше әні» деген титрды алып тастағанмен, әлі күнге әннің авторы ретінде атымыз аталмайды, жазылмайды» деп, ренішін білдірді ақын. Ал, өмірге осындай лирикаға толы, сырлы ән әкелген композитор Жанат Темірова: «Әнімді орындап жүрген Ақботаға рақметтен басқа айтарым жоқ. Жүрегімді жарып шыққан сазды әнім орындалып жүр ғой» дейді. Бұл екі автордың сөзі «Іштен шыққан шұбар жылан аман жүрсіннің» кері. Әйтпесе қазіргідей ақшаға тәу еткен капиталаистік қоғамда жүрегін күні-түні мазалап, шарқ ұрып барып шыққан дүниесі үшін кім сыйақы алуға қарсы болсын?! Қай автор әнінің өз атымен аталып жарық көргенін қаламайды дейсіз? Ал «Ақ шағала» әнінің авторларын білесіз бе?» дегенде сұқбаттасқандар ән авторларының кім екенінен бейхабар екенін айтты.  «Қазақстан авторлар қоғамының» бас директоры Байғали Есенәлі, «Қазақстан авторлар қоғамы» авторлардың мүліктік құқығын қорғайды. Ал моральдық құқығын  Композиторлар одағы қорғайды. Ән авторының өзі моральдық құқығының тапталғаны жөнінде сотқа арыздануы тиіс» дейді.

 

Парасат өлшемі

 «Қазақстан авторлар қоғамы» әншілер мен өзге де байланыс орнатып отырған әріптестердің  парасат өлшемінің барометрі болып отыр бұл күні. Көптеген әншілер шақырылған концерттерде «Қазақстан авторлар қоғамына» гонорар төлемес үшін репертуарда орындалатын әннің авторларын әдейі көрсетпейді екен. Негізі заң бойынша кез келген концерт ұйымдастырушылардан жалдауға төленген қаражаттың 4%-ы «ҚазАҚқа» авторлар гонорарын төлеу үшін аударуы тиіс екен. Енді авторларды құйтұрқылық жеміне айналдырмас үшін, концерт ұйымдастырушыларды, концерт өткен объектіні сотқа тартатын заңды неге енгізбеске дегенімізге: «Иә, әнші әнді әрлеуге, жазуға қаржы тапқанда авторларына төлеуге теңге таппады деу «Авторлар құқығын қорғау туралы» заңды белшесінен басу. Тағы бір мәселе, ән бір мезетте 700, не 1000 жерде шырқалып жатуы мүмкін. Бұндай жағдайда, автор әнінің гонорарын  ракетамен ұшса да, жинай алмайды» дейді Байғали Есенәлі. Міне, осы мәселенің шешімін табу мақсатында, «Қазақстан авторлар қоғамы» әр қалада әр мейрамханаға, сауық кештері мен сауда үйлеріне, саябақтарға, мәдениет ошақтарына «Soni – miks» атты арнайы құрылғы орнатпақ екен. Құрылғы қай әннің қай жерде орындалғанын жазып орталыққа жіберіп отырады.  Орталық –  «Қазақстан авторлар қоғамында» орналасатын болады. Бірақ оған дейін авторлар қоғамы әр мекемемен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы құрылғыны өздері орнатуын ұғындыруы керек. Міне, осы құрылғы орнатылған соң, автордың құқығы мүлтіксіз қорғалуына мүмкіндік болады екен. «Елбасымыз 1991 жылы тәуелсіздік алған кезден бастап-ақ авторлық құқыққа ерекше мән берді. Өйткені, авторлық құқықтың қоғам, мемлекет өмірінде араласпайтын жері жоқ және халықаралық келісімшарттар жасалғанда да әуелі ол елде авторлық құқықтың қорғалған, не қорғалмағанына баса назар салады. Осыны қаперге ала отырып, авторлық құқықтың әлемдік тәжірибелерін пайдаланып, 1996 жылы заңнамасы жасалды. Айта кететін жайт, авторлық құқық қорғалмаған мемлекет дүниежүзілік қара тізімде тұрады. Бұл авторлық құқық қорғалмағандықтан ол мемлекетпен халықаралық дәрежедегі келісімдер жасауға болмайды дегенді білдіретін. Қазақстан кез келген дамыған мемлекетпен тең дәрежеде қарым-қатынасқа түсе алатын ел ретінде танылып, 2009 жылы қара тізімнен алынды» дейді Байғали Есенәлі. Біздің өз ішімізде автор құқығын бұзатындардың қара тізімін жасайтын кез келген сияқты.

Дегенмен, елімізде парасат биігіне көтерілген әнші жоқ емес, бар. Халық әншісі, әлемдік жақсы-жайсаңмен аралас Роза Рымбаева кез келген концертте өзі орындағалы тұрған ән авторларының сыйақысын ең әуелі «Қазақстан авторлар қоғамына» аударады екен. «Концерт өткесін аударар едіңіз, қоя тұрмадыңыз ба?» десе, «Жоқ, авторлар болмаса мен кіммін? Ешкім емеспін! Сондықтан авторлардың гонорарын өтемей, әнді орындауға құқым жоқ» деп, адамгершілік парызы мен заң тұрғысынан міндетін өтейді екен. Бұл, әрине, ең әуелі әнші, адам ретінде парасат биігіне көтерілген тұлғаның ішкі жан-дүние ұқыптылығы мен тазалығының дәлелі.

 

«Қазақстан авторлар қоғамына» сенім артамыз

        «Қазақстан авторлар қоғамы» әлемнің авторлар құқығын қорғау ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, қазір 150 елмен келісімшартқа отырып, заңдық тұрғыдан ізденісте екен. Осы мәселе бойынша өткізілетін әр мемлекеттегі түрлі жиындарға қатысып, тәжірибелерін санаға түюде. Әлемдік «Сюзак», «Скапра», «ЯКОБ» секілді ірі авторлар қоғамына мүше. Кезінде, Ресей елінде бірнеше авторлық қоғам жұмыс істеген. Қазір соның бәрі басын біріктіріп, 160 млн халқы бар Ресей елінің авторлар құқығын қорғауға  бір ғана «РАО» қоғамы қызмет көрсетуде. Ал, 19 млн халқы бар қазақ елінде қазір аты бар, заты жоқ 8 – 9 авторлар құқығын қорғайтын ұйым жұмыс істейтін көрінеді. Оның бірінде 500, екіншісінде 200, тағы бірінде 1000 автор мүшелікке тіркелген. Әнші, биші, күйшілердің бұлай сарсаңға түсіуіне әлгі авторлық қоғам мамандарының мекемелерді түрлі ставкалармен шартқа отыруына үгіттеуі. Және мемлекет тарапынан телерадиоға бөлетін қаражаттың көлемі 70 млн болғандықтан авторға берілетін теңгесі де мардымсыз. Мысалы, «Қазақстан телерадио корпорациясы» «Абырой» авторлар қоғамына теледидар мен  радио әуенінде шырқалған әр ән үшін 150 – 200 теңге аралығында сыйақы тағайындайды екен. Бұған енді күлесіз бе, жылайсыз ба? Бұл да авторлық құқық саласындағы мемлекетіміздің шешімін табуы тиіс мәселесі болып тұр.

Ал «Қазақстан авторлар қоғамында» 5000 автор бар. «Осынша шығармашылық адамнының 2019 – 2020 жылдарға арналған сыйықысын бере алмай отырмыз. Себебі қазір пандемияға байланысты елімізде барлық  мәдени іс-шаралар тоқтап қалды. Жақында сот процесі өткесін жиналған қаражатты есептеп, авторларға гонорарын береміз» дейді қоғам басшысы. Гонорар демекші, «Қазақстан авторлар қоғамында» тіркелген болса да, Бейбіт Оспан «Осы уақытқа дейін ән үшін сыйақы алмасам да, әннің сөзі мен әуеннің нотасын өзгерту туралы рұқсат сұрап, әнші алдымыздан өтуі керек еді. Сөз мәтіні тұтас бір құрылым. Сөз өзгерсе ән құрылысы өзгереді.  Ән әуезі де сол сияқты. Ән иірімдерінің бір нотасы өзгеріске түссе, ән құдіреті жоғалып, тыңдарман жүрегіне айтам деген ойың жетпей қалады. «Ақбота алдымыздан өтсе деуіміз содан еді» дейді ән авторлары. Әннің сөзі мен әуенін өзгертетін әдеттен арылу үшін, әншілердің автор алдындағы мүліктік жауапкершілігін заңмен арттыратын кез келген сияқты. Себебі ұлттық ән, әуен, ол – ұлттың рухы!

 

Зүбайра Тілегенқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.