ПРАЙМЕРИЗ ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРЕДІ?

0
409

(Бұл кезекті алдау ма, әлде, жастарды қолдау ма?)

Қазақтың сөздік қорында жоқ праймеризге де құлағымыз үйреніп, кәдімгідей елең ете қалатын болдық. Бұл не деген құдірет десеңізші?! Қазақ өзі еліктегіш халық едік, бүгінде оны әбден дәлелдедік. Бір заманда Жарасқан ақынның
«Радионы басып қалсаң, Ғафекең,
Теледидарды қосып қалсаң, Ғафекең,
Газет бетін ашып қалсаң, Ғафекең,
Мына біреу оңашалау кафе екен,
Кіріп барсам ішінде отыр, Ғафекең» – деген әзіл өлеңі болатын. Сол әзілді бүгінгі праймеризге қатысып жатқан  жастарға, жасамыстарға, сақа бастарға  қарата айта беруге әбден болады. Қайда қарасаңда  қаптаған  талапкер.  Бәрінің іс-қимылы аламанға түсіп, дода да топ жарып жатса  сол партияның алаңында соңғы демі біткенше арындап шауып өтетіндей кейіпте жүр.  Ол аз десеңіз әлеуметтік желінің бетінде  «Мен праймеризге қатысуға бел будым» деген жарнамадан көз сүрінеді. Пах-пах-пах!

 

Бұл халқымызды өрге сүйрей ала ма?

Бірден айтайық, халық басында праймеризге  үрке қарағанымен, бірте-бірте еттері үйреніп қоғамға пайдалы дүние екеніне көзі жеткендердің көпшілігі кәдімгідей қолдау білдіруге кірісті. Әсіресе жаңаша өзгерісті аңсайтын жастар қатары бақтарын сынауға тырысып-ақ жатыр. Оны жоғарыда айттық. Бұл үлкен мүмкіндік, әрине.
Өйткені сырттан қараған адам сынауға құмар келеді емес пе. Оғаш қылық, бюрократтық тәлім бәрі айнадағыдай көрінеді. Демек, жаманнан жиіркенген жастың  «Нұр Отанға» «нұрланып» кіріп, күндердің күнінде  бойындағы нәрі мен «нұры» тайып, сөзі мен ойы көзінен «ғайып болып» бал-бұл ұшпасына сенім бар ма?! Онда «Нұр Отанның» праймеризінен халыққа не пайда?

 

Бұл да бір түйткілді мәселе.  Қазақта сынықтан басқаның бәрі жұғады деген тамаша тәмсіл бар. Қоғам өзгерісті, жүйедегі сілкіністі қалап тұрған кезеңде, праймериз халықтың көңілін басқа жаққа бұруға, жаңа толқынмен «суалып қалған арнасын» толтыруға мысық пиғылмен көзін жұмып қарап отырса, «баяғы жартас – бір жартас» деген сол!
Сын түзелмей мін түзелмейтінін білгендіктен айтып жатырмыз. «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар» деген бабалардың асыл сөзін, осындай қысылтаяң шақта, ел болашағы талқыға түскен сын сағатта айтпағанда  қашан айтамыз?
Праймериз – негізі көптеген маскалардың көң беттерден  сыпырылып түсуіне әсер етіп жатыр. Оны бадырақ көздер емес, қырғи көздер ғана көріп отыр.
Мысалы қазірдің өзінде  «Қой терісін жамылған қасқыр» кейіпіндегі кейбір саясаткерлер әлден-ақ билік партиясының қасынан табылуда. Табылып қана қоймай, праймериздің жаңашылдықтың бастауы болатынына шүбәсіз сенім білдіріп сайрап жүр… Не деген көрегендік десеңізші!

 

Саралап отырсақ,  «праймеризді» қабылдай алмай жатқан халық та бір шоғыр. Олардың ішінде қара да жүр, дана да жүр. Олардың көкейінде баяғы «Не өзгере қояды дейсің» деген сенімсіздік. Баяғы қорқыныш! Баяғы үмітсіздік қана бар. Мұны қазақ «Қалған көңіл – шыққан жан» дейді. Оларға да өкпе айтуға болмас.  Жарқын болашақтың жарқ ете қалар нұрлы шағын күте-күте шаршаған болар….
Өздерін оппозиция «қалдықтары» санайтын серкелердің  уәжіне құлақ түрсек, «Nur Otan» праймеризді толық іске асырғысы келсе, қарсы топтардың мүшелерімен де санасқаны дұрыс  деген пікірде. Оларды мүшелікке көптеп тартып, халықтың жанайқайы мен арман – тілегін сонда ғана естуге мүмкіндік алады деп тас түйін отыр.  Әйтпесе барлығы текке әуре дегенге саяды көзқарастары.

«Nur Otan» партиясы праймериз өткізеді дегелі әйтеуір ел іші ала шапқын.  Тіпті кей өңірлер кімді қолдап, кімді қорғап қаларын білмей әлек. Әр кәлләдә бір үміт ұшқыны лаулап тұр.

АҚШҚА ЕЛІКТЕСЕК ПРАЙМЕРИЗ,
ҚЫРҒЫЗҒА ЕЛІКТЕСЕК ПАРТИЯ КЕРЕК…

Сонымен праймериз жарысы басталды. Арасында кім жоқ дейсің, әнші де, ақын да, актер да жүр.  Қазірдің өзінде өздерін депутаттай сезініп, бағдарламаларын ұсынып жатыр. Бәрі тамаша, бәрі керемет. Жалпы келешекте  Праймериз өткізбейтін партияларды жауып тастаған жөн. Тегін әлеуметтік желіде өз жақтастарын жинай алмайтын партиялардың барынан жоғы дұрыс.

 

Партия демекші, Қазақстанда қазір тіркелген 4 – ақ партия бар. Алайда олар инкубатордың балапаны секілді.    Бастаушы партияның соңынан шұбатылып еруге әуес. Кейбірінің оппозициялық деген атауы болғанымен, жеме – жемге келгенде билікке қарап көздері жасаурап тұрады. Сондай моп-момақан партиялардың сайлау кезінде ғана «емшек сұрап шырылдаған баладай» дауыстары естіледі.  Қалған кездері арнасынан аспай жаймен ағып жататын өзен секілді бір қалыпта.
Халқының саны да, жері де бізге жетпейтін, қазба байлығы жағынан бізге ермейтін, алайда  іргелі істерге бейім іргеміздігі Қырғызстан 4 қазанда Парламент сайлауын өткізбек. Елдегі 259 партияның   42 – сі сайлауға қатыспақ. Міне, саған таңдау, міне, саған талдау! Ал бізде әлі күнге жаңа партияларды тіркеу ісі қиямет-қайым…
Мысалы праймеризге қатысып, мәжіліске, болмаса мәслихатқа  депутат болу үшін  «Nur Otan-ға» өтуің  керек. Әйтпесе көзге шыққан сүйелдей, кім көрінгенге көз түрткі болып, жетім баланың күйін кешуің бек мүмкін. Тіпті  партияда жоқ адам, мәжіліс түгілі, аудандық мәслихатқа депутат бола алмайды. Бұл адам құқын шектеу емес пе! Сонда партияда жоқ адам, қолынан түк келмейтін бос адам ба?
Праймериз білімі мен біліктілігі мол азаматқа зор мүмкіндік есігін ашып берді дейік. Алайда «Тең теңімен, тезек қабымен» деген даналықты неге ұмытамыз? Қазір «Nur Otan» Парламент пен мәслихаттарға үміткерлердің жаңа толқынын саралап жатыр.  Ол жаққа баруға қатысушылардың бәрі үміткер.
Осы жерде  «құқықтық білімі жоқ депутаттардың заңды талқылауға немесе қабылдауға қаншалықты моральдық құқығы бар?!» деген заңды сұрақ туындайды. Кім жауап береді бұған?!
Негізінен Мәслихат немесе Мәжіліс депутаттарының заңи, құқықтық білімі болуы керек. Себебі, заңды қабылдайтын кезде оны жан-жақты қарауды талап етеді. Заңның әрбір бабы қаншалықты ұлттық және халықаралық құқық талаптарына сәйкес келетініне мән беруі керек.
Бүгінгі қазақ Парламентінде заңға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қаншама депутат жүр. Олардың білімдерін қараған кезде көбісінің құқықтану бойынша білімі жоқ. Ең болмаса, қысқа уақытқа жасалған арнайы курстардан өтпеген. Егер біздің депутаттардың заңи сауаты төмен болатын болса, онда қабылданып жатқан заңдарға күмән туатыны рас қой.
Бұлай жалғаса берсе халыққа олардан не пайда? Жарайды, «Арпа ішінде бір бидай» болып жүре беруіне болар, алайда ар мен ождан деген дүние қайда қалады?
Праймериз «туын желбіреткелі»  Мемлекеттік қызметкерлер арасында Депутат болуға талпынушылар көбейді. Бұл ненің белгісі? Сайыстың көркін қыздыру үшін арнайы тапсырыспен ұйымдастырылып жатқан жасанды қолдаулар емес пе екен? Әйтпесе, тәп-тәуір қызметте жүрген шенеуніктер де праймеризге қатысамыз деп жаһанға жар салуда. Талаптары оң болсын! Негізі қосылғыштардың орны өзгергенмен қосынды өзгермейді ғой. Бірақ оны түсінетін халық бар ма?

 

Бәлкім біреулер партияға өтіп кетсем «Қара қылды қақ жарамын» деп ойлайтын болар. Енді біреулер билік партиясы арқылы лауазымға иек артып, партияның ғұмыр жасын ұзартуға мүдделі шығар.  Кімнің ішіне кім  кіріп шығыпты, әйтеуір жақсылық бола берсе деген тілек біздікі!
Сөз басында айтқанымыздай праймериз дегенге түсінік бере кетейік. Бұл термин негізі аспаннан аяғы салбырап түсе қалмапты. Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі екен. Қазақ тіліндегі мағынасы «іріктеу» деген ұғымды білдіреді. Кейде «алдын ала сайлау» немесе «алдын ала дауыс беру» деп те атайды. Яғни, жақтастарының арасында алдын ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды.
Праймериз өзге елдердің тәжірибесінде өзін-өзі дәлелдеген және сынақтан өткен ең тиімді тәсіл. Әу баста АҚШ-та, одан кейін Еуропаның бірқатар елінде қолға алынған. Ең алғаш партиялық ішкі сайлау 1842 жылы АҚШ-та өтіпті. 1901 жылы Флорида штаты тұңғыш праймериз өткізіп, сол жылы бұл ұғым заңды түрде қабылданған.
Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын, ел алдына шығар көшбасшыны таңдау. Батыс елдерде праймериз ашық және жабық түрде өткізіледі. Ашық түрде кез келген адам дауыс бере алса, жабық түрдегі праймеризде тек партия мүшелері ғана дауыс бере алады. Біз тапқан ақпарат ағыны осылай дейді. Бірақ көп нәрсені қамтығаны көрініп тұр.

ҰРАНШЫЛ ЖАСТАР ҰРДА-ЖЫҚ САЯСАТҚА ҰРЫНЫП ҚАЛМАСА ЕКЕН

Қалай десек те праймериз деген науқан басталып кетті. Абай кемеңгер айтпақшы «Болды да партия, Ел іші жарылды. Әуремін мен тыя, Дауың мен шарыңды» деген кеп басқа келмесе де, әйтеуір, «Болды да праймериз» деп бақ сынауға ұмтылып жатқандар көбейді. Сондықтан кімдердің қатысып жатқаны, үміткерлердің мемлекеттік тілді білу-білмеуі, олардың саяси ұстанымдары мен ұсынатын бағдарламалары т.б. білу мен үшін де, сіз үшін де өте маңызды. Өйткені бүгінгі праймеризден суырылып шыққандар ертең еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы Парламентке депутат болып баруы бек мүмкін. Олар ертең сіз бен біздің, қалың қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдай ма, жоқ әлде қара басының қамын күйттеп кете ме? Бізді алаңдататыны осы жағы.

 

Праймеризді өткізіп жатқан «Nur Otan» партиясы. «Праймериз-2020» дейтін бөлек сайтта Республиканың 17 өңірі бойынша 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламаларын жариялапты. Ұзын-саны 216 бағдарлама қоғам талқысына ұсынылған екен. Қарап шықтым бәрі өзекті. Егер тым құрығанда осы 216 бағдарламаның 5 жылда 50 пайызы жүзеге асса, елдің қабырғасына шыр бітіп, кем-кетігі түзеліп, халық шалқып кетпесе де, тарықпай тіршілік кешері сөзсіз. Ал бұл бағдарламаның жүзеге асуына осы праймеризден қара үзіп шыққандар атсалысатынын жүдә естен шығаруға болмас. Олай болса бұл праймериз еріккенің ермегі болмақ емес. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Алайда ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік деген бар.
Мысалы праймеризге қатысып жатқан 20 жасар жігіт қандай әлеуметтік мәселені шешеді? Оқығаны көп шығар, тоқығаны мол шығар, бірақ өмірлік тәжірибенің рөлін қайда қоямыз?  Сөз бен істің арасы ат шаптырым жер екенін басқа білмесе де, біз білетін болдық қой ендігі.
«Өзгеру керек, жұмыс жасау керек» дегендердің бағдарламасын да көзім шалып қалды. Бұл да бөскен сөз. Праймеризсіз өзгеруге не кедергі? Қаншама білікті де білімді азаматтар өз беттерімен жұмыс жасап, маңайын да, ағайынның көзқарасын да өзгертуге күш салуда. Өзгерісті қалаған әр адам, бұйрық пен тапсырмаға емес, өзінің жүріс-тұрысы мен болмыс-бітімі мен маңайына адалдығымен үлгі. Қоғам сонда ғана өзгереді. Ұлтшылдық сонда ғана бой көтереді!
Жалындаған жастарға сенім көп. Жастар – қауға тиген өрттей лапылдап тұр. Алайда тіс қаққан,  жасы егде тартса да түзу жолынан таймаған қайраткерлерден үйренері көп олардың.

 

Осы орайда бір мысал айтайық. Ертеректе үлкен бір елдің патшасы: «Қартайған әке-шешелеріңді өлтіріп, көздерін құртыңдар. Қартайған кәрі кісілерден ештеме күтуге болмайды. Қоғамға пайдасы жоқ», – деп бұйрық береді. Бәрі патшаның бұйрығын орындап, кезек бір жас жігітке келеді. Ол жігіттің кәрі әкесі бар еді. Сол әкесін жардан лақтырып, көзін құртайын деп жатқанда әкесі күледі. Күлуінің себебін сұрағанда былай дейді: «Кезінде мен де әкемді сен сияқты жардан құлатқан едім. Енді міне өз басыма келді».
Әлгі жігіт өзінің басына осындай заман келерін біліп, әкесін патша нөкерлерінен жасырып, сандыққа салып бағады. Бір күні ол елге үлкен қуаңшылық келеді. Сол апаттан құтыла алмай елдің мазасы кетіп, патша үнсіз қалады. Сонда әлгі жігіттің әкесі оның жолын айтады. Бір топ сиырды айдап апарып олар тоқтаған жерден үлкен құдық қазуын бұйырады. Сонда ел қуаңшылықтан құтылады деген ақылын жайып салады. Соның бәрін жүзеге асырғанда ел расында да бәледен құтылады. Жігіт сонда бұл ақыл-кеңесті өзінің тығып асыраған әкесінің айтқанын білдіреді. Содан кейін патша қарияларды сыйлап, оларға өле-өлгенше қызмет етуін, сонда қандай ел болмасын қарт кісілердің ақыл-кеңесі арқылы түзелетінін жар салады». Бұл да өзіне дейінгінің бәрін жоққа шығаратын өрікпіген жастарға  ғибрат болса, қанекей!
Праймеризге қатысушыларды тәжірибе мен білім, білік пен қабілетке сай қадам жасауға шақырар едік. Әдемі сөздермен дауыс жинайтын уақыт баяғы да өтіп кеткен. Праймериз деген осы деп бет алды сайрай берудің түкке керегі жоқ. Ниеттеріңіз түзеу болса жұмыс жасаңыздар. Іспен дәлелдеңіздер. Жұрт сосын өзі-ақ  алып шығады.
Сөзсіз көптеген лайықты тұлғаларды көріп жатырмыз. Бірақ артында  іліп алар тәжірибесі жоқ, елге сүйкімі жоқ адамдардың «Мен Праймеризге қатысамын» дегенін көргенде, сенім артқан жақсы адамыңның да шырайы қашып,  құны түсіп кететінін қайтерсің…
Былай қарағанда праймериз деген таңдаулылар іріктелуі үшін өте бір жақсы қадам тәрізді. Бірақ ол белгілі бір партия мүшелері арасында ғана жүреді. Ал неге ешқандай партияға мүше емес,  бірақ азаматтық позициясы, айтар ойлары мен ұсыныстары бар кез келген адам қатыса алмайды? Заңмен тек партия мүшесін депутаттықа өтуді бекітіп қою, сол жолмен ғана жүру қоғамды алға дамыта ала ма? Партиялық қатаң тәртіптен аса алмай,  ұстанған сызықтан ауытқымау қаншалықты пайдалы?
Ілкіде депутат болуға малшылар мен сауыншылар, диханшылар мен қарапайым еңбекшілер ұсыныс білдіруші еді. Биліктің өзі соны талап ететін.  Бұл – еңбек адамдарына деген шексіз құрмет болатын. Қазір праймериздің көрігін қыздырып жатқандар арасында еңбек майданында шыңдалғандар қарасы аз, керісінше, таңдайы шөлден емес сөзден құрғағандар көп секілді көрінеді.

БӘСЕКЕЛЕСТІК БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ, ПАРТИЯДА БЕДЕЛ ҚАЙДАН БОЛСЫН?

Иә, праймериз партияның ішіндегі сайлау ғой! Басқа партиялар да өткізуге болады. Бірақ олардың тап қазір өткізуге шама – шарықтары жете ме? Өйткені бәсекелестік болмаған жерде демократияның ауылы сағымның арасындағы ауылдай жеткізбей қоймай ма?
Соңғы кездері күн тәртібінен түспей тұрған праймериз науқанына қатысты қоғамның пікірі екіге бөлініп отыр. Бір тобы партия ішіндегі бәсекелестікті арттырып, сайлаудың ашықтығына алып келетін тың дүние деп жатса, екінші тарап сол баяғы науқаншылдыққа негізделген кезекті саяси ойындардың бірі деп есептейді

Белгілі журналист Мақсат Толықбай

 

 

праймеризге қатысты ойын былай білдіріпті. Оның ойынша, праймеризден көп пайда жоқ.  «Праймериз Ресейде де өтті ғой. Не өзгерді? Кез келген мэр (әкім) өзіне ыңғайлы кандидатты іздейді. Бұрынғы командасын сақтап қалу үшін бар күшін салатыны түсінікті. Сондықтан партия ішіндегі бәсекелестік ашық әрі әділ өтсін десе, «Nur Otan-ға» қоғамдық бақылауды барынша күшейткені абзал. Дауыс ұрлаған әкімді жазаға тартатындай ету керек. Әйтпесе, бәрі бекер. Ертең праймеризге қатысқандардың өздері-ақ шу шығарады. Праймеризге қатыспа демеймін (көре алмағандай боласың). Жаңашыл азаматтарды іріктеу, ашық бәсеке – әр партияның ішінде өтуге тиіс. Маған да ұсыныс түсті. Бірақ…
Журналист ешбір партияның мүшесі болмауы керек. Бәріне бейтарап қарауы керек», – депті.
Саясаткер Дос Көшім:

 

 

«Праймериз дұрыс өтсе, әрине, жақсы. Егер бұл да бір спектакль болмаса… Кез келген партияда отырған басшылық Парламентке кімдердің өтетінін, баратынын анықтамау керек. Мұндай кезде жемқорлық, бір-біріне сенбеушілік, өзіне ұнаған адамдарды жоғарыға отырғызу деген болады. Сондықтан, жиналыста лайық дегендерге дауыс беріп, қолдаған дұрыс. Дегенмен мен айтқандай жүзеге асатынына күмәнім бар. Себебі праймериз арқылы депутаттыққа ұсынылған кандидаттардан басқа, тағы да басшылық ұсынған кандидаттар бар екенін ұмытпалық. Праймериздің ережесін тағы бір қарап шығыңыздар. Кандидаттардың бір бөлігі партия мүшелерінің дауысы арқылы тізімге кірсе, енді бір бөлігін партия басшылығы тағайындайды. Бұл – праймериз емес, ойын, партия мүшелерін де, қоғамды да алдау дер едім. Меніңше, ешқандай өзгеріс болмайды. Бір декоративті түрде «Біз демократиялық партияның сипатын, форматын алып отырмыз» деген сияқты алдаудың көрінісі» депті.

Ал қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек:

 

«Праймериз – білікті депутат таңдаудың таптырмас тәсілі» дейді.  « «Nur Otan» партиясы «Праймериз туралы» ережесін жариялады.
Аталған «Ережеде» праймеризге «Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа, партияның, филиалдарының органдарына кандидаттарды ұсынуға және мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыным жасауға арналған партиялық тізімдерге одан әрі енгізу үшін алдын ала партияішілік іріктеу» деген анықтама беріліпті.
Демек, партия алда келе жатқан Мәжіліс және барлық деңгейдегі сайлауға түскісі келетін азаматтарды осы праймериз арқылы іріктейтін болады» деп сеніммен айтып отыр.

Максим Казначеев мырза:

 

 

«Праймериздің мақсаты – жалпы әлеуеметтік жағдай нашарлаған тұста билік партиясына назар аударту» деп қысқа қайырыпты.
Кімге сенеміз? Әрине бәріне уақыт төреші. Мынау бұрыс, мынау дұрыс деп бөле-жаруға да құқымыз жоқ. Себебі қазір ХХІ ғасыр. Адамдардың саяси көзқарасы да өскен, жаңа технологияның жетістігі арқасында әлемдік саясатты күнде көріп отыр.
Жақсы мен жаманның да аражігін ашып көрсетуге білімдері жетеді. Олай болса, таңдау еркі де халықтың өз қолында.
Бірақ Қазақстанның болашақ жаңа Парламенті ойы озық, көкірегі ояу, ел тағдырына енжар қарамайтын, ұлттық санасы қалыптасқан, мемлекетшіл, конструктивті сын айтудан тайсақтамайтын, жеке пікірі, құптарлық идеясы бар жаңа тұлғаларды қажет етеді. Бұл айқын нәрсе!
Жемқорлық пен сыбайластықтың, бұйығылық пен жалтақтықтың, жағымпаздық пен мінезсіздіктің жолын кесу үшін хакім Абай айтқан ақылы нұрлы, қайраты ыстық, жүрегі жылы «толық адамдар», Шәкәрім нұсқаған арлы адамдар, Әлихан қалаған ұлтқа қызмет ететін мінезді адамдар, Ахмет көксеген білікті тұлғалар Мәжіліс мінбесіне көтеріліп, заң құзіретіне арқа сүйеген мемлекеттің мықты Парламентін жасақтауы тиіс.
Праймериз арқылы іріктеуден өтетіндердің кеудесінде осындай жалынды ой, асқақ арман, ізгі мұрат бар ма екен? Болса нұр үстіне нұр, болмаса, уақытын өткізіп жатыр құрдан құр деп айтуға толық негіз бар.

ЕЛБАСЫ СЕНІМ АРТҚАН ПРАЙМЕРИЗДІ ЕЛ ҚОЛДАЙ МА?

ТҮЙІН: Ел болғасын, жұрт болғасын сан алуан ойлардың «елесі» даламызды кезіп жүруі заңдылық. Қоғам  – адамдардың қолдауы мен қарсылығы арқылы ғана дами түспек.   Басқа жол жоқ.
Дамыған елдердің жүріп өткен сүрлеуіне қарап отырсақ, мемлекеттің гүлденуі үшін болған «күресте» ауызбіршіліктің алатын орны төр екен. Ұлы Абай айтпақшы, «Бас басына би болған өңшең қиқым» жүрген жерге көк түгілі, шөп те шықпайды. Олай болса билік партиясы қолға алған бастаманың ғұмыры ұзақ болғай! Әділ сайлау өтіп, елдің мұңы мен құнын білетін азаматтар «Nur Otan» сапынан төбе көрсеткей!  Сөйтіп еңсесі түскен беделін бір көтеріп тастаса, шіркін!

 

 

Айтпақшы, айтыс-тартыспен жүргенде Абай кемеңгер мысқылмен жазған «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» дейтіндер қара үзіп кетпесе бопты да!
«Nur Otan» партиясы (сынамалы іріктеуді есептемегенде) алғаш рет өткізгелі отырған праймериз  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысына орай  2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында жүзеге асатыны бесіктен белі шыққан балаға дейін белгілі. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша елдің барлық облыстарында іріктеу жүргізілген көрінеді. «Nur Otan-ның» праймериз өткізудегі мақсаты – қатарын адуынды мықты жас мамандармен  ел қолдауына иек артып толықтыру. Сайлауға өз аймағында сөзі өтімді, беделге ие азаматтар қатыса алады. Лайым солай болғай!
Дауыс беруге ел тұрғындарының барлығы құқылы емес. Сайлауға түскен үміткерге тек өз аймақтарының жерлестері ғана дауыс бере алады екен.
Өткен жұма күні «Нұрсұлтан Назарбаев кандидаттардың сайлауалды бағдарламасымен танысып, дауыс беру процесіне қатысу үшін «Праймериз» ақпараттық жүйесінде авторизациядан өтті. Өздеріңізге белгілі, праймериздің онлайн дауыс беру рәсімі биылғы жылдың 1-3 қазан аралығында өтеді», – деп жазды Айдос Үкібай Twitter парақшасында.
Демек, елбасының өзі праймеризге үлкен сенім артып отырғаны байқалады. Олай болса праймеризге білек сыбына кірісіп жатқан (әсіресе) жастарға ақжол тілейміз! Өйткені олар –  елдегі отыз жылдағы жетістіктерге желпініп, әбден қордаланған проблемалардан жеркеніп өскен буын.
Олар – қоғамның сұранысына, халықтың талап-тілегіне, өтірік уәде мен салғырт бағдарламаларға тістеніп өскен буын.
Олар – шетелді көрген, ондағы халық пен биліктің арасындағы қарым-қатынасты әбден зерделеген буын.
Олар – билік дариясына құйылмақ жаңа ағыс, тың толқын!
Олар – өзгерісті қалайтын, өздерін ұлт патриоты санайтын жаңашыл қауым. Тура жолдан тайып жатса, қарабет болып  тарихтың  қара бетінде қалар…
Праймериз – осы жағынан халыққа тиімді. Бір жерде тұра берсе су да сасиды. Оның  жаңарып,  жасарып отыруы заман талабы. Көкірегінде оты бар, билікке келсе өзгеріс жасауға бейім, ұранға емес – ұлтына,  ақшаға емес – халқына жақын перзентін қолдау –  елдің өз қолында. Ат болатын құлынды желі басынан танитын қазақ – бұл жолы қателесуге хақы жоқ. Ал тұғырлы ұлды, «тұлымды ұлға» алмастырып, өз қалауына бейімдеп жатса билікке сын!
Айтпақшы,  праймериз көптеген жұрттың үмітін үкілеп, лауазымды қызметке деген құштарлығын оятып жатыр.  Қайтсін,  бәрі де депутат болып көргісі келеді. Ақша деген дүниеге де қызығып, бағын сынап жүргендер бар- ау.  Жеме-жемге келгенде саясаттың ойыншығы болып, негізгі орындарға өз адамдары сайланып қойса, обал- дағы. Оны үміттеніп жүргендер сезіп қалса,  көңіл түскір көң болып қатып,  одан кейін мұз-жүрек  билікке жіби қояр ма екен?
Саясат деген шым-шым судан талай рет аузымыз күйгесін айтамыз-дағы.
Иә, праймеризге қатысып жатқандардың ішінде ала да,  құла да жүр. Моральдық тұрғыдан азғындаған біреуге таңдау түсіп, қарнымыздың ашқанына емес,  қадіріміздің қашқанына жылап жүрмейікші, әйтеуір!
«Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәріміз сай болып, жалғыз депутаттыққа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын, одан пайда жоқ. Депутаттықты таңсық көріп атағына қызығып, яки, бәсеке үшін баратын кісі болмасқа керек» депті алаш арысы Міржақып Дулатұлы. Олай болса даналық тәмсілше, тамырында дәні жоқ пенде ғана талас тудырар!

 

Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.