Баспасөзге жазылудан шошынған шенеуніктер

0
286

немесе қазақ баспасөзі бұрынғы құдіретіне ие бола ала ма?

 

Ұлағатты ұстаздың жанайқайы

      Еліміздің спорт саласына жыл сайын 250 млрд теңге бөлінеді екен. Президент Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі»  атты Жолдауында осы спортқа бөлініп жатқан қайтарымы жоқ қаражатқа тыйым салу жөнінде айтып өтті. Бұлай етуі бекер емес, әрине. Себебі, ел президентінің қазіргі мақсаты, жастарды ғылым мен білімге шақырып, ұлт сапасын арттыратын адам тәрбиесін жақсарту болып тұр. Ғылым-білімсіз, оқусыз мемлекет дамымайды. Бірақ, ғылым мен білімнiң алауын жаққан мектептен оқуды  бастамаса бәрi бекер. Жақында «Білім және ғылым» министрлігі мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен қамту туралы мәселе көтерді. Дұрыс ақ! Осы жерде баланың өмірлік таным – талғамын, санасын қалыптастыратын, оқу мәдениетіне баулу балалар журналы мен мерзімді баспасөз арқылы жүзеге асатынын ескермеді. Көркем әдебиет баланың жан дүниесін көркемдікке, арлылыққа тәрбиелесе, мерзімді баспасөз өмірде, қоғамда болып жатқан оқиғаларға өз көзқарасын қалыптастырып, әр оқиғаға зерек те, сергек, ойлана қарауды қалыптастырады. Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз халықтың құлағы, көзі, һәм тілі» деуі бекер емес. Баспасөздің қоғам санасына ықпалы мен құдіретін әлі ешкім жоққа шығарған жоқ!

Қазір баспасөзге жазылу туралы сұрақ қойылған жерде кейбіреулер шоршып түседі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің  «Отбасындағы бала тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар» атты онлайн дөңгелек үстелінде осы мәселелерді шешудің бірден – бір тетігі баспасөз деген пікір жазбама Максим Рожин: «Баспасөзге мәжбүрлеп жаздыру мәселені шешпейді» деп жауап жазыпты.  Бірақ жиында сөйлеген ұлағатты ұстаз Аягүл Мирзоеваның баспасөз туралы дәйекті сөзі пікірімнің дұрыстығын дәлелдеп берді. Ол: «Бұл күні балаға тек отбасы ғана емес, сонымен қатар, қоғамның, батыс ақпарат желісінің ықпалы зор болуда. Ал, оларға рухани қарсы тұратын өз елімізде баспасөз өте аз. Тек, Қазақстан Ұлттық телеарнасының «Балапан» арнасы ғана ұлттық тәрбиеге баулитын көрсетілімдер көрсетеді. Газет-журналдар жекенің қолына өткеннен бері тиражы азайып кетті. Күн көріп, ақша табу мақсатында тәрбиеге жат мақалалар жазып жүр. Батыс, батыс деп көрдік. Жеткен жеріміз осы болды. Өз уызына жарымай өскен бала мемлекет тірегі бола алмайды. Жастар  қазақ тілін ағылшын үнімен сөйлеуге көшті бұл күні. Бұның бәрі ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық құндылықтар мен білім беретін мектеп жоқтығынан. Әлеуметтік желі арқылы бала санасын былғап жатқан батыстың тәрбиесіне төтеп беретін танымы мен тағлымы мол өз газет-журналдарымызды көптеп шығаруға бет бұруымыз керек. Әсіресе, педагогикалық-психологиялық бағытта жазатын газет пен журналдар жоқ», – деді ұстаз.

 

Ескексіз қайық жарға соғылды

 

Және осы жиында медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Советхан Ғаббасов: «Ұлттық идеология болмай, мемлекет теңіз үстінде ескексіз қайық сияқты. Ескексіз қайық түбі бір жарға апарып соғады. Біз қазір  жарға соғылған ұлтпыз. Мемлекеттің байлығы адам болса, адам бақыты – балада. Біз оның тәрбиесін жөндеуіміз керек» деді. Өмірден оқығаны мен тоқығаны мол педагогтардың бірі, ұлттық мектеп, ұлттық – педагогикалық сана қалыптастыратын баспасөзді көбейту керек десе, екіншісі, ұлттық идеология кезек күттірмей жасалуы керек екенін қадап айтты. Қарапайым ғана мысал, осы онлайн жиынның айтар ойын жинақтап, жұмырлап бұқараға жеткізіп беретін баспасөз емес пе? Бірақ ұлт үшін маңызды, айтар ойы салмақты келелі жиынның баспасөзде жарияланғанына күмәнім бар.

 

Әлеуметтік желі иірімі

 

Максим айтқандай, осы мәселені баспасөзге мәжбүрлеп жаздырумен шешпейтін болса, балаларға  «ютуб» желісіндегі мультфильмдерді көрсету мәжбүрлеу емес деп кім айтты? Әлеуметтік желі мәселесі шешілмей, осы көтерілген отбасы мәселесі мен бала тәрбиесі ешқашан шешілмейтіні белгілі. Себебі, әлеуметтік желі астарында оптикалық заңдылық тұрғысынан психологиялық мәжбүрлеу саясаты тұр. Интернетте баланы азғындыққа итермелейтін көрсетілімдер тұтас қамтылған. Оның әр отбасына, бала тәрбиесіне, қоғамға орасан зор қауіп төндіріп жүргенін жоғарыда ұстаз Аягүл Мирзоева айтты. Әлеуметтік желіде алгоритмдік жүйе желі пайдаланушының бір рет көрген видеосы мен мақаласына ұқсас тақырып келесіде шығарып тұрады. Бұл жүйені мәжбүрлеу амалы десек қателеспейміз. Міне, осы жүйе арқылы қандай тақырып оқитыныңды әлеуметтік желі өзі шешіп қояды.  Адам психологиясын өз иіріміне қалай үйіріп әкететінін түсіндірмесек те болады. Қазақ баспасөзін мәжүрлеп жаздыра алмаймыз деп басқару жүйесінің қателесіп жүргені осы жерде.

Теледидарда мынадай психологиялық заңдылық бар. Теледидар көріп отырған көрерменнің алғашқы жеті-сегіз секунд назары экранға шыққан адамның киіміне, шаш қою үлгісіне, сыртқы келбетіне ауады. Сосын барып айтып отырған сөздің мағынасына мән береді. Психология бойынша, адамның таным-талғамы жоғары, санасы дұрыс пен бұрысты сұрыптайтын жүйеге түскен болса, жан дүние тәрбиесінің сұранысына сай келмесе басқа арнаға ауыстырып, өз жанына керек дүние іздейді. Біз жоғарыда айтқан бала түйсігі мен санасын, жан дүниесін ізгілікке тәрбиелейтін баспасөздің құдіреті осы жерде жемісін береді.

 

Ғаламтор отаны Америкада баспасөз құдіреті сақталып отыр. Неге?

 

Баспасөз бен әлеуметтік желінің қоғам санасына ықпалы мен қызметін салыстыра келе, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ: «Негізі 1960 жылдары Америка интернетті қарулы күштердің қаруы ретінде шығарып, өте құпия ұстаған. 1970 жылдары азаматтық қоғамда қолдануға болатынын ұғып, интернетті әлемге таратты» дейді. Ол, « Америкаға барған сапарымда метроға кірген-шыққанның бәрі газет сатып алып оқып отырғанын көрдім. Ғаламтордың отаны Америка елінің өзі  мерзімді баспасөз бен оның таралымын шектеген жоқ, сақтап дамытып, таратып отыр. Себебі ғаламтор – сенімсіз ақпарат көзі. Оның жауапкершілігі төмен. Ал баспасөздің артықшылығы, ол – сенімді ақпарат көзі. Газеттер тексерілмеген ақпаратты бермейді. Осы жағынан баспасөздің қадір-қасиеті бар. Қадірін кетіріп жатқан халық пен биліктің түсінбеушілігі. Екінші көз жеткізгенім, америкалықтар күнделікті газет оқып, телерадио хабарларын арнайы көріп, тыңдайды екен. Америка дәстүрлі баспасөзді шындық тарататын ақпарат көзі деп, ал, ғаламтор мен әлеуметтік желілерді жалған, өсек-өтірік таратушы деп білсе, біздің елде керісінше болып тұр. Дәстүрлі мерзімді баспасөз өсек-өтірік жазып тарататын, ал ғаламтор, әлеуметтік желілер шындық айтатын жер деген түсінікпен ел адасуда. Мұның түбі өте қорқынышты. Себебі, әлеуметтік желі мен интернеттің ар жағында кім отырғанын, кім басқарып отырғанын білмейсің. Мысалы, шетелдің алпауыт компаниялары қазақтың жүз блогерін отырғызып қойып, қоғамның быт-шытын шығаруы мүмкін. Біздің биліктің дәстүрлі баспасөзден бас тартуы қателік болып отыр. Мерзімді баспасөз неге екінші орынға ысырылып кетті? Себебі, билік тарапынан оған қатаң бақылау орнатылды. Соның салдарынан көп нәрсені өткір, ашық айта алмады. Халық газет ақпаратына шөлі қанбады. Сол себепті одан жери бастады. Баспасөз халықтың көзі, құлағы, һәм тілі бола алмай қалды. Дәл осыдан биліктің өзі қатты зиян шегіп отыр. Әлеуметтік желіні бақылау мүмкін емес, ал, баспасөзді бақылау оңай еді. Ал, халықтың әлеуметтік желіні шындық алаңы деп ауып кетуі, тіпті қиындық тудырып отыр. Мерзімді баспасөздің функциясын халыққа қайтарып, қайта жандандырса, еліміз үшін де, билік үшін де пайдалы болар еді. Әлеуметтік желінің келуімен мерзімді баспасөздің күні бітті деген еді, жоқ олай емес, бұл бір-бірінің орнын алмастыра алмайды. Газет – өзіндік ерекшеліктері бар бұқаралық ақпарат құралы», – деді.

Соның бір ерекшелігі, психологтардың айтуынша, оптикадан гөрі, газеттен, кітаптан оқып-тоқыған бала санасының дамуына игі әсері мол дейді. Мысалы, жапон елінде мектеп, жоғары оқу орындарында интернеттен алынған мәліметтер қабылданбайды. Олар интернетке білім көзі деп қарамайды. Шәкірттер жазған  жұмыстарының соңына кімнің кітабынан, қай кітаптан, қашан жазылғаны, қай беттен алынғаны туралы мәліметтерді анық көрсетіп жазуы тиіс. Жапон ұстаздары кітап оқыған оқушыда білім және тәрбие болады деп санайды.

Рас, қазір әлеуметтік желіні оқып, көңілге терең білім-білікті тоқи алмаған адамдарда тұрақты ой-пікір жоқ. Бір мәселеге қатысты ой бөліссең, жақсы десең, ия жақсы дейді. Жаман десең, ия жаман деп жауап береді. Құбылмалы екіжүзді сана қалыптасқан.

 

Қытай әлеуметтік желілерді неге бұғаттады?

 

Байқап отырсақ, өз мемлекетінің ішкі саясатына, ұлттық салт-дәстүрі мен ұрпақ тәрбиесіне нұқсан келтірмеу мақсатында іргеміздегі Қытай ел келешегі жастарды арман-мақсатынан адастырады, ой-санасын бұзады деп «Google», «Вацап», «Facebook», «Ютуб» сияқты әлеуметтік желілерді бұғаттаған. Қазір өздерінің жеке әлеуметтік желілері бар. «Google» жүйесімен қытай елінің құпия құжаттары мен мемлекет билігіндегі белді тұлғалар туралы дерек іздегені анықталғаннан кейін қытай билігі интернет пен әлеуметтік желіні бұғаттады» дейді Ерлан Мұхаммедәлі. Бұдан кейін Америка Қытайда адам құқығы тапталуда деп дау көтерген. Қазір қытай елі өздері шығарған ғаламторды қатаң бақылауда ұстайды екен. «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Серікқазы Көкенай: «Әлеуметтік желілер мен интернет  балалармен бірге ересектердің де психикасы мен психологиясын бұзып жатыр. Жан-дүниесі науқасқа ұшырағандар мен ұяттан безгендер небір жамандықтарды, педофилдер, баланы суицидке итермелейтін түрлі ойындар арқылы арам ойларын интернет арқылы жасап отыр. Бәрі болмаса да, тәрбиенің 90 пайызы осы интернетке тәуелді болып тұр. Және бір фактор, ол –  халықтың интернетті қолдану мәдениеті жоқ. Шынайы өмірде адамдармен кездесіп, театрға бару, кітап оқу сияқты мәдениет қалыптастыру жетіспейді» дейді. Қазіргі кезде «Ютуб» желісінің видео хостингінде қазақ баласына арналған көрсетілімдер жоқ. Оның орнына орыс идеологиясын насихаттайтын орыс тіліндегі орыс мультфильмдерін, ағылшын идеологиясын насихаттайтын ағылшын тіліндегі мультфильмдер көруде. Қазақстандық тек бір «Балапан» арнасы ғана балаларға арналған фильмдер көрсетеді. Бірақ өте аз. Интернетті бизнес  пен  идеологиялық мақсатта пайдаланып отырғандар бар. Мұны  идеологиялық тұрғыдан қолға алып қарайтын үкімет болуы керек. Ал, олигархтарға қазақтың жер асты мен үстінің кен байлықтарына иелік етіп қалу үшін, қазақ халқының жойылып кеткені жақсы. Олар әлеуметтік желілер мен интернет мәселесін шешуді қолға алмайды. Ал, бұғаттауға келсек, ия, қытай елі сияқты бұғаттап тастауға болар еді. Ол үшін қытай секілді өз әлеуметтік желісін жасаған ұлы ел болу керек. Қазақтың өз әлеуметтік желісін жасайтын мықты мамандар бар, бірақ, мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Біз бұғаттап тастасақ өзіміз мүше болып отырған БҰҰ, ЕурОдақ секілді халықаралық ұйымдар қазақстанда адам құқығы шектеліп жатыр деп айғайлап шығады. Біз қытай сияқты экономикасы дамыған мемелекет емеспіз. Адам құқығын желеулетіп салатын экономикалық  шеттеулерге төтеп бере алмаймыз. Мемлекет басындағылар осыдан қорқатын болуы керек. Әйтпесе, әлеуметтік желіні бұғаттау қиын емес» дейді маман өкінішпен.

 

Қазақтың ақпарат алу құқы тапталып жатыр!

 

Интернет газеттің жаңалықтары тез өзгеріп отыратындықтан олардың сапасы бола бермейді. Тілі де жұтаң. Қателер өріп жүреді. Мерзімді қазақ баспасөзі тілдік нормалардың қатаң сақталып, оның ұлғайуына, қолданыс аясының кеңейуіне қосқан қызметі ұшан-теңіз еді.

Шалғай ауылдар мен қала маңайына не интернет, не газет- журнал жетпей ақпарат алу құқығы бұзылып жатыр. Қазақстанның конституциялық заңына сай, кез келген азамат ақпарат алуға құқығы бар. Қазақстандықтардың осы бұзылып жатқан құқына кім жауапты?!

 

                                                                            Зүбайра Тілегенқызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.