Лукашенко: «Өлсем де тақтан кетпеймін!»

0
321

Соңғы сайлаудан кейін Беларусьтегі саяси-әлеуметтік жағдай күрт шиеленісіп, оның арты халықаралық дау-дамайға ұласып бара жатыр. Аталған елде саяси ғана емес, экономикалық ахуал да ушығып тұр. Мемлекеттік кәсіпорындар тұралап, жұмысшылар қайта сайланған президент Александр Лукашенконың отставкасын талап етіп, әлі ереуілдетіп жатыр. Бұл зауыттардың өнімі негізінен экспортқа шығарылатынын ескерсек, Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктес елді үлкен тоқырау күтіп тұрған секілді. Қазақстан мен Беларусьтің өзара тауар айналымы 900 млн доллардың шамасында. Біз одақтас мемлекетке негізінен мұнай өнімдерін, түрлі-түсті металл, бидай, мақта талшықтарын жөнелтсек, Беларусьтен ауылшаруашылық, тұрмыстық техникалар, азық-түлік, жиһаз, дәрі-дәрмек жеткізіледі..Беларусь үшін Қазақстан стратегиялық әрі сауда серіктесі, екі мемлекет те ЕАЭО-ға мүше. Осы орайда Беларусьтегі митингілер Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық жағдайына да әсер етпей қоймасы анық. Осы тақырыпқа өз пікірлерін білдірген отандық сарапшылар сөздеріне сенсек, біздегі жаңдай да мәз емес. Саясаттанушы Андрей Чеботарев: «Беларусьтегі жағдай биліктің халықтың қалауына құлақ аспауының соңы неге апарып соғатынын көрсетіп отыр. Беларусь сайлау кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін, дауыс беруді бұрмалауды көрсетті. Былтырғы сайлау бізде де қоғам жіктері арасында біраз наразылық тудырып, елде митингтердің өтуіне түрткі салған-ды. Біздегі наразылық деңгейі Беларуське қарағанда соншалықты күшті деуге келмегенмен, Қазақстанды алда парламент және мәслихат сайлауы күтіп тұрғанын ескерсек, наразылық деңгейі артпайды деп нық сеніммен айтуға болмасы және рас. Өйткені еліміз коронавирус пандемиясына байланысты ауыр кезеңді бастан кешіруде. Халықтың тұрмысы нашарлап, пандемия жағдайында биліктің қабылдап жатқан шараларына көңілі толмайтындар бары байқалуда. Парламенттік сайлау жария етілсе, елдегі оппозиция, тәуелсіз бақылаушылар осыны пайдаланып, сайлауды заңды әрі әділ өткізуге үндеуі мүмкін. Сол себепті, парламенттік және жергілікті сайлаудан соң, наразылық акциялары күшейе бастайды деген қауіп-қатер жоқ емес. Бұл Беларусьтен келіп түскен «сигнал». Бізде жалғыз ғана оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бар. Бірақ, оны белсенділер мен өз партиясын құрғысы келетіндер қолдамайды. Қазір ЖСДП күн тәртібінен шығып қалды. Бұл жерде біздегі оппозицияның «бытыраңқылық» факторы алдыңғы орында тұр. Себебі, сөз тек саяси партиялар қатысатын парламенттік сайлау туралы болып отырғанда, қандай да бір коалиция құру қиынға соғады». Саясаттанушы Ерлан Сайыров: «Александр Лукашенко тарихтан ойсырай жеңілді. Халық талабын құп алмай, «өлсем де тақтан кетпеймін» деп қасарысып отырған Лукашенконікі, қазатың жалпақ тілімен айцтқанда, «жығылған күреске тоймайдының» кебі баяғы. Беларусьтегі жағдай бізде де қайталанбас үшін Қазақстанға, ең алдымен, ұлттық диалог қажет. Билік барлық саяси күштермен үстел басында әңгімеге отырып, өзара бейбіт мәмілеге келуі тиіс. Себебі, саяси диалог қана елді бірегейлікке, тұтастыққа алып келеді. Екінші, елге саяси реформалар қажет. Яғни, билік тармақтары, орындаушы, заң шығарушы, сот билігі өз қызметін тәуелсіз атқаруы тиіс. Сайлау әділ, таза өтуі тиіс. Бұл — басты аксиома. Қажет болғанда, жаңа партияларға жол ашылуы керек. Түрмеде қоғамдық-саяси аспектімен отырған барлық азамат босатылғаны абзал. Аймақтардағы мәслихат депутаттарының орнына азаматтық позициясы айқын, әкімдердің ауанына жығылмайтын, өз ісіне жауап беруге қабілетті, жаңа тұрпаттағы азаматтар келуі тиіс. Билік үшін барлық саяси күшпен ел болашағы жөнінде бүкпесіз, ашық диалог жүргізу өте маңызды. Онсыз жағдай күрделеніп кетуі міне тұр. Біз бір-екі күннің ішінде қоғамдық дамудың жаңа фазасына өтіп кеттік. Саяси процесс сол жаңа тұрпаттағы қоғам фазасына сәйкестенуі тиіс». Беларусьтегі митингтің GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халық: «Посткеңестік елде шиеленістің өршуі сауда серіктестерінің экономикасына әсер етпей қоймасы анық. Соңғы жылдары Беларусь пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы біраз артты. Осыдан үш-төрт жыл бұрын 500 миллион долларға жетпесе, қазір 1 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бірден айту керек, біздің Беларуське экспортымыздан импортымыз әлдеқайда көп. Қазақстан Беларусьтен, көбіне, ауыл шаруашылығы, сүт, сыр өнімдері, тіпті, арнайы машиналарға дейін импорттайды. Ал Беларусь бізден мұнай, көмір, мақта өнімдерін және күріш алады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстанмен тауар айналымындағы үлесіне зер салсақ, басым бөлігі, әрине, Ресейге тиесілі – 92 пайыз Екінші орында 4 пайызбен Қырғызстан тұр. Ал Беларусьпен сауда қарым-қатынасымыз небәрі – 3,6 пайыз. Бұл өте үлкен көрсеткіш емес. Беларусьтегі саяси шиеленіс ушықса, үшінші елдермен, Еуропалық одақ мемлекеттерімен алыс-беріс қиындауы, тауарды тасымалдау мен жеткізуде кедергілер туындауы ғажап емес. Ал бұл Қазақстан экономикасына оң әсер етпесі анық. Тағы бір мәселе бар, ол — егер Ресей Беларусьтің ішкі жағдайына араласып кетсе, Еуропа, Америка тарапынан Ресейге тағы да жаңа санкциялар салу мүмкіндігінің артуы. Бұл рубльдің құнсыздануына әкеліп соқтырса, тиісінше, Қазақстанның ұлттық валютасының құлдырауына да ықпал етуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде ЕАЭО аясында тауар айналымының 10 пайызға төмендеп кетуі соның дәлелі».

 

Ермек Сахариев

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.