Жабал Шойынбет: «Абайтанушы» деп үш адамды ғана мойындаймын

0
140

Абай – қазақтың немесе түркі жұртының ғана емес, бүкіл адамзаттың ақыны. Бұл Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбеттің пікірі. Жалпы биылғы ақын мерейтойынан ел еншісінде не қалу керек? Хакім атындағы ғылыми орталық қандай жұмыс жүргізуде? Осы және өзге де мәселелер бойынша Жабал ағаны әңгіпеге тарттық.

 

«Абайтану»: пәні, оқулығы, мұражайы және дәрісі

 

– Сіз басқарып отырған «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы қашан құрылып еді?

– «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы 2008 жылдың қыркүйек айында ашылған. Орталықтың ашылуына сол кездегі университет ректоры Серік Пірәлиев бастамашы болса, одан соң жұмысымыздың жандана түсуіне кейінгі басшымыз Тахир Балықбаев барынша қолдау көрсетті. Ғылыми орталық алғашқы ашылған күннен бастап Абай мұрасын қазіргі заман талабына сай жаңаша зерттеуді қолға алдық. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектеп пен жоғарғы оқу орындарында жаңа «Абайтану» пәнін енгізуге бастамашы болдық. Соның арқасында 2010 жылы жоғары оқу орындарында, 2013 жылы орта мектептерге «Абайтану» сабағы таңдау пән ретінде енгізілді. Содан соң Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында бізде ғана «Абайтану» музей-кабинеті ашылып, көпшілік қауымның көзайымына айналды. Қазіргі күні біздің оқу орында ғана барлық факультетте «Абайтану» дәрісі оқтылады. Біз мұнымен ғана шектелмей, ҚР Білім және ғылым министрлігіне жетілдірілген «Абайтану» оқулығын және хрестоматиясын жазып шығаруды ұсындық. Иә, ұсынысымыз іске асты. Бірақ жазылған кітап сапасыз болып шықты. Оқулықты аталмыш министрлік шығарды. Бірақ бүгінгі күннің сұранысына сай болмай қалды. Мұны мен осы білім саласында ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдердің пікіріне сүйеніп айтып отырмын. Қазір біздегі оқулық құрастырушыларға таңданамын. Яғни бұрын ол тақырыптан хабары болмаса да алты айдың ішінде оқулық жазып шығарады. Мұны дарындылық дейміз бе, жоқ әлде жауапсыздық дейміз бе?

 

– Ендеше, сіздің пайымыңыздағы «Абайтану» оқулығы қандай болу керек?

– Осыдан 25 жыл бұрын, Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Абайды балабақшада, орта мектепте, жоғары оқу орындарында түгел оқыту керек деп айтқаны есімізде. Сондай-ақ ол туралы Үкіметтің қаулысы да шыққан. Бірақ кейін іске асуы көмескіленіп кетті. Міне біздің ғылыми-зерттеу орталық осы айтылған міндетті өзінің алғашқы жұмыс күнінен бастап қолға алды. Менің пайымымда мектеп пен жоғары оқу орында оқытылатын «Абайтану» оқулығы бұрынғы айтқанды қайталау болмау керек. Себебі оқушы болсын, студент болсын Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметті алып қойды. Ал келесі қадам ақын Абайды емес хакім Абайды яғни, Абайдың даналығын оқытуды мақсат ету керек. Яғни, ұлттық құндылықты түгел қамтыған Абайдың ақындығын, өзінің данышпандық межесі хакім Абай деңгейінде оқытуға қол жеткізу. Хакім Абай даналығы – адамзаттың үйренер даналығы қайсы деген сұраққа толық жауап береді.

 

Даналығы Конфуцийден де, Пушкиннен де мықты

 

– Сіз бір сөзіңізде Абайдың даналығы Конфуций мен Пушкиннен де асып түседі депсіз. Осыған дәлел келтірсеңіз…

– Хакімдігі Абайдың шығармасынан да айқын аңғарылады. Мысалы, 38-ші қара сөзінде «адам, жарты адам, толық адам, ғалым, әулие, хакім, пайғамбар, Алла» деп қарастырып, солардың бәріне талдау жасап көрсетіп кеткен. Тағы бір ойында: «Дүниеде ғалым көп, хакім аз. Ал ғалым хакім бола алмайды. Хакім ғалым бола алады» деген тұжырым жасаса, бір сөзінде: «Егер де хакім болмаса, дүниенің астан-кестеңі шығар еді» дейді. Яғни хакім ілуде біреу шығады. Сосын ғалымдар өзінің ашқан жаңалығын адамзаттың жақсылығы үшін де, жамандығы үшін де жұмсай береді. Яғни белгілі бір мүдде үшін жақсылыққа да, жамандыққа да жұмыс істейді. Ал хакімдер ашқан жаңалықтарын адамзаттың игілігіне ғана арнайды екен. Ғалымдар ақыл мен қайратты бірінші қояды екен де, хакімдер әрдайым жүректі ғана тыңдайды. Ал, жүрек пендені жамандыққа жібермейді. Бұл жүрекке бағыну – түркі жұртына ғана тән құбылыс. Бұл сонау Әл Фарабиден басталып, Абайға дейін жетті де кейін үзіліп қалды. Иә, әлемде небір ақылмандар, небір мықты ғалымдар болды. Олар басқасын айтпаған да атом бомбасын жасап, соғыс отының тұтануына өздері мүмкіндік ашып берді. Ал, хакім адамдар ешқашан соғысқа, жамандыққа шақырмайды.

Дәл Абайдың деңгейіндегі хакім адам басқа ұлттарда аз, тіпті жоқ деуге де болады. Өздерін ұлы халықпыз дейтін орыстың Пушкині қанша мықты ақын болғанымен, онда мұндай хакімдік жоқ. Сол секілді қытай халқының ұлттық идеологиясының негізі саналатын Конфуций де Абайдың дәрежесіндей хакімдік биіктікке жетпеген. Иә, Конфуций бүкіл қытай әлемі үшін керемет данышпан адам, бірақ адамзаттық деңгейге келгенде, ол жеке басқа табынуды насихаттап қояды… Сөз реті келгенде айта кетейін. Қазіргі күні Абайдың хакімдігіне күдікпен қарайтындар шығып жатыр. Өзге емес, өзіміздің арамызда да бар. Сонда олар өз ауыздарымен «Хакім Абай» деп кеткен Ахмет Байтұрсыновтан, Әлихан Бөкейхановтан, Шәкәрімнен және Мағжаннан білгіш болғаны ма? Біздің орталық алғаш ашылған кезде атауын бірден «Хакім Абай» деп атауға ұсындық, бірден қабылданды. Мұны ешкім аспаннан алған жоқ. Бұл озық ойлы Алаш қайраткерлерінің беріп кеткен бағасы. Жалпы Алаш көсемдері арасында Абайдың хакімдігі туралы ешқандай пікірқайшылық болмаған, барлығы бірауыздан солай атаған және мойындаған. Жалпы біз Абайдан басқа шығыс аңыздарында көп кездесетін Лұқпан шешенді хакім деп бағаладық, яғни Лұқпан хакім. Ғылыми ортада әл-Фарабиді және Аристотельді хакім дейді. Абай да осы хакімдердің шығармашылығын терең түсініп, оны толық меңгерген адам. Абайдың мықтылығы да осында.

 

Өмірінің 60 жылын арнаған ғалым

 

– Қазір өздерін «абайтанушымыз» деп таныстыратындар көп ғой. Сіз абайтанушы ретінде кімдердің еңбегін жоғары бағалайсыз және мойындайсыз?

         – Мен абайтанушы ретінде үш адамды еш даусыз толық мойындаймын. Олар қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов, екіншісі оның шәкірті Қайым Мұқаметханов. Үшінші менің ұстазым әрі ғылыми ғылыми жетекшім Мекемтас Мырзахметұлы. Бұлар жөніндегі айтар дәлелім өте көп. Негізі, «Абайтану» ілімінің негізін қалаған Мұхтар Әуезов екенін айтпай кетуге болмас. Бірақ ол кісі университет қабырғаларында дәрістер оқумен ғана шектелді. Ал «Абайтану» оқулығын жазу арманын жүзеге асыра алмай кетті. Еліміз тәуелсіздік алған соң жазушының ұрпағы Ләйлә Мұхтарқызы мен көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Мұхтар Әуезовтың дәрістерін кітап етіп бастырып шығарды. Ал Мекемтас Мырзахметұлы бұл салаға өмірінің алпыс жылын арнады.

Иә, бізде өздерін абайтанушымыз деп әспеттеп жүргендер біршама. Бірақ олар бұл салаға қандай мақсатпен келді деген сұраққа жауап беру қиын. Негізі кезінде Мұхтар да, Қайым да, Мекемтас та ғылыми ізденістерінің басты тақырыбы етіп Абайды алған. Және олар осы бір тақырыпты өмір бойы зерттеді. Ал басқа тақырыптарды зерттеген күннің өзінде оған Абайды тануға деген қажеттілік үшін барған. Ал қазіргі кейбір абайтанушымыз деп жүргендердің негізгі тақырыптары басқаша. Олар Абайға сол тақырыптарын ашу қажет болған жағдайда ғана келіп отыр.

– «Ыбырай Алтынсарин мектеп ашып, бала оқытты. Ал Абайда ондай мүмкіндік бола тұра оған харекет қылмады». Жақында әлеуметтік желіде осындай бір салыстыру пайда болды. Бұған не дейсіз?

– Мұндай салыстыру – сауатты адамның әрекеті емес. Себебі, Абай мен Ыбырайдың шығармашылық жолы екі басқа, ұлтына қызмет ету мақсат-мүдделері де бөлек-бөлек. Ыбырай – ағартушы, Абай – хакім. Хакімдіктің дәрежесі ағартушылықтан әлдеқайда биік. Яғни, ашылған мектептер хакімнің даналығын пайдаланып, қызмет қылу керек ғой.  Қазір көпшілік Абайды ағартушы деп атап жүр. Мен оған келіспеймін…

Басқа елде Абай шығармашылығы қалай насихатталуда, шетелде осындай орталықтар бар ма?

– Қазір шетелде Абай орталықтары бар. Мысалы, кезінде Түркияда, Қытайда, Польшада, Вьетнамда ашылды. Бірақ сол Абай орталықтарының жұмысы қытайдың Конфуций орталықтары, немістердің Гете орталықтары сияқты жоғары дәрежеде жұмыс жүргізіп жатыр деп айта алмаймын. Көп жағдайда ақынның альбомдарын көрсетуден арыға бара алмай жүр. Себебі қытай да, немістер де өзінің данышпандары арқылы өз ұлтының тілін, мәдениетін, дінін дәріптеп отыр. Ал біз Абайдың шығармашылығын жоғары дәрежеде насихаттай алмай отырмыз. Абай мектебін тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді дамыту жолында толық жұмыс істете алмай келеміз. Менің ойымша Абай арқылы бүкіл қазақ ұлтының тілін, дәстүрін мәдениетін дінін насихаттайтын дәрежеге жетуіміз керек.

 

Балабақшадан университетке дейін оқыту керек

 

– Ақынның биылғы 175 жылдық мерейтойынан халық игілігіне не қалдыру керек деп ойлайсыз? Жалпы сіздің қиялыңызда ақын тойы қалай өтуі керек?

 – Ақынның 175 жылдық мерейтойынан ізгілік, ақыл және парасат қалу керек. Біз Абайды адамзат баласына ізгілікті ғана айтып, насихаттап кеткен даналығын танытуымыз керек. Осы даналық тұңғиығының сырын ашып, дәмін сезінсек, адамзат баласы бейбітшілікті аңсайтын қайырымды, мейірімді болар еді. Бұдан бөлек, осы мерейтойы қарсаңында болашақ ұрпақтың игілігіне жарар кітаптар шығаруымыз қажет. Бұл кітаптар Абайдың өмірін, шығармашылығын ғылыми негізде айтып және оны әр ортаның түсінігіне лайықтап жазса. Өкінішке қарай, қазір Абай тойына бөлінген қаржы кітапқа емес, ғимараттар салуға, жол жөндеуге, кетіп жатыр. Бұл ойланатын нәрсе…

Енді бізің орталық немен шұғылдануда деген сауалға қысқаша тоқталайын. Біз Абай даналығын болашақта балабақшада, мектепте, колледжде, университетте оқытуға бағытталған хрестоматия дайындаудамыз. Яғни, бұл әр деңгейдегі оқырмандардың танымына сәйкес жазылуы керек. Екінші атқарып жатқан шаруамыз – ақын шығармашылығына арналған электронды кітапхана жүйесін құру. Бұл тарихта алғаш рет іске асырылып жатқан жоба. Бұл дүниежүзінде енді осы қос жобаны жарыққа шығаратын жаны жомарт жандар керек. Демеуші қандай талап қойса да көнеміз. Атымды жаз десе атын жазамыз, суретімді сал десе оны да жасаймыз. Мұны ұлтқа пайдасын тигізуге ынтасы бар демеуші азаматтардың құлағына «алтын сырға» болсын деп айтып отырмын. Болашақтағы тағы бір мақсатым – еліміздегі абайтанушымын деп жүргендердің аражігін ажырату. Себебі қазір кім көрінген өзін абайтанушымын деп таныстырады. Сондықтан осы атаққа солардың қайсысы лайық немесе қайсысы лайық емес дегенді анықтап бермекшімін.

– Жабал аға, Алла бойыңызға қуат, ісіңізге берекет берсін!

 

Әңгімелескен Тілеуберді САХАБА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.