ИНФОРМАТИКАНЫ ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНА ӘКЕЛГЕН ҒАЛЫМ

0
157

(Ол 75 жасты еңсерген Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Е.Бидайбеков)

Биыл Қазақстан мектептеріне информатика пәнінің енгізілгеніне 30 жыл толса, бұл пәнді қазақ топырағына жеткізуге, оқу үдерісіне енгізуге бастамашы болған ұлағатты ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі, профессор Есен Ықыласұлы Бидайбеков 75 жасқа келіп отыр. Бүгінде Қазақстандағы информатика пәні мен Е.Ы.Бидайбеков есімі бір ұғымға айналған. Әлі есімде бұдан біраз уақыт бұрын Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Білім мен ғылымдағы математикалық модельдеу және ақпараттық технология» тақырыбында өткен VII халықаралық конференцияда  Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Ресей ҒА академигі В.Г. Романов, белгілі Ресей ғалымдары В.С. Корнилов, В.В. Гринушкин, Краснояр мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры       Н.И. Пак және басқалар Есен Ықыласұлының физика-математика ғылымдарына қосқан үлесі туралы көсіле сыр шерткені әлі есімде. Ал, орыстың ғұлама ғалымы Сергей Игоревич Кабанихин мына бір қызықты жайды есіне алып, бізді бір таңырқатқан.

 

85-те мектепке информатиканы қазақшалап әкелді

 – Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасына қарай Ресей ғалымдарын мектептегі оқу үдерісіне информатика пәнін енгізу туралы ой толғандыра бастады. Ол КСРО-ға компьютерлік техника жаңа келе бастаған, компьютердің өзі қазіргідей даму деңгейіне жете қоймаған кез. Бірақ біз, зиялы қауым, түптің-түбінде шетелдердегідей Кеңес Одағында да компьютерлік техника дамитын заман туатынына сенімді едік. Сондықтан шетелдіктердің үлгісі бойынша мектептерге информатика пәнін енгізу туралы ой қозғап, бұл пәнге арнап оқулық, оқу-әдістемелік құралдар жазуды қолға ала бастадық. Көптен бері Ресей ғалымдарымен тығыз шығармашылық және зерттеушілік байланыста жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан ғалымы Есен Ықыласұлы Бидайбеков та бұл мәселеге ден қойып, республика мектептеріне информатика пәнін енгізу мәселесімен түбегейлі айналысып, игі бастамалардың басында тұрды және өзін туған елін шын сүйетін нағыз патриот ретінде таныта білді, – деген еді сонда С.И.Кабанихин.

Ресей мен өз еліміздің ғалымдарының сөзіне қарағанда Есен Ықыласұлы 1985 жылы республика мектептеріне информатика пәнін енгізу жөнінде бірінші болып мәселе көтерген, «Информатика және есептеуіш техника негіздері» мектеп курсының мазмұны мен оны енгізу әдістемесін жасап, Ресей ғалымдары дайындаған «Информатика мен есептеуіш техника негіздері» оқу құралы мен мұғалімдерге арналған «Информатика мен есептеуіш техника негіздерін оқыту» оқу-әдістемелік құралын қазақшаға аударып, информатика бойынша қазақ тіліндегі терминологияны әзірлеп, оларды оқу үдерісіне енгізуге көп үлес қосқан қайраткер ғалым екен.

Профессор Е.Ы. Бидайбековтың өзі де осы сала бойынша «ЭЕМ қалай жұмыс істейді?», «МSХ – BASIC-пен алғашқы танысу», «Информатика бастамалары» (алгоритмдеу), «Логикалық бағдарламалау», «Векторлық алгебра», «Топ, сақина және өрістердің қасиеттері» сияқты еңбектер жазыпты. Аталған еңбектерінің бәрі қазіргі таңда да өзекті және үлкен сұранысқа ие. Оқу бағдарламасы мен оқулық, оқу-әдістемелік құралдар даярлау бір басқа да, мектептерге информатика пәнін енгізу туралы министрліктің келісімін алу, өз ұсынысыңды дәлелдеп шығу қиынның қиыны. Ол өзі информатиканың болашағын әркім болжай бермейтін кез. Ал жаңалықтың жолы қашанда ауыр. Есағаң осы жаңалықты енгізу үшін қаншама есікті қағып, қаншама табалдырықты тоздырғанын кешегі аға ұрпақ қана түсінеді дейді білетіндер.

Есағаң Қазақстанда білім беру жүйесін компьютерлендіруді бастаушылардың бірі де бірегейі болумен қатар елімізде білім беру мен ғылымды ақпараттандыру саласында мықты қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым. Жоғары оқу орындарының оқытушыларынан бастап ЖОО ректорлары мен министрлерге дейін Есағаның шәкірттері екенін мақтан етіп айтады ел. Есен Ықыласұлының «Қазақстанда білім беруді ақпараттандыру» (орыс тілінде), «Подготовка специалистов по информатике в Республики Казахстан», «Информационное интегрирование и анализ образовательной области в разработке электронных средств обучения», «Информатизация образовании и проблемы обучения», «Мәліметтер қоры және ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық мәдениет негіздері», «Балбөбек ақпарат әлемінде», «Информатика. Балаларға арналған энциклопедиялық анықтамалық» сияқты жиырмаға тарта еңбегі оның білім беру жүйесін ақпараттандыруға қаншалықты үлес қосқанын көрсетеді. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізу, алған бетінен қайтпау сияқты қайсар мінезді Есағаның ғылымдағы, еңбектегі ізденістерінен байқау қиын емес.

Ол кісінің жетекшілігімен білім беруді ақпараттандыруға байланысты көптеген ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Осы жобалардың аясында өмірге келген «Информатикадан мультимедиялық үйретуші бағдарлама» еңбегі бүгінде республика мектептерінде кеңінен қолданылуда. Оның жетекшілігімен болашақ информатика мұғалімдерін пәндік даярлау, оларды оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз ету үшін «Педагогикалық информатика» сериясы жариялана бастады. Қазақ және орыс тілдерінде информатика, білімді ақпараттандыру, сандық әдістер, ақпараттық технологиялардың әртүрлі бөлімдері, бағдарламалау салалары бойынша профессор Е.Ы. Бидайбековтың басқаруымен бірнеше оқу құралдары әзірленіп, баспадан шығарылған. ТМД елдерінде информатиканы оқыту мәселесі бойынша шығарылған құнды оқулықтарды да аударып, қазақ жастарының игілігіне жаратып жатқан осы Есағаң.

Профессор ағамыздың ғылыми-әдістемелік қызметтері жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, Информатика, Математика және Білім беруді ақпараттандыру салаларына ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауға бағытталған. Ол педагог-зерттеуші ретінде магистранттар мен PhD докторанттарды пәндік даярлаудың мазмұнын іргелендіру мәселесіне, оларды информатиканың теориялық негіздерін, есептеу математикасын, ақпараттық модельдеуге оқытудың әдістемелік жүйесін, сонымен қатар информатика мен білім беруді ақпараттандыруды оқыту әдістемесін дамытуға ерекше көңіл бөледі, дейді Есағаңның әріптестері.

– Біздің ағамыз, әріптесіміз Есен Ықыласұлы өте еңбекқор, ізденімпаз және жаңашыл ғалым ғой, – деген еді профессор Мақтағали Бектемесов. – Университеттегі жаңа бастамалардың көпшілігі сол кісінің ақыл-ойынан туындап жатады.

 

Әл-Фараби, жастар және ізденістер

Профессор Е.Ы. Бидайбековтың жетекшілігімен бірнеше жылдан бері ғұлама ғалым әл-Фарабидің математикалық мұраларын зерттеу және оларды қазіргі математикалық білім беру жүйесіне енгізу жөнінде зерделі зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Әл-Фарабидің математикалық мұрасының сонылығы, ақиқаттығы, арадан мың жыл өтсе де, қазіргі мектеп математикасының мазмұнына жақындығы, оның Фарабиге тән баяндалу әдістерінің қолжетімділігі таңқалдырмай қоймайды. Мұра басқа біреудің емес, өз бабамыз Фарабидің мұрасы болғандықтан осы математикалық мұраны заманауи білім беру жағдайында қарастырудың қажеттілігі туындап отырғанын айтады Е.Бидайбеков.

Есен Ықыласұлының бастамасымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті физика-математика институтының (факультетінің) ұжымы Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен байланыс орнатып, университет ғалымдары мектеп оқушыларын қамқорлыққа алып отыр. Оның мақсаты – физика-математика бағыты бойынша дарынды балаларды тәрбиелеуге, олардың ғылыми жұмыстарына бағдар беру екен. Өткен жылдары Есағаңның бастауымен Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде әл-Фараби бабамыздың математикалық мұраларын насихаттауға, оны мектеп оқушыларына тереңдеп түсіндіруге, балаларды зерттеу жұмысына тартуға арналған ғылыми-практикалық конференция өткізілген еді. Бұл іс-шараға профессор Есен Ықыласұлы Қазақстанның белгілі математик-ғалымдарын да шақырды.

– Бүгінгі мектеп математикасының негізгі мәселелерін данышпан баба өз заманында-ақ жазып қалдырған. Мысалы, шеңберді теңдей жеті бөлікке бөліп, жеті бұрыш шығару оңай дүние болмаған. Ал оны әл-Фараби сол кезде-ақ сызып шығарған. Үшбұрыштар жасау да сол кісіден қалған. Ол өмірге әкелген математикалық теңдеулер де бүгінгі математиканың негізі болып отыр, – деді профессор Е.Ы. Бидайбеков сол басқосуда.

Есен ағаның жобасы бойынша әл-Фарабидің математикалық мұраларын тану және оны оқу үдерісіне енгізу мәселесі бойынша өткізілген мега-сабақтарға Ресейдің Краснояр мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдарымен бірге Ачинск қаласындағы (Ресей) №1 лицейдің және Алматы қаласындағы бірқатар гимназиялар мен лицейлердің, мектептердің оқытушылары, студенттер мен оқушылар қатысып, ғұлама ғалымның мұраларымен терең танысуға мүмкіндік алды.

Математикалық білім беруді отандық ғалымдардың жаңалықтарымен, оның ішінде әл-Фараби сияқты ғұлама бабаларымыздың еңбектерімен толықтырып, оқыту мазмұнын байыту, жастарға соның негізінде патриоттық сезімді сіңіре отырып, оларды ғылыми-әдістемелік зерттеулермен айналысуға жұмылдыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі даусыз. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының профессор Е.Ы.Бидайбеков бастаған ғалымдары осы олқылықтың орнын толтыру үшін жан-жақты іздену және зерттеу үстінде.

Әл-Фараби мұраларына байланысты өткен жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы «Математика және математикалық модельдеу» институтының Бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қалменов, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақтағали Бектемесов әл-Фарабидің математикалық мұраларын бүгінгі ұрпаққа оқыту жөнінде бастама көтеріп, тың ізденістер жасап жүрген Есен Ықыласұлының еңбегін жоғары бағалады.

Математика, физика және информатика институтының жанынан жаңа ашылған Әл-Фараби білім беру орталығы ғұлама ғалым әл-Фарабидің математикалық мұраларын дәріптеу, оның математикалық трактаттарын ғылыми негіздеп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ауқымында математика және информатика пәндерімен сабақтастыра оқыту жұмыстарымен айналысады.

 

Ауылдан шығып профессор, доктор болған

…Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Аққұм ауылында мұғалімінің отбасында дүниеге келген Есен Ықыласұлы жастайынан ілім-білімге құштар болып өсіпті. Орта мектепті үздік бітірген соң сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне түсіп, жақсы оқумен қатар ғылыми жұмыстармен шұғылданған Есенді ұстаздары: «Түбінде сенен жақсы ғалым шығады» деп көтермелеп отырады екен.

Ол университетті бітірісімен ғылым жолына талпынады. ҚазМУ-дің есептеуіш математика (ЕМ) кафедрасының зертханасында математик-бағдарлаушы болып жұмыс істей жүріп, аспирантураға дайындалған Есен ақыры бұл мақсатына да жетеді. Уақытының көбін зертханада, оқу залдарында өткізетін Есеннің дарыны мен талабына тәнті болған ұстаздары оны нағыз ғылыми ортадан тәлім алу үшін КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің Есептеу орталығына тағылымдамаға жібереді. Онда математикалық физиканың кері есептері тақырыбына байланысты кандидаттық диссертация жазуға дайындала бастайды.

Сібірде жүріп Есен орыс ғалымдарының ықыласына бөленді. М.М.Лаврентьев пен В.Г. Романовтың ақыл-кеңесі оның ғылым айдынында кең құлаш сермеуіне серпін берді. Ең әуелі өзінің қажырлы еңбегі мен ғылыми ізденістерінің, сонан соң ұлағатты ұстаздарының ықылас-пейілінің арқасында аспирантурадан кейін «Гиперболалық типті кейбір квазисызықтық теңдеулер үшін кері есептің бірден-бір шешімі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты.

ҚазМУ-да электрондық есептеуіш машиналарды (ЭЕМ) математикалық қамтамасыз ету кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды, механика-математика факультетінің қолданбалы талдау кафедрасында жұмыс істеді.

Профессор Е.Ы. Бидайбеков 1984 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде есептеуіш математика және дифференциялық теңдеулер кафедрасында, университеттің Магистратура және PhD докторантура институтында, Информатика, математика және білімді ақпараттандыру кафедраларында басшылық қызметтер атқарып келеді. Көп жылдан бері оқу орнының ғылыми-ұйымдастырушылық қызметін жетілдіру, информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесіне байланысты өзекті мәселелерді шешумен, білім беру жүйесіне жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуге байланысты орасан зор жұмыстар жүргізді. Бүгінгі таңда ол жетекшілік ететін кафедра ғалымдары оқушыларға оқу құралын, мұғалімдер мен студенттерге арналған әдістемелік құралдар әзірлеу және оларды баспадан шығару, мектепте және ЖОО-да информатика пәнін оқытуды жабдықтау үшін бағдарламалық педагогикалық құралдар (БПҚ) жасау және енгізу жұмыстарын қызу қарқынмен жүргізуде. Ұлттық мектептер үшін бағдарламалық-педагогикалық құралдар жасау мен бейімдеу мәселелері кафедра меңгерушісі Есен Ықыласұлының тікелей басшылығымен іске асырылуда. Сондай-ақ ол университеттің физика-математика факультетінде «Информатика және компьютерлендіру менеджері», «Информатика және ағылшын тілі», «Информатика және экономика», «Информатика және ақпаратты қорғау» мамандықтарын ашуға бастамашы болғанын да атап өтуіміз керек.

Үнемі ізденіс үстінде келе жатқан жаңалыққа жаны құмар профессор Есен Ықыласұлы университетте Білім беруді ақпараттандыру орталығын құру туралы мәселе көтеріп, бұл идеясын толық жүзеге асырды. Бүгінде бұл зертхана Білім мен білім беру технологияларын ақпараттандыру проблемалары халықаралық ғылыми зертханасына айналып отыр.

«Қазақстан Республикасы университеттерінде информатикамен сабақтас мамандарға информатиканы оқытудың әдістемелік жүйесін дамыту» тақырыбында докторлық диссертациясын табысты қорғаған Е.Ы. Бидайбеков 1996 жылы Ресей білім беруді ақпараттандыру академиясының толық мүшесі – академигі болып сайланды.

Иә, «ақырын жүріп, анық басып» ұстаздық етіп, ғылыммен айналысып келе жатқан, «мен, мен» деп кеуде соғудан аулақ Есағаңның ұлт мүддесі үшін атқарып жүрген ұлан істері ғұмырлы болуын тілейік!

 

Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ

қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.