Шерхан МҰРТАЗА: ТАБИҒИ БОЛМЫСЫМДА БІРЕУГЕ ЕЛІКТЕУ, СОЛЫҚТАУ МЕНДЕ БОЛҒАН ЕМЕС!

0
231

Бұл марқұм Шерхан атамыздың өмірінің соңғы жылдарында алынған сұхбат. Өмірдің жақсысы мен жаманын, қиындығы мен қызығын қатар көрген тұлғаның бұл сұхбатында қуаныш та, өкініш те айтылған. Көп нәрсені айтып қалуға тырысқаны да байқалады. Өмірдің мәні не деген сұраққа да жауап табылады іздегенге. Сондай-ақ Шер-ағаңның туған күніне орай беріліп отырған бұл сұхбатында бұрын айтылмаған көп сырлары бар.

Көкірек толы өкініш

– Шерхан аға, адам жас кезінде алға ұмтылса, жасы ұлғайған кезде естелікпен өмір сүреді деседі. 75 деген мерейлі белеске келдіңіз, өткен өміріңізді ойша шолғанда нелерге шүкір дейсіз?

– Бәрекелді! Ең алдыменен Алла Тағаланың назары ауып, осы жарық дүниеге келгеніміздің өзіне бір шүкірлік. Алланың жаратқанына, бергеніне, көрсеткеніне шүкір. Жаратпаса, бермесе, көрсетпесе не болар еді? Жоқ қой дүние! Сондықтан Аллаға мың да бір шүкір дейміз. Ал енді жаратқаннан кейін, Алла жердің бетіне пәнда қылып келтіргеннен кейін талайды көрдік, мінеки, 75-ке келдік. Осы жастың ішінде нелер дүние болды. Жақсылық та болды, жамандық та болды. Кемшілік те болды, қате де болды, күнә да болды. Сол үшін Аллаға тәуба дейміз. Тәуба деген – кешірім тілеу деген сөз. Кешірім сұраймыз. Күндіз-түні. Намазға бас қойғанда да, дәмге отырғанда да. «Ей, Алла, кешіре гөр, қатем болса, күнәм болса» деп. Жақсылығына «Ей, Алла, бергеніңе шүкір, шүкіран!» деп отырамыз.  Міне, қазіргі тіршіліктің сиқы осындай.

– Ал қандай өкінішіңіз бар?

– Өкініш деген толып жатыр ғой, шырағым. Өкініш деген өзі арманнан барып туындайды емес пе?! Бір патша болыпты баяғыда. Оның арманы – перзенті, ұл баласы жоқ екен. «Апыр-ай, менің орнымды кім басады, мұрагерім жоқ…» деп уайымдайды екен күні-түні. Бір күні ақылман бір уәзірі «Ия, патшам, осы патшалығыңызда армансыз әйел болатын болса, соның іш киімін, яғни дамбалын әйеліңізге кигізсеңіз, ұл табады» дейді. Содан патша шабармандарын жан-жаққа жібереді, олар ел аралап жүріп барлық әйел затынан «Арманың бар ма?» деп сұраса, бәрінде арман бар. Арманым жоқ дейтін бір әйел жоқ. Сөйтіп, шабармандар жүндері жығылып, шаршап-шалдығып, аттарына мініп, мойындары салбырап қайтып келе жатады. «Патшаға не бетімізді айтамыз, біздің басымызды алатын болды-ау» деген уайыммен. Кенет жолда шабарманның біреуіне отын арқалаған, үсті жалба-жұлба бейшара әйел кезігеді. «Мына байғұстың көкірегі толған арман шығар?!» деп ойлаған әлгі сонда да болса сұрап көрейін деп бұрылып, тілдессе, «Құдай сақтасын, арманым жоқ!» депті ана әйел. Дереу патшаға әкеледі, ол да әйелді шөгеріп отырғызып қойып, «Әй, қатын, арманың бар ма?» деп қайталап сұраса, әйел: «Е, жоқ-ә, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ!» депті дейді (Күлді). Міне, солай. Көкіректе өкініш дегенің толып жатыр, айналайын. Ол теріп айта беретін нәрсе емес, өкініш кез келген нәрседен құралады. Біріншіден, жастайымнан әкеден айрылдық. Онда да Құдайдың құдіретімен өз ажалынан кеткен жоқ, қиянаттан кетті. Совет өкіметі деген өкімет болды, білесің. Сталин дейтін патша болды, оның Қазақстандағы қолшоқпары Голощекин деген болды. Сол заманда әкей «халық жауы» болып кетті. Сонау Сібірдің бір түкпірінде қалды сүйегі. Бұл арман ба, арман емес пе?!
Мен әкеден 1937 жылы, 5 жасымда қалған адаммын. Содан бері жетімдіктің талай-талай көпірінен өтіп, тырбанып, әйтеуір, тірмізік жанмын, тіршілік қылып, осы халге, осы жасқа жетіп отырмыз. Мұның өзіне Құдайға шүкір дейміз. Артымызда талай-талай өкініш қалды. Құдай енді оны қайталатып көрсете көрмесін. Жақсылығын берсін лайым. Сөйтіп, міне, көкең осындай жағдайда 75 деген жасқа жетіп отыр.

Алтынға бергісіз «соғыс» медалы

– Депутат кезіңізде сізді халық теледидардан көріп отырушы еді. Кейінгі жылдары өзіңізді үнемі іздеп отыратын халқыңыздың назарына көп түсе бермейтін болдыңыз…

– Енді құр бекерден бекерге ербеңдеп, жұрттың көзіне түсем деп тырбанудың не керегі бар?! Құдайға шүкір, үй-жайым бар. Отырамын. Қызмет те сұрағаным жоқ ешкімнен. Жұмысқа тойдық, жетеді. Тоғыз жасымнан бастап жасадым жұмысты. Соғыс басталған кезде мен 9 жаста едім. Содан бастап еңбекпен келе жатқан адаммын. Бірінші сыныпта мектепке бардық, сол кезде бір күн бүтін сабақ оқығанымыз қазір есімде жоқ. Бригадир деген болды, сол қуалап алып кетеді. Сенің мұғаліміңе де, әй-шайыңа да қарамайды ол. Соғыс болып жатыр, ел қиналып жатыр, ер-азаматтың бәрі кетті майданға. Анау іске жарайтын әйел затының бәрі қызылшада, қырманда, малда жүр. «Сендер соларға көмектесіңдер» дейтін біз сөз. Бидайдың арам шөбін жұлғызады, тағы басқа толып жатқан шаруалар бар. Бел жазбаймыз. Ал қазір тоғыз жасар балаға не істетесің сен? Мектепке де жөндеп, жыламай барса – жақсы. Соғыс біткеннен кейін, шамамен сегізінші сыныптарда оқып жүргенімде маған «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» деген медаль берді. Қазір толып жатқан орден-медальдарым, түрлі марапаттарым бар ғой. Соның ішіндегі ең қадірлісі – жаңағы медаль. Шын, адал еңбегім үшін алғам. Ал басқалары енді жұрт қатарлы дүние…

– Аға, қазір біздегі әдеби процесс беті бүркеулі қазан тәрізді. Кімнің не жазып, не қойып жатқаны белгісіз. Ешкімнің жазған-сызғаны кеңінен талқыланып, баяғы кездегідей елдің аузында жүрмейтін болды? Сіз енді Халық жазушысысыз, алдымыздағы арқа тұтар аға буын өкілісіз. Бүгінгі әдебиеттің халі капиталистік қоғамдағы қашып құтылуға болмайтын ахуал ма, қалай ойлайсыз?

– Жақында Президенттің Мәдениет орталығында тура осы мәселеге байланысты жиналыс болды. Астанада сексенге жуық Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі бар екен. Одақтың басқарма төрағасы Оразалиннің өзі келіп жүргізіп отырды, осы біздің қаламыздағы Одақтың бөлімшесіне Әкім Тарази деген азаматты тағайындады. Оның орынбасары болып Несіпбек Айтұлы деген жігіт тағайындалды. Сол жерде әңгіме болды. Жазушылар не бітіріп, не қояды, не жазады, не жазып жүр, кім не бітіріп жүр деген төңіректе. Оны ешкім білмейді. Жаңа өзің айтқандай, әркім өз қазанында өзі қайнап жүр, қайнаса. Қайнамаса жылымшы немесе мұздай судың ішінде жатыр. Әркімнің тіршілігі әрқилы. Соны жөнге келтірейік деді жаңағы жиналыста. Ақсақалдар алқасы деген құрылды.
Қазір шынында кім не бітіріп, не жазып жүргенінен ешкімнің шаруасы жоқ қазір. Ешкім сенен сұрамайды. Үкімет те, Сенат та, Мәжіліс те. Басында басшылардың біреуі айтып қалды, анау Америкада төрт-бес-ақ жазушы бар екен, әркім өз күнін өзі көреді екен. Сендер де сөйтіңдер деп. Әрі-беріден кейін Қазақстан Жазушылар одағын бюджеттен шығарып тастады. Барлық шығармашылық одақтары да солай. Сол кездегі Үкіметбасы, анау-мынау емес, Үкімет басшысының өзі айтты. «Марка жинайтындардың ұйымы болады, ит атушылардың ұйымы болады, сендер сол сияқты бюджеттен тысқары өмір сүресіңдер» деп. Содан бері Жазушылар одағына бюджеттен қаржы бөлмейді, әйтеуір кейде там-тұм Одақтың ғимаратын жөндеуге, тағы да кейбір жағдайларда аздап қарайласатын болуы мүмкін. Басқаша назар салу жоқ.

 

Ақшаң болмаса кітап шығара алмайсың…

– Бұл қазір біз «нарық» деп жүрген капитализмнің заңдылығы шығар бәлкім?

– «Ол солай, Америкада сөйтіп күн көреді екен» деді ғой… Мен білмеймін. Онда, естуімізше, бір кітап жазсаң, миллионер болуың да мүмкін. Ал бізде күн көрістік жағдай өте қиын. «Әй, сенің халің қалай, қалай күн көріп жатсың?» дейтін ешкім жоқ. Кітап шығарасың, әрі-беріден кейін оны шығарудың өзі қиын, қаламақы төлемейді. Кей жағдайда баспаға өзің төлеуің керек. Міне, сондай дүние қазір. Баяғыда қазір жамандап жүрген Кеңес өкіметінің тұсында бір кітап шығарсаң, ол сені бірнеше жыл асырайтын. Қаламақысы тәп-тәуір болатын. Қазір жекеменшік баспалардың басшылары саған қаламақы қойса – қойды, қоймаса – жоқ. Мысалы, менің бірнеше дүркін кітаптарым шықты. Алдымен екі томдық, сосын төрт томдық, кейін алты томдық. Соңғы рет «Қазығұрт» деген баспадан жеті томдығым шықты. Бәрін жинап қойып отырмын, міне, ақшасы жоқ. Көрдіңіз бе? Ал таралымы 2000-нан аспайды. Ол кімге жетеді? Кітапханаларға там-тұм жетуі мүмкін. Бірақ бізде он мыңның шамасында кітапхана бар екен, демек олардың өзіне жетпейді. Қазіргі жағдайымыз осындай. Сонда жазушы деген халық кім үшін, не үшін жазады? Оның үстіне қазір Қазақстан Жазушылар одағында 700 мүше бар деп, аузымызды томпайтып сөйлейміз осы. Топан ғой оның барлығы! Соның ішінде 50-і, әрі кеткенде бір 100-і жарап жатса, соның өзіне рахмет. Солар жөндеп жазып, елдің рухани қажетіне жарап жатса, жеткілікті. Ал енді топан қылып, сабанын араластырып, шөп-шөңгесін араластырып, ауыз қомпайтқанның керегі не? Енді, бір жағынан, осы заманда жазушылар көбейіп кетті. Кім кітап шығармай жатыр қазір? Ана жекеменшік баспалар біреудің жиені, нағашысы, құдасы, бабалары туралы, очерктің дәрежесіне де жетпейтін дүниелерді, әйтеуір ақша төлесе,  шығарып жатыр. Ал, енді бір жағынан, жазбай отыра алмайтын, жаратылысынан нағыз жазушылар тәп-тәуір дүниелер жазады. Олар шықпауы мүмкін, оларға ақы төлемеуі де мүмкін ешкім. Бірақ бар ондай кітаптар…

– Сондай жазушылардан соңғы уақытты кімдерді оқыдыңыз, кімдерді атай аласыз қазір?

– Қадыр Мырзалиев деген ақын жігіт бар. Ол прозаға да көшіп кетеді кейде. Прозаны да жаза алады. Бағана Астана бөлімшесіне басшы болғанын айтқан Әкім Тарази деген азамат бар. Ол пьеса, киносценарийлар да жазады. Мінеки, осындай-осындай қадау-қадау, біраз-біраз адамдар бар. Анау Шығыс Түркістаннан келген Қабдеш Жұмаділов деген жігіт бар. Бар ғой…

– Қадыр Мырза Әлиді ауызға алдыңыз. Сол кісінің «Иірім» деген кейінгі кітабы туралы түрлі пікір болды. Біреулер күстәналайды, біреулер құптап, мақтайды. Соған сіз қалай баға бересіз?

– Оған баға берудің қажеті жоқ. Ол үшін біраз заман өтуі керек. Өйткені оның ішінде біраз қазір көзі тірі жүргендер туралы әңгімелер көп. Сондықтан ол кітапты ұнамайтындар, жақтырмайтындар болуы заңды. Келер ұрпақ өзі бағасын береді оған. Ал бірақ Қадырдың қазір соны жазып жатқаны – азаматтық. Ол енді поэзиядан қанаттанып келген адам ғой, прозаға көшіп жатыр. Ол, меніңше, пьеса да жазған адам. Демек, драматургияға да бет бұруы мүмкін…

Қазіргі журналистер хабар-ошар төңірегінде қалған


– Бұрын өзіңіз журналистиканың бұрқ-сарқ қазанында қайнадыңыз.
Беделді басылымдардың біразына басшылық еттіңіз. Қазір де сырттай бақылап отыратын шығарсыз. «Сырт көз – сыншы», сізді қазіргі қазақ журналистикасының несі сүйіндіреді, несі күйіндіреді?

– Қазіргі көп журналистер сол хабар-ошар төңірегінде, ақпарат төңірегінде ғана қалам тербейді. Ол да енді керек дүние, әрине. Күнбе-күнгі тіршілік, бүгін не болып жатыр деген төңіректе елді құлақтандыру керек-ақ. Дұрыс шығар… Дегенмен, толғап жазатындары – публицистер де жоқ емес. Бірақ көп емес-ау деп ойлаймын мен өзімше… Жанр жоқ. Аласталып қалған сол жанрыңыздың бірі – фельетон. Ол баяғыда оқылатын, жұрт іздеп жүріп оқитын. Өтімді болатын. Жарияланған соң талқыланатын. Қазір сынап жатсың ба, шекесін жарып жатсың ба, ешкімнің онда ісі жоқ. Мінеки, осындай қадірсіз болып қалғаннан кейін фельетонға ешкімнің барғысы келмейді.
Ал, менің байқайтыным, қазіргі журналистиканың бір ерекшелігі – қалам тартатын қыздар көбейген тәрізді. Мынау керемет деп даралап айта алмаймын. «Жас Алаш» газетінде Жұлдыз дейтін бір қыз бала жақсы жазып жүрген сияқты көрінеді. Кейде сындар, батыл-батыл ойлар айтады. Басқа көп көзге түсіп жатқан ешкімді білмеймін, мүмкін бұл өз кемшілігім шығар менің, барлығын қадағалап оқып жүрмеген…

– Ал өзіңіз жазып-сызып жүрсіз бе? Біздің газетте осыдан екі жарым жылдай бұрын берген сұхбатыңызда «әлімнің жеткенінше әңгімелер, естеліктер жазармыз, бұйырса» деген екенсіз. Бәлкім мемуар жазып жүрген шығарсыз?

– Мемуар деуге келер-келмесін білмеймін… Бірақ ойтолғақ тәрізді бірнәрселерім бар. Ал енді әңгімелер дегенге келсек, жазып жүрмін. Бірнеше жинағым да шықты. «Жұлдыздың» соңғы нөмірінде ғой деймін, екі әңгімем шықты. Тағы да шығайын деп жатыр. Туған жерім Жамбыл облысында шыға бастаған «Жамбыл» деген журналда әңгімелерім басылып тұрады. Сондай-сондай дүние. Асып-тасып бара жатқан ешнәрсе жоқ. Анда-санда пьесалар жазам. Кезінде жазған пьесаларым, есіңде болса, Алматыдағы Жастар театрында қойылған «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» деген дүниелерімнің жалғасы есебінде Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрға «Әзиза» атты жаңа пьесамды бергем. Қазір олар оқып, дайындап жатқан болуы керек. Пьесаға Тұрар Рысқұловтың зайыбы Әзизаның мынау Астана іргесіндегі Малиновка селосындағы әйгілі «АЛЖИР» түрмесінде өткен күндері арқау болды. Пьесаны жаңағы айтқан «Жамбыл» журналы сұрағасын, онда да бергем, жарияланды. Бас редакторы Несіпбек Дәутаев деген жігіт. Оны 30-қыркүйекте Президент Мәдениет орталығында болатын мерейтойыма арналған салтанатты жиынға алып келмекші. Өзім де әлі көрген жоқпын.

«Nur Otan» партиясының мұнысына сенбеймін!

– Шерхан аға, бір кездегі халық қалаулысының бірісіз. Кейінгі Парламент Мәжілісінің сайлауы, жеке-дара «Нұр Отан» партиясынан сайланған палата туралы ойыңыз қалай?

–  Мен соған біршама күмәнмен қараймын. Жалғыз партияның 90 пайызға жуық дауыс алуы, қалғандарының жолда қалуы – қол араласқан деген сөз. Мен өзім сол кезде облыста, елдің арасында жүрдім. Сонда өзім естіген-көрген азаматтардың біразы дауыстарын анау Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға бергенін естігем. Өзім көріп тұрғам жоқ, әрине. Бірақ жұрттың өзінің айтуына қарағанда, ара-тұра әңгімелер болғанда, жиын-тойда байқағаным – елдің ықыласының біразы сол жаңағы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға бұрылған сияқты еді… Оның жеті пайызға жете алмай қалды дегеніне мен аса сене алмаймын, күмәнім бар. Егер менікі шындық болмаса, Құдай өзі кешірсін. Мен Сайлау комиссиясының бастығы емеспін, қайдан білейін. Бірақ көңіл айтады, көкірек айтады. Жұрттың өзінің біразының пікірі сондай. Тым болмаса сол бір партия өтуі керек еді. Жалғыз партия баяғы КПСС сияқты қақшиып отырғаны аса жақсы емес, тым болмаса демократия үшін тағы бір партия керек еді. Ұлыбритания, Америка, солардың өзінде бір-бірімен тайталаса алатын басты-басты екі партия болады, сол сияқты болып отырғанда, міне, нағыз демократияңыз, шын демократия осы болатын еді. Патшалыққа, билікке таласпағанның өзінде де, бір-бірінің кемшілігін айтып отырар еді. Бұл қайта қоғамға пайдалы болар еді. Керек болатын болса, ол Үкіметтің өзіне де пайдалы. Тым бұрмалаушылық болды, бүкіл актив, белсенділер барлығы жабылып, қолдан күшейтіңкіреп жіберді. «Nur Otan-ның» аты жақсы ғой енді, дегенменен бара-бара сол аты жақсы болғанмен, жұртқа жеккөрініштілеу болып кете ме деп қорқам мен. Бірақ ісіне қараймыз енді. Болашақ көрсетеді не болатынын. Егер аяқ жағы айналып келіп диктатура болатын болса, онда қиын… Тарих айтты ғой айтатын сөзін. Жеке басқа табынушылықтың қате екенін. Ал енді арада бір жүз жыл өтпей жатып, соны ұмытып кетіп жатсақ, халық оны кешірмейді. Бұл туралы пікіріміз осындай, мүмкін қате де шығар, кім біледі оны…

«Ноқтаға басы сыймаған» Баукеңмен көп сырластым

– Кейінгі жылдары намазға жығылып, мешітке жиі баратын болғаныңызды білеміз. Дінге бой ұруыңызға тікелей біреу әйтпесе әлдебір жағдай ықпал етті ме?

– Жоқ, өзім баяғыдан күйттеп жүрген дүнием бұл. Сондықтан ешкімнің ешқандай ықпалы да болған жоқ. Өзімнің шын ықыласыммен, пейіліммен келген дүние. Және бұл жаман да болған жоқ өзіме. Адамның біртүрлі ішкі қуаты байи түсетін сияқты. Өзіңе өзіңнің, сондай-ақ рухани сенімің де күшейе түседі. Қажи бермейсің, азаптана, үмітсіздене беруден аулақ боласың. Кішкене үміт оты жылтырайды алдыңнан. Тіршілікке ғана емес, шығармашылығыңа да жәрдемі бар екен.

– Намазға қай кезден бастап жығылдыңыз сонда?

– Жұмысты қойғалы бері ғой. Парламенттен босағаннан кейін. Қол босады. Ал шығармашылыққа, жазам деген адамға оның ешқандай кедергісі жоқ. Керісінше пайдасы көп.

– Аға, сізбен байланысты, жеке басыма қатысты бір қызық жайт ойыма оралып отыр. Кітаптарыңызды бала кезімізден оқып өскен ұрпақ өкіліміз ғой, мен Құраннан өзім ең алғаш жаттаған аятты сіздің «Жұлдыз көпір» деген романыңыздан тауып алған едім. Романда бір жасы үлкен кісінің зират басына барғанда оқыған «Ықылас» сүресінің транскрипциясын кітапта сол күйінде берген едіңіз. Ол уақытта Құран аят-сүрелерінің мәтінін тауып оқу қиын заман еді ғой. Соны сіз мұны кітапқа әдейі, саналы түрде кіргіздіңіз бе? Есіңізде ме?

– Бәрекелді! Әрине, есімде, саналы түрде кіргізгем. Сол «Жұлдыз көпір» дегеніңіздің өзі таяқ жеген кітап. Оның себебінің ішінде сол да бар шығар мүмкін. Оны алғаш «Жұлдыз» журналы жарықққа шығарайын деп тұрғанда, таралымының бәрі түгелімен туралып кеткен баспаханада. Сөйтіп, тұтқындалған кітап. Естуің бар шығар, «Лито» деген болған ол кезде. Цензура. Сол жібермей, тураған барлығын. Кейіннен бұл мәселе ЦК, оның орталық комитетіне, Қонаевқа, оның бер жағындағы идология басшыларына дейін жетіп, үлкен айтыс-тартыстардан кейін шығармаға теріс баға берілген. Сөйтіп теперішті көріп барып шыққан кітап ол. Соған жаңағыдай жағдайлардың да әсері болған болуы керек.

– Сізден көп адам Баукеңе – Бауыржан Момышұлына ұқсастықтар тауып жатады. Сол кісіні еске салады деседі. Айтыңызшы, Баукеңе саналы түрде еліктеген кезіңіз болды ма? 

– Бауыржан Момышұлын еске салатындай маған ол кісінің қасиеті жұғып қалған ештеңесі жоқ. Бір жерде, бір елде туған, бір атаның баласы екеніміз рас. Бірақ бір атаның баласы тұрмақ бір әке, бір шешеден туғандардың өзі бірін-біріне ұқсай бермейді ғой, шырағым-ау. Адамдар әртүрлі. Меніңше, Баукеңе ұқсап тұрған менің ешнәрсем жоқ, оның істеген ерліктері, қасиеті, тапқырлығы, мінезі қайталанбайтын нәрсе. Менікі өзімнің табиғи болмысым, анамнан қалай тудым, сондай болып жаратылған адаммын. Біреуге еліктеу-солықтау деген жоқ менде. Алла Тағала қалай жаратты, солай келе жатқан адаммын. Мені біреудің иіп әкеліп, қисайтып, сен «анаған ұқса, мынаған ұқса» дегенінен, адамның құдыретінен ондай әсер болған жоқ. Ол Құдайдың құдіреті. Бірақ Баукеңмен туысқан екеніміз рас, ол кісімен менің көп кездескенім де, бірге көп жүргенім де рас. Ол кісі туралы білгенімді бірер жерлерде жаздым да. «Ноқтаға басы сыймаған» деген пьеса да жаздым. Біраз мақалаларымда да жаздым көрген-білгенімді. Ал енді күрделі дүниеге баруға мен өзіме өзім тоқтау салдым. Өйткені ол кісі туралы бұрын да жазғандар көп, әлі де жазып жатыр, солардың бірі болып қалмайын деп ойладым. Менің өзімнің алған тақырыбым болды, 25-30 жылға жуық Тұрар Рысқұловтың өмірінен бес кітап жаздым. Осының өзі маған жетіп жатқан сияқты. Өмірімнің жартысына жуығын сол тақырыпқа арнаппын. Сонша уақыт тек қана отырып алып жаза бердім деген сөз емес қой, іздендім, архивтерде отырдым. Әулиеатаның архиві, Ташкенттің архиві, Мәскеудің архиві – бәрінде болдым. Көп материал таптым. Соның біразы игерілді, жазғандарыма енді. Біразы қалды. Әлі бір-екі том жазуға жететін дүние бар менде. Бірақ оны соншалықты шексіз соза беруді керексіз деп таптым. Сөйтіп, тиісті жерінде тоқтадық.

– Лауазымды қызмет пен шығармашылықты өмір бойы қатар алып жүрген санаулылар қатарында сізді атайды жұрт. Алдыңғысы кейінгісіне – шығармашылығыңызға залалын тигізген жоқ па?

– Лауазым дейтіндей оған соншалық қызыққан кезім жоқ. Менің негізгі қызығым шығармашылық, жазушылық болды. Ал енді лауазым, қызмет дегеніңіз тек күнкөріс үшін, айналайын. Сол үшін айлық аласың, үй ішіңді, бала-шағаңды асырайсың. Ал ол шығармашылыққа кедергісін тигізді, әрине. Бірақ тек қана жазушылықпен тағы да отыра алмайсың. Айлық алу керек, сол үшін жұмыс істеу керек, бір сөзбен айтқанда, өмір сүру керек. Әйтпесе, «сен жазады екенсің, жақсы жазады екенсің, отыр, мә, мынау саған қаражат» демейді ғой ешкім. Қазір енді ептеп, Құдайға шүкір, уақыт жетеді. Менің 70 жылдығыма Үкімет осы Астанадан үй берді, рахмет онысына. Онан кейін Президенттің жыл сайынғы стипендиясы деген бар. Осындай тіршілік, айналайын. Құдайға тәуба қылам, халқыма ризамын.

– Әңгімеңізге рахмет, аға!

 

Сұхбаттасқан – Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.