Қызыл галстук

0
73

Бүгін әлеуметтік желіге мойнына көгілдір шарф тағынып алған бір азамат «Праймеризге қатысып жатырмын мені қолдаңыздар» деп жазыпты. Дұрыс қой, бағын сынағанның несі жаман. Болмасаң да ұқсап бақ демей ме, данышпан Абай.
Бұл жігіт жайлы басқалар не ойлады білмеймін, менің көзіме мойнына асып алған шарфы «оттай» басылды.
Мен өзі кешегі кеңестік заманда жалындаған пионер, белсенді комсомол болмасам да, тәртіпке мықты едім. Уставтарды жатқа соғатынмын. Әсіресе қызыл галстуктің ұзыны мен қысқасы «не деп тұр?», түйіндегі «мақсат не?» деп сұрағанға жауап беруге мүдірген емеспін.
Содан да болар мойнымнан қызыл галстук түспейтін. Ой, ол үшін өліп кетуге бар едім. Идеологияның күштілігі ғой бәрі де. Большевиктердің жарқын күнге жеткізу жолындағы ары мен қаны тамған «Галстугімді» жанымды салып қорғайтынмын. Оған қол тигізу, тіл тигізу мен үшін кешірілмейтін іс. Талай жаға жыртылды ғой сол үшін.
Галстугімді екі күнде бір рет өтектеймін. Ол тәртіп бұлжымайды. Үйде 5-6 жаңасы тұрады, оларға тиіспеймін. Әйтседе ара – тұра қарап, түгендеп қоямын. Сақтықта қорлық жоқ қой.
Осылай уақыт зымырап өтіп жатты. Бір күні бала қиялыма, адал көңіліме мен «пір тұтатын» қызыл галстукке деген адалдығыма сызат түсті. Бұл оқиға сабақ үстінде болды. Кәрі ағайымыз сабаққа дайындалмай келген оқушыны ортаға шығарды. Әлгі байғұс оқушының галстугі бір жағына қисайып кеткен. Түйіні қисық. Қыртыс-қыртыс. Өзі ыржаң-ыржаң.
Сабаққа дайындалмай келгені бар, (галстуктің түрі анау), еще мәз кейпіне ашуланды ма, мұғалім ақырын басып қасына келді де, түйінді босатып галстуктің екі ұшын қатты тартып қалды.
Манадан мәз болып тілін шығарып, тісін ақситып сыныптастарын күлдіріп тұрған байғұстың түрі қап-қара болып серең етіп құласын.
Бүкіл бала шу ете қалдық. Мұғалім де жалма-жан мойынға қолды салып жіберді. Сол – ақ екен тынысы ашылған оқушы бақырып жіберсін.
Ой, сондағы зәремнің зәр түбіне кеткені- ай! Мен ардақтап жүрген қызыл галстуктің, керек кезінде адамды буындырып өлтіруге қауқары барын іштей сезіндім. Сезіндім де одан безіндім. Қатігез идеологияның қазанында қайнаған қызыл галстукпен осылай қоштасып едім… Көк шарфик соны есіме түсіріп жібергені…

 

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.