АССАМБЛЕЯНЫ ТАРАТУ – ҚОҒАМДЫ ЗАҢМЕН ЖАҢАРТУҒА ЖОЛ АШАДЫ!

0
153

Өзбекстанның тұңғыш Президенті маркұм Ислам Кәрімов тәуелсіздік алғаннан кейін Ташкенттегі «Халықтар достығы» концерт залын «Тәуелсіз» деп атауға бұйрық беріпті. Оны көпшілік «мынау не істегелі жатыр» деп сынға да алыпты. Кейін Президенттің алысты болжайтын көреген саясатына өзбектер тәнті болыпты.
Өйткені «халықтар достығы» деген ұран, тәуелсіздікке де кейде қауіп төндіретінін аңғарыпты. Өзгеге жалтақтау, оның қас-қабағына қарау, тыныштық деп тыраштану осыдан барып туындайтын секілді.  Демек, ел біртұтас болмай, «халықтар достығы» дегенге малдану, қысыр сиырдан сүт дәметумен бірдей нәрсе…
Біздің елде 25 жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясы тіршілік кешіп келеді. Еңбектерін еш қылғымыз келмейді-ақ. Шамаларынша қызмет етіп жатыр.  Бірақ олардың жұмысына көңілі толатындардан көрі, сынайтындар көп. Тіпті ассамблеяны «Үй ішінен үй тігу» деп санайтындар бар. Елде болып жататын ұлтаралық қақтығыстарды шешуге келгенде ассамблеянының  шарасыздығы, мемлекеттік тілдің жандануына қосқан үлесі туралы да көңіл көншімейтін әңгімелер жиі айтылады. Әлі күнге тілге құрмет көрсетіп, жиын-тойларын мемлекеттік тілге бұруға қауқарсыздығы да өздеріне деген халықтың үмітін өшіре бастағандай.
Мемлекеттің «ұлттар достығын» ассамблеяның «мойнына артып қоюы» қаншалықты дұрыс?  Мүмкін «көтере алмайтын шоқпарды белдеріне» байлап қойған шығармыз? Егер ұлттық идеология «бір ұлт, бір халық, бір тіл» төңірегінде өрбісе, ассамблеяның не қажеті бар деген сауал да жиі көтеріліп жүр.
Жарайды, ширек ғасырға жуық мерзімде ассамблея несімен есте қалды? Бізге сол қызық!  Әлде тек саяси ойындардың «қақпашысы» болып қорғанумен келе жатыр ма? Бұл да айтылуға тиіс мәселе.


Анығы ассамблеяның қалтқысыз жұмыс жасауына ел бюджетінен қыруар қаржы құйылып жатыр. Оның ақталуы қалай? Береген қолым алаған демей ме қазақ. Былтырғы жылы Ассамблеяға және оның қызметінің бөлімшелеріне 588 миллион теңге бөлінген.  Одан бөлек ассамблеяның фестивалдары мен жиын-тойларына да қазынадан қаржы қарастырылыпты.  Мұны азсынсаңыз, биыл ассамблеяның жылдық сессиясын өткізуге 68 млн теңге, ассамблеяның концертін өткізуге 71  млн теңге, «Алғыс айту» күніне арналған форумды атап өтуге 21 млн теңге бөлініпті.
Бүгінгідей қиын шақта, халық жұмыссыз сенделген тұста, қазына қаржысы ортайған уақытта, ассамблеяға осыншалықты қаржы  бөліп оған кіріптарлық көрсетуге не итермелеп отыр?
Қарап отырсақ, елдегі толып жатқан қоғамдық ұйымдардың ішінде мәртебесі өскені де, қолдауға ие болғаны да,  парламентке депутат болуға қол жеткізгені де – ассамблея ғана.  Бабы мен бағы қатар жанып, әдемі «таң асып»,  арғымағы бәйгеден келіп тұр. Демек, оның «жаратушысы», яки «бапкері» мықты болғаны да?
Бірден айтайық, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан халқы ассамблеясына мұқтаждық болғанын ешкім жоққа шығармас. Ішкі, сыртқы дұшпандардың әрекеті, елді бөлшектеуге талпыныс, Өскемендегі кержақтардың, Оралдағы казактардың әрекеті, шовинистердің құйтырқы айлалары, әрине, егемендікке қауіп төндірді. Осы кезеңде 1995 жылы 1 наурызда сол уақыттағы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы (бастапқы атауы – Қазақстан халықтары Ассамблеясы) мемлекет басшысы жанындағы кеңесші орган ретінде құрылды. Ал 2007 жылғы мамырда Конституцияға өзгеріс енгізіліп, ассамблеяға конституциялық мәртебе берілді. Соған сәйкес, парламент мәжілісіне ассамблеядан 9 депутат сайлау құқығы берілді. Осы арқылы ұйымның қоғамдағы саяси рөлі айтарлықтай артқан еді. Ұйымның тағы бір ерекшелігі – ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы берілуі.


ЖЕР, ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ АССАМБЛЕЯ НЕГЕ ҮНСІЗ?

Айтайын дегеніміз, қазір заман басқа, заң басқа! Тәуелсіздік туы тұғырына қонды. Егемен елміз. Әлем таниды. Елдің тыныштығы мен тұтастығын, ынтымағы мен бірлігін заң аясында қорғауға мүмкіндік зор. Кешегі елді ала тайдай бүлдіргендердің көбі, тәуелсіздікке сенбегендердің біразы өз елдеріне барып тыныштық тапты. Әрине ол жақта да тыныш жатпай, Қазақияның тынық айдынына тас лақтырып жатқандары баршылық! Егер ел бірлігіне шын жаны ашыса ассамблея өкілдері соларға соққа беруі керек еді. Және, ондайлармен тынымсыз күрес жүргізіп, қазақ билігінің бір жағында қорған болып тұрса, әңгіме де басқаша өрбіген болар еді.

 

Тіл мәселесіндегі түйткілді жайттарға да ортақтасып, қазақ қоғамына «өгей бала емесін» білдіріп отырса да ақ көңіл қазақтың мейіріміне шомылар еді баяғыда.
Ел арасында көп жүреміз, елдің білгісі келетіні, заң бар жерде тіл мен ділді, тұтастықты заң аясында қорғауға не кедергі? Ата заңымыз тегеуірінді болса ассамблеяға неге «тәуелдіміз»?.
Көптің көкейіндегі тағы бір сауал: ассамблея жиындары өздерін асқақтатып отырған қазақ мемлекетінің тілінде неге өтпейді? Бұл еліміздегі тіл проблемасының шешілуіне оң ықпал етер еді ғой. Қазақтың жоғын ассамблея түгендеп отырса қандай жарасымды! Жер мәселесі қозғалғанда, халық табандап отырып алғанда  ассамблея неге үнсіз қалды? Олар қазақпен бір болса, неге иық тіресіп бірге талап етпеді?
Қазақ тілі туралы, оның қолданыс аясы жөнінде  ассамблея мүшелері тым болмаса бір рет үкіметтің алдына мәселе қойды ма? Парламент Мәжілісіне сайланған 9 депутаттың тым құрығанда біреуі (бас шұлғи бергенше), елдегі түйткілді проблемаларды биік мінберден көтеріп отырса кім қой депті?
Қазаққа кім не демей жатыр қазір. Солардың арасына  араағайын болуға ассамблея неге дәрменсіз? Неге олардың үні от пен оқтың арасынан шықпайды? Әріден қозғамай-ақ қоялық, күні кеше ғана қостанайлық шовинист Кирилл Бажко бүкіл қазаққа, оның қасиетті тіліне тиісіп, маймылға теңегенде, ассамблея тарапынан тым болмаса біреуі «қазақ халқының атынан» демей-ақ қояйықшы, «татулықтың символы» болып тұрған кеңес  атынан оған қарсы үндеу жариялауға жарамады. Бір атым насыбайдан көңілі қалатын қазаққа бұл қайдан ұнасын?!
Ассамблея турасында БАҚ бетінде аз жазылған жоқ. Тоғын басайын деп сыйпай қамшылап та көрді. Түсінер деп астарлап та жеткізді. Ақырында  айнадай жылтыр бетін  тырнап-тырнап қан-жоса да етті. «Сонда да селт етпеді Есенғазы» дегендей, сонда да бір рет селт етпеді-ау бұл кеңес! Біздің газетте бірнеше рет мақала жариялады.  Бірақ әзірге таяқтың бір ұшы тиіп жатқан билік тарапы үнсіз. Ассамблея мүшелері де «томпиған баладай», тым-тырыс.
Олай болса осы тымырсық тыныштықты пайдаланып, оқырман талқысына «тәуелсіз қазақ мемлекетіне ассамблея керек пе, жоқ па?» деген сауалды тастап отырмыз. Үн қосыңыз, құрметті оқырман!
Бұл мәселе де саясаткер Дос Көшімнің көзқарасы мынадай: «Белгілі бір институт ретінде мемлекетке қажеті бар екенін мойындаймын. Бұл жерде үлкен саясат жатыр. Өйткені Ассамблеяны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Бір ұлттың ішінен төменнен көсемдері шыққан уақытта саяси өзгерістерді алып келуі мүмкін. Мысалы  1991 жылы Өскеменде болған сеператистік ұйымдар билікті қатты шошытты. Сондықтан үкімет әрбір ұлттың ішінен көсемдерін шығарып, сен мықтысың деп, қаржы бөліп қолдарына ұстап отыруға тырысты. Бұл сол себепті саяси ойын есебінде құрылған институт.  Қазір ассамблеяның түкке қажеті жоқ. Себебі қазақтардың көрші халықтармен қалай араласатынын, дархандығын бәрі біледі. Кешегі қиын кезде елге ауып келген халықтарды қалай қарсы алғаны бөлек әңгіме.

 

Дәл қазіргі уақытта  халық арасындағы тыныштықты сақтау үшін ассамблея керек дегенге өз басым қарсымын.  Бұл саяси қажеттіліктен туған дүние бір жағы. Мысалы Президенттің құзіретін, оның сайлануын қолдап, қолпаштау үшін де ассамблея керек шығар. Сырттағы көздерге, халықтың тұрақтылығын сақтап отырған ассамблея деуге бұл таптырмас  дәлел болар. Алайда елдің тұрақтылығын сақтап отырған қазақ халқы. Осыны ашық айтатын кез келді!
Мысалы әлемде аз ұлттардың  құқын қорғайтын, олардың тілі мен дініне қарасатын, жоғын түгендейтін арнайы министрліктер бар. Біз әлемдік осы бағыттан ауытқып, ассамблеяны құрдық. Неге? Менің қаупім 30 жылда қазақ тілін үйренбегендер, келешекте тілді ұшпаққа шығарады дегенге сенбеймін. Ассамблея жақсы болсын, жаман болсын өз миссиясын атқарды, енді ол таратылуы керек».

 

ҚАЗАҚТАНДЫРУ ПРОЦЕСІНЕ ТҰСАУ БОЛЫП ТҰР…

Саясаткер Мұхтар Тайжан мырзаның пікірі мынаған саяды: Біздің заңымызда 1993 жылдары қазақтар – мемлекет құрушы ел деген сөз болды. Ол сөз белгісіз себептермен 1995 жылдары алынып тасталды. Мұны Президент Тоқаев былтыр өз аузымен айтып өтті. Мен «Мемлекет құрушы ел» дегенді аспаннан алып отырған жоқпын. Қазақ осы жердің иесі. Олай болса осы жерде тұрып жатқан ұлттардың бәрі қазақтың маңына ұйысуы керек. Бұл мемлекет идеологиясына арқау болатын жіп…

 

Менің ойымша ассамблея деген – ұлттарды бөлу деген сөз! Неге ол армян болғаны үшін, не орыс болғаны үшін Парламентке депутат болуы керек? Ол халықтан  дауыс жинап, өз бағдарламасын жариялап неге өтпейді? Неге оларға ерекше құқық беріледі?
Мысалы Шеңгелдіде қақтығыс болды, ассамблея қайда болды? Масаншыда қанды қырғын болды ассамблея қайда қарап отырды? Кейін барғаны маған керек емес. Неге ақпарат шыға салысымен қанатымен су сепкен қарылғаштай ұшып жетпейді?
Мен бюджет құрамында болғанымда ассамблеяға 3 миллиард теңге кететінін көзім көрді. Ол әр облыс  пен аудандардағы ғимараттарды ұстап тұруға, өзге де керек-жарағына, айлық жалақы мен зертеу  орталықтарына бөлінеді. Аз ақша емес  қой бұл!
Бұл ассамблея аз ұлттарды қазақтармен тең қылып қойды. Негізі бұлай болмауы керек еді. Қалай тең құқылы болады? Кей ұлтардан 1 немесе 2 адам ғана бар. Оларды қалай этникалық топтарға жатқызамыз? Мысалы Қазақстанда 13 миллион қазақ ұлты бар. Ал этностар  128 ұлт дейміз. Бұл да өтірік мәлімет. Қолдан жасалған…».
Ертеректе ғалым Тұрсын Жұртбай «Ассамблея тарқатылмай, Қазақ елі толық тәуелсіз ел бола алмайды» деген болатын. Бұл әрине жеке адамның көзқарасы. Бәлкім «қауып» айтты, бәлкім қауіп қып айтты. 30 жылға жуық салтанат құрған ассамблеяның қазақ ұлтымен бірігіп кетуіне, кірігіп кетуіне мүмкіндігі мол еді. Әттең тонның келтесі-ай демеске шара жоқ!

 

Әлеуметтік желіге халықтың ой-пікірін білу үшін сауалнама жүргізгенімізде, бірнеше оқырманнан жауап алдық. Қатира Асыланбекова: «Ассамблея керек емес! Тарату керек! Бюджеттің біраз ақшасы үнемделеді! Олар қазақтың нанын жеп, суын ішіп жүргеніне рақмет айтулары керек! Оларды қазақтандыру процесін тоқтатпағанымыз дұрыс! Ал ассамблея болса олардың қай ұлт екенін қайта-қайта есіне түсіріп, қазақтандыру процесіне тұсау болып отыр!» деп жазыпты.
Садуақас Жанпейісов: «Қазақтың жерінде тұрып жатсың ба, нанын жеп, суын ішіп жатырсыңдар ма, осы елді сыйла тілін біл. Ал өз ұлтыңның тілдерін, және басқа да нәрселерді әр ұлт өз үйлерінде істесін. Қазақ елі әлі өзінің егемендігін күшейте алмай жатқанда, басқа ұлттарға «мама Тереза» болудың керегі жоқ» деп қысқа қайырыпты.
Марат Жылқыбаев: «Керек емес. Қазақ елінде тұрамыз, тұрғымыз келеді дейтін басқа ұлт өкілдері қазаққа сіңіп, сыйлап, мемлекеттік тілді меңгеріп қандай Мемлекетте тұрып жатқандарын сезінулері керек. Әйтпесе оларды жинап, әрқайсысы өз ұлтының киімін киіп, қай мемлекетте тұрып жатқандарын білмей, білгілері де келмей, әр ұлт өз білгенін істеп жатыр. Бұның бәрі қазақтардың тату еместіктерінің арқасында болып жатыр. Қараңыздаршы, қандай мемлекетте осы біздің ел сияқты талтаңдатып қойған, ондай жоқ қой, иә?» депті ашынып.

АССАМБЛЕЯ ТАРАТЫЛЫП, МИНИСТРЛІК ҚҰРЫЛСА ҚҰБА-ҚҰП…

Түйін: Соңғы санақта қазақтардың саны 69 пайыз делінді, кейін ол үш мәрте қысқартылып 63 пайызға төмендетілді.  Не үшін? Оның ең басты себебі, жергілікті халық 70 пайыздан асса моноұлттық халыққа айналудан қашқақтау емес пе?  Егер бұл күдік расталса, елдігіміздің ақыры күмәнді!
Қазақтың тілін өркендетуге ассамблея тарапынан қаншалықты қолдау көрдік? Тілді қайта-қайта айтып жатқанымыз тіл – қазақтың жанды жері. Ұлт болып ұйысудың алғышарты. Атазаңымыз тұрып, ассамблея құрып алсақ та, мемлекеттік тілді оқытуға милиардтарды шаштық. Бұл не деген ессіздік еді? Ассамблея бола тұра, 30 жылда 30 ауыз сөз үйренбеген халық бар деген не сұмдық? Анау Петропавл мен Павлодарда, Қостанай мен Өскеменде әлі күнге тілді менсінбейтін, қазақты көзге ілмейтін адамдар көп. Неге? Кім кінәлі?

 

Тағы айтамыз біздің елде тіл туралы заң бар. Керек десеңіз қазақстандық әр азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Қатырып сөйлеп кетпесе де, жөн сұрасуды үйренуге еш кедергі жоқ.
Ал біз сенім артқан, қаржылай қолдау білдіріп отырған ассамблея өзіне жүктелген міндетті толық атқарып отыр ма?  Татулық пен тұтастыққа «алтын көпір» болған ұйым, егер қазақ халқының маңына топтасуды көксесе, елімізде аралас мектептердің саны азайып, бір ғажайып күн туар еді әлдеқашан. Тәуелсіздіке 30 жыл толғалы тұр, әлі күнге өзге ұлттардың  (80 пайызының) асханалары мен ресторандарындағы ас мәзірінде қазақ тілі жоқ.
Иә, орыстың бодауында кеткен қазақтың шіріген жұмыртқалары да оңып тұрған жоқ. Бұл қазақтың басындағы бір қайғы! Ұлттық трагедия!
Алайда қиын сәтте бауырына басқан, өсіп-өнуіне жағдай жасаған, тілі мен дәстүріне шектеу қоймаған, бір тілім нанды бөліп жеген қазақ халқына риза болып өткен ата-баба аманатына ассамблея секілді үлкен ұйым мүшелері  адалдық танытуы керек еді. Адасқан ұл мен қызды ұялтып, тура жолға салып, қара қылды қақ жарып әділдікті іздесе, ассамблеяны алтынмен аптап, күміспен күптеп қояр еді бұл қазақ.
Әрине соңғы уақыттары «қазақ халқына мың да бір рахмет!» деп монументтер қойып жатқандарына ішің жылиды.  Бірақ  не үшін рахмет айтып жатқандарын қазақ халқы түсінбей әлек. Өйткені қазақтың тілін үйреніп жатқан өзге ұлт өкілі тым аз, балаларын қазақ мектебіне беріп жатқан өзге ұлт адамы сирек.
Шындықтың жүзіне тура қарасақ, тыныштық үшін «еркек тоқтысын» құрбандық қылып, өзге ұлттардың қасы-қабағын бағумен күні өтіп келе жатқан қазақ билігіне елдегі диоспоралар күнде рахмет айтса да жарасар еді негізі.
Ең өкінішті жері елдегі диоспоралар «Біз қазақпыз. Қазақ мемлекетінде тұрамыз» дейтіндей бір тектілікке келе алмай отыр. Шыны керек, басқа ұлт өкілдерінің арасында пиғылдары жаман, елдігімізге зиян келтіруге дайын азаматтар қарасы көп.
Ойымды қорытындылай келе айтпағым, ассамблея әлі де өз міндетін дұрыс атқара алмай отыр. Шын мәнінде, ассамблеяның ең басты жұмысы – этностар арасында жиі болып, олардың  қазақ халқына деген пейілі мен ниеттерін түзеу еді…
Ниет пен пейіл демекші, қазақтың тілін ассамблеяның насихатынсыз – ақ үйренген Геннадий Шиповских, Максим Рожин, Мая Бекбаева, Оксана Лоскутова, Игорь Сахар, Майя Веронская, Александр Зайчиков, Марина Волнова, Ислам Байрамуков, Ирина Тен,  т.б толып жатқан жастарды  білемін. Олар отбасылық тәрбиеден, қазақ  елінің болашағына деген сенімнен, «туған жерім – Қазақстан» деген махабаттан кейін, өздерін осы халықпен мәңгі бірге санап, оның тілін меңгеріп алған. Одан олар жаман болды ма? Әрине жоқ. Елдің сүйіспеншілігін арқалады, сеніміне, қолдауына ие болды. Өйткені ұлттың тілі мен ділін насихаттаған адам, ол халыққа сатқындық жасауы мүмкін емес.
Қорықсақ тіл мен діліңді менсінбей, ақ адал асыңды ұялмай ішіп, табағыңа т….п жүргендерден сақтанайық!
Ал егде буыннан марқұм Герольд Бельгер, Надежда Лушникова, Татьяна Палтавская, Асылы Осман көп қой айта берсек. Бұларды қазақтан кім бөліп ала алады?  Бұлар кешегі ел басына күн туған заманда қазақтан жақсылық көрген, соны кейінгі ұрпаққа майын тамызып жеткізе білген қайраткерлер. Әлі күнге халық бұларды аңсайды. Төбесіне көтереді. Құрметтейді. Өзгелерге үлгі етеді.
Біз сөз етіп отырған ассамблея осыларды көзге ілді ме? Санасты ма? Ақыл-кеңестерін тыңдады ма? Егер тыңдаса, санасса,  апыр-ау, Парламентке осылар лайық емес пе еді?  Қазақ Парламентінде өзге ұлт өкілінің қазақша майын тамызып отырғаны да ассамблея үшін үлкен бедел, абырой еді ғой.

 

Өкінішке қарай, аталған ұйымның жиындары көбінесе «Урадан» әріге аса алмай отыр. Тағы айтамыз 90-жылдары жаңа қоғам орнату үшін мұндай ұйым қажет болған шығар. Бүгінгі таңда саясат өзгерді. Қазақ халқының саны өсті… Онымен қатар қазақ жұртының ой-санасы да биіктеді… Енді елдің тұтастығын ассамблеяның күшімен емес, әр этностың іс-әрекетімен бағалайтын кезең туды.   Қазақпен жаным бірге дегендер саптан орын алсын! Ел болашағына күмәнданғандар қалаған жағына барсын!
Егер ассамблея таратылса, оның орнын ешкім алмастырмайды. Оның функциясы жоқ.  Бізде заң бар, бәрі соның аясында шешілуі керек. Аз ұлттарды қорғайтын министрлік құрылса, оған ешкім қарсы болмасы анық.
Өйткені батыс Еуропада, әсіресе Германия мен Францияда аз ұлттарды қорғайтын министрлік бар.  Олар мемлекеттік деңгейде кірме ұлттарды (бізше этнос) қадағалап отырады. Оларға ең бірінші мемлекеттік тілді меңгеруге, жергілікті халықты құрметтеуге насихат жүргізеді. Арнайы оқытады. Ұлттық мәселені көтерітін парламентке, стратегиялық маңызы бар қызметтерге ең сынақтан өткені болмаса,  кім көрінгенді жібере бермейді. Бұл қалыпты жағдай.  Әркім өз орнын біледі.  Өз кезегінде  билікте аз ұлттарды  қамқорлығына алып,  қорғайды.  Сеніміне, дініне қарамайды. Заң бәріне ортақ.  Нағыз демократия осы!
Айтайын дегенім де осы еді!


Сәуле Мешітбайқызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.