Рыскен Әбішева: «Тірі жүріп көргенімнің бәрі қызық»

0
261

Рыскен қарындасым осыдан бес-алты жыл бұрын редакциямызға арнайы келді. Қолында мақаласы бар. Жылы жүзді, мейірімді, елгезек жан екен. Өзі ұстаз. Арасында мақала, әңгіме жазатын қаламгерлігі барын жеткізді. Әкелген мақаласы жап-жақсы, шымыр жазылыпты. Жақсы дүниені көп ұстамай нөмірге салдық. Міне, содан бері газетіміздің тұрақты авторы болды, әрі жанашыры. Университетте ол кісі ұйымдастырған кездесулерге де бардық. Таныстығымыз ұлғайды. Педагогикадан тыс әдеби кітаптары бірінен соң бірі шығыпты. «Тірі жүріп көргеннің бәрі қызық», «Тасыған өмір, жасыған көңіл» атты кітаптары сан алуан тақырыптарды қаузайды. Ең бастысы оларда нағыз шынайы өмір тамыры лүпілдеп соғып тұр. Қарапайым мәнер, көркем тілмен өрілген шығармаларды тұшынып оқисың. Ішіне кірсең шыға алмай соңына жеткеніңді білмей қаласың. Меніңше жазушының өзіндік шеберлігі.

Бүгінгі жариялап отырған өмірбаяндық мақаланың ішінде Рыскен туралы әріптесі толғана, тебірене жазады. Еңбекқор, ізденгіш, жаңашыл Рыскен осы алпыс бес жылғы ғұмырында көп нәрсе бітірген. Неміс тілінен мамандығы болса да ана тіліне деген махаббаты дес бермей елу жасында филология бітіріп шығады. Ұлттық мәселеге, әсіресе тілге келгенде Рыскен Әбішева ешкімді аямайды. Бүгінгі қазақ тілінің мүшкіл жағдайы жүрегін ауыртады. Тек ауырып қана қоймайды, қалам-найзасымен түйреп-сынып жазады. Рыскеннің тағы бір қыры шетелден келген студенттерге деген аналық мейірімі. Сол мейірім шетел қазақтарының тілін, ерекшеліктерін зерттеуге, тіптен одан диссертация жазып, оны қорғауға дейін жеткізеді. Бұл шынында да қазақ тілін байытуға деген батыл да жаңашыл қадам еді.

Әбішеваның неше түрлі қырлары бар. Қандай нәрсені қолына салса соған шын жүрегімен кіріседі. Шешен де көсем қарындасымыз жиі-жиі эфирге де шығып, қоғамның іріп-шіріген тұстарын аямай шешендік шыншылдығы да бар. Рыскен қарындасымызды бүгінгі мерейтойымен біз де шын жүректен құттықтай отырып, отбасында ынтымақ-бірлік, қызметінде сәттілік, шығармашылдығына табыс тілейміз.

 

Ертай Айғалиұлы

 

 

Шыңдалу

Филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы Әбішева Рыскен Рахымқызы 1955 жылдың 25 қазанында Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қостоған ауылында дүниеге келді.

1973 жылы Қостоған орта мектебінің 10-сыныбын жақсы бағамен бітірді. Сәби шағынан-ақ тағдырдың ауыр тауқыметін аямай тартқан жасөспірім қыз бала есейіп, ел қатарлы өмірге араласа бастайды. Рыскен Рахымқызының мектеп қабырғасында жүріп-ақ, ұйымдастырушылық қабілеті мен зеректігі жиі байқалатын. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, ұстаздары тарапынан алғысқа да бөленетін.

Отбасылық жағдайына байланысты жоғары оқу орнына түсудің сәті болмағандықтан, Рыскен Рахымқызы өзі оқыған орта мектепте еңбек жолын мұғалімдік қызметтен бастайды. Қанаты қатая қоймаған қаршадай қыз бала қатарынан қалыспай, оқу-білімге деген құштарлығы қиялына қанат бітіргендей қызу еңбекпен ұштасады. Өзі де мұғалімдер отбасында тәрбиеленгендіктен, таңдаған болашақ мамандығы да мұғалім болу еді. Кеудесінде оты бар 18-19 жастағы Рыскен Рахымқызы ауыл мектебіндегі мұғалімдік қызметпен ғана шектеліп қалмай, қанаты талмастан жоғары білім алу мақсатында, бар ынта-шынтасымен жігерленді. Ол жыл сайын сол кездегі астанамыз Алматыға жол тартып, талапкерлермен бірге емтихан тапсырып, бағын сынайды. Алған бетінен қайтпауға бел буған өрімдей жас қыз мектеп қабырғасымен қоштасқанына төртінші жыл дегенде, үлкен еңбек өтілімен, азды-көпті жинаған өмірлік тәжірибесімен студент болу бақытына қол жеткізеді. Ол кезде өзімен бірге мектеп бітірген сыныптас-сабақтастары жоғары оқу орындарын бітіріп те жатқан еді.

«Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дегендей, тек шын ниетің мен адал еңбегің сені еш уақытта жерге тастамайтынына көзің жетеді. Ол студент атану бақытына үлкен ізденіс, талмай төгілген тердің арқасында жетті. Көп жылғы төккен тер, моральдық күйзеліс, еткен еңбек зая кетпеді. Еңбек ақталды. 1975 жылы Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының (АПИИЯ) дайындық курсына қабылданады. 8-9 ай көлемінде осы факультеттің дайындық бөлімін үздік бағамен бітірген Рыскен Рахымқызы емтихансыз 1-курсқа қабылданады. 1976-1981 жылдары аталмыш институттың күндізгі бөлімін жақсы бағамен бітіріп шығады.

Кеңес дәуірі кезіндегі талапқа сай, ЖОО-ны бітірген әрбір жас маман жолдамамен жіберілген аймаққа барып, қызмет ететін. Сол үрдіс бойынша Рыскен Рахымқызы Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Л.Н. Толстой атындағы орыс орта мектебіне жолдамамен жіберіледі. Кейбіреулер сияқты, «жай ғана», «әйтеуір», «қара дүрсін», «ауырдың үсті, жеңілдің асты», «ел қатарлы», «болса болар, болмаса басымды ауыртпаймын» сияқты немқұрайдылық дегенді жаны сүймейтін, керісінше, өз дегеніне жанын салып, жанталаспен ғана жететін, сонда ғана өзіне-өзі ырза болатын Рыскен сол кездегі жағдайға бейімделіп, еңбекке қызу кірісіп кетуге тура келді.

Кеңес дәуірі. Қазақ мектебін шам алып іздесең де, таба алмайтын заман еді. Болмысы қазақ жас маман сол ортаға «бейімделу кезеңін» де басынан өткізеді. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындарының дені  неміс, орыс ұлтының өкілдері еді. Қазақ ағайындары санаулы ғана еді. Ұзамай Кеңес Одағы ыдырап, еліміздің тәуелсіздікке қолы жетті. Жаңағы аталған ағайындар өз ана тілінде мүлдем сөйлей алмайтындары бар, бәрі бірігіп, тілді үйренуге қызығушылық танытып, топ құрылады. Мақсат – өз ана тілінде жазуды үйреніп, әліппесін игеру. Міне, осы тұста Рыскен Рахымқызының институтта алған білімі, мемлекеттік практика кездерінде жинақтаған тәжірибесі пайдаға асады. Қиын да қызық еңбек басталады. Айтуға оңай… Көп моральдық кедергілер кездеседі. Бәріне де еңбек және төзімнің арқасында қол жеткізу керек екенін жастайынан ерте түсінген Рыскен Рахымқызы үлкен құлшыныспен кірісіп, еңбек майданының ортасында «шыңдалу қазанында» қайнай түседі.

 

Өзге ұлт өкілдерін таңқалдырған қыз

Қарапайым қазақ қызының өзге тілде емін-еркін сөйлеп, қатесіз жазғанына таңғалысқан ауыл тұрғындары және қатты қызыққан өзге ұлт өкілдері өз ана тілдерін үйреніп, білу мақсатында сабақ өткізуіне ұсыныс жасайды. Жас ұстаз уақыт тапшылығына қарамай, олардың тілектерін орындап, өзге тілді ағайындарды оқытуды бастап та кетеді. 1990-1991 жылдары сол «шәкірттері» үлкен ырзашылықтарын, алғыстарын білдіріп, өздерінің атамекендеріне үдере көшіп кетеді. Сол мектепте еңбек еткен жылдары Рыскен Рахымқызы әр түрлі тақырыптарда тәрбие сағаттарын өткізеді. Ең есте қалғаны және маңыздысы – Эрнст Тельман атындағы Халықаралық достық клубын ашуы (КИД). Осы клубқа село тұрғындары, ата-аналар мүше болып, қызықты кештер, көрмелер ұйымдастырады. Көрмеден түскен қаржыны қайырымдылық қорына тапсырады. Клуб және оның қызметі, ұйымдастырушылары жайында аудандық газетке мақалалар жарияланады. Көптеген ауқымды іс-шаралардың өтуіне Рыскен Рахымқызы мұрындық болады. Шетелде болып қайтқан ғалым-ұстаздарымен (ол кезде шет мемлекетке екінің бірі бара бермеуші еді ғой), шетелден келіп білім алып жатқан С.М. Киров атындағы ҚазМУ-да оқып жатқан өзге ұлт өкілдерімен қызықты кештер, кездесулер ұйымдастырады. Еңбегі еленіп, аудандық оқу бөлімінен алғыс хаттар, грамоталармен марапатталады. Жыл сайын тіл онкүндігі кезінде өтілетін ашық сабақтары жоғары бағаланып, аудандық оқу бөлімінен келген методистер үздік баға беретін.

Кеңес одағы ыдыраған кезеңде, тек Л.Н. Толстой атындағы орта мектеп қана емес, қала, ауыл мектептерінде неміс тілі жабылып болды. Бұл тоқырау жылдарындағы қиыншылықтарды тек бұл отбасы ғана емес, бүкіл ел болып бастан кешірді. Жұмыссыздық бұларды айналып өтпеді. Осыған байланысты, қалаға қоныс аударады. Отбасында әлі мектеп жасындағы балалар бар. Рыскен Рахымқызы жұмыс іздеп, қаланы жаяу шарлады, есігін ашпаған мекемелер қалмады. Бәрі де құрғақ уәдемен тойдыра берді. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, сәті түсіп, Алматы қаласында орналасқан Гёте институты жанынан құрылған «Возрождение» атты орталыққа мұғалімдік қызметке орналасады. Сол неміс ұлтының өкілдері өз ана тілдерін үйрену үшін дайындық курсынан өтеді. Жасы үлкен адамдармен сабақ өткізу тіпті қызық. Табаны күректей үш жыл тек сол ағайындарды сауаттандырып, елдеріне шығарып салды.

Әріптестерінің, етене жақын араласқан жолдас-жораларының айтуынша, Рыскен Рахымқызы – тынымсыз еңбек адамы. Оның қасиетінде қол қусырып қарап отыру, кежегесінен кейін тартып еріну, кертартпалық, тапсырылған істі жауапсыз қалдыру, бүгінгіні ертеңге ысырып қою, қол сілтей салу дегендер атымен жоқ. Ол пейілі кең, ақкөңіл, жаны да жомарт, қолы ашық, тілге ұста, сөзге шебер адам. Әңгіме-естеліктің майын тамызатын, оқырманның жанарынан жасын ағызатын тіл шеберлігі тағы бар. Епелектеген елгезектігі мен эмоцияға тез берілгіштігі, жас баладай бұртия қалып, бұрқ еткені болмаса, өкпесі «шай орамал кепкенше». Жылы сөйлесең, жайыла қалатын жұмсақтығы тағы бар. Ешкімнің артынан шам алып түсіп, қадалған жерінен қарымтасын қайтарып жатқанын көргеніміз жоқ, керісінше, «Қайтемін, біреудің білмегенін кешірмесең, білгіштігің қане» демей ме, бәрін де бір Алла көріп тұр!» деп, ақылына сабырды серік етіп, қашанда үлкендігін көрсетіп жүргені.

 

50-інде ҚызПИ-ді бітірген

2000 жыл келді. Жетер, жасым 50-ге таяған шағымда енді қандай оқу демей, осы жылы ҚызМемПИ-дің қазақ тілі және әдебиеті факультетін сырттай үздік бағамен бітіріп шығады. Осы жылдар ішінде №40 орыс-қазақ орта мектебінде қазақ тілінен сабақ береді. Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясының қазақ тілі кафедрасында оқытушылық қызмет атқарады. Жоғарыда аталған іс-шаралардың түр-түрін осы аталған оқу орындарында да өткізеді.

2003 жылдан бастап, табан аудармай қазақтың мақтанышына айналған, «білім беру саласының бренді» саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінде (сол кездегі шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті) оралман шәкірттеріне дәріс беріп келеді.

1980 жылдары институт бітіргеннен соң, отбасылық өмір, ауыртпалық, заман өзгерістерімен арада біршама жылдар өтеді және ғылыммен айналысуға сол кездегі жағдайдың өзі де аса қолайлы емес еді. Өмір бойы ұстаздық еткен қарапайым қазақ қызының кемел шағына келгенде, екінші тынысы ашылғандай сезімде жүреді. Жаратушы Иеміз адам баласын сегіз қырлы, бір сырлы етіп жаратқан ғой. Жаңалыққа жаны құмар бұл пендесінің әлі де танылмаған қырлары мен ашылмаған сырлары санасына сыбырлағандай жүрегі тыншымайды, талпыныс пен жаңа бір серпін іштей тек алға деп итермелегендей болады.

Сонымен, «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп, алдында отырған өрімдей жастардың ауызекі сөйлеу тіліндегі ерекшелікті байқайды, ұстаз қызыға түседі. Оқыту барысында әр шәкірттің сөзін аса мұқият ыждаһаттылықпен тыңдап, естіген әрбір сөздің ерекшелігін қалт жібермей, қағаз бетіне түсіре бастайды. Бөтен ел – басқа болмыс. Ұлт менталитетінің тілдегі көрінісіне терең үңіліп, зерделеу керектігін ұғады. Ұлт тілі – қазақ тілі. Ана тілін шетте жүрген қандастарымыз қалай сақтап қалғаны ұстазды қызықтыра түседі. Жергілікті қазақтар өз жерімізде жүріп тілден қағажу көргеніміз шындық (70 жыл өзіміздің де шекеміз қызғаны белгілі). Әйтсе де, рухымыз сөнбеді. Қазақтың әні, күйі, театры, бір сөзбен айтқанда, өнері өлген жоқ. Қазақ қалада қазақ мектебіне жарымағанмен, ауылда көнекөз қариялар тілін де, дінін де, салтын да, дәстүрін де дәріптеді, санасынан да сызып тастамады, соның арқасында қазақ қазақтығын сақтады. Алла тілегімізді қабылдап, жеке тәуелсіз ел болып, еңсемізді көтердік. Қысқасы, қатпарлы қазына саналатын тіл айшықтарына, қазақ диаспорасы тіліндегі ерекшеліктерге, оның себептеріне, сақталу құпиясын зерделеп, толығырақ білгісі келген «жас» ұстазды тіл мәселесі ойландырып, қызықтыра түсті. Зерттеу жұмысына итермелеген де осы қызығушылық болды. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер басталды. Талмай ізденіс, зерделеу, зерттеу, парықтау, салыстыру, сабақ оқыту, ашық сабақ, тәрбие жұмыстарын өткізу – бәрі қатар жүріп жатты. Күнделікті алдында отырған шәкірттерінің аузынан естіген жылт еткен бір жаңа сөздер, ерекше айтылған тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, тәмсілдер қатарын өзінің жеке «сөздік қор» қоржынына салып, жинай берді.

 

Сырттағы қазақтың тілін зерттеген

Арада 5-6 жыл зымырап өте шықты. Ғылыми жұмыс тақырыбын да өзі таңдады. Табанынан таусылып жүргенде көп күттірген ғылыми тақырып та бекітіліп, қорғауға дайындық басталып кетті. Сонымен 2010 жылы 28 қазан күні Алла сәтін салып, ғылыми жұмысын қорғап шықты. Тақырып өзекті мәселеге айналды. Себебі Қазақстаннан тыс жерлерде өмір сүрген қандастарымыздың тілін зерттеу – ұлт кешегісі мен болашағына аса қажетті мәселе және қазақ диаспорасы тіліне қатысты алғашқы қорғалған ғылыми жұмыс еді. Диссертациялық кеңестің мәжілісінде кеңес мүшелерінің бірі, ғалым-хатшы былай деп тұжырым жасағаны да есімізде: «Кемел шағында оралмандар аудиториясында еңбек ете жүріп, мынадай тың тақырыпқа бару және ғылыми еңбек жазу – үлкен ерлік. «Оралмандардың ауызекі сөйлеу тіл ерекшеліктері» атты ғылыми жұмыс жан-жақты, толық зерттелген және мақсатына жеткен».

Әр адамның ізденістерімен, еңбекқорлығымен, таланттылығымен, өзі сүйіп жүргізетін, ол үшін еш уақытта шаршауды білмейтін, шапқан сайын қызына түсетін тұстары болады, айналысатын бағыттары, өзінің жанына жақын терең ой айтқысы келетін тілдік қырлары болады. Оған дәлел, Рыскен Рахымқызының «Сөз зергері» лингвистикалық үйірмесінің аясында ұстаздар арасында тұңғыш рет өтілген «Жүзден жүйрік» білім сайысын ұйымдастыруы, «Достық көпіріндегі сырласу кеші» атты ашық тәрбие сағатын өткізуі. Кеште алғашқы түлектерінің басын қосты. Әдемі де әсерлі сырласу кеші өтті. Кеш есте қалды. «Дос, жолдас, махаббат» атты ашық тәрбие сағатындағы шәкірттері көрсеткен қойылымдар өз алдына үлкен тақырып. Өнерлі шәкірттер арасында өтілген бұл ашық сабақтың ерекшелігі – шәкірттер ғана емес, жасы ұлғайған ұстаздар да өз ойларын ортаға салды. Ауғанстан жастарына сабақ берген жылдары «Сөзстанға саяхат» атты дәстүрден тыс саяхат сабақтары, «Есімдер еліне саяхат» атты оралман шәкірттері арасында өтілетін ашық сабағы, «Жүзден жүйрік» атты білім сайысы жыл сайын студенттер арасында дәстүрлі өткізіліп келеді. Тағы басқа іс-шаралардың қай-қайсысы болса да, шығармашылықпен айналысатын талантты, дарынды, өнерлі жастарға, таланттарының ұшталып, білімдерінің шыңдалуына, шетел азаматтарының тіл үйреніп қана қоймай, тіл арқылы қазақты, қазақ елін тануына игі әсерін тигізіп жатқаны анық. Осы жылдар ішінде Рыскен Рахымқызының қаламынан 30-ға жуық ғылыми мақалалары әртүрлі басылымдарда жарық көрді. «Фонетика саласы бойынша жаттығулар жинағы» атты оқу құралының авторы. Қазақ диаспорасы тілінің ұлттық мұрасы жайында жазылған «Тюркские языки в евразийском пространстве: современное состояние, тенденции и перспективы» атты ұжымдық монографияның авторларының бірі. 2012 жылдың қараша айында «Түркі халықтары мен мемлекеттерінің тарихи­мәдени мұрасы және интеграциялық үдерістер» бағдарламасы аясындағы «Еуразиялық полиэтникалық кеңістіктегі қазіргі түркі тілдерінің даму үдерістері» ғылыми жобасын сәтті орындап, Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласына ғылыми іссапармен барып қайтты.

 

Ол қоғамның әділетсіздіктерін шенейтін жазушы

Білім беру мен тәрбиені ұштастыра өткізіліп жатқан іс-шаралардан тыс, Рыскен Рахымқызы әр қырынан көрінетін ұстаз. Өзінің жеке шығармашылығы бар. Оқырманын баурап алатын әңгіме-естеліктер жазып жүретін әріптесіміз Рыскен Рахымқызы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын сенімді адам. Ақ сөйлейтін, әділетті, кеңпейіл, ашық мінезді, қарапайымдылығымен ерекшеленетін жаны жайсаң жанды, үлкен-кіші әріптестері де, жолдас-жоралары да, алдынан өткен шәкірттері де осы қасиеттерін бағалап, біледі, үлгі тұтады. Қашанда барына қанағатшыл Рыскен Рахымқызы, «менің қиналғаным – сыналғаным, қиындығым – қызығым, мен үшін көргенімнің бәрі қызық» дейді.

Рыскен апаймен мен Қазақ Бас сәулет құрылыс академиясының қазақ тілі кафедрасында еңбек етіп жүргенде танысқан едім, содан бері де бірталай жыл өтіп кетіпті-ау. «Ауызын ашса, жүрегі көрінетін жан» деген тіркестің мағынасын мен осы кісімен танысқалы білдім десем, артық айтпаспын. Рыскен апайдың адаммен танысқанда ең бірінші көзге түсетін қасиеті – қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі. Ол осы қасиетімен кез келген жанды өзіне тартып алады да,  туыстай араласып кетуіңе себепші болады.

Ал Рыскен апайдың еңбекқорлығына мен басымды иер едім. Жасына қарамай ол кісі екінші мамандықтың иесі болды, ол мамандықтың қыр-сырын талмай оқып, ізденгенде қазіргі филология ғылымдарының докторы атағын иеленіп жүргендер ол кісінің шаңына да  ілесе алмай қалды-ау деп ойлаймын. Орыс тілді аудиторияда дәріс беріп бастаған Рыскен апай қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінің дайындық бөлімінде оқитын оралман қандастарымызға сабақ береді. Шынын айту керек, ол бөлімде оқитын шәкірттерге сабақ беруге екінің бірінің шамасы келмес еді. Себебі елім деп, жерім деп келген қандастарымыздың тілі таза, сөз мәдениеті жоғары, ақынжанды немесе жазушы болсам деп армандап келген орақ тілді, шешен балалар болатын. Сол қиын іске Рыскен апай жанын сала кірісті. Өзі ұлтжанды, қазақ үшін жаны ауырып жүретін апайымыз шеттен келген қандастарымызға ұстаздан гөрі жанашырлықпен қарайтын аналары сияқты болғанын оған шәкірт болған әрбір студент дәлелдер еді. Шәкірттерін біресе теледидарға сүйреп, біресе театрға сүйреп, бар жақсыны көрсетуге тырысатын Рыскен апайымыздың отбасында да беделі жоғары, дастарханы берекелі. Қашан барсаң да ақжарқын көңілмен қонағын қарсы алып, қолындағы барын беріп шығарып салып жүретін кеңпейілді, қолы ашық жан.

Қазіргі таңда Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде аға оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, өнегелі ұстаз, мейірімді ана, үлгілі ене болып жүрген Рыскен апайымызды  соңғы кезде тағы бір қырынан таныдық, ол жазушылық қыры. Өмірден көрген-түйгендерін кейінгі ұрпаққа тағлым ретінде қалдыруды мақсат тұтқан апайымыздың «Тірі жүріп, көргенімнің бәрі қызық» атты естелік кітабын оқыған адам апаймыздың керемет жазушылық дарынын, сөз шеберлігін, естелік  оқиғаларды  шебер жеткізе білетін қасиетін таныған болар еді.

Ол кісі туралы кітап жазса да артық болмас еді, мен өзім білетін Рыскен апайымның  кейбір қасиеттерін ғана жазып шықтым. Амандық болып, алла ғұмыр берсе, апайымыз туралы кең көсіліп жазатын уақыт та болар деп ойладым. «Өнегелі ғұмырыңыз жалғаса берсін, Алла қуат беріп, талай шәкірттеріңіздің алғысына бөленіп жүре беріңіз, жүз жасаңыз! дегім келеді Сізге құрметті де, қадірлі Рыскен Рахимовна!

 

Әлима Сабырова,

«Caspian Training Group» Тіл үйрету орталығының

аудармашы-оқытушысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Тірі жүріп көргеннің бәрі қызық»

 

Адам баласы өзінің несібесін бұйырған жерінен теріп жейді дейді ғой. Алайда бұйырғанын ғана місе тұтпай, тек «ас ішіп, аяқ босатуды» ар көретін, өмір бойы өзін іздеп аласұрып, арманын аласартпайтын адамдар болады. Адам бойындағы қайсарлық, жігерлілік дейтін қасиеттерді кейбір боркемік пенделер түсіне алмас. Алла Тағала әйел баласын нәзік етіп жаратқанмен, оның бойындағы бұла күшін, ақыл-ойын, қажыр-қайратын ерлерден кем қылмаған.

Бүгін біздің сөз еткелі отырған тұлғамыз осындай қарапайым әйел болмысымен-ақ қоғамға пайда келтіріп жүрген, ақиқатты айтатын жерде бұғып қалмайтын, жалғандыққа жаны қас, жақсылық десе жүрегін беруге даяр, ұстаз десең ұстаз, ғалым десең ғалым, қаламгер десең қаламгер – Әбішева Рыскен Рахымқызы туралы болмақ. Тұлға демекші, толағайдай тау көтергендерді ғана тұлға деп тану шарт емес. Қоғамға сөзімен де, ісімен де қарлығаштың қанатымен су сепкендей, шырылдап жүріп пайдасын тигізетін, нәтиже шығармайынша тынбайтын, өз ісіне адал адамдардың тұлғасын танымасаң дақиянат болар.

Рыскен Рахымқызының сонау өткен ғасырдың сексен бірінші жылы мектептен басталған ұстаздық қызметі, бүгінде жоғары оқу орындарында әлі күнге жалғасып келеді. Жарты ғасырға жуық ұстаздық қызмет атқарудың не екенін осы салада жүргендер бағамдай берер.

Сондай-ақ ұстаздық еңбектің қызығы мен шыжығын тарта жүріп, ғылым деген қия жолдың қиындығын да еңсергендігін білеміз. Нәтижесі – бүгінде ғылым кандидаты. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе осы жетістіктерінің бәріне нәзік қана әйел затының жанкешті еңбегімен жеткендігін өзі жазған шығармаларынан байқаймыз. Сондықтан кейіпкеріміздің туындылары хақында азды-кем сөз қозғайық.

Рыскен Рахымқызының кітаптарының атының өзі-ақ қаламгер жанның қарымы мен танымын байқатады. Олай дейтініміз, автордың «Тірі жүріп көргеннің бәрі қызық», «Тасыған өмір, жасыған көңіл» атты шығармаларының атаулары афоризмге сұранып тұрған жоқ па?

Қос кітаптағы оқиғалар өрімі адам өмірінің қызық-қуанышын, қайғы-мұңын, балалық шақта бастан кешірген талай қиын-қысталаң шақтарын ешбір боямасыз көз алдыңа әкеледі. Екі шығармадан да өмірден көрген-түйгенін жадысына қаттап, тіршілігіне тәубе дей жүріп, тынымсыз еңбек еткен бейнетқор жанның жып-жылы естеліктерімен танысасыз.

«Бейбіт күннің өзі майдан мылтықсыз, онда да жұрт жатады атып мүлтіксіз» деп Қадыр ақын айтқандай, алғашқы кітаптың «Сұратта өткен сұрапыл жылдар», «Мылтықсыз майдан жылдарынан естелік», «Тағдыр» атты тарауларында автор өмірдегі жанына жара салған жағдайларды, жетімдік тауқыметін, жапа шектірген жандардың көрсеткен қиянаттары туралы қинала жазады. Бес күндік жалғанда адам көңілін қалдырғаннан асқан жамандық жоқ екендігін жеткізген тұстарын жүрегің сыздай отырып оқисың.

Ал «Тасыған өмір, жасыған көңіл» кітабында жақсылардан көрген титтей жақсылығын таудай етіп көрсетіп, тамсана жазған риясыз көңілін танисың. Күпірлік жасамайтын, тек шындықты қалайтын, Алла деген адамның қанағатшыл пейілі мен адал көңілін көресің. Адамдықтың қарызы, жақсылардың өнегесі, отбасылық тәрбие, ұлттың тілі мен ата-баба дінінің қадір-қасиеті бәрі-бәрі қолыңыздағы қос кітапта қамтылған.

«Өлшеп берілген ғұмырымда жақсы нәрсеге жақын, жамандықтан аулақ болдым. Алланың сүйеуімен сүрінбей келем, сүрінсем де құламауға, қабырғам майысса да сынбауға, сергелдеңге түспеуге бел буғанмын» деген жолдардан автордың ішкі рухының мықтылығын, қайсарлығын танып тәнті боласың. Ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы арқасында жеткен жетістіктеріне сүйсінесің.

Қос кітаптың тілі төгіліп, оқиғалары жетелеп жеңіл оқылғанмен, оқырманын ойлантып отырады. Кейінгі жастарға беретін тұнып тұрған тәрбиесі мол дүние…

«Адамның асқан сұлулығы – оның сезгіштігі, қарапайымдылығы, тілектестігі, ниетттестігі» деген В.Сухомлинскийдің сөзін мен дәл осы Рыскен апайдай адамдарға арналып айтылғандай көрем. Себебі тілектестігін білдіріп, жақсыларым, сіңілілерім деп іздеп тұруын үлкендердің көзіндей, жақсылықтың өзіндей, кісіліктің үлгісіндей көреміз.

Қоңыртөбел өткен балалық шағындағы өз бейнесін автор қоңыр қыз деп алады. Өмірі өзгерсе де, өзі өзгермеген, асыл мінезінен айнымаған сол қоңыр қыздың бүгінде зейнеткерлік шағындағы қоңыр күзінің өзін жеміс берер алтын күзге айналдырып, қаламды жанына серік етіп, бейнеттің зейнетін көріп отырғанына біз бек қуаныштымыз.

Қазан мен қаламды қатар алып жүріп, шаңырақ шаттығын аялаған аяулы жар, асыл әже, ұлағатты ұстаз, білікті маман, ҚР Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер апайымызға өмір жасыңыз ұзақ болсын дегіміз келеді. «Ақ қағазға ақиқатты айшықтап, көк сиямен көңілімдегіні көсілтіп жаза беремін» деп өзі айтқандай, Алла ғұмыр берсе, бұл кісінің қарап жатпасы анық. Алда тағы да талай тағылымды туындылар тудырары сөзсіз.

 

Тымболова Алтынай Оразбекқызы,

филология ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.