АЛТЫН АДАМНЫҢ ҚҰПИЯСЫН АШҚАН ҒАЛЫМ

0
674

Мағрипа Жылқыбаева ол туралы 25 том кітап жазған

Жуырда менің қолыма әрқайсысы 600 бет, 40 баспа табақтан тұратын 3 том салмақты кітап түсті. Авторы – физика ғылымдарының кандидаты, доцент Мағрипа Жылқыбаева.  Кітаптарды парақтап отырып, қайран қалмасқа шарам қалмады. Мұқаба дизайнінің өзі неге тұрады! Меніңше, мұндай дүниені жазу үшін жай ғалым болу аз, түсінгенге бұл дегеніміз жай жанкештілік қана емес, нағыз ерлік іске тән ерен еңбек. Білуімше, дәл осындай қалыңдықта, дәл осы көлемде ғалымның тағы да 25 томы машинкада теріліп, дайын тұрған көрінеді. Өкінішке орай, ғылымда осындай  ерліктің үлгісін көрсеткен ғалымның көзінің тірісінде бір де бір кітабы жарық көрмепті. Сонда өз таланттарын бағалауға, қолдау көрсетуге тиіс мемлекет қайда қарап отыр?

 

Ресей ғалымдарын мойынсұндырған қыз

Алдымен кітап авторы жөнінде қысқаша мәлімет бере кетейін.

Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева – 1945 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітірген «алтын» түлек, 1969 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін физика мамандығы  бойынша тәмамдаған.

Университеттен кейін ғылымға ден қояды. Ғылымда бұрын ешкімнің тісі батпаған жаңалық ашуды армандайды, соны алдына мақсат етіп қояды. Сөйтіп оптикалық кристалдарға радиацияның әсері жайында кешенді зерттеу жұмысымен айналыса бастайды. Оны асықпай бажайлап, ұзақ зерттейді. Нәтижесінде 1981 жылы Томск мемлекеттік университетінде «Исследование природы центров окраски в оптических кристаллах кальцита (СаСО3)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын үлкен табыспен қорғайды.  Физик ғалымдардан сұрастырып білсем, бұл бағыт физикадағы өте күрделі салаға жатады екен. Сол себептен де Мағрипа Жылқыбаева оптикалық кристалдарға радиацияның әсері жайында зерттеу жүргізіп, оның құпиясын ашқан әлемдегі тұңғыш ғалым болып табылады. Осы бағытта қазір Ресейде үлкен мектеп қалыптасыпты. Бүгінде бұл сала бойынша саны ұзын тізбекті құрайтын ғалымдар еңбек етеді екен. Әсіресе, асқан қызығушылықпен еңбек етіп жатқан жас ғалымдардың қарасы мол көрінеді. Ал, Қазақстанда бұл салада бәз-баяғыша «өлі» тыныштық.

Мағрипа Жылқыбаева – қазақтың ұлы жырауы Жамбыл Жабаевтың бұрын елге беймәлім болып келген құпия қырларын жаратылыстану ғылымы тұрғысынан зерттеген әлемдегі жалғыз ғалым десе артық айтқандық болмас. Міне, бүгін жарық көріп отырған үш томдық еңбектің «Құпия күштер құдіреті» аталатын 1-кітабы осы жыр алыбы Жамбылдың жалпыға айтылмай, белгісіз болған құпиялары мен қырларын жеткізуге арналған. Шын мәнінде жырау бабаның жалпыға танылмаған қыр-сыры ұшан теңіз еді.

Жамбыл жырау өзінің ұзақ ғұмырында «Көроғлы», «Қос мүйізді Өтеген батыр», «Көк бөрі», тағы басқа, сынды көптеген жыр-дастандарды жатқа айтқаны белгілі. Тіпті «Көроғлы» дастанын бір ай бойы тоқтаусыз айтқан дейді көзкөргендер. Бұл нені көрсетеді? Бұл Жамбыл бабаның биоөрісінің жоғары қалыпта, жады мен күш-қуатының аса зор екенін көрсетеді. Егер энергетикалық биоөрісі жоғары, күш-қуаты әлсіз болса, ол мұншалықты кең көлемде бір ай, апталап отырып жырдан түрен сала алмас еді. Денсаулық болмаса, бір ай бойы көсіліп жыр айту мүмкін емес нәрсе ғой. Міне, жаратылыстанушы ғалым ұлы ақынның осындай қырларын зерттеп, қағазға түсірген. Автор ақын өмірімен байланысты көптеген мәліметтерді оның көзін көрген, дәмдес болған, жырын тыңдаған, әңгімесімен сусындаған қариялардың ауызынан жазып алғанын айтады.

 

Алтын адам, пирамида және 50 мың жылдық тарих

Мағрипа Жылқыбаева кванттық физика ғылымы арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанынан табылған Алтын адам мұрасы бойынша протодәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасап, осы сала бойынша 25 том кітап жазған ғалым. Адамзат баласының 50000 жылдық арғы тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі дамыған өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінгі күнге жеткізген бірегей зерттеуші. Анау қазақ даласынан бірінен соң бірі табылып жатқан Алтын адамдардың Планеталық деңгейдегі ерекшеліктерін зерттеу арқылы Сақ қорғандары мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын тұңғыш ашқан оқымысты. Міне, қолға тиіп отырған үш томдықтық «Алтын адамның мұрасы» және «Алтын адамның аманаты» аталатын 2, 3 кітабы осы тақырыпқа арналады.

Есік қорғанынан табылған Алтын адамның құпиясын ашу үшін ғалым апамыз бақандай отыз жыл уақытын сарп етіпті. Осы кітаптағы адамзат баласы үшін аса құнды мәліметтердің бәрін ол Алтын адамның жанынан шыққан күміс зереншедегі жазудан алыпты.

Ғалымның өз қолымен жазған жазбаларға қарағанда, зереншесіндегі жазуға 1989 жылдан мән бере бастаса керек. Оның үстіне мұндай ұлы мұраға археология, тарих, филология, лингвистика ғылымдары тұрғысынан емес, физика ғылымы үшін назар аударған. Ал, ғалымның мамандығы физиканың ішінде радиациалық физика саласы болатын. Дәл осы радиациямен байланысты бір тосын мәліметке тап боламыз ба деген үмітпен күміс зереншедегі 26 таңбаға үңіліпті. Бірақ, алғашқы бір-екі жылда таңбалар өз құпиясын ашпапты. Сонда ғалым құлаш-құлаш дифференциалды теңдеулер жазып, жүздеген бет қағаздар шығындап, біраз әуре-сарсаңға түссе керек. Күміс зереншедегі жазу бәрібір үн қатпапты.

Сосын 26 таңбадан мәтін шығару үшін неше алуан физика-матиматикалық тәсілдерді қолданып көріпті. Жазудың құпиясын ашу үшін фундементалды ғылымның барлық саласын жете пайдаланғанын сыр қылып айтқан ғалым, соның ішінде өте-мөте арқа сүйгені физика, математика, астрофизика ғылымдары мен жертану ғылымы және дүниежүзінің географиясы, сондай-ақ көне таңбаларды сөйлететін методикалық әдіс-тәсілдерді де кеңінен пайдаланыпты. Археология, тарих, мәдениеттану, фольклортану, тілтану ғылымдарының салалары бойынша да еңбек еткен. Бір ғажабы, көне жазудың сырын ашуда мұншама көп ғылыми тәсілдерді бір ортаға жұмылдырып зерттеу амалдары оған дейін бір де бір рет тәжірибеден өтпеген екен. Мағрипа Жылқыбаева жазудың құпиясын физикалық-математикалық әдіспен терең зерттеп, оқыған әлемдегі тұңғыш ғалым болатыны сол себептен. Анығырақ айтқанда, күміс зереншедігі 26 таңбаны физикалық оптика, яғни ултракүлгін сәулелерді пайдалану арқылы зерттеген, ғалымның Алтын адам құпияларын зерттеудегі ерекшелігі де осында жатыр. Айтып өтсек, осы әдіс бойынша ғалым еліміздегі және шетелдердегі 1000-нан астам жартас жазулары мен көне каллиграфиялық суреттердің шифрын да аша білді. Осылайша жартастардағы геометрикалық фигураларды кванттық физика арқылы ұзақ уақыт зерттеу жүргізіп, жер шарындағы географиялық атаулар мен этнонимдердің этимологиялық кодын тапқан ғалым оптикалық әдістермен Арасан және Іле бойындағы Бұрқан (Будда) жазуларын, жартастағы көне таңбалар мен петроглифтерді расшифровкалап, мәтінін оқығандығын біреуіміз білсек, біреуіміз білмейміз. Сондықтан да бүгінгі қолымызға тиіп отырған аса құнды кітаптардың авторы әлемде тұңғыш рет ежелгі дәуірден қазіргі күнге жеткен құпия жазу үлгілерін, таңбаларды кеңістік бойынша оқудың әдісін ойлап тапқан зерттеуші деп бағалауға хақымыз бар. Яғни, петроглифтер мен көне жазу жәдігерлеріндегі шифлы таңбаларды кванттық оптиканың көмегімен оқу әдісі – осы талантты қазақ ғалымы Мағрипа Жылқыбаеваның әдісі болып табылады.

 

Күміс зеренше, баба тілі және 26 таңба

Күміс зереншедегі 26 таңбаның құпиясын ашу оңай болмаған сияқты, ол көптеген жылдарға созылыпты. Қаншама ұйқысыз түндер, азапты күндерді бастан өткізіпті. Дегенмен, 26 таңба өз құпиясын ғалымға айқара ашыпты. Әйтеуір таңбалардың шифрын тауып, мәтінін қағаз бетіне түсірген соң, енді оны оқу барысында одан  да зор қиындыққа тап болыпты. Өйткені зереншедегі тіл бүгінгі жер бетінде жоқ еді. Сұмдық болғанда, ол мәтін кейбір түркітанушылар айтып жүргендей түркі тілінде де емес болатын. Таңбаны түсірген көне замандық автордың тілі азамзаттың байырғы баба тілі-тұғын. Дегенмен, шынайы біліммен қаруланған адам бүгінгінің кешегісі байырғының жұрнағы екенін ұғар еді.

Мысалы, Адамзат баласы байырғы заманда қай елдің тілінде сөйлеген? Бір-бірімен қай тілде ұғысқан? Байырғы адамзаттың тілі бүгінге жеткенше қалай қарай және қаншалықты дәрежеде өзгерді? Осыдан бес ғасыр ілгерідегі қазақтың тілі қандай еді? Ал, осыдан бес мың жыл бұрынғы протоқазақтың тілі ше – қазіргі қазақ тілінен қаншалықты бөтен болды? Иә, бұл сұрақтарға жауап беру оңайға соқпайды.  Қалай десек те, қазіргі кездегі әлем тілдері жоқтан пайда болған жаңа нәрсе емес, кешегіден қазіргіге жеткен жұрнақ. Айталық, баяғы үйсінді бүгінгі үйсіннен бөліп алып, бүгінгі үйсіндер байырғы үйсіндерден басқа үйсіндер деп қарасаңыз, қазақтың тегін таба алмай сансырап қалатыныңыз анық. Бұл жағдай да сол секілді бір күй. Қазақтың арғы тегі болып табылатын қаңлы, ғұн туралы да осыны айтуға болады. Егер мың өліп, мың тіріліп бүгінге жеткен қазіргі қазақты байырғының алтын тұяғы ғой деп ойлап, мән берсеңіз оны бүгінгі қазақтың тұрмыс-салт, дәстүр, дүние-мүлік, ою-өрнек, миф, таным-талғамдарының баршасына ой жүгіртіп, астарлы мәніне үңілуге тура келеді. Үңіле отырып, оның арғы тегін ойша іздейсіз. Екеуінде айырма бар ма, бар болса ол қаншалықты – соны ғылыми жолмен зерттеп, ізденіп шешесіз. Сонда мәселе өзінен өзі айқындала түседі. Сондықтан бұл дүниеде ештеңе жоғалмайды, жоқтан бар пайда болмайды. Тек жер бетіндегі кез-келген құбылыс бір түрден екінші түрге өзгеруі мүмкін, бірақ оның жұрнағы бәрібір жоғалмайды. Тілде, дәстүрде, аңызда, дүние-мүлікте, ыдыс-аяқта, ел-жер атауларында сақталады.

Ал, тілдік өзгерістер тек қазақтың ғана емес, жер бетіндегі барлық халықтардың басынан өткен. Қазіргі жиырмасыншы ғасырдың французы, сонау оныншы ғасырда өмір сүрген бабасының тілін түсінбеуі мүмкін. Қазақ та осындай жағдайды басынан өткерген. Сосын ғалым не істеген? Жер бетінде жасап жатқан әртүрлі халықтардың сөздік қорына үңіліп, содан өз жұмысына пайдасы тиеді-ау деген сөздерді іздеген. Бірнеше жыл ерінбей, жалықпай оны да жинап шыққан. Нәтижесінде, әлем халықтары қолданып жүрген бүгінгі тілдердің түбіне үңіліп, оларды зерттеу арқылы жер бетіндегі адамзат баласы тұңғыш пайдаланған ортақ тілдің қандай болғанын тауып, оны қалай оқуға болатынын дәлелдеді. Ғалым Мағрипа Жылқыбаеваның күміс зереншедегі 26 таңбасын оқығанда ашқан жаңалығының бірі осы – әлем тілдерінің түпнұсқасы барлық халықтарға ортақ екендігін дәлелдегендігінде. Мұндағы айтпағымыз, кітап авторы әлем тілдері сөздік қорының арасынан шамамен 10-15 пайыздай бөлігінің күміс зереншедегі 26 таңбаның тілімен ұқсастығын анықтаған. Ғылым үшін осының өзі зор табыс еді. Одан арғы жұмыстарды Алтын адам өз жазуында көрсеткен методикамен жалғастырған ғалым бұл салада бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді.

 

Алтын адам Аллаға табынған

Нәтижесінде 26 таңбаның мәнісі орасан көлемді, аса маңызды ғылыми-техникалық, өмірлік информацияға толы болып шыққан. Мәтіндегі әрбір сөз 49 қабаттан және оның бәрі математикалық құпия қодпен берілген. Осы жолда математикадағы дифференциал, градиент, Лаплас формула, түрлі теоремалар мен матанализмдегі интеграл әдістерін пайдаланған. Тіпті, баршаға мектептен белгілі геометрия, тригонометрия, тіпті эклиптика әдісі түп-түгел қызмет етіпті. Ғалымға сенсек, эклиптиканың қатысынсыз зереншедегі 26 таңба беріп тұрған ғылыми мәліметтерді түсіну де, түсіндіру де мүмкін емес екен.

«Физика ғылымы бойынша Алтын адам берген жаңалықтарда есеп жоқ» дейді ғалым. Астрофизика жүйесі бойынша, тіпті орасан көлемдегі мәліметтерге толы болып шыққан. Қазақ айтатын «алты қат аспан, жеті қат жердің» шынымен қандай екені 26 таңбадан тұратын жазуда толықтай көрсетіліпті. Сөйтсек қазір біз ойлап жүргендей аспан мен жер қабатының құрылымдары, жер қойнауындағы қазба байлық, экология, адамзат ұрпағы, оның тұрмыс-тіршілігі өз-өзінен пайда болып, стихиялы түрде дамып жатпапты. Жердегі барлық нәрсенің есебі жоғарыдан бақылауда екенін Алтын адам ескертіп тұр екен. Мысалы, біз қайсы кезеңде өмір сүріп жатқанымызды білгенімізбен, осы жаңа дәуірге дейін мынау жер бетіндегі тіршіліктің қанша мың жыл өмір сүргендігін, шын мәнінде білмейміз ғой. Ғалымдар әртүрлі долбарлар айтады, бірақ оның ғылыми анығын айтқан ешкім жоқ. «Осыны Алтын адам дәл анықтап беріп тұр, тіпті мынау дәуірдің аяғында қандай оқиғалар өтетінін де ескертіп қойған. Өйткені бізді қоршаған тұтас әлем сонау алыстағы Галактикаға дейін Алланың әмірмен ақыл-ой, парасат пен сананың басқаруында екен. Күміс зереншеде сұлбасы ғана берілген 49 қабатты құпия тілді жазуда әлемнің құрылыммен бастап, өмірімен байланысты барлық құпиялар айтылып қойған» – дейді ғалым.

 

Отыз жыл ғұмырын сарп еткен жан

Сөз соңында айтарым, ғалым, ұстаз, жазушы, журналист Мағрипа Жылқыбаеваның бұл кітаптарын сенсациялық жаңалық, фундаменталды үлкен еңбек деп бағалауға болады. Басқасы-басқа, әлемдік деңгейдегі ұлы мұра Алтын алдамның құпиясын ашу, күміс зереншедегі 26 таңбаның қодын тауып, расшифровкасын жасау, оның мәтінін оқу кез келген ғалымға бұйыра бермейтін бақыт. Мұндай жаңалықты өз ісіне адал берілген  белгілі мақсатта өзін де, өзгені де аямайтын азапкер, жанкешті күрескер, қайсар адамдар ғана жасайды.

Бір айта кететін жайт анасының артында қалған мол мұрасын кітап етіп шығарып жатқан қаламгер Шарапат Жылқыбаеваның еңбегін ерекше атап өтемін. Рахмет, айналайын!

Ғалым апамыз көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толып, арамызда марқайып отырар еді. Өкінішке орай, ол осыдан бір жыл бұрын жер жетіндегі фәни дүниені тастап, бақилыққа аттанып кетті. Бірақ ел бірлігі мен отандық ғылымның дамуы үшін ерекше еңбек сіңірген, 30 жыл ғұмырын осы Алтын адамның құпиясын ашуға жұмсаған ғалымның істері мен армандарын өкшебасар ұрпақ жалғастырады деп сенеміз. Марқұмның жатқан жері жайлы,  жаны жәнатта болғай!

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.