Оразбек Есенбаев: “Мен өз өнерімді ешқашан саудалаған емеспін”

0
220

Жақында ғана Кипрде жеке көрмесін өткізіп, суретшілерге берілетін «Алтын медалмен»  марапатталған, Қазақстанның өнерін шетелге мойындатқан азамат, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі Оразбек Есенбаев. Біз талантты суретшімен жеке көрмесі, шығармашылығы, алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік. Назарларыңызға қарапайым ауылдан шығып, қазіргі таңда жұмыстары Қазақстанға ғана емес, әлем жұртшылығына танылған суретші Оразбек Есенбаевпен болған сұхбатты ұсынамыз.

 

Түркі әлеміндегі ең үлкен мұражай

Суретшілік қасиет – Алланың берген құдіреті. Бойыңызға кімнен дарыды деп санайсыз?

 

– Мен Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет совхозында дүниеге келдім. Жалағаш ауданында орта мектепте бесінші сыныпта оқып жүргенде Оқушылар үйіндегі көркемсурет үйірмесіне қатыстым.Сол жерде Ресейдің Новгород қаласынан келген орыс ұстазым болды. Орыс тілін жетік білмесем де сол ұстазымның Репин, Суриков, Леонардо да Винчи туралы айтқан әңгімелерін сүйіп тыңдайтынмын. Кеңес үкіметі тұсында 19 мамыр пионерлер күні болатын, сол мерекеде үш жыл қатарынан асфальтқа сурет салудан І орын алдым. Сурет өнеріне келуіме әке-шешем бастапқыда қарсы болды. Бұл өнерге деген қызығушылық бойыма шешемнен дарыды деп ойлаймын. Ол кісі сурет салатын, кілем, кесте тоқитын. Отбасында 12 бала болдық. Үлкені менмін. Шешем бәрімізге киімдерді  өз қолымен тігіп беретін. Нағашы жұртым да сурет өнерінен құр алақан емес еді. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» деген нағашыларыма тартқан болармын. Туыс-туғандарым, бауырларым менің өнер жолын таңдағанымды басында қолдады деп айта алмаймын.

 

 

– Кипрде бірде-бір суретші жете алмаған «Алтын медальді» кеудеңізге тақтыңыз. Кипрге сапарыңыз, мұражай және сіздің өнеріңізді бағалап, шығармашылықпен айналысуыңызға мүмкіндік жасаған миллиардер  туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Бір жыл бұрын Кипрдегі көрмеге шақырту алдым. Суат Гюнсель – 1,9 миллиард доллары бар белгілі бизнесмен, миллиардер. Кипр астанасы Никосия қаласының гүлденуіне атсалысып жатқан азамат. 30 миллион долларға мешіт, 4 емхана, бұдан бөлек, 20 мың студент оқитын университет салдырған жомарт кісі. Суат мырза енді түркі әлеміндегі ең үлкен мұражай салуды қолға алыпты. Ол кісі бұл мұражай түркі өнер дүниесінің орталығы болғанын қалайды екен.  Түркия бойынша алты адамның, Кипрде екі адамның ішіне кіретін милллиардер Суат мырза: «сіз жұмыс істеңіз, басқаға алаңдамаңыз» деп жағдай жасап берді. Байлығы мен лауазымына қарамастан елінің патриоты, ұлтына, мемлекетіне берілген адам. Сол кісі талантты деген түркі халықтарының шеберлерін, суретшілерді жинап шақырды. Бұл шақыруға атсалысқан Смағұлов Нұр-Сұлтанда тұратын атақты суретші сол кісі көптеген талантты адамдарды іздестіріп Кипрге баруымызға себепкер болған адам. Көрменің мақсаты да жауһар туындыларды кеңірек насихаттауға бағытталғаны сөзсіз. Кипрде бір жарым ай аралығында 2х3 метрлік 30-дай картина жаздым, қаламсаппен 10 метрлік шығарма салып екі жарым айда жұмыс бітірдім. «Велотрек», «Урожай», «Лебединое озеро», «Оркестр» и «Из Мухи – Слона» шығармаларын арнайы Кипр мұражайы үшін дайындадым.  Кипрде менің эскизім бойынша 40-50-дей скульптуралық мүсін  Кипрдің 3 қаласында қойылды. Сол жұмыстарымның арқасында өз аттарынан беретін «Алтын медальді» табыс етті. Әзірге бұл аталған медальді кеудесіне таққан жалғыз мен болып тұрмын. Туындыларым көрмені тамашалаушыларға рухани азық сыйлап,  өнерсүйер қауымнан оң бағасын алды деп ойлаймын. Шыдамдылықтың арқасында көп жылғы еңбегімнің жемісі мен жеңісі артуда.

 

 

 

Сурет еңбек етпесең саған бағынбайды

– Жас суретшілер одағының мүшесі, Кипрдің «Аласиа» жастар сыйлығының иегері Сұлтан Аманжол  өзінің фейсбук парақшасында: «Оразбек Есенбаев өнерге көзқарасымызды қалыптастыруға өз септігін тигізген ағаларымның бірегейі, өз ісінің майталманы, жанымызда өнер жағынан да, өмірлік ақыл кеңес тұрғысынан да ақылын айтып, бағыт сілтеп жүреді» деп пікір білдіріпті. Шәкірттеріңіз туралы әңгімелеп берсеңіз?

 

 

– Жиырма жыл бұрын жабылып қалған Жас суретшілер одағының қайта жандануына үлес қосқан адамдардың бірімін. Көптеген жас суретшілер сол одаққа кіріп, басқарып  отыр. Нұрлан Сатаев деген жігіт төрағалық етеді. Мені өздеріне ұстаз санап жүрген жігіттерге қолдау білдіріп отырамын. Шәкірттің өзі мойындамаса, мен ұстаз едім, мен үйреткен едім деп кеуде соққаннан аулақпын.

– Суретші шыдамды болу керек деген пікірге қалай қарайсыз?

– Мен өнерімді саудаламаймын. Өнерді ақша табуға,  ақшаға саудалайтын болсаң шығармашылық жағынан тоқырап қаласың деп олаймын. Сурет өнерінде ішкі дүниесін шығаруға тырысқан адам ғана, өз ұлты үшін қызмет еткен шығармашылық адамы деп санаймын. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Суретшілердің танымал болғысы келмейтіні жоқ десе де болады. Сенің еңбегіңді бағалап, салған дүниеңе ыстық ілтипатпен қарағанын қалайсың. Еңбек етпесең, сурет өнерінің қыр-сырын меңгере алмайсың. Еңбектенсең ғана кез келген биіктерді бағындырасың.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз? Қазақстанда  жеке көрме өткізу ойыңызда бар ма?

 

 

– Кипрде бір жылдай тұрдым. Міне тағы сол елге жол жүрейін деп отырмын. Кипрде мұражай ашылған соң сол жақта боламын. Алла Тағаланың қалауы бойынша өз еңбегімді Кипрде танытып жатырмын. Менің өнерімді миллиардер Суат Гюнсель қолдап, ілтипатын танытып жатыр. «Адам сыйлағанның құлы» деген қазақ. Ол кісі барлық жағдайды жасап беріп отыр, сол жерде жұмысымды жалғастырамын. Бір  жылдың ішінде екі-үш рет жеке көрме жасадым. Талантты қылқалам шеберлерін ұлықтау, оның туындыларын өске­лең ұрпаққа жеткізуде көрменің орны айрықша. Алдыға қойған жоспарларым көп. Алдын ала мақсаттарымызды айтуға, жоспарлауға  індеттен қорқатын болдық. Көрмелердің барлығына қатысамын. Қазақстанымды, шығармашылығымды танытуға еңбек етіп жатырмын.

– Шығармашылығыңыз шарықтай берсін! Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Сұхбаттасқан – Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.